Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ақмылтық 6945 20 пікір 29 Қаңтар, 2018 сағат 13:45

Қуандық Шамахайұлы: «Ұлтанқұл билеп-төстесе, Алпамыс батырды күтесің»

-Қуандық Шамахайұлы, сіз осыдан он жыл бұрынғы бір сұхбатыңызда білім беру саласында болып жатқан реформаларды сынап, көзбояушылықтан арылмайынша, реформаның жеміс бермейтінін айтқансыз. Бүгінгі білім беру жүйесіне жүргізіліп жатқан реформаларға не дейсіз? «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықтының» кері емес пе?

-Осыдан он жыл бұрынғы жағдайдан өзгеріп кеткен дүние жоқтың қасы. Абай атамыз айтқандай «баяғы жартас сол жартас» дегеннің кері. Білім мен ғылым саласында енжарлық ен жайлаған. Білімді, дарын-қабілеті зор мамандарға қолдау жоқ. Есесіне жағымпаздар мен жалқаулардың айы оңынан туып тұр.

Үкіметтен қаржыландырылатын ірі оқу орындарымыз сапалы білімнен гөрі коммерциялық табысқа көбірек ден қоятын сыңайлы. Бірақ, солай екен дейін десең, қатардағы профессор-оқытушылардың әлеуметтік жағдайы соншалықты жақсарып кетпегені аңғарылады. Тіпті, жыл сайын топырлатып қабылдап жатқан студенттеріне жатақхана да тауып бере алмайды. Неше жерден ректорлар ақша табудың соңынан түссе де, маңайына қаржы табудың хас шеберлерін жинап бар өнерін салса да, жеке бастарының жағдайын көтеруден арыға аса алмайтын секілді.

Аты дардай университеттердің жатақханасына бас сұғып көріңіз. Аядай тар бөлмеде екі қабат темір төсек орналасқан  алты студент бірге тұрады. Сол тар бөлмеде отырып тамақтанады, сабақ оқиды. Студент жатақханасынан гөрі жазасын өтейтіндердің абақтысына ұқсап кеткендей. Бірақ, осындай бөлменің бір бұрышына қол жеткізудің өзі мұң. Адам төзгісіз осындай бөлмелерінің өзі  мектепті алтын медальмен бітірген үздік түлектерге ғана бұйыратын бақ көрінеді.

Әдетте бәсекеге қабілетті елу елді басып озып енді, отыз елдің қатарына таяп қалғанымызды айтып мақтанамыз. Бар игілікті жастарға, болашаққа жасап жатырмыз деп шалқаямыз. Сондағы жеткен жеріміз осы ма?

Ал, коммерциялық топтарда оқитын студенттердің халдері тіпті мүшкіл. Алыс аймақтардан келген студенттер Астананың қымбат пәтерлерін топ-тобымен бірлесіп жалдап тұруға мәжбүр. Оқу ақысын, пәтерақысын уақытында төлеу үшін ұлдар түнгі ауысымда күзетші, қыздар мейрамханаларда даяшы, байлардың үйлерінде қызметші, бала күтуші болып жүр. Соған қарамастан сабағына да үлгерулері керек.

Хош, сол сабағының өзі студенттің сұранысына сай лайықты білім беріп жатса, қанеки. Әрине, ЖОО-да білікті ұстаздар, кәсібіне адал азаматтар көп. Дегенмен, қосақ арасында бос жүретін көзбояушылар да жеткілікті. Білім сапасына қойылатын бақылау бізде атүсті әрі қағазбастылықтан ары аса алмайды. Кадр таңдауда, оны сұрыптауда олқылықтар өте көп. Бұл салада бәсеке жоқ. Еңбекақы төлеудің лайықты шарттары да дұрыс жолға қойылмаған. Сабақты сапалы өткізсең де, бос мылжыңмен 50 минутты еш нәтижесіз құртсаң да, тіпті, кейбір ұлттық университеттегі әлде бір тоғышар профессорлар секілді өзі дәрісханаға бас сұқпастан орнына докторант, магистранттарын «заменаға» жіберіп қойып отырса да  бәрі бір. Оған «әй дейтін, әже, қой дейтін қожа жоқ». Студенттер арасында құпия сауалнама өткізгенде ең төменгі балл алып, ЖОО-да дәріс беруге жарамсыз деп бағаланған деканның өзіне ректоры «мұның не» деп қабақ шытпайды. Керісінше, басынан сипап «мен тұрғанда саған ешкім көз аларта алмайды» деп одан ары есіртіп қояды.

Мұндай жағдайда не істемек керек? Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін цифрлық (диджитал) жүйені ЖОО саласына жедел түрде іске қосу керек. Оның еш қиындығы да жоқ. Техникалық базасы мықты ұлттық университеттердің әр дәрісханасына бейнежазба құрылғыларын орнатып, оқу бөлімдері мен проректорлары аудио-видосымен тыңдап, көріп бақылап отыру керек. Семестр сайын есеп берген кезінде де әр профессор сол бейнежазбасын ортаға салып өз жұмысын қорғауы қажет. Білім сапасын арттырудың, оған жасайтын бақылауды шынайы етудің  ең тиімді жолы осы.

Сонымен қатар студенттерді сабақ кезінде әртүрлі саяси науқандарға «массовка» үшін жинап әкететін сорақылықты доғарған жөн.

-Сіз БАҚ қызметкерлерін, нақтырақ айтқанда журналистерді жиі сынайсыз. Әлбетте, кәсіби кемшін тұстарын көрген соң. Алайда, практикадағы әріптестеріңіз де БАҚ саласында түк тындыра алмағандар жоғары оқу орындарында дәріс беріп жүр дегенді жиі айтады. Жалпы бүгінгі журналистерді кімдер, қалай дайындап жатыр?

-Журналистің әр жұмысы көптің алдында жариялы болғандықтан қоғам тарапынан жиі сынға ұшырап жатады. Бірақ, сынның да сыны бар. Біреулер ештеңенің байыбына бармай мін тағып жатады. Ал, мен мейлінше кәсіби қателіктерді ғана көрсетіп, ескертуге тырысамын. Өз басым әріптестерден әлде бір ілік іздеуден аулақпын. Сынасам да оған ізгі ниетпен, жақсарып жетілсе екен, деңгейі артса екен деген тұрғыдан барамын. Журналистер арасында да бейкәсібилер, өзге саладан келген кірмелер жыртылып айырылады. Қазір «мырқымбайлар» да телеэфир арқылы жүргізуші болып танылуға тым әуес.

ЖОО саласындағы журналистика факультеттеріне БАҚ орындарындағы әріптестер сын айтып, көңілдері толмай жатады. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ, бұл жерде бір мәселеге назар аударылуы керек. Теориясыз практика, практикасыз теория жоқ. Бұл медальдың екі жағы секілді. Көп жағдайда БАҚ қызметкерлері жаңадан оқу бітірген түлектерді орынсыз кінәлап жатады. Теориялық білімді сынақтан өткізу үшін жас журналиске кемінде үш жыл керек. Осы мерзімде жас маман жазу-сызуға машықтанады, ортаға бейімделеді. Диплом алып келе салып, бәрін тындырып тастауы мүмкін емес. Журналист деген өмір бойы оқып үйренуді талап ететін мамандық. Оны 4 жылмен ғана шектеу орынсыз.

АҚШ-тың «Вашингтон пост» газеті мен СNN телекомпаниясы жанында оқу орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Олар конкурс арқылы қызметке қабылданған журналистерді 6 айлық оқыту семинарынан өткізіп барып жұмысқа қабылдайды. Жас мамандарға біздегі секілді бас салып орынсыз талап қоймайды, көтере алмайтын жүкті арқалатпайды. Жастарға міне, осындай қамқорлық керек.

Ал, «БАҚ саласында түк тындыра алмағандар дәріс беріп жүр» деген мәселеге келсек, мұнымен ішінара ғана келісуге болады. Рас, журфак кафедраларында да бейкәсібилер мен кездейсоқ таңдалған мамандар бар. Тіпті, бір редакцияның есігін ашып көрмегендер де дәріс беріп жүрсе оған да таңданудың қажеті жоқ. Себебі, конкурстар әділ өтпейді, кадрлар дұрыс таңдалмайды. Егер саланы Ұлтанқұл басқарып, Бадамша сақаулар билеп-төстеп жүрсе, Алпамыс батырды күткеннен өзге амал бар ма?!

-Бүгінгі журналистиканың дамымай жатқан тұстарының бірі –журналистік зерттеу туралы көп жазыпсыз. Оны дамыту үшін БАҚ- ты қорғайтын құқықтық орта қалыптасуы қажет. Ақпарат алу мүмкіндігін кеңейту керек. Оған қазіргі БАҚ туралы заң көмектесе алмайды, керісінше кедергі жасайтынын айтыпсыз. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасымен толық таныстыңыз ба? 250-ден астам өзгеріс... Қай тұстары көңілге қонымды? Не нәрсе көңіліңізді көншітпеді?

-Турасын айтсам, көңілге қонарлық ештеңе көріп тұрған жоқпын. Қоғам БАҚ туралы заңсыз өмір сүре алады, ал, ақпаратсыз тіршілік етуі мүлде мүмкін емес. Қазір сыбайлас жемқорлықпен күрестің өте өзектілігін билік те, қоғам да айтудан шармайды ғой. Онымен тегеурінді күрестің ең ұтымы құралы – БАҚ және «журналистік зерттеу» деп аталатын жанр. Ал, мына заң оған елеулі тосқауыл қоятындығымен ерекшеленеді.

Бізде «журналистік зерттеу», ал, Батыс әлемінде мұндай жанрмен шұғылданған журналистер халық алдында өте  абыройлы. Еуропада із кесу журналистикасының көрнекті өкілдерін халық мақтан тұтады. Себебі, олар өз қоғамының іріп-шіруіне негіз болған заңсыздықтарды, азаматтардың бостандығына келтірілген нұқсандарды ашық айқын көрсетіп, із кесу журналистикаға тән көптеген таңдаулы туындыларымен атаққа шыққан хас таланттар.

Сөз бостандығының қай деңгейде екендігі, еркін ойдың, пікір алуандығының көрініс табу мүмкіндігі БАҚ-тың маңызды ақпаратты, яғни, қоғам өміріндегі шындықты халыққа жеткізу деңгейімен өлшенеді. Журналистердің кәсіби шеберлігі, құқықтық-экономикалық біліктілігі, БАҚ ұйымдарының саяси және қаржылық дербестігі түгелдей қоғамдық өзге институттардың іс-әрекетіне тәуелді. Мысалы, ресми органдардың қызметі қоғамға ашық, барлық ақпараты қолжетімді болмаса, журналист қоғам алдындағы міндетін толық атқара алмайды.

Сол секілді әділ сот болмайынша журналист өзін құқықтық тұрғыдан қорғауға дәрменсіз. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстандағы баспасөз бостандығының деңгейін толыққанды немесе жоғары деуге келмейді. Балама ақпарат тарататын оппозициялық басылымдарға түрлі тәсілмен қысым жасалады. Ал, мына заң БАҚ қызметкерлеріне қорған бола ала ма?

-Меніңше, журналистер БАҚ туралы заңсыз да қызмет ете алады. Егер журналист баспасөз арқылы біреуге тіл тигізсе, Қылмыстық Кодекс арқылы жазаланады. Азаматтардың абыройын төгіп, намысына тисе, іскерлік беделіне нұқсан келтірсе, Азаматтық Кодекс арқылы айыпталады. Осындай заңдық нормалар жетіп жатыр ғой.  Сонда БАҚ туралы дербес заңның өзінің қажеті қанша?

-Әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары дамыған елдерінің ешбірінде БАҚ туралы заң жоқ, мысалы, АҚШ тарихында мұндай заң атымен болған емес. 1999 жылы Жапония «Сөз бостандығын қорғау туралы» арнайы заң қабылдаған. Әрине, бұл жерде біз өкіметті журналистен қорғауымыз керек пе, әлде, керісінше ме деген сауал туады.

«Журналистер жемқорлық, кедейлік, қорқыныш пен үрей жайлаған қоғамда өмір сүрсе, онда ол жерде баспасөз бостандығы жоқ» деген халықаралық журналистикада кең тараған тұжырым бар. Егер ішкі цензура үрейден туса, ондай журналистен еркін ойлы мақала шықпайды. Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырауды, түрлі жаламен істі болуды айтпағанның өзінде журналистер үшін жұмыссыз қалу қаупі күшті. Бірақ БАҚ-тағы ең үлкен цензура – бас редакторлар. «Қызметімнен айырылып қалуым мүмкін» дейтін үрей редакторлардың өзіне де, редакцияға да шығармашылық еркіндік бермейді.

Осындай қарапайым дүниеге өресі жетпеген «журналистиканың білгірі» аталып жүрген бір профессордың былтыр телеарна арқылы «БАҚ туралы заң болмаса, анархия орнайды» деуі – нағыз көрсоқырлықтан және ресми органға деген шексіз жағымпаздықтан туған далбасалық.

-Жалпы бүгінгі БАҚ-тың басты проблемасы неде?

-Қазақстандық БАҚ-тарға бейтараптық – эмоциядан аулақ болу, нақты фактіні ұсыну, ақпаратқа, белгілі бір дерек пен оқиғаға өз білермендігімен комментарий жасамау, барды бар, жоқты жоқ деу жетіспейді. Не біржақты жамандайды, не біржақты мадақтайды. Сол баяғы советтік үгіт-насихат дәуірінен ажырай алмаушылық әлі де бар.

-Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Зарина Әділбек

Abai.kz

 

20 пікір