Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5799 0 пікір 26 Желтоқсан, 2010 сағат 06:45

Бақтыбай Айнабеков. Жеті адамға жан берген Мүсірәлі пір

(1640 -1721)

Соңғы уақытта Сыр бойында бірсыпыра имани және діни-мәдени шаралар жүзеге асуда.  Өзімнің осы обыстың Жаңақорған ауданы азаматы ретінде  елге барып жүріп көргенім, замананың заңғары,   ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың үлкен бабасы Бақсайыс бабаның жатқан орыны мен Алпамыс батыр жырындағы Байбөрі бабамыз мен бәйбішесі Аналықтың  Алпамыс пен Қарлығашты жылап-еңіреп тілеп алған, өз кезінде Орта Азия  мен Қазақстанға имандылық шырағын жаққан, Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін алып келген ұлы тұлға Хорасан әулие баба сүйегі жатқан жері Қағба көрінісмен аббаттандырылды. Әулие жайлы Орта Азия мен Қазақстан ғалымдары басын қосып, Жаңақорған мен Қызылордада ғылыми-теориялық конференция өтті.

(1640 -1721)

Соңғы уақытта Сыр бойында бірсыпыра имани және діни-мәдени шаралар жүзеге асуда.  Өзімнің осы обыстың Жаңақорған ауданы азаматы ретінде  елге барып жүріп көргенім, замананың заңғары,   ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың үлкен бабасы Бақсайыс бабаның жатқан орыны мен Алпамыс батыр жырындағы Байбөрі бабамыз мен бәйбішесі Аналықтың  Алпамыс пен Қарлығашты жылап-еңіреп тілеп алған, өз кезінде Орта Азия  мен Қазақстанға имандылық шырағын жаққан, Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін алып келген ұлы тұлға Хорасан әулие баба сүйегі жатқан жері Қағба көрінісмен аббаттандырылды. Әулие жайлы Орта Азия мен Қазақстан ғалымдары басын қосып, Жаңақорған мен Қызылордада ғылыми-теориялық конференция өтті.

Маған бұлардан  да бұрын, осы мақаланы жазуға түрткі болып отырған жағдай Әйтеке бидің мүрдесін тауып, оған ескерткіш-белгі орнату жайын ең алдымен Қызылордалықтадың алғашқылардың бірі болып қозғауы. Қозғап қана қоймай, мәселенің оябына бару үшін Өзбекстанның Науай облысы Нұр ата ауданындағы сүйегі жатқан әз әулиенің қабірін зерттеуге белгілі ғалымдарды батыл аттандыруы. Осы шаруадан соң, Әйтеке биге тарихи мәдени кесене салу идеясы өмірге келді. Сөйтіп, «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» Сайын Назарбекұлының жобасы сараптаудан өтіп, макеті біліктілер сынына ұсынылды. Макет бойынша кешендегі үш күмбез - Әйтеке би, Сейтқұл әулие, Жалаңтөс баһадүр есімдерімен аталатын болды. Соңынан бұл шара ел есінде қаларлықтай жағдайда нақтылы іске асты да... Бұған қосымша күні кеше арнайы шақыртумен Қызылорда қаласында Тұран жолбарысы Жалаңтөс Баһадүрге қойылған биіктігі 11,5 метрлік келісті еңселі ескерткіштің ашылу рәсіміне  қатысып қайттық.  Қала орталығына бұл ескерткіштің  бой көтеруі ел рухын асқақтатты. Осы ескерткішке «Мәдени мұра» бағдарламасынан 59 миллион теңге бөлініпті. Өте орынды болған. Бұл келешек жастарды ұлттық имани рухта тәрбиелеуде  мәні зор құптарлық  жұмыс болды.

Тек, осы шараларды іске асыру барысында еліміз үшін әсте ұмытуға болмайтын,  Әйтеке бимен аралас құралас қатар ғұмыр кешкен, қазақ тарихында өзіндік орыны бар қасиетті бір ұлық бабамыздың есімінің  назардан тыс қалып қоюы мені осы мақаланы жазуға түрткі болып отыр. Ол  тұтас қазақтың Ары мен Намысы болған, Әйтеке өмірден озғанда;

"...Әй, тойымсыз қара жер-ай, дара туғандарағымды алғанда қойным толады дедің бе! Бетімдегі беделімді алғаның - Алатауымды аласартқаның емес пе! Арқамдағы сүйенішімді алғаның - исі қазақтың атакүлдігі - Қаратауымды құлатқаның емес пе! Алты Алаштан аты асып һама Әсияға аты мәшһүр аталымды алғаның қайткенің! Ниеті құлап бет сипаса, талай жанның бағын жандырған баталымды алғаның неткенің! Жұлдызы биік жаралған жан едің ау! Асып туған абызым-ай, мына соңыңда қалған біз ендігі жалғанда тірі жетім емеспіз бе! Кімге қалдырдың бізді! Әр сөзіңді Жаратқанның аманатындай көруші еді-ау мына жұртың! Мінезің ірі еді-ау! Қылығың сара еді-ау! Құлығың таза еді-ау! Ойың өткір, сөзің желден жүйрік еді-ау! Кім-кімге де құлбілтесіз айтатын сөзің мірдің оғындай еді-ау! Басып өткен ізіңде пейіш қалушы еді-ау! Өзгелерден асып туған, қазағына, еліне нұр сипатын шашып туған, бағаналы бәйтерегім-ай, сен өлді дегенге қайтіп сенейін!?..." (М. Есламғалиұлы,"Әйтеке би", Тарихи-философиялық диалогия, 364 бет)- деп еліне күңірене өз жоқтауымен басу айтатын, айтулы бидің сүйегін арулап жуып, жаназасын шығаратын, Әйтекенің әз досы, қазақтың тұңғыш пірі, аузы дуалы абыз, дін көсемі  Мүсірәлі сопы Жәдікұлының назардан тыс, осы күнге дейін атаусыз қалып келгендігі.

Қазақ халқы  тұңғыш рет өз хандығын жариялаған   кезінде аса маңызды діни ағартушылық және қоғамдық-қайраткерлік қызмет атқарған,  ел ертеңін елден бұрын көре білген көріпкел- пірадар, тарихта Тәуке ханның "Жеті жарғысы" атанған  алғашқы Ата Заңға  мұсылманшылық қағидаларын дала дәстүріне бейімдеп  ендірген хазіретіміз,   ел тарихындағы алғашқы дінбасымыз  Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзіз есептеп отырсақ биыл тұп-тура 370 жасқа келіп отыр. Солай бола тұра не діни орындар, не республикалық заң орындары жұмған ауыздарын ашар түрі жоқ.

1680 жылы Күлтөбедегі үлкен жиында  Тәукен - хан болып сайлаған соң,  үш жүздің бас билері сынақтан өткізгенде, ел аузында  "Жеті адамға жан берген Мүсірәлі" атағымен аты қалған, осындай ерекше ұлық  қасиетімен бүкіл қазақтың тұңғыш  пірі болып   ақ киізге отырғызылған, қазақ елі тарихындағы алғашқы дінбасы   Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзіз туралы жазып отырған бұл менің екінші мақалам. Алғашқы мақалам "Қазақ елі" газеті бетінде 2000 жылы "Бас мешітке Мүсірәлінің, Астанадағы мешітке Ғылманидың есімдері берілсе..." деген тақырыппен жарияланып, сол жылы осы мақалаға орай "Түркістан", "Қазақ әдебиеті","Ана тілі" және "Егемен Қазақстан" газеттері беттерінде " Жақсының өзі өлсе де аты өлмейді", "Алғашқы дінбасы", "Пір тұтып, қол тапсырған талай адам...","Сыннан сүрінбей өткен шәкірт", "Киелі пір иесі", "Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі", "Пір болғанды қор қылмайық", "Жеті өлікке жан бітірген", "Мүсірәлі Қосым сыры","Бас мешітке Мүсірәлінің есімі берілсе...", "Орынды ұсыныс орындалса.." атты Қызы лордалық ел ағаларының бірі С.Далдабаев бастаған  бірсыпыра қарттардың қуаттау мақалалары біінен соң бірі жарық көрген болатын. Тіпті, осы мақалалардың басын біріктіріп Құрманғали Ашанов деген кәсіпкер азамат, бүгінде марқұм болған, Республика Ғылым Академиясы жанындағы Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, академик Манаш Қозыбаевтың "Пірге құрмет - елге құрмет" деген тақырыптағы алғы сөзімен "Мүсірәлі абыз" деген атпен жеке кітапша болып та шықты.  "Ақымаққа намаз үйретсең - жайнамазға басын жарадының" кері келіп, Республика мұсылмандары діни басқармасы құрамында бүгінгі таңда дінді дін маманы есебінде түсінетін лайықты дін жанашыры болмаған соң, осы күнге дейін қалың бұқара қуаттаған бұл мәселе назардан тыс қалумен келеді.

Неге?... Баспасөз бетінде жарияланған осыншалықты мақалаларға Республика мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қолдау болмаған соң,  мен де бұл сұрақты енді кімге қоярымды  білмей, осы күнге дейін дал болып жүрдім. Болмаса, осындай  тарихи алтын қазынаны одан әрі зерттеп, айтылған ұсынысты өз қажеттеріне  пайдалана білсе,  діни басқарма  қолын қағып жатқан кім бар?..

Қазақ хандығы алғаш қалыптасқанда, әсіресе әз Тәуке ханның тұсында, сайланған ханның жанына, ең алдымен елдің діни сенімін нығайтуда дін қайраткерін, ел танып мойынсынған пір ұстау мәселесін шешкен болатын. Өйткені, пір мәселесін шешу,  Құран Кәрімде жазылған тәртіп негізінде ел басқару Жарғысын дайындау үшін өте қажет еді. Далалық заң  «Жеті жарғының» бірінші жарғысы «Халықтың ханы, сұлтаны, пір әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін» деп жазылуының өзі пір әзіреттің кім екенін ұғындырса керек.   Сол кезде, Әйтеке би ұсынған, жеті өлікке жан берген, әулиелігі, тақуалығы және көріпкел-пірадарлығымен Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі абыз, өзінің 40 жасында қазақтың тұңғыш пірі болып тағайындалды. Және Тәукеханның «Жеті жарғысының» негізгі авторы (Осылай айтуымыз керек! Б.А.) болды. Бұл кісі туралы бүкіл идеологиясы атеистік тәрбиеге негізделген Кеңес үкіметі кезінде шықса да, "Қазақстан Ұлттық Энциклапедиясы" 1 томының  644 бетінде Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзиз туралы "Пір, діндар, азан шақырып қойған аты Мүсірәлі. Руы Керейт болғанымен дінге шын берілген сопылығымен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары Керейтқожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәукеханды сайлағаннан кейін артынша пір таңдалды. Бүкіл қазаққа пір  болу үшін үш арыстың пірлеріне жеті сұрақ беріліп, үш шарт қойылады. Осыдан сүрінбей өткен Әжіқожаны (Мүсірәліні) билер бүкіл қазақтың пірі деп жариялайды да, оны ақ кигізге отырғызып, хан сарайына көтеріп апарады" -деп жазған.

Энциклапедиядағы бұл дерек өткен ғасырдың отызыншы жылдары жарияланған "Әдебиет майданы" журналынан алынса, абыз қарттың пір болып сайланғандығы туралы деректер ХІХ ғасырдағы көрнекті тюрколг-ғалымдар Ә.Диваев пен В:В.Радлов еңбектерінде де молынан кездеседі.

Осы құжатты толықтырар тағы да екі дерек айтқалы отырмыз.

Біріншісі, бабамыздың туылған жері, профессор Жауғашты Ахметовтың айтуынша Тамды ауданынының Кербұлақ елді мекенінде. Бабамыздың кіндігінен өрбіген өзінен кейінгі төрт-бес ұрпақтың мүрделері осы елді мекеннен үш шақырым қашықтықта орналасқан «Бассай» қорымында жатыр. 2000-ші жылы өзі сияқты ерекше қасиетке иелік еткен перзенті Дәуітқожаның 100 жылдығына сол елде үлкен ас та берілген. Жауғаштың кінді қаны да осы Мүсірәлі құдығының маңында тамған. Әкесі Ахметов Байназар Дәуітқожадан үш жас үлкен болса да қатар өскен, оның әкесі 1900 жылы өмірден өткен  ел сыйлаған Бердісүгірдің де талай әңгімелерін естіген жан көрінеді...

Екіншісі, 1752 жылы өмірден өткен Мүсірәлі Сопы әзіздің ұлы Сауранбайдың  Құл Қожа Ахмет Яссауий кесенесіне жерленуі. Тарихтан белгі бұл кесенеге қазақтың ел тарихында орыны бар ұлылары мен тұлғалары ғана жерленген. Бұл кісінің тіршілігіндегі қызметін кім біледі?..  2006 жылы «Алаш» тарихи зерттеу орталығынан жарық көрген «Керейт» жинағындағы «Мүсірәлі пір туралы» (304 бет) мақаласында ол кісінің тікелей ұрпағы Дәуітқожа айтты деген  ауызекі деректерге сүйеніп Мүсірәліден Сүгірәлі, одан Ер Уәлі, одан Ұлан, одан  Жолан, одан Бердісүгір, одан Дәуітті таратыпты. Бұл Мүсірәлі бабамыздың қалмақ тоқалынан туған Қосым баласынан тараған Дәуітқожаға дейінгі ұрпақ шежіресі болуы мүмкін. Мүсірәлінің өз кезінде екі-үш әйел алғандығы туралы дерек бар. Кітапта бәйбішесінен туылған төрт баласынан тараған ұрпақтарының шежіресі  де көрсетілмепті... Ал Мүсірәлінің  Баба Түкті Шашты Әзиздің жанына өз аманатымен жерленуі туралы айтатын болсақ, өзі пір болған Мүсірәлінің тіршілігіндегі  өз пірі, желеп жебеушісі Баба Түкті Шашты Әзиз әулие болған. Пірдің қадір қасиетін пір болған жан ғана жақсы біледі. Мүсірәлі сүйегінің өз ұрпақтары жатқан «Боссай қорығына» жеткізілмеуі, не өз ұлы Сауранбай сияқты Қожа Ахмет Ясаууий кесенесіне қойылмауы, былайғы қара жұрт түсіне бермейтін, киелі әруақардың өз ара тылсым байланысының қорытындысы...

Міне, мен мәселе етіп көтерген осы деректер, Алматыдағы Бас мешітке немесе қазақ өз алдына ел болғалы астана болған үш қаланың бірінде орналасқан ең үлкен мешіттердің біріне, алғашқы піріміз Мүсірәлінің атын беруге сұранып тұр емес пе?... Әлде осы жұрт шынымен-ақ әлі күнге Мүсірәліні толық білмей келе ме?  Ендеше қабырғалы қалың жұртымыз терең тани түссін, тағы да деректер қосалық.

...Керейттен қожа шықты Қосым атты,

Кісі екен әруғы мол, кәрі қатты.

Қарадан қалай қожа шығады деп

Есіткен елдің бәрі таңырқапты.

Жан берген жеті өлікке Мүсірәлі,

Көрсеткен көп ішінде кәраматты

Үш жүздің кеңесінде Күлтөбеде

Шешімін Тәуке ханның ел ұнатты.

Кіші жүз Әйтеке би қасына алып,

Пір болып Қаракесектен дәмін  татты.

Керейттен шыққан пірдің күманы жоқ

Нандырған нәмі қазақ уалиятты" - Бұл - Сыр ақыны Шоңбайдың "Шежіресінен" үзінді.

"....Бұл кез келгеннің емес, айырықша қасиетке ие болып жаралған әруақты адамдардың - абыздардың ғана қолынан келеді деп есептелді. Ондай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса, сардарға бағынса, пірге табынды... Хан ауысса да пір ауыспады. Сондықтан кейде билікті әулет - саяси үстемдік пен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл әсіресе шығысқа тән еді. Мәселен, Тәуке, оның балалары Жәңгір, Болаттардың Лхастағы "киелі үйге" жіберіліп, бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгіндей іш есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда пір де сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында әруақ салыстырысып, Керейт Сұпы Әжінің (Мүсірәлі) жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға пір  болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпықазақтық пір сайланған емес."- дей келіп;   "Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандар  мен әскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып, жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманында үш ұлыстың үш пірінің жұрт алдында әруақ салыстыруына келсек, ол да түптеп келгенде, сайлау емес, өз қасиетінің басымдығын жария мойындатудың жолы болып табылды. Мұны кие, әруақ туралы ғылым - агиалогия "таңғажайып сайыс"- деп атайды. Бұл  - тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес, әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс". - Бұл бүгінгі қоғамымыздағы абызымыз жазушы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың жазған пікірі.(«Үш пайғамбар. Ә.Кекілбаев. 1992 ж).

"...Тәукенің иманын үйіріп, оң жаққа жатқызған, жаназа намазын оқып, өз қолымен Қожа Ахмет әулиенің кесенесіне жерлеген Мүсірәлі қожа да 79 жаста еді. Тәукенің жетісін берген күннен бастап үлкен ханның тағына таласқан  төре сұлтандар Хан кеңесін, Дін әзіретін таратып, жеке билік орнатуға кіріседі. Теке тіреске түскен төрелердің енді ешкімнің  кеңесін тыңдамайтынын сезген жасы егде Мүсірәлі қожа бір күн өмірім болса да Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің басына барып, шырақшы болып, Алладан халқымды қанды аласапыранның  қырғынынан құтқаруын тілеп,  дұға оқиын, таң да машқар күні күнәмді жеңілдетуін сұрайын деген ойдың жетегінде Созақ жеріндегі Жылы бұлақтың басында Баба Түкті Шашты Әзиз зиратына 1719 жылы біржола көшіп барады. Қожа Ахмет әулиенің жолымен тәуілігіне бір жұтым  су мен бір тістем нан жеп, Алладан халықтың амандығын, босағасының бүтіндігін тілеп, дұға оқып, әулиеге шырақшы болған Мүсірәлі қожа 1721 жылы күзде  82 жасында Алланың аманатын тапсырып, мәңгі дүниеге жол тартады. Халық, айтып кеткен өсиеті бойынша оның денесін Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің  оң жағына, сәл төменірек жерлейді. Ислам дінінің тәртібі бойынша басына саз балшықтан төрт құлақ белгі салады..." («Тәуке ханның бас хазіреті». Қарақалпақстан.). Бұл - зерттеуші Ж. Мұратбаевтың пікірі.

Осы үзінді пікірлермен-ақ Мүсірәлінің қазақ үшін қаншалықты имани ұлы тұлға болғандығын ұғынуға болар. Осыған тағы да мынадай  өз тұжырым-пікірімді қосқым келіп отыр...

Соңғы жылдары қазақстанда мешіттер саны күн санап артып отыр.   Бірақ осы қасиетті шаңырақтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан нақтылы басшылық болмауы салдарынан,  дінге он қайнаса сорпасы қосылмайтын жандардың   есімдері беріліп мүбәрәк дінімізге қаншалықты зияны тиіп жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. «Әй детін әже, қой дейтін қожа» жоқ.  Бұл- әрине мұсылманшылыққа да, имандыққа да келмейтін ұят тірлік.

Құран Кәрімнің "Тәубе" сүресінің 18 аятында "Алланың мешіттерін  шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет береген және Алладан ғана қорыққан кісі жасайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі"- деп ескертілсе, 17 аятында "Кәпір қалінде тұрып, Алланың мешіттерін жасауларына болмайды. Олардың ғамалдары жойылған. Олар тозақта мүлде қалады"- деп анық тұжырым берген.

Сондықтан мешіт салып оған ат бергенде, "ауылға - атасының, көшеге - көкесінің"- атын қойып жүрген қазіргі шолақ ойлы белсенділер бұйдасы жетегінде кетпей, Исламның осы талабы үнемі есте сақталса, имандылық жұмысы өнегелі өрісін табар еді.

Жоғарыдағы аты аталынған мақаламдағы ұсынысыма байланысты кейбір азаматтардың " Пір Мүсірәлінің есімі Алматы мен Астанадағы салынып жатқан, күмбезі көк тіреп тұрған көп мешіттердің біріне неге берілмейді?"- деген пікірлерін өз құлағыммен де естіп жүрмін. Орынды пікірлер ғой. Мен де бүгінге дейін  өз егемендігімізді алған соң Алматыда  салынып, бүгінде ел аузында Бас мешіт аталып кеткен үлкен мешітке  қазақтың тұңғыш пірі Мүсірәлінің ғана есімі  ылайықты деп келгенмін. Соңғы кезде  Қызылорда қаласында  бұдан да үлкен мешіттің құрылысы аяқталғанын көрдім. Қазір Ресейдің қол астында қалып қойған алғашқы астанамыз Орынбордан соң, еліміздің алғашқы астанасы ретінде аталып отырған Қызылордадағы осы мешітке жерлестері неге Мүсірәлінің атын бермеске?... Тіпті мешіттің алдына пірімізге арнап ескерткіш қойылып жатса тіптен сауапты іс болар еді... Мұндай жұмыстарды «Жеті жарғының» авторы ретінде республика заң орындары мен қазақтың хандық тарихында пір елдің негізгі бас министрі дәрежесінде болғандығын ескеріп, Үкіметтің өзі де қабаттаса тікелей қолға алып жатса еш артықтығы болмас еді ғой...

Қызылорда да осы жаңа мешітке Мүсірәлінің есімін беру мәселесі шешіліп жатса, оның ашылу рәсімінде арнайы республикалық танымдық конференция өткізу, ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру,  шама келіп жатса 2008 жылы қайта салынып біткен Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің күмбезі қасына қойылған, бүгінде осы күмбездің қабырғасының астында қалып қойған хазіреттің кесенесін сол жерден қайта көтеріп, қалпына келтіру мәселесін қолға алып жатса мұсылмандығымызға аброй болар еді. Әруақтың рухы ризалық танытса, тірінің тіршілігі алға басатынын көзіміз көріп жүр ғой...

Егер осы игі ұсыныс облыс әкімшілігі  тарапынан қолдау тауып, жүзеге асып жатса,  басқа дінге өткен қаракөз мұсылмандарымызға да елеулі сабақ, үлкен діни насихат болар еді. Қашанда қасиетті бабалар әруағының қолдауында болайық...

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ, Жазушы, "Қазақстан қажылары" діни бірлестігінің төрағасы

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір