Жұма, 29 Наурыз 2024
Алаң 5967 21 пікір 4 Қаңтар, 2018 сағат 08:57

Тәубә етіңдер, қазақ қыздары!

Жезөкше дейміз, жеңіл жүрісті қыз, түнгі көбелек, жеңгетай дейміз, бұл жаманаттың арғы жағындағы кейіпкер бейнелері расында да, өзіміздің қазақтың аяулы қарагөз қыздары емес пе? Осы жаман жолды о баста нәзік жандылар шын жүрегімен қалады дейсіңдер ме, олардың мұндай жолға түсуіне қандай да бір ащы себептер болған болар, олардың да нәзік жанын қазақы жомарт пейілмен түсінуге болады.

Бұлардың осы жүрістерінің шегі бар ма, жоқ уақытша ма, әлде өмірлікке жалғаса ма? Бұдан шығар жол бар ма? Болса қандай? Қателескен қыздарды түзу бағытқа түсуіне әрекет жасап көрдіңдер ме? Қоғам болып, ел-жұрт болып отырып бұлардың түзу жолға түсуіне себепкер болмаған екенбіз, демек, бұлардың артынан ғайбат сөзбен тас боран атудың да қажеті жоқ! Ауыз толтырып тұшымды пікір айтудың, пікір жазудың өзі бекер! Бұған билік басындағы ел ағалары, мешіт имамдары неге араласпайды? Оларды қаргөз қыздарының тағдыры алаңдатпай ма?  Неге біз күнәнің жойылуына емес, керісінше жандануына ыңғайлы жол береміз? Дұрыс бағытта осы қыздармен кездесу жасап, олардың зарына, мұңына құлақ түріп, тебіренген ішкі жан дүниесімен бөлісіп, пікірлерін тыңдап, ақыл қосып, шын ниетпен жүрекжарды тілек тілеп, кең отырып сұхбаттасып, шүйіркелесіп, ары қарай дұрыс саналы қыз болуына жағдай жасап, ел қатарына қосып жіберуімізге болмай ма? Ел болып отырып, өмірде жапа шеккен қарагөздерімізді жаман жолдан шығарып, дұрыс жұмыспен қамтамасыз етіп, тәубе еткізіп, сыңарын тауып беріп, салихалы адамзат қатарына қосып, жанұялы болуына себепкер болып,  қысқасы жақсылыққа шақыруға ықпал етуге болмай ма?

Сөздің шындығы керек пе, қызды бұзған – еркек! Яғни, қызды бұзған – біз, бізді құртқан – қыз! Ал енді қазіргі таңда: "Бұлар жезөкшелер, бұларды жөндеу пайдасыз, бұларды кім алсын, бұлар солай кетеді, солай өледі, елді бұзады, жанұяны бұзады, олар лас, харам, бүкірді мола түзейді, бұларға дауа жоқ" - деп, данышпансып, ақылгөйсіп, аяқ астынан періште бола қаламыз. Бұлар қазір білместікпен шоқ басып жүр, шоқ басқанын көре тұра, ара түсудің орнына еркектеріміз оларды одан бетер күнәға итеріп жығып, одан бетер шоққа күйдіруде. Ақыл айтар, жанашырлары болмағандықтан, қорған болар деген еркексымақтарымыз ақшасын төлеп пайдаланып кетуден әрі аспағандықтан, қоғам, үкімет, билік бұларға жаны ашымағандықтан, бұл бейшаралар жылылық пен арашаны, қорғанды кімнен күтпек, кімнен дәметпек? Яғни, бұлар батпаққа одан бетер белшесінен бата түспесе басқа шаралары жоқ! Қол созар ешкім байқалмайды.

Өмір өткінші, бірқалыпты тұрмайды. "Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады" дегендей, бұл қыздарымыз да ертең қартаяды. Жүзінен нұр кетіп, сыны кетіп, аурушаң болып, бұ дүние базарында құны төмендейді. Сол кезде бұлар ешкімге керексіз болып қалады. Артында жаман атағы қалады. Өлгеннен соң Құдайдың азабы және күтуде. Демек, екі дүнияда да бақытсыз, сорлы боп күй кешеді. Бұлардың бейшаралық хал кешіп, о дүниеде тозаққа түсуіне де қоғам, қоғамды құрайтын халық себебкер болып қалады. Яғни, көре тұра күнәһарлықты қайтармағанымыз үшін бізде кінәліміз, бізде Құдай алдында жауап береміз! Ал аузын буған өгіздей күй кешіп жатқан, «Әлхамду лиллә, мен мұсылманмын!» деген намазхандар бәленбай есе кінәлі болады. Сондықтан да, мен бұл қыздарды, жаман жолдан тиылып, Құдайға тәубе етіп, жезөкше атынан, қылығынан, жаман іс-әрекетінен түбегейлі құтылуға әрекет жасауына шақырамын!

Сырласамын, мұңымды айтамын дегендермен шын жүректен шынайы байланыс жасаймыз! Көмегімізді аямаймыз, қол ұшын береміз, жұмыспен, үймен қамтамасыз етуге, проблемаларын шешуге, қысқасы жаман жолдан тыйылуларына септігімізді тигіземіз! Сіздер біреуге ұлпа ғып баққан, қимас алтын қызысыңдар, біреуге қайталанбас апа, біреуге жанашыр қарындас, біреуге мәңгілік асыл жар, біреуге аяулы анасыңдар! Қоғамдағы сіздердің орындарың бөлек! Сендер осы қоғамның бір мүшесісіңдер! Сендер жаман жолда болсаңдар онда қоғам ақсақ деген сөз. Сіздер осы қоғамның гүлісіңдер! Ерте солмаңдар, ойланыңдар! "Үмітсіз - шайтан деген", Құдай тәубелеріңді қабыл етеді, мейірімді Құдай сендерді кешіреді, тек қана өздерің жақсылыққа ұмтылыңдар, құтылуға әрекетін жасаңдар! Қайта шыққан көктемгі қыр гүліндей құлпырып, жайқалып қайта гүлдеңдер! Ағалық, жанашырлық ақылға құлақ асыңдар! Қыздарды ұйымдастырушы ересектеріне айтарымыз, бұл істеріңді қойып, басқа да адал кәсіппен айналысыңдар! Ез еркектердің көңілдерін ауламай-ақ қойыңдар! Бұл еркектер екінші қатын алуға қатындарынан қорқып, зина жасауға Құдайларынан қорықпайтын екіжүзді мұнафиқтар! Зинақор еркектер – азғырынды ібіліс-шайтанның әскерлері! Әлемге күнә таратушы, күнәні жоймай қалыпты ұстап тұрушы малғұндар!

Арты қайырсыз істе ешуақытта берекет болмайды, болған да емес. Еркектер, сендер «нәпсіқұмарлықтарыңды» жүгендеңдер! Қазақ қызын қорламаңдар! Олардың тағдырын ұрламаңдар! Оларды "соңғы адам" деп ойларыңа келгенін жасап зорламаңдар! Алдарыңа келеді, ертеңгі күн бағып отырған қызыңның алдына келсе Құдайға қай өкпелеріңді айтпақшысыңдар? Қыздарды қадірлеңдер! Ақылдарыңды айтып, жаман жолдан шығуларына себеп болып, оларға жағдай жасауларыңды сұраймыз! Қыздарым, сендер жезөкше деген атқа лайықты емессіңдер, сендер бар болғаны қателескен күнәһар құлсыңдар! Қателеріңді жойыңдар, түзу жолға түсіңдер! Біз, Жылойдың намысты жастары сендер үшін Құдайға дұға қыламыз!

Тұрар Шапқара

Abai.kz

 

21 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3624