Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 4508 3 пікір 9 Қаңтар, 2018 сағат 08:48

Олар ұялғаннан өліп жатыр...

Ұлттық бірыңғай тест сайын ұл-қыздарымыз қырғи тигендей қырылып қалады. Кімнің қиялына не келді – сол: біреуі баспен асфальтқа қадалады, біреуі білеу тамырын кеседі. Сонда бұл өмірден баз кешуіне не себеп десең, «өзі қалаған (ата-анасы қалаған) ұпайына 5-10 балл жетпей қалыпты» боп жатады көбіне. Бұл қалай дейсіз ғой баста бір жарым келі ми кілкілдеп тұрған соң..

Ол үшін мына жағдайды елестетіп көріңіз. Пышақты қайрай берсеңіз, не болады? Өткірленеді. Бірақ, қайрауын асырып жіберсеңіз, жүзі қайырылып қалады да дымға аспайды. Мектеп жасындағы бала-шағаны да осылай асыра қайраудан аулақ болу керек-ау. «Осыдан грантқа түспей көрші... Осыдан бізге масыл болмай, өз бетіңмен түсіп кетші оқуға... Сені асыраймыз деп мамаң екеуміз ақ тер-көк тер боп жүрміз. Осыны түсінесің бе өзі, милау?...». Шамамен, он жыл бойы осындай сөздермен баламызды қайраймыз-ай келіп. Содан тест өтіп, нәтижесі шығып, грантқа кепілдік берер бірнеше балл жетпей қалғанда, балаңыз Сіздің бетіңізге қарағанша, мүрдем кетейін дейді да.. Арқанға ілініп жатқан жастардың бәрін намыссыз, ұятсыз дей алмайсың. Керісінше, олар тым намыстылығынан, тым ұяттылығынан өліп жатыр десем, ауыр тие ме? Бізде қателікті кешірмейді.

Егер де сол балалар әке-шешесінің қалаған балын алып келмесе де, «Ештеңе етпейді. Ырзығың бір Алладан, бық деме, бәрі жақсы болады» деген вариант барын білгенде, басқаша әрекет жасар ма еді? Білгенім, бұл өмірге тым құмартып қарауға болмайды. Сұлу қызының бетіне бір түйір безеу шыққаны үшін ғана оны тастап кеткен жігітті білемін. Романтик еді, құрығыр. Мінсіз сұлулық болмайды. Электр лампысын жетілдіремін деп Томас Эдисон 10 000 мәрте сынақ жасаған. 10 мың рет қателесті. Бірақ, Эдисон бұны «Мен электр лампысын жасамаудың 10 мың жолын таптым» деп өңін келтірді. Әйгілі баскетболшы Майкл Джордан допты себетке 9000 рет сәтсіз лақтырып, 300 матчта таза ұтылып қалса да, әйгілі дегенді қосып отырмыз, так надо. Қателіксіз жетістік болмайды. Қандай да бір мақсатқа жету жолындағы қателік қанша болса да, ол жайлап сол мақсатыңызға жақындатады. Алдарыңдағы олимпиада да, тесті де заманақыр емес...

P.S. Таразда болған сапарымда қос оқу орнына кіріп-шығып, шәкірттерге дәріс оқыған едім. Бірі – Айша бибі атындағы дарынды қыздардың қазақ-түрік мектеп-интернаты, екіншісі – Қуаныш Шонбай оқыған және сабақ берген Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжі. Бұл сонда айтылған ойдың бір парасы еді.

Өркен Кенжебек

Facbook-тегі парақшасынан

3 пікір