Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 10193 49 пікір 23 Қаңтар, 2018 сағат 09:46

Крещение мерекесінде суға түскендер - шоқынған қазақтар...

Кеше Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев мырза өзінің «твиттер» желісіндегі жеке парақшасында пост жазды. Православтардың мұзды суға шомылу (крещение) рәсімі кезінде жаппай жалаңаштанып, "ойық суға" омалып жатқан қазақтардың әрекетіне қатысты өз пікірін білдірді.

«Меніңше, қасиетті Крещение кезінде қазақтардың топырлап жапа-тармағай суға түсуі орынсыз әрекет сияқты. Сырттан, әсіресе шетелден келген адамдарға бұл әрекет ерсі болып көрінеді», - деп жазды Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Әрине, орынсыз, ерсі. Ерсіліктен бұрын, шет мемлекет адамдары үшін крещениедегі бұл көрініс екіұшты ой қалдыратыны да сөзсіз. Қазақтар да шоқынып кеткен бе, деп ойлайтыны айтпаса  түсінікті.

Сонымен, крещение қайдан шықты? Бұл 2000 жылдан бері өзгермей келе жатқан православ христиандарының  діни мерекесі.  Крещение – суға малу, яғни крестті суға малу дегенді білдіреді. Суға кресттің малынуы суды тазартып, әлгі су  ерекше қасиетке ие болады-мыс. Бұл наным-сенім христиандарға тән.  Крест малынған бұл су – Йордан сулары деп аталады. Себебі, Иса Пайғамбардан бастап ең алғаш шоқынушылар Йордан өзеніне шомылған көрінеді.

Сөйтіп, 18 қаңтардан 19-қаңтарға қараған түні дүниежүзінің православ христиандары крещение мерекесін атап өтті. Шомылудың негізі – крестті суға матыру болғанымен, кресті жоқ қазақтар да шомылып жатты. Тіпті, әлеуметтік желідегі кейбір бейне жазбадан православ христиандардан гөрі мұсылман қазақтардың көп жүргенін көрдік.

Ескерте кететін маңызды нәрсе: Христиан діні бойынша, аталмыш күні күнәдан тазарамын деген мақсатта ауа-райының суығына қарамастан, аязды далада мұздай суға түсу шарт емес. Бұған қатысты шіркеу әкейлерінің бірі былай дейді:

«Суық күндері мұз ойығындағы суға түсу рәсімі – «Крещение Господня» мейрамына тікелей еш қатысы жоқ. Суық суға түсу - шарт емес. Және ең маңыздысы, бұл әрекет адамды күнәдан тазартпайды... Бұнымен қатар мұздай суда шомылу көп адамға зиянды және денсаулығына қауіпті. Шіркеу ешқашан жаманшылық ойламайды. Әлгіндей суға шомылу – автоматты түрде барлық күнәні жуып-шаяды деп ойламау керек... Қалай болғанда да, мұз ойығындағы суға түсу – «исповедьтің» орнын баса алмасы анық...».

Әуелде «онда тұрған не бар» деп ойлауыңыз мүмкін. Сондықтан болар, бұған мән беріп жатқан жұрттың да қарасы көп емес. Дегенмен, христиан діні адамдарының шоқынды суға шомылып жатқандардың дені қазақтар, дені мұсылмандар.

Былай қарағанда, пәлендей бүлініп кеткен дүние жоқтай көрінеді. Неге десеңіз, аязда шынығып жатыр. Бұл денсаулыққа пайдалы-мыс.

Әрине, кешелі-бері крещениеде крестті суға сүңгіп шыққандардың барлығы шоқындылар деуден аулақпыз. Әйткенмен, әз Пайғамбар (ғ.с.) «Кім қай қауымға ұқсаса онда сол қауымнан» дегені тағы бар. Сондықтан әр істі ойланып істеген жөн болар.

Түйін

Қақаған қыста суық суға түсіп, шоқыну қазақ салтында болған емес. Сөйте тұра салтты, дінді бұзу қазақ санасының, қазақ рухының құлдырағанын көрсетеді. Суық су денсаулыққа пайдалы болса, дәл осы мерекеде емес, басқа кезде шомылуға әбден болатынын ескерсек екен. Туған тілінен безініп, өз жеріне ие бола алмай отырған жұртымыз енді біртіндеп діннен безсе, біз мемлекет болудан қаламыз.

Сол себепті де "Крещение мерекесінде суға түскендер - шоқынған қазақтар..." деп тануымыз керек.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

49 пікір