Сенбі, 20 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 6607 10 пікір 30 Қаңтар, 2018 сағат 14:23

Бақауовтың бүйрегі қашан қазаққа бұрады?

Солтүстіктегі облыстар жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері отыз жылға таяса да, орыстанған өлкемізді қазақыландыруға шамамыз жетпей жатыр. Оған басты себеп не? Біздің ойымызша, солтүстікке басшы болып барған азаматтардың батылдығының жоқтығы. Мысалға, бір ғана Павлодар облысын алайықшы. Қазақтың "мен" деген марғасқаларын туғызған Кереку өңірінде Болат Бақауов не істей алды? Айтқан сөзі мен ісі бір-біріне үйлесті ме? Бақауов басшы болғалы осы облыста қандай өзгеріс болды?

Павлодардың әкімі Болат Боқауовты біздің портал аз сынаған жоқ. "Бақауов мемлекеттік тілді қорғамағаны үшін тарихта қалады" деп солтүстіктегі мемлекеттік тілдің жайын қозғап, мақала жазғанымызда Бөкең "Павлодардағы бар балабақшаны қазақ балабақшасы етемін" деп қойып қалған еді. Әл-әзір Бақауов балабақшаны былай қойып, жай ғана көше аттарын өзгертуге шамасы жетпей жатыр.

Бақауов балабақшаларды қазақ тіліне көшірем деп елдің алдында айтты. Енді неге сол айтқанын орындамай отыр? Қазір әр қазақ Павлодар деген қаланың атын қазақша атауға дайын. Бірақ, ресми биліктің, яғни Бақауов бастаған шенділердің жер-су аттарына келгенде аяғын аңдып басып, шешімді қадам жасай алмай отырғаны неліктен? Болат Бақауовтың өзі бастамашы болып, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қаланың атын қазақыландырып жіберсе, Елбасыға көрсеткен құрметі болмас па еді.

Қаланың атын былай қойып, Бақауовтың командасы ұсақ-түйек жер атауларын ауыстыру мәселесіне де білек сыбана кірісе алмай отыр. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Столыпиннің аграрлық реформасы жылдары Ресейден, Украинадан қоныс аудару бұқаралық сипат алғаны белгілі. Соның нәтижесінде, ХХ ғасырдың басында Павлодар уезінде 220-дан астам қоныс аударушылардың селолары салынды. Император Романовтар әулетіне байланысты: Романовка, Николаевка, Алексеевка, Еленовка, Ириновка, Татьяновка, Борисовка, Ольгина, Наташина, Павлодар (Павелға сыйлық) тәрізді патша үкіметінің белгісін білдіретін барлығы 605 топоним қалыптасты.

Сол 605 топонимді шетінен ауыстырып, қазақыландыруға Болат Бақауов кіріспесе, кім кіріспек?

Біз, қалың қазақ Болаттан үміт күтеміз. Ал, ол болса, жиындарда қазақ тілінде сөйлеуді ар санайды. Тидім-қаштым мемлекеттік тілде амандасып алып, барлық ойын орысша жеткізеді. Ондай адам облысты қалай қазақыландырсын! Тіпті, былтыр әруақтарға құран бағыштауға қарсы болғанын бүкіл ел ұмыта қойған жоқ. Наурыз мерекесін күн суық деп тойлатпай тастамақ болған да осы әкім. Осы бір олқылықтарды жою үшін Бөкең былтырғы сөзінде тұрып, балабақшаларды қазақша сөйлетіп жіберсе деген ниетіміз бар.

Әй, қайдам! "Бақауовтың бүйрегі қашан қазаққа бұрады?" деумен елдің шыдамы таусылар болды.

Әли Кемелов

Abai.kz

10 пікір