Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 5224 13 пікір 29 Қаңтар, 2018 сағат 09:34

«Бақытты балалық шағымыз үшін - Стәлін жолдасқа шексіз алғыс!»

1936 жылы 27 қаңтарда Бурят-Мұңғұл ССР-нің шенеуніктерінен құралған делегацияны Кремлде қабылдаған кезінде Иосиф Стәлін Мұңғұл ССР-і Жер қатынастары Халық комиссары Ардан Маркизовтың 7 жастағы қызы Гелияны (Энгельсина) қолына алып, суретке түседі. Ол сурет «Бақытты балалық шағымыз үшін - Стәлін жолдасқа шексіз алғыс!» деген ұранмен күні кешеге дейін насихатталып келді.

1938 жылы Стәлін мейірін төгіп, қолына көтеріп күліп тұрған Гелияның әкесі жапон тыңшысы деген жалаға ілігіп, «халық жауы» ретінде атылып кетеді де, анасы жаудың әйелі ретінде Қазақстанға жер аударылады (АЛЖИР-ге түссе керек).

Кейінірек, Бас қасапшының көзі жойылғаннан кейін, сол Кремлдегі кездесуде болғандардың айтуынша, кішкене бейкүнә сәбиді көтеріп суретке түсіп болғаннан кейін "күн көсем" жанындағы оққағарына тісінің арасынан сыздықтатып, ызбарлы түрде грузиншілеп «Момашоре ег тилиани» депті. Ол сөзді қазақшаласақ - «Мына биттеген бәлені әкетіңдерші!» деген мағына береді екен.

Осы (бірінші) суреттегі қызды күні бүгінге дейін мақта теруден үздік болған тәжік қызы Мамлакат Наханговамен шатастыра береді. Шынтуайтында, Стәлін 11 жасар Мамлакатпен дәп осы кездесуден бір ай бұрын, яғни, 1935 жылдың желтоқсанында кездескен көрінеді.

Кеңес одағына отбасымен аянбай еңбек етіп, үлес қосса да.., социалистік өмірдің ауыртпалығы мен қайғы-шерін тартқан Энгельсина 2004 жылы, ал, Мамлакат 1992 жылы өмірден озған екен...

Қанат Ескендір

Facebook-тегі парақшасынан

13 пікір