Жұма, 19 Сәуір 2024
Көкжиек 6787 0 пікір 4 Қаңтар, 2018 сағат 10:38

«Ақтастағы Ахико». Жапония сапары

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» Халықаралық жобасы аясында  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 18-26 желтоқсан аралығында Жапонияға гастрольдік сапармен барып қайтты.

Іс-сапар барысында театр ұжымы жапон көрермендерінің назарына «Ақтастағы Ахико» қойылымын, «Ұлы дала елі» атты ұлт руханиятын ұлықтайтын концерттік бағдарламаны ұсынды және «Рухани қазына» атты театрдағы құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытатын көрме ұйымдастырды.

Бұл – қазақ елі үшін, қазақ өнері үшін тарихи сапар болды. Қазақ театры тұңғыш рет Токио төрінде өнер көрсетті. Токио – театрдың әлемдегі аса ірі орталықтарының бірі саналады. Осы жерде ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық Театр институтының бөлімшесі жұмыс істейді.  Жапон театры сонымен қатар жанрдың әралуандығымен де бөлек тұр. Мұнда 8 ғасырда қойылған спектакльді қаз-қалпында тамашалау мүмкіндігі бар, сонымен қатар ультразаманауи қойылымдар да барынша кең орын алған. Токиода тек коммерциялық театрлардың өзі 35 театр ғимаратын иемденіп отыр екен, олардың әрқайсысы 500-ден астам көрерменге лайықталған. Сондықтан біздің қазақ театры үшін талғамы биік, театр тарихы бір жарым мың жылды құрайтын елге келіп, өнер көрсету үлкен сын болатын.

Біз Жапонияға 19-желтоқсан күні түнде аттандық. Алғашқы топ, 17-сі күні кетіп қалған, Жапониядағы Қазақстан елшілігінде Еліміздің Тәуелсіздігі күніне орайластырылған ресми шаралар болыпты, соған біздің актерларымыз, жігіттер мен қыздар қатысып, өнер көрсеткен екен. Жасындай жарқылдаған талантты жастарымыздың ерік-жігері кім-кімді болсын таң қалдыруға, тамсандыруға жететіні сөзсіз.

Біз олармен 20-желтоқсан күні Токиодағы қонақүйде кездестік. Бір жыл көріспегендей немесе біз олардың үйіне (еліне) қонаққа келгендей құшақ жайып қарсы алып жатты. Қазақы көңіл, бауырмал жүрек қой баяғы.

Сонымен басымыз қосылып, «Ақтастағы Ахиконың» 21-желтоқсан күні болатын бірінші көрсетіліміне дайындықты бастап кеттік.  Әрине, Аксака Кумин деп аталатын концерттік орталық – Әуезов театрының ғимараты емес. Сахнасы қуықтай ғана. Ол жерде эпикалық тынысты барынша ашып, көсіліп ойнау мүмкін емес. Декорация да бөтен, Әуезов сахнасында түрмені көрсеткенде түсетін темір шымылдықты – торға меңзеу жасап сурет сызылған мата алмастырды, тұтқындардың жататын орны – қамыстан жасалған төсеніш болды. Төрде тұратын Әулие ағаш та аласарып, бұталары азайған. Спектакльде ойнамайтын, бірақ қойылымға мен сияқты әлдебір қатысы бар адамдардың көңілінде күмән болғаны рас. Тіл түсінбейтін, Алашорда, қазақ, репрессия деген ұғымдарды ұқпайтын адамдарға әкеліп, не көрсеткелі жатырмыз, ойбай, деген мазасыздық – үрейге айналардай болып қобалжытты. Жалпы қазақ театры Жапония еліне бірінші рет келіп тұр екен. Оларда өздерінің ұлттық, тарихи театрлары жақсы дамыған, драмаға келгенде – заманауи драма театрлары эксперименттік, авангардтық шектен асып кеткен. Бізді қалай қабылдар екен деген үрей болды. Ол әр әртістің, әрбіріміздің жүзімізде тұрды.

Көрермен жинаумен Жапониядағы Қазақстан елшілігі айналысқан екен. Бұл жерде  Қазақстан Республикасының Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаевқа, кеңесші Ерғалым Нұрсәлімұлына, Анвар Мирзатиллаевқа, Арыстан Қабикеновке, Рысбек Әлібековке, Әнуарбек Қарашаевқа, Жандос Сембаевқа, әсіресе, Айдос Дәркеновке рахмет айтуға тиіспіз. Осы отансүйгіш, қызметтеріне адал азаматтардың мұрындық болуымен, күндіз-түні жатпай-тұрмай концерт залын тауып, ол жерде түрлі келіссөздер жүргізіп, біздің театр қойылымдарына барлық жағдайды  жасағандары үшін біздің ұжым шексіз риза.

Рас, бірінші көрсетілімде зал толған жоқ. Залдың сексен пайыз ғана толы болды. Олардың өзі театр және кино саласының мамандары, Сібірде Жапон тұтқындарын зерттеу институтының өкілдері, тұтқынға түскендер ассоциациясы өкілдері, Невада-Семей қозғалысына қатысы болғандар сияқты нақты кәсіби қызығушылығы мен мақсат-міндеті бар адамдар.

Сонымен «Ақтастағы Ахико» басталып кетті. Болат Әбділманов, Бекжан Тұрыс, Бауыржан Қаптағай сияқты майталмандар бастаған ұжым кімнің жанын қойсын?.. Данагүл Темірсұлтанова, Азамат Сатыбалды, Дулыға... Жандарбек Садырбеав бастаған Алмас Шаяхыметов, Жанат Тинбаев, Жасұлан Байсалбеков, Мейрамбек Тағанов, Аян Өтепберген, Абзалбек Асхатұлы, Мерей Мұхтарұлы, Ғалымбек Оспанов, Қайрат Набиолла, Нұрғиса Қуанышбайұлы сияқты жас перілер және бар. Бұл жерде Ахиконың анасын ойнаған Зарина Карменова мен неміс қызының рөлін сомдаған Жанель Мақажандарды ерекше атау керек.

Жеме-жемге келгенде қазақтың рухы алып кетеді екен, құрамында осындай арқалы актерлары бар ұжым ешнәрседен қорықпауға тиіс екен. Осыны ұқтым. Өзінің мемлекеттік бағадарлама сипатында жазған мақаласында Елбасымыз: «...заманауи әлемдегі бәсекелестікке қабілет – мәдениеттің де бәсекеге қабілетілігі деген сөз. АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезін­дегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың енші­сінде. Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деп шегелеп тұрып айтқан еді. Егер Жапонияны бағындырмасақ, оларды жылатып, 25-желтоқсанда болған екінші көрсетілім кезінде ұзын-сонар кезекке тұрғызбасақ, залға сыймағандары түрегеп тұрып, зал ішіндегі баспалдақтарға отырып көрмесе, сахна сыртында тұрған, қойлымды қырынан ғана тамашалаған жапондық дыбыс режиссерының  ебіл-дебіл жылағанын өз көзімізбен көрмесек, қазақ өнерінің қабілет-қарымын, деңгейін немен өлшер едік? Өзімізге өзіміздің сеніміміз қайдан пайда болар еді?

Көрермен біткен ағыл-тегіл жылады. Содан соң, спектакльден шыққаннан кейін біздің елшілік қызметкерлері өздерінің таң қалыстарын жеткізіп жатты. «Жапондар эмоциясын көрсетпейтін халық. Олар бұны әлсіздік деп есептейді. Ал «Ахикода» жылағандары таң қаларлық жағдай болды» деді елшілік қызметкерлері.

Білмеймін, көрерменді жылату – мақтанатын нәрсе ме, жоқ па... Бірақ, «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» дейді. Бір жапон азаматы басынан өткерген тағдырды баяндайтын қойылым біздің театр ұжымының өнерін тамашалаған бар жапонның жүрегін қозғағаны анық.

Залға мүлде сыймаған жүздеген жапон үйлеріне қайтып кетті. 25-желтоқсан - жапондықтардың Christmas деп аталатын ресми емес, отбасылық мейрамы екен. Сондықтан да елшілік тарапынан қойылымға адам аз келе ме деген қобалжу болған. Бірақ, жоқ, 21-желтоқсан күнгі спектакль жайлы телевидение, газеттер арқылы, сонымен бірге халық арасында ауызекі тараған ақпарат жақсы жарнама болды.

Жапониядағы беделді театр сыншысы Йосуке Кукусабе «Осы күнге дейін мен алты мыңға жуық спектакль көрген екенмін, соның ішінде бұл драмадан алған әсерім ерекше. Түсінгенім -  адамдар ұлтқа, нәсілге бөлінгенмен, жүректегі мейірім біреу және онда шекара жоқ. Маған бұл спектакльді көру үшін аударма қажет емес еді, бүкіл адамзат басына түскен бұндай проблеманы жүрекпен сезінесің» деді.

Театр сыншысы Накамура Йошихиро болса, бұл драманың бүкіл адамзат тарихындағы қара таңба – концлагерь тақырыбын қозғау арқылы қазақ немесе жапон ұлты деңгейінен шығып, адамзаттық ауқымды бағындырғанын мәлімдеді. «Сол сұмдық трагедия қайталанбас үшін осындай көркем дүниелер арқылы әрқайсымыздың есімізге  сұрапыл да сұрқай күндерді салып отырған ләзім» деді ол.

Жапония драматургтары ассоциациясының төрайымы, жапон актрисасы Эри Ватанабэ болса, «Актерлардың кәсіби деңгейі жоғары деңгейде. Әсіресе, Ахиконы ойнаған актер таң қалдырды. Және, әрине, өзінің ұлынан айырылып отырса да, басқа ұлттан шыққан балаларды баурына басып, қайрат көрсеткен ананың бейнесі санамыздан ешқашан өшпек емес. Түрме эпизоды өте шынайы шығыпты. Спектакль деңгейін аса жоғары деп бағалаймын» деді.

Сонау бір жылдары ядролық қарудан бірінші болып бас тартып, бүкіл әлемді осы қадамға аяқ басуға шақырған қазақ елі, бұл жолы да адамзат баласын, енді өнер арқылы, тағы бір қатерден қашық болуға шақырды. Жаппай қуғын-сүргін, аштық, соғыс болмасын деген байрақты сахнадан актер ойыны, оқиға желісі, көркем туынды арқылы желбіретті.

Әсіресе, Ақтамақ ананың тағдырын сахнада бастан кешіп шыққан (ойнады дегенге қимайсың) Данагүл апай жапон көрермендері үшін сенсация болды. Оны біз спектакльден кейін кетпей фойеде тұрып алған жапондықтар арасына шыққанда ұқтық. Данагүл Темірсұлтанованы қаумалап, орталарына алған олар бұл рөлді ойнағанда не сезінесіз, депрессияға түсіп кетпейсіз бе, шеберлігіңізді қалай шыңдайсыз деген сияқты сауалдарды қойып жатты.

Данагүл апайға өзінің әріптесі, Халықаралық достықты дамыту қорының PR маманы, актриса, модель Юко Такигучидің қошеметі ерекше  жақты деген ойдамын. Себебі, актриса ретінде ол бұл образдың психологиялық ауырлығын да, сомдау күрделілігін де сезініп тұрды. Юко Такигучи ханым спектакль барысында көз жасын бір сәт те тыя алмағанын айтумен болды. «Ана ретінде сізге бұндай күрделі, трагедиялы образды сомдау қиын болған жоқ па?» деп сұрады ол. Данагүл Темірсұлтанова «Ондай жағдайды ешбір ананың басына бермесін. Аналар ешқашан жыламасын, ондай қасіретті жылдар қайтып оралмасын. Менің мақсатым – көрермендерді осы ой-байламға жетелеу» деп жауап берді.

Жасындай жарқылдаған (қайталаудан жалықпаймын осы теңеуді) актерларымыз үшін кеудемізді мақтаныш кернеді. Спектакльдің темірқазығы, жарық жұлдызы, күре тамыры Дулыға Ақмолданың сиқырлы, магиялы ойыны санамыздан бір сәт те өшпек емес. Әлі де талай тамашалармыз. Бірақ сол жолғы, 25-желтоқсан күнгі ойын қайталана ма, жоқ па, білмеймін. Көзінен парлап аққан жас көрермен біткеннің аза бойын қаза қылды. Ахиконың арпалысы, өмір үшін, ары мен жаны үшін жанкешті күресі, ол өткен тозақ – бәрін Дулыға энергияға айналдырды. «Ғашықтың тілі тілсіз тіл» дейді, бұл жерде ғашық деп ӨНЕРДІ меңзеген болу керек Абай. Себебі Дулығаның арқасында бұл спектакльге аударма қажет болмай қалды.

Спектакль бірнеше өнердің синтезінен тұрады. Онда автор бар, режиссер бар, композитор бар, суретші бар, «Ахиконың» жағдайында идея авторлары бар. Осыншама адам еңбектеніп, үлкен махаббатпен жасап шыққан спектакль-қалыпқа бүркілетін жан – актер ойыны. Сондықтан мен автор ретінде және қатардағы көрермен, жай ғана қазақ ретінде біздің әрқайсысы ұлы, әрқайсысы қайталанбас тұлға АКТЕРЛАРЫМЫЗ алдында басымды иемін.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» Халықаралық жобасы аясында  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жапония жерінде жүрген М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры қазақ елін, қазақ өнерін танытып қана қойған жоқ, осы бір аптаның ішінде жапон мәдениетін, жапон театр өнерін нығыздап, бойына сіңіріп кетуге барынша тырысты. Осы талпыныс нәтижесінде театр ұжымы Жапонияның әлемге әйгілі Но, Кабуки және Тадаси Сузуки театрларында болып, спектакльдер тамашалады. Және қойылым соңында актерлармен, режиссерлармен кездесу ұйымдастырып, екіжақты келіссөздер жүргізді. Шығармашылық тәжірибелермен бөлісті.

22-желтоқсан күні кешке таман, М.Әуезов театрының Жапонияда гастрольда жүрген тобы, жұбымыз жазылмай Но театрына бардық. Бізді ол жерде Но театрының директоры сенсэй Отошигэ Сакаэ өзінің актерларымен қарсы алды. Но театрының ұжымы бізге арнап, презентация-өнер көрсетті.

Но театры өмірге 14 ғасырда келген екен. Самурайлар мен ақсүйектер арасында өте танымал болған. Яғни Но театры бастапқы кезде тек бекзат топқа ғана қолжетімді еді. Қазір кез келген адам бара алады. Бірақ ол барғанынан бір нәрсе шықса... Яғни сахнада болып жатқан іс-әрекетті шын сезініп, түсіне алса. Себебі: қойылымды кроссворд шешкендей шешу керек. Барлығы символдардан, жартылай емеуріннен, көне тарих пен әдебиетке, өнерге сілтемелерден тұрады. Бір спектакль әдетте үш жарым, бес сағат жүреді, және бірден бірнеше пьесадан тұрады.

НО спекакльдері кеңістік пен уақыттың белгілі бір үзігін бейнелеп, көрсетіп беруді мақсат тұтпайды. Сахнада декорация жоқтың қасы, әртістердің қимыл-қозғалысы да еленер-еленбес. Сахнадағы тіршілік өте бірырғақты, баяу әрі әрең өрбиді. Маскалар мен кең пішілген киім-кешек актердың дене қимылын да, мимикасын да жасырады.   Жалпы қойылым осы өте сараң қимыл-қозғалыстарға құрылған. Бәрінің мәні де, мағынасы да, тұздығы да осында. Актерлардың әрбір қозғалысының себебі, астары бар. Шыны керек, көпшілігіміз түк ұқпадық. Бұл қимылдардан әлдебір мазмұн табу үшін Жапония мәдениетін, тарихын тым жақсы білу және жақсы көру керек сияқты. Жақсы көруін көресің-ау, алайда, түсіне алмайсың... Бірақ, бәрібір әдемі.

Шиеленістің шарықтау шегіне жетіп, үзілетін сәттің туғанын құлаққа ұрған танадай тыныштықпен береді екен. Кенет бәрі тым-тырыс болып қалды. Сапалы көрермен үшін бұл естен танғызатын мезет. НО театрының табынушысы, адал көрермені болу үшін өте биік талғам керек сияқты. Өнерді санамен ғана емес, етіңмен, қаныңмен түсінуің шарт болып көрінді.

Но театрының сахнасына ешкім маскасыз шықпайды. Маска – театрдың бөлінбейтін атрибутының бірі. Осы күні өнер ордасының қолданысында 200-ге жуық маска бар екен. Маскалардың қызметі  - эмоцияларды беру. Үстірт қарағанда ол маскалардың көпшілігін бірінен бірін ажырату қиын. Бірақ сахнада оны актердың кию, қолдану тәсілінен бастап, ернінің ұшындағы сәл өзгеріске дейін эмоцияны ерекше дәл берудің бірден бір құралы екен. Символға толы қозғалыстармен және бірырғақты, жай шығатын музыкамен тұтасып маскалар дрманың барлық идеясын, мақсатын танытуға қабілетті. Музыканың ішіне – хор, барабан, флейта үні кіреді. Олардың ойынша маска – актердың интерпретациясын емес, шын, нағыз эмоцияның өзін ұсынатын құрал. Шынайы, нақты, деректі эмоция іздесеңіз Но театрына барыңыз.
Театрымыздың директоры Ерлан Білал мастер Отошигэ Сакаэмен ресми кездесу өткізіп, ол кісіні және шығармашылық ұжымды  Қазақстанға келіп өнер көрсетуге шақырды. Мастер Отошигэ Сакаэ алдағы жылы күзде графиктерінде бос уақыт бар екенін айтып, бұл келісімді әлі де пысықтайық деді.

23-желтоқсан күні Тадаси Сузуки театрына барып, шебердің екі спектаклін тамашаладық. Қойылым соңында ұстаздың өзі біздің ұжыммен кездесуге шығып, актерлардың сауалдарына жауап берді.

Тадаси Судзуки  - театр режиссеры, жазушы, философ. Жапонияның Тояма, Тоги деген жерінде жұмыс істейді. Сузуки труппасының тарихы сонау 1966 жылдан бастау алады, режиссер сол кезде "Васеда Шо-Гекио" атты авангардтық театрдың негізін қалады. Бұл өнер ұжымы Жапонияда ерекше танымал болды, дүниежүзіне Жапония мәдениетін паш еткен бірден бір театрға айналды. 1984 жылдан бастап труппа «Тогадағы Сузуки театры» деп атала бастады.  Театрын Токиодан Тога деп аталатын таулы мекенге көшіріп алып келген Сузуки өзінің арманын жүзеге асырады. Яғни актерды дайындау барысында өзі ойлап тапқан әдісті пайдаланады, ол театр әлеміне сахналық ойынның мүлдем  басқа, жаңа стилін алып келді. Ол әдіс актерлық ойынды мүлде басқа деңгейге шығарды.  Ең бастысы статикалық позалардың  эстетикасы. Мысалы, актерлар кенет қатып тұрып қалады да, әрекет етуші тұлғадан тірі декорацияға айналады. Бұл шеберлікке жету үшін Тадаси Судзуки актерларын жылдар бойы дайындықтан өткізеді. Дайындық барысында йога, жекпе-жек өнері элементтері пайдаланылады. Сонымен бірге оның ішінде классикалық балет пен заманауи би де бар.  Сузуки – әлемге әйгілі театр режиссеры ғана емес,  көрнекті теоретик те болып табылады. Оның мақсаты – адамның биологиялық энергиясын нақты қуатқа айналдыру. «Қазіргі әлемге театр әлеуметтік тұрғыдан да, рухани мағынада да өте қажет» деп есептейді режиссердың өзі.

Ал 24-желтоқсан күні Жапонияның ұлттық театры Кабукиге барып, спектакль тамашалаудың сәті түсті.

Кабуки сөзі жапонша «ән, би, шеберлік» деген мағына береді. Кабуки театры – Жапонияның дәстүрлі театрларының бір түрі. Ән айту, музыка, би билеу мен драманың қосындысынан тұрады. Кабуки орындаушылары өте күрделі грим жасап, мағыналық салмағы мол костюмдер  киеді. Олар осылай өздерінің сыртқы кейіптеріне пьеса идеясы мен мазмұнын алып шығатын элементтер қосады.

Кабуки жанры 17 ғасырда халық әндері мен билерінің негізінде қалыптасқан.  Театрдың негізін қалаған Идзумо-но Окуни деген әйел болған. 1603 жылы  ол бұқара көп жиналған жерлерде ритуалды  билерді  билеп, өнер көрсете бастаған. Содан кейін ол қойылымына романтикалық және бекзада билерді  де қоса бастаған. Оның бұл өнері халыққа ұнағандықтан, өте танымал болып, оған театрларда орын ұсыныла бастады, ол тіпті Император сарайында өнер көрсетуге шақыру алған. Ақыр аяғында театр өнерінің бұл түрі кеңінен танымал болып, бәсекелес топтар пайда болған. Осылайша Кабуки театрының негізі қаланды.

Қазіргі заманауи Жапонияда кабуки – дәстүрлі драмалық жанрлар ішіндегі барынша танымалы болып табылады. Кабукидің негізін қалаған Идзумо-но Окуни құрметіне 2003 жылы Киота қаласында ескерткіш қойылды.

2005 жылы Кабуки ЮНЕСКО-ның «Адамзаттың ауызша қалдырған мұрасы шедеврлерінің Үшінші декларациясына» енді. Міне, мемлекеттік деңгейде елдің бет-бейнесі болып табылатын осындай іргелі шаңырақта біздің театрдың шығармашылық құрамы қойылым тамашалады.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Жапониядан абыроймен оралды. Қазақ деген елді әлемге танытты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек.  Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық т.б. тәсілдермен де шыққаны абзал» деген нұсқауын алғашқылардың бірі болып іске асырған біздің театр болды. Біз үшін бұл – үлкен мәртебе.

 

Мадина Омарова, жазушы, драматург

Алматы – Токио. Токио – Алматы.

 

Abai.kz

 

 

0 пікір