Жұма, 19 Сәуір 2024
4997 1 пікір 26 Қаңтар, 2018 сағат 10:41

Денесінен 16 ине табылған ферғаналық бала комада жатыр

Ташкенттегі Республикалық шұғыл медициналық көмек ғылыми орталығы 25 қаңтарда 11 жастағы ферғаналық баланың комада жатқанын хабарлады. Бір күн бұрын интернетте науқас қайтыс болды деген хабар тараған еді.

Дәрігерлер баланың жағдайы мүшкіл екенін хабарлаған, бірақ оның өмірі үшін күрес жүріп жатыр. "Бала тірі, бірінші дәрежелі комада жатыр. Аман қалу мүмкіндігі тым аз", - деді орталық дәрігерлері.

Бұған дейін ташкенттік дәрігерлер 11 жастағы ферғаналық баланың денесінен 16 ине тапқаны хабарланған еді. Ғылыми орталықта балаға тоғыз сағатқа созылған ота жасалды. Дәрігерлер 11 инені алып шыққан, қалған үшеуін келесі операцияда алуды жоспарлаған.

Сараптама инелердің бала ағзасында екі ай болғанын көрсетті. Инелер баланың мойнында, омырқасында, жүрек тұсында, өкпесінде, қуығында, тік ішегінде болған.

Инелердің бала денесіне қалай түскені әзірге белгісіз. Дәрігерлер бала 16 инені өзі жұтып қойды дегенге сенбейді. Бұған қоса баланың ас қорыту мүшелері бүлінбеген. "Біреу инелерде бала денесіне тыққан болуы мүмкін. Оны құқыққорғау органдарының қызметкерлері анықтайды", - деді дәрігерлер.

Баланың әкесі жақында Ресейден оралған, анасы қазір тергеліп жатыр. Мәліметтерге қарағанда, 22 қаңтарда баланың ыстығы көтерілген. Жағдайы нашарлағанын көрген анасы баланы халық медицинасымен айналысатын туысқанына апарған.

Abai.kz

1 пікір