Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жөн-ақ 5699 6 пікір 29 Қаңтар, 2018 сағат 09:59

Мұғалімнің мәртебесі министрден кем түспеуі керек

Дарынсыз бала болмайды! Алайда, баланың  бойындағы сол дарынды, қабілетті тек ұстаз көре алады.  Ұстаз болғанда да кешегінің Оспанов ағайындай педагогтарға бала психологиясы мен бойындағы мүмкіндігі алақанға салғандай көрінеді. Қожа - талантты, демократ бала. Бірақ ондай оқушы «стандартты» мектеп үлгісіне сыймайды. Өйткені өз ойын бүкпессіз айтады, сабақ қызықсыз болса, бетін де ашпайды. Ал мектеп мұғалімі үшін ондай бала «үлгерімі төмен, тәртібі нашар» деп бағаланады. Мұғалім сол «бұзақы» образдың  ішінде тығылып жатқан талантты танығысы келмейтін сияқты.

Неге?

Ата-аналар арасындағы әңгімеге құлақ түрсек, бұл күнгі мұғалім шәкіртінің талантын ұштауға мүдделі емес пе деп қаласың. «Ата-анасы айналыссын, қосымша сабақ алсын. Бізге балаға жұмсалған  артық сағат үшін ақы төленбейді, әрі оқушымен жеке айналыспақ түгілі, оңаша отырып сөйлесуге  уақытымыз жоқ. Толтыратын қағазымыз, тапсыратын есебіміз көп» деген уәжді мұғалімдердің аузынан жиі естиміз. МҰҒАЛІМДЕР ҚАҒАЗБАСТЫ!

Ал, ата-ана ше?

Мектеп бағдарламасы бала үшін күрделі. Ол «хит» тақырыптардың біріне айналған бүгінде. Балада оқуға құлық жоқ. Себебі қызық емес. Ата-ана жұмысбасты. Балаға қарайтын шама жоқ. Таңертең жұмысқа кетеді, кеш қарая келеді. Қазір бала тәрбиесі емес, оны асырап, бағу проблема. Балам қатарынан қалмасын деп киіндіреді, тек оқу жылының басында бір балаға кететін шығынның орта есебі 50-60 мың теңгені құраса...бұл бір балаға (және тек оқу жылының басындағы шығын ғана, жыл бойы жиналатын қаражат пен қазіргі балалардың «сұранысын» есепке алыңыз!), осыдан кейін үш, төрт баласы мектепке баратын отбасының жағдайын елестете беріңіз.Одан бөлек қазіргі бала «жайфон» ұстағысы келмейді! Оған соңғы үлгіде шыққан айфон керек! Қатарынан кем қалмасын дейтін ата-анасы қарызданып қауғаланса да, кредит алса да бұл жолы да баласының тілегін қанағаттандырады. Алайда, жоғарыда айтып кеткен мұғалімнің қосымша оқыту туралы ұсынысы олардың көңілін көншітпейді. Себебі, ол мұғалімнің міндеті - дейді ата-аналар...

Қазіргі көп бала сабаққа сүлесоқ қарайды. Қадағалап отыратын ата-ана жұмысбасты. Тек тоқсан қортындысында үштіктер шықса, мұғаліммен ұрсысады, баға сұрау «науқаны» басталады, сұрағанын қоймаса, мұғалімнің басы дауға қалады, тағысын тағы..кей жағдайда тіпті айтқанына көнбеген мұғалімді жұмыстан шығартудың жолын іздейді. Мұғалімді қорлауға дейін барады. Бұл енді біздің қоғамда ең оңай шаруа. Әлеуметтік желідегі бейнематериалдар мен форумдардағы жазбалар соның дәлелі.

Ата-ана, оқушымен қарым – қатынаста туындайтын түйткілдерді былай қойып, үлкен залдардағы жиналыстардың еріксіз тыңдарманы мен көрерменіне айналу, сайлау немесе тағы да сондай саяси науқандардың насихаттаушысы сияқты қоғамдық жұмыстар, сенбіліктер мен ауыл-аймақтағы мұғалімдердің қар тазалауы сабақ  өткізу, тәрбие жұмыстарын жүргізу сияқты қызметін талапқа сай өткізуіне кедергі. Ал, мойынға артылған міндеттен бас тартып, наразылық білдірген мұғалімдердің әділдік іздеп, сот залына дейін барған жағдайлар бар (Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылының мұғалімі Айман Сағидоллаеваның мектеп директорымен соттасқаны сайтымызда жарияланған).

Сонымен, әңгімеміздің әлқиссасындағы баланың бойындағы талантты танитын, оны тәрбиелеп, дамытатын дарынды ұстаздар бізде жоқ емес. Қазақстан дарынды балалары көп елдердің қатарында 12 орынға ие болса, ол да сол дарынды көре, шыңдай білген ұстаздардың еңбегі.  Мәселе, мектептегі білім сапасы көрсеткіштерінің тежеуші факторында. Ол - мұғалім кәсібі мәртебесінің төмендігі. Мұғалімінің қоғамдағы беделін көтерудің, материалдық, рухани ынталандырудың, педагогтік қызметке қабілетті шығармашыл жастарды тарту жолдарының, тетіктерінің бірізділенбеуі.

Әлемдік тенденцияда мұғалімдік   қатардағы мамандық емес, мансап ретінде бағалануда. Мәселен, Жапонияда оқушылардың үлгерімін жақсарту, мұғалім жұмысын жеңілдету үшін студенттердің волонтерлік қызметін пайдаланады екен. Қытайда ардагер ұстаздармен жас мұғалімдер арасында тұрақты байланыс болып тұратын көрінеді. Ал, Германияда қызметке жаңа қабылданған мұғалімді салтанатты түрде қабылдап, зейнет жасына шыққан ұстазды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі бар. Осының өзі-ақ, дамыған елдерде мұғалімді ерекше сыйлап-құрметтейтін дәстүрдің қалыптасқанын көрсетсе керек. Бұл, әрине, басқа елдің салты. Біздің салт мұғалімді қоғамдық істерге құлша жұмсау болып тұр.  Қағазбастылықтан арылту үшін электронды журнал, күнделік, есепті де электронды түрде енгізетін болды деп (интернет пен дербес компьютерлерінің жоғын білдіртпей!) «бөріктерін  аспанға атып» қуанған еді мұғалімдер...алайда, қуаныш көпке созылмай, керісінше мұғалімдердің соры еселене түсті. Қағазын бір толтырып, электронды нұсқасын бір толтырып қажығандарын айтып қынжылады.

Бәлкім, білім беру саласындағы гендерлік сәйкессіздік, кәсіп феминизациясының  (81,3 % әйел мұғалімдер) да салдары осы шығар (ол туралы келесі материалда).

«Өсер ел өнегелі ұлдарын әке тұтады»,- дейді кемеңгер Кекілбаев. Ұстаз да ұлттың ұрпағына тәлім берер ұлық тұлға. Оның мәртебесі мен мансабы министрден кем түспеуі керек еді...

Зарина Әділбек

Abai.kz

6 пікір