Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Сатира 5949 0 пікір 26 Қаңтар, 2018 сағат 11:20

Қостанайдың айтқыштары

Қостанай өңірінде осы уақытқа дейін хатқа түсіп үлгермеген сөз асылдары көп. Кейінгі жылдары біз осы бағытта біраз ізденіс жасадық. Шынында де «ел іші – өнер кеніші» екен.

Айтушы мен жазушының сөзінің түбірі бір болғанымен, бір бірінен ерекшеленіп тұрады.  Орыс ғалымы И.Андронников: «Бір кездерде әдебиет тек ауызша болды. Содан соң баспа станогын ойлап шығарды да, міне, бес жүз жылдай уақыттың ішінде адам баласы өз сөзін қағаз арқылы жеткізіп келеді. Ұлт әдебиеті, ұлттық публицистика пайда болды. Тамаша ғылыми жұмыстар жарық көрді, алайда, олардың ешқайсысы  ауызекі айтылған сөздің, ауызша тілдің қасиеттерін жеткізе алмады. Адамдар қай кезде де шешендерді, лекторларды, әңгімешіл кісілерді жоғары бағалайды. Ұлы жазбаша жанрлар пайда болды, бірақ, ауызша тіл өзінің маңызын осы уақытқа дейін жойған жоқ» («Жазылған сөз бен айтылған сөз»), –  деп жазды. Қазіргі кезде әдебиетіміз жазбаша дамып жатса да, ауызша айтылған немесе әлі қағазға түспеген әңгімелер баршылық.

Қазіргі уақытта жазу мәдениеті қаншалықты дамыса да, ауызекі тараған сөздер аз да болса кездеседі. Оған мысал ретінде қазақ халқының данқты ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлының т.б. қайраткерлердің айтқан сөздерін келтіруге болады

Қазақ халқына есімі кең тараған тұлғалардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері Сағалбай Жанбаев. Кезінде СССР Жоғарғы Советінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болған, одақтық дәрежедегі зейнеткер атанған, еліне елеулі еңбек еткен ел ағасы туралы көп айтылды да, жазылды да.

Сағалбай Жанбаев көзі тірісінде-ақ әр жерде айтқан сөзі аңызға айналған, тауып айтқан сөздері ел жадында сақталған тұлғалардың бірі. Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Сағалбай Жанбаев облыстық партия комитетінің кезекті бюросында облыстық газет қызметкерлерінен түскен шағымды қарайды. Оқиғаның анық-қанығына жету мақсатында әуелі редакторды, іле-шала оның орынбасарын тұрғызса, екеуі кезек-кезек бірін-бірі жамандайды. Бюро мүшелері шеттерінен орыс. Сәкең болса орыс тіліне шорқақ екен.

«Біреуге ор қазба, ор қазсаң, терең қазба» деген қазақтың қанатты сөзін аударғысы келген Сәкең столды жұдырығымен қойып қалып: «Кончайте базар. Ложите сюда партбилет. Кому яму копайт, туда саму попайт» – деген ғой. Отырғандардың барлығы жым болған. Күлгісі келгендер күле алмаған. Жылағысы келгендер жылай алмаған. Міне, қарапайым қазақ азаматы орыстарды осылай мойындатқан. Басшыларымызда көбінесе осындай қасиеттер жетіспей жатады.

Енді бірде Сағалбай Жанбаев ол тұста «зона рискованного земледелия» деп аталған жері көп аудандардың бірінің шаруашылығына барады. Шаруашылық басшысы егін егілген төбелерді көрсетсе керек. Сонда Сәкең басындағы қалпағын шешіп тастап, жалтыраған басын шұқып тұрып: «Айтшы, мына басқа шаш шыға ма?» – деп сұрайды. Күмілжіп қалған басшыға Сәкең: «Бұл басқа шаш шықпаса, мына төбеге де ешуақытта егін шықпайды», – депті.

Сағалбай  Жанбаев Мәскеудегі Жоғарғы партия мектебінде білімін жетілдіреді. Бірақ, кезекті сынақтардың бірінде құлап қалады. Басшыларға құлаққағыс қылса, олар құлақ аса қоймайды. Амалы таусылған Жанбаев оқу орнындағы басшының қабылдау бөлмесінен бір жерге телефон шалады. Оның айтқан сөздерін маңайындағылар естіп тұрса керек.

«Товариш Маленков, Вам звонит Жанбаев,  секретарь обкома партии из Костанайской области  Казахстана. Я не понимаю одного, мясо надо, Жанбаев  надо, хлеб надо, Жанбаев  надо, шерсть надо, Жанбаев  надо, учится надо,  Жанбаев  не надо, что ли?», – депті. Жанбаев шынымен Маленковпен сөйлесті ме, әлде, сөйлескен кейіп танытты ма, оны бір өзі біледі. Бұл сөзді естіп отырған партия мектебі басшылары Сәкеңді қайта шақыртып алып, емтиханнан аман-есен өткізіп жіберген екен.

Сол оқуда жүрген кезінде орналасқан қонақүйге келсе,  өзінің тұратын қабатын білгенімен, қай бөлмеге орналасқанын ұмытып қалыпты, ал ғимараттағы есіктердің бәрі бірінен бірі айнымайды. Не қыларын білмеген Сәкең ақыры айла тауып, барлық есікті ашып, ішіндегілерден «Жанбаев здесь живет?», – деп сұрай береді.

Ақыры өзі орналасқан бөлмеге жетіп, жаңағы сұрағын қайталаса, бірге жатқан орыс жігіті: «Вы что, Сәке, сами себя ищете?» – деп таң қалыпты. Жанбаев болса айылын да жимай: «А я хотел проверить, ты Жанбаева знаешь, или нет», – дейтін көрінеді.

Ел аузындағы тағы бір әңгімеде, Жоғарғы партия мектебін бітіріп шыққаннан кейін Сағалбай ағамызды Кентау қалалық партия комитетіне екінші хатшы қылып жіберетін болыпты. Орталық Комитеттің өкілі мектеп түлектерінің қайда баратынын оқып  шыққаннан кейін «енді кімде сұрақ бар?», – дейді. Сонда Сәкең  қолын көтеріп: «Менде сұрақ бар!», – десе керек.

«Құрметті Орталық Комитеттің өкілі, – дейді Жанбаев, қалалық партия комитетіне жібереміз деп отырғаныңыз қай Жанбаев? Жоғарғы партия мектебіне Маленков жолдастың өзі арнайы  оқуға жіберген және оған дейін Ақмола облыстық партия комитетінде бірінші хатшы болып қызмет атқарған Жанбаев па, әлде басқа біреу ме?». Өкіл сасқалақтап: «Бұл мәселенің анық-қанығын анықтау керек», – депті. Жанбаев болса осы әңгімеден кейін Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынылады.

Енді бірде Жанбаев ел аралап жүріп бір колхозға келсе, ауылдан біраз жердегі қырманға жаяу-жалпы кетіп бара жатқан қыз-келіншектерді көреді. Жанында отырған колхоз председателінен «олар неге жаяу жүр?» – деп сұраса, «көлік жетіспейді, олар жаяу жүріп үйренген, ештеңе етпейді», – деген жауап алады.

Біраздан кейін Жанбаев мінген көлікті тоқтатып, председательге ат шалдырып алайық дейді. Ол сыртқа шығысымен шопырына жүре бер деп ым қағады. Терезені ашып, колхоз бастығына қараса ол байғұс асып-сасып: «Сәке, ауылға мен қалай жетемін? Әлі он километр бар», – десе керек. Сәкең аспай-саспай: «Ештеңе етпейді. Әйелдер де сондай қашықтықты жаяу жүріп жүр ғой. Сен әйелдерден кем емес шығарсың», – деп жүріп кетеді.

Енді бірде Сағалбай Жанбаевтың атына сол кездегі Таран аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып жүрген Д.И.Берлин деген кісінің үстінен арыз түседі. Сәкең ауданға барып, айтылған жайдың анық-қанығына көз жеткізгеннен кейін хатшымен тілдеседі. Ол өзінше ақталып жатса керек, сонда Сәкең: «Слушай, как твоя фамилия?», – деп сұрайды. «Вы же знаете, Саке!», – дейді ол. «Я у тебя спрашиваю, как твоя фамилия?», – деп тағы қайталайды. «Берлин» деген жауапты естіген соң, «А ты знаешь, как наши взяли Берлин. Если не можешь найти общий язык с народом, мы тебя тоже возьмем как Берлин», – депті. Сонымен әңгіме біткен.

Тағы бірде Сағалбай Жанбаев астық жинауға көмекке келген әскерилердің басшысы болған армия генералымен келісе алмай қалады. Сонда Сәкең: «Сіз өзі әскерлерді кім киіндіретінін, кім тойындыратынын білесіз бе?  Ауыл адамдары.  Сіз армияның генералы болсаңыз, мен партияның генералымын. Сөзге көнбесең, партбилетіңді столға қой!», –дейді. Сүйтіп, генералды да орнына қояды.

Сағалбай ағамыз басшы болып тұрған кезінде газет журналистеріне жақсы қолдау жасаған. Және газетті өз мақсатына тиімді пайдалана білген. Көзкөргендердің айтуына қарағанда ол газет басшыларына арнайы тапсырыс беріп, шаруашылығы артта қалған колхоз немесе кәсіпорынды сынатады екен. Газет бетіне мақала шыға сала араға бір-екі күн салып бюро мәжілісін өткізеді. Онда сыналған басшыларды орнынан тұрғызып, «газетте жазылған кемшіліктер рас па?», – деп сұрап алып, оларға қатаң шара қолданады. Кейбіреуіне сөгіс береді, кейбіреуін қызметінен босатады. Іле-шала газет бетінде «Сынап едік, қорытындысы қандай?» деген айдармен жауап жарық көреді. Сүйтіп, ол екі жеп, биге шығып, іске бөгет болғандарды жазалап, газеттің де мерейін көтеріп, беделін асырып отырған.

Ел ішінде тапқыр сөздері жұртқа жайылған кісілердің ауызекі әңгімелері де жиі ұшырасады. Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенованың тапқырлықпен айтылған езу тартқызар сөздері де аз емес. Бірде таныстарының бірі одан: «Осы сіздің күйеуіңіз кім болып қызмет істейді?», – деп сұраса керек. Күйеуі Табылды болса сол тұста жұмыс таппай үйде отырған. Әсия бөгелместен: «Күйеуім Әсияның күйеуі болып  жұмыс істейді», – деп жауап беріпті.

Тағы бірде қонақасыда жұтыңқырап алған бір кісі қайта-қайта ән салып, «Пой, солдат, пой!» – деп қоймаса керек. Сонда Әсия: «Қой, солдат, қой!» – деп басу айтыпты.

Ахметбек Өміртаев деген азамат Қостанай облыстық радиосында қызмет істеді. Жаңалықтарды орыс тілінен қазақшаға аударғанда алдына жан салмайтын. Марқұм, жер барып хабар бермесін, ащы суды жақсы көретін. Қызып жүрген күндерінің бірінде мынандай бір шумақты табан астында суырып салып айтқаны жұрт жадында қалыпты:

Сұрасаң, менің атым Ахметбек,

Басымда болушы елі ақыл ептеп.

Сендерден, о, достарым, бір тілегім,

Өлгенде көмерсіңдер ақиреттеп.

Сол Ахаң радиода бастық болып отырған Поляков деген орысты Далабай, тілші болып қызмет атқаратын Морковцев деген орысты Сәбізбай дейді екен. Қазір тірі болса, ол, сөз жоқ,  Путинді Жолдыбай, Медведевті Аюбай деп айтар еді.

Мұндай аузекі әңгімелердің кейбірінде оны кім айтқаны нақты айтылса, яғни, авторы болса, кейбір әңгімелерде айтушының аты-жөні айтылмайды, тек не мамандығы, не мекені ғана сөз болады.

Соғыс жылдарында қазақтың бір кемпірі ұршық иіріп отырып, ыңылдап өлең айтады екен. Оның сөзіне құлақ тосқан жергілікті милиционер жігіт:

«Домбырам басы дың-дың-ау,

Немістер өлсін мың-мың-ау.

Орыстар өлсін бес-алтау,

Қазақтар қалсын аман-сау!» – деп отырғанын естіп қалып:

«Әже, не айтып отырсыз? Немістің қырылғаны дұрыс, орыс өзіміздің досымыз емес пе?» –  дейді.

Сонда кемпір: «Шырағым, құлағыңның қақасы бар ма еді? Орыстар өлсін деп жатқан жоқпын, болсын деп жатырмын. Орыстар болсын, қазақтар қалсын деген ұйқасынан да көрініп тұрған жоқ па?» – дейді.

– Орыстар болсын бес-алтау дегенді қалай түсінеміз?– деп милиция да бой бермейді.

– Е, сол орыстың қатыны да қазақтар секілді бес-алты бала тапсын деп жатқаным ғой, – деп кемпір құтылып кетіпті.

Бір шаруашылықтың директоры орыс тілін жете білмейді екен. Ал жүргізушісі қазақ тілін шала-шарпы түсінетін болса керек. Көлік тоқтаған  жерде машинадан түскен бастық орыс шопырына: «не шевелись!» – дейтін көрінеді. «Осы тұрған орныңнан қозғалма!» – дегені ғой. Әуелі айтылған сөздің мағынасын ұқпаса да, бірнеше қайталаған соң құлағына әбден сіңісті болып кеткен сөзді шопыр да жылдам ұғып, бұйрық келмей, орнынан қозғалмайтын болыпты.

Бір бастықтың орыс шопыры көлігінің моторы сыр бере қалса, «опять тарахтит!» деген сөзді жиі айтса керек. Бастығының руы тарақты екен. Шопырдың әлгі сөзінен әбден запы болған бастық: «Слушай, дорогой! Орыста тарахтиттан басқа сөз құрып қалып па? Барахтит, шумит, гудит деп айтуға болмай ма? Тарахтит деген қазаққа жаман сөз. Бұдан былай бұлай сөйлегеніңді естімейтін болайын!», – деп кейіпті.

Тағы бір  шопырға бастығы біресе олай жүр, біресе бұлай жүр деп қайта-қайта ақыл айта берсе керек. Сонда шыдамы таусылған шопыр: «Болды, басеке! Енді тыныш отырыңыз. Баратын жеріңізге аман-есен апаруға мен жауаптымын. Кабинетте сіз бастық, кабинада біз бастық», – депті.

Облыста басқарма бастығы болып жүрген бір азамат құрдасымен бірге қонақта болып, үйге қайтар уақытта қызыңқырап қалып, аяқ киімін тез кие алмай, әуреге түсіпті. Бұл қылығына күле қараған құрдасына: «Неге ыржыңдайсың? Одан да еңкейіп, аяқ киімімді кигізіп жібер», – дейді.

Құрдасы табан астында жауап қайтарып: «Министр болсаң да, кигізетін жайым жоқ!» – десе керек.

Көп ұзамай әлгі азамат шынында да министр болады. Оған тағы жолыққан құрдасы: «Мен аяқ киіміңді сол кезде кигізбегенім үлкен абырой болған. Әйтпесе министр бола алмай қалатын едің», – депті.

Ел ішінде ел есінде сақталған қызықты әңгімелер көп. Құйма құлақтан естіген әңгімелердің біразын мен де  қағаз бетіне түсірдім.

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

 

 

0 пікір