Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3337 0 пікір 14 Мамыр, 2009 сағат 07:59

Бірлік басқа да, тірлік басқа

 

 

Өркен КЕНЖЕБЕКОВ
Мамыр айының алғашқы күні – мейрам. Күнтізбе бойынша – қызыл күн. Кәріс ханбогын, неміс кофтасын дегендей, бәрі барын киіп, бақанын асынып, көшеге шығады. Тотыдай таранған түрлі ұлт өкілдерін көріп-ақ, «Қазақстан халқының бірлігі күні» екені есіңе бірден түседі.
Қазақ та елдегі 130 ұлыстың бірі ретінде алаңға шықпауды өзіне ар санайды. Сандықтың түбіндегі сарғыш тартқан кимешегін киіп, тақиясын төбесіне қондырады. Орталық алаңдағы частушкасын шырқап тұрған орыстың, аяғы-аяғына тимей лезгинкасын билеп тұрған ингуштың о жақ, бұ жағынан орын табады. Сахнадан жүргізуші салтанатты түрде: «Тек бізде ғана атажұртынан бөлек аймақта қоныс тепкен кәрістердің драма театры бар. Тек бізде ғана, әлемде аналогы жоқ ұйғырдың өз театры бар», – деп сампылдап жатады. Тұқымынан біреу қалса да, «тиісті» сыйын біздегі бар этностың артығымен алғаны рас. Бәрінің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Тек 130-шы ұлт – қазақ жайлы жүргізуші «толерантты, көнбіс» деп жылуы жоқ жұмсақ сөзбен айтып өтеді. Кейде осындай «қолпаштау» қасақана қорлау болып естіледі. Қой аузынан шөп алмайтын момын, биліктің аузына қарап қана амал жасайтын жасық ұлтқа айналдыру үрдісі жүріп жатқандай болады...
Өйткені, қазақ – қазір биліктің өгей баласы іспетті. Әйтпесе, осы күнге дейін мейір-шапағаты бір түсер еді, «жарты Еуропа түгел сиятын территорияны сақтаған, жүз ұлтқа төрін беріп, өзі табалдырықта қалғаны» үшін болса да, маңдайынан сипар еді. Биліктің өзі-өз боп жасаған жалғыз «жақсылығын» – қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін алып бергенін міндет қылатыны рас. Алайда ол заңды бұлжытпай орындап жатқан тағы ешкім жоқ.
Жылыой, Шелек, Маловодное, Қазатком… осы ауылдардағы оқиғаның бәріне «жай ғана төбелестің, инцестің салдары» деген баға берілді. Көпшілік сенді. Қабырғасы қайыса, күңіренген кім болды? Қазақтың өзі ғана. Шаңырақ, Бақай, Ұлжан… әлеуметтік теңсіздік ұлтты тағы тұралатты...
Енді Қазақстанда саны 300 мыңнан асып жығылған қытайдың мүддесі қылаң бермек. Жуырда еліміздегі қытай инвесторлары қытай тілінде шығатын газеті ашып алды, енді билік сый ретінде театрын ба, Чайнатаунын ба, салып беретін шығар. Бұған күмәніңіз болмасын. Ал қазаққа болысар, қарайласар ешкім қалмай барады. Оның мүддесі үнемі ұмыт, шыдамы шексіз, төзімі таусылмайды. Билік ұлтаралық мәселеге келгенде «жанжал шығады, мынау не дейді, анау не ойлайды?» деп «ақылды Элиза» бола салады. Оған қасындағы қазақтан гөрі ит арқасы қияндағы әлдебіреудің көңіл-күйі маңызды. Біздің биліктің бітіп болмайтын ертегісі маған тиесіліні менікі дей алмайтын жалтақтыққа, «ел тыныш болса, болды» деп, ернін сылп еткізетін немқұрайдылыққа жеткізді. Қауіп төнсе, басын сауытқа тығатын тасбақаның ғадетін жұқтырды. Біз талап етпегеннен кейін, атқамінерлер де ұлт саясатына шашын ағартып, мойнына жауапкершілік алғысы келмейді.
Бір Құдайдың шарапатымен соңғы халық санағының нәтижесі бойынша 70 пайызға жеткен қазақты, бірақ, қайрансыз ұлт деуге ауыз бармайды. Қазақтың ұлт ретіндегі ендігі тарихи миссиясы – доминтты ұлт болу. Басқа ұлыстарды өзінің бауырына тарта отырып, жасампаздықты қалыптастыратын ұлт болу. Бұған жету үшін қазақ алдымен билікті өзімен санастыратын әлеуметтік талаптарға ие артуы керек. Әйтпесе, бірлік туралы айтылып келе жатқан «біртүрлі» әңгімеден тірлік туралы ешетеңені көре алмай келе жатқан жоқпыз ба?..

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2279
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596