Сенбі, 20 Сәуір 2024
Талқы 6681 47 пікір 4 Қаңтар, 2018 сағат 12:29

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалық: Не аламыз? Не береміз? Не дейміз?

Биыл Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бір деректерде 1 жыл, кейбір деректерде 1 ай мерзімінде төрағалық тізгінін біз ұстайтын көрінеміз. Анығында 1 ай болуы керек.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің тұрақты өкілдері 2-қаңтардан бастап қызу жұмысқа кірісіп кетеді.

Қаңтардың 18-і күні Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің "Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары" тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастары өтеді.

Осы жолғы сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі.

Астана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметіндегі басымдықтары ретінде ядролық қарусыз әлемді жақындату; жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу; аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; терроризмге қарсы күрес және өзге мақсаттарды атап отыр.

Қазақстан билігі тәуелсіздігін жариялағалы бері өткен 26 жылдың ішінде елдің үлкен жетістіктерге қол жеткізгені және әлемге танымал болғаны туралы айтады. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар ресми Астананы елде өзге пікірдегілерді қудалап, негізгі құқықтар мен бостандықтарды шектейтіні және түрмеде саяси тұтқындарды ұстап отырғаны үшін сынап келеді.

Сонымен, енді біз БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төраға болдық. Орталық Азия елдері қатарында мұндай мәртебеге ие болған - Қазақстан ғана.

Десе де, бұл төрағалық бізге не береді?  Осыдан біраз жыл бұрын Астана ЕҚЫҰ-ға алаң болғанын білеміз. Қазір жұрт ЕҚЫҰ жайлы ұмытқан. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық  елдің имиджіне позитивті пікір қалыптастыруда маңызды рөл ойнайтын шығар?. Бәлкім... Сұрақ көп. Төрағалықтан бізге келіп кетер пайда не? Біздің кандидатураны кімдер қолдады? Бұрын-соңды біз қатарлы елдер төрағалық еткен бе? Бұл ұйым қандай мәселелерді шешеді? т.т.

Біз сарапшыларды сөйлеттік. Сайтымыздың тұрақты сарапшылары Әбдірашит Бәкірұлы мен Қазыбек Бейсебаев Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төраға болуы туралы не дейді?


"Төрағалық Қазақстанда құқықтық-азаматтық қоғамның орнығуына қызмет етсе" деп үміттенейік...

Әбдірашит Бәкірұлы, философ:

-Қазақстан сыртқы қарым-қатынасында халықаралық құқықтың нормаларын сақтауға міндетті. Сондықтан Қазақстан  тәуелсіз мемлекет ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО және т.б. ірі халықаралық ұйымдарға мүше болуы табиғи жағдай.

Атап айтсақ, 1992 жылғы 2 наурыздағы БҰҰ Бас Ассамблеясының (БҰҰ БА) 46-сессиясында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке алу жәніндегі қаулыға қол қойылды.

Қазақстан тарихта тұңғыш рет 2018 жылғы қаңтардың 1-інен 31-іне дейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілеттілігін орындауға кірісті. Төраға Қауіпсіздік кеңесінің қызметіне жалпы басшылық етеді, БҰҰ хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік кеңесінің күнделікті үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Әрине, бұл төрағалықтың еліміз үшін еш пайдасы жоқ деуге болмайды. Қазақстан осы мінберді пайдалана отырып, қауіпсіздік тұрғысындағы мәселелер бойынша әлем назарын Ортаазиялық  елдерге бұру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, БҰҰ Жарғысына сай Қауіпсіздік кеңесінің шешімін орындау әлемдегі барлық мемлекеттер үшін міндетті саналады. Яғни, Қазақстанның 15 мемлекеттен тұратын (оның 5-і – тұрақты, 10  – ауыспалы) осы кеңестің мүшелігіне екі жылдық мерзімге өтуін де біз үшін жағымды көрсеткіш деп санауға болады.

Бірақ, менің ойымша, қазір Орталық Азия әлемдегі ең тұрақты аймақтардың  біріне жатады. Сондықтан, бұл жерде "артық етем деп тыртық етудің" еш қажеті бола қоймас. Назарда Кіші Азия мен араб елдері тұратын болады деп ойлаймын.

Ал, енді, "Осы төрағалықтың Қазақстанға тікелей тигізер пайдасы қандай?" деген сұраққа келер болсақ − бұдан Қазақстанның сыртқы  және ішкі саясатында, өзге елдермен экономикалық қарым-қатынасында айтарлықтай өзгеріс күтудің еш қажеті жоқ.

Бұл төрағалықтан:

− "Елімізге инвестиция тартудан белгілі бір басымдықтарға қол жеткіземіз" деп күтудің қажеті жоқ. Себебі, әлемдегі қаржы айналымы, инвестиция саясаты өзара тиімді экономикалық қарым-қатынас негізінде жүзеге асады;

− "Қазақстанның танымалдығы артып, елімізге келетін туристер саны артады. Ол елімізге пайда әкеледі" деп үміттену де бос әурешілік. Себебі, әлемде "туристер" деп аталатын "халықтың" ұстанымы саясатқа емес, басқа – танымдық-тағылымдық, жеке басқа қауіпсіздік, комфорт, экология және сол сияқты критерийлерге бағынады. Яғни, оларға біздің "төрағалықтың" әсері шамалы;

− "Елімізге жаңа технология енеді, жұмыс орындары ашылады" деу де - өз мүмкіндігімізді асыра бағалау болып шығады. Себебі, жаңа зауыттар ашып, тауарлы елге айналудың төте жолы бұл емес. Оның жолы − елдегі коррупцияны жою, орта және шағын бизнесті дамыту, монополияны шектеу, өз кәсіпкерлерімізді қалыптастыру және т.б.  Яғни, мұны өзіміз атқармасақ, бізге сырттан ешікім әкелмейді.

Дегенмен, Қазақстан халқы үшін пайдалы жағы да бар, ол − елімізде құқықтық мемлекеттің орнығуына қойылатын талаптарды енді БҰҰ аясында іске асыру мүмкіндігінің артуы, қоғамдық ұйымдардың "оянуы" және т.б. Яғни, бұл "төрағалық" әзірге тек біздің билік үшін "пиар" болып қалмай, "Қазақстанда азаматтық қоғамның орнығуына да қызмет етсе" деген үміт бар екенін жасырмаймын.

Ресей мен АҚШ тартысына еріксіз араласуымызға тура келеді

Қазыбек Бейсебаев, блогер:

-Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты емес мүшелік бізге көкірегімізді кергеннен басқа еш нәрсе бермейді. Иә, шынымен де Орталық Азиядағы ең бірінші мемлекетпіз, осындай ұйымға, кеңеске төрағалық жасап отырған. Бұл тек имидждік жағы ғана.

Ал тереңірек үңілсек, қазір бұл кеңеске төрағалық жасау күрделі жұмыс. Ол бізге үлкен проблемаларды алып келуі әбден мүмкін. Қандай? Бірінші - Ресей мен АҚШ арасындағы тартысқа араласуымызға тура келеді. Ал тартыс бар ғой. Украина, Қырым, Сирия секілді мәселелерде келіспеушілік көп. Ал Ресей біздің көрші мемлекет. Экономикалық одағымыз тағы бар. Саяси-қоғамдық байланысымыз өз алдына, қорғаныс жағынан да серіктес болып отырмыз. Керек десеңіз, біз әскери қару-жарақ аламыз.

Біздің Президент АҚШ-тағы сайлау аяқталып, Доналд Трамп жеңіске жеткен кезде хабарласып, "Біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төраға болған кезде сіздермен жақын араласып, ынтымақтастықты арттырамыз" деген болатын.

Қаңтарда Президент АҚШ-қа барады деп жоспарланған екен. Вашингтонда Трамппен кездеседі. Күн тәртібінде міндетті түрде 22 миллиардтың әңгімесі болады. АҚШ талап қоюы әбден мүмкін. Өйткені біз Қауіпсіздік кеңесінде төрағамыз ғой.

Сөйтіп, екі жақпен де қарым-қатынасты үзбей ұстап тұру керек. Ол үшін не істеу керек? Егер төрағалықта болмасақ, дауыс беруде қалыс қалуға болатын еді. Ал мына жерде сен ашықсың. Бір позицияны анықтау керек болады.

Екіншіден, АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шұғыл түрде Иран мәселесіне қатысты мәжіліс ашу керектігін айтып жатыр. Ал бұл Ресей мүддесіне қайшы ғой. Осындай мәселелерде нақты шешім қабылдау керек болады.

Сосын тағы айтарым, 8 басымдық бар ол жерде. Сол 8 басымдықтың бірі Африка елдеріне көмек беру. Сол керек пе бізге? Қазақстанның Африкамен қандай қарым-қатынасы бар?..

Сондықтан, бұл төрағалықтың имидждік жағынан басқа пайдасы бар дей алмаймын.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

47 пікір