Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3741 0 пікір 23 Желтоқсан, 2010 сағат 18:47

Елен Әлімжан. Абайтанудың бүгінгі тірегі

 

Бас-аяғы үш беттік (М.Мырзахметұлы, "Түркістан-Тараз арасы". Астана, 2002 ж. 359-361-беттер) пікірінде белгілі әдебиетші ғалым Тұрсынбек Кәкішев М.Мырзах­мет­ұлын "Қазақ үшін, ел үшін жаны ауыра­тын қайраткер" деп бағалай келіп: "Абай­дың діншілдігін, ұлы ойшылдың шы­ғыс­пен байланысын Мекемтастан артық зерт­теген ешкім болған жоқ. Өйткені, оның діншілдігі де, шығыс ғұламаларының жа­сап кеткен еңбектерін зерттеуі де көбі­мізден көш ілгері", деп ғалым еңбегінің өзгелерден артықшылығын ағынан жарыла атап өтеді.

Бұдан ертерек (1989 ж.) академик Зәки Ахметов "Хауас", "Жауанмәртлік", "Имангүл" (бұл ұғымдар М.Мырзахмет­ұлы­ның зерттеулерінен кейін ғана қазақтың ғылыми ортасына белгілі болған - Е.Ә.) туралы айта беретін М.Мырзах­мет­ұлын "қисық жігіт" деп ойлағанын, бір­ақ оның айтқандарының бәрі ақиқат бо­лып шыққандығын, сондықтан да ғы­лымға осындай азаматтық позициясы берік ғалымдар керек екенін мойындаған еді.

Бұл күнде бір нәрсенің басы ашық. М.Мырзахметұлы Абайтануға ересек еңбек сіңірген ғалым. Оның бұл саладағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ, Мемлекеттік сый­лыққа ие болды. Сонымен бірге ғалымның көптеген зерттеулері исі түркі тілді ғылыми ортаға жақсы таныс. Ол - халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығын алған санаулы қазақтың бірі.

 

Бас-аяғы үш беттік (М.Мырзахметұлы, "Түркістан-Тараз арасы". Астана, 2002 ж. 359-361-беттер) пікірінде белгілі әдебиетші ғалым Тұрсынбек Кәкішев М.Мырзах­мет­ұлын "Қазақ үшін, ел үшін жаны ауыра­тын қайраткер" деп бағалай келіп: "Абай­дың діншілдігін, ұлы ойшылдың шы­ғыс­пен байланысын Мекемтастан артық зерт­теген ешкім болған жоқ. Өйткені, оның діншілдігі де, шығыс ғұламаларының жа­сап кеткен еңбектерін зерттеуі де көбі­мізден көш ілгері", деп ғалым еңбегінің өзгелерден артықшылығын ағынан жарыла атап өтеді.

Бұдан ертерек (1989 ж.) академик Зәки Ахметов "Хауас", "Жауанмәртлік", "Имангүл" (бұл ұғымдар М.Мырзахмет­ұлы­ның зерттеулерінен кейін ғана қазақтың ғылыми ортасына белгілі болған - Е.Ә.) туралы айта беретін М.Мырзах­мет­ұлын "қисық жігіт" деп ойлағанын, бір­ақ оның айтқандарының бәрі ақиқат бо­лып шыққандығын, сондықтан да ғы­лымға осындай азаматтық позициясы берік ғалымдар керек екенін мойындаған еді.

Бұл күнде бір нәрсенің басы ашық. М.Мырзахметұлы Абайтануға ересек еңбек сіңірген ғалым. Оның бұл саладағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ, Мемлекеттік сый­лыққа ие болды. Сонымен бірге ғалымның көптеген зерттеулері исі түркі тілді ғылыми ортаға жақсы таныс. Ол - халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығын алған санаулы қазақтың бірі.

Ғалымның бірсыпыра кітаптары орыс тілін­де жарық көрген. Сол арқылы көпте­ген елдердің ғалымдары оның Абай және Әуезов туралы зерттеулерімен танысқаны ақиқат.

Жалпы, М.Мырзахметұлының зерт­теу­лері мен мақалалары сонау кеңестік кезеңнің өзінде де ғылыми ортаны, әдеби жұртшылықты, оқу орындарының ұстаз­дары мен шәкірттерін бей-жай қалдырып көрген емес. Абыз ақынымыз Әбділда Тәжібаевтан бастап, М.Мырзахметұлының еңбектеріне сүйсіне пікір білдіргендер мен мақала, зерттеу, өлең арнағандардың жалпы саны 700-дей екен.

Бұл күнде ғалым Әлімғазы Дәулетхан қазақ әдебиеттану ғылымында мекем­тас­тану деген жаңа бір сала ашатын уақыт жетті деп мәселе көтеріп жүр. Бұл, ең алдымен, абайтану мен мұхтартануды одан әрі жемісті жүргізу үшін керек екен. Неге? Өйткені, абайтануға М.Мырзах­мет­ұлының өзі әуезовтану арқылы кел­ген. Ол Ғылым академиясында абайтану бөлімін ашып, басқарғанға дейін ұзақ жыл "М.Әуезов музей-үйінде" ғылыми қыз­меткер болып, "архив кемірген". Жазушы­ның қолжаз­баларын сүзіп, Абай туралы әр­кезде, әр қилы жағдайда жазып, ретке кел­тірмей, жарыққа шығармай тезис түрінде қалдырған жазбаларының бірсыпырасын Л.Әуезовамен бірге кітап етіп жариялады да.

Абай мен Әуезов ғалымға мынаны ұқтырған. Ұлы адам өзіне дейінгі ұлы­лар­дың еңбегін бойына сіңіріп барып ұлы болады екен. Ендеше, Абайды да, Әуезовті де ашу үшін олар бойына сіңірген ұлы­лар­ды білмек керек. Ол осылай Әуезов арқы­лы Абайға, одан әрі Шығыстың, оның ішін­де түрік, араб, парсы әлемінің ұлы ғұламаларын тануға құлаш ұрады. Бүгінге дейін 45 кітап, 700-дей мақала жариялаған ғалымның зерттеу көкжиегінің барған сайын кеңіп келе жатқандығының сыры сонда. Әуезов пен Абай оны әлемнің не бір ойшылдарының өрісіне жетектеп кіргізді. Ғалым өзі кіре алмаған өрістерге бұл күнде шәкірттерін бағыттауда.

Енді осы айтылғандарды нақтылы мысалдармен дәлелдеп көрелік.

Білетін, адам болатын баланы бір ауыз сөзінен-ақ таниды. Бауыржан Момышұлы да М.Мырзахметұлынан нағыз "архив ақтарғыш" шығатынын бірер күн пікір­лес­кеннен білсе керек. Өзбекстанда оқытушы болып жүрген жерінен ҚазПИ-дің сол кездегі ректоры Мәлік Ғабдуллинге айтып, аспирантураға алғызады. Академик Қажым Жұмалиев оған "Абай мұраларының зерттелу жайы" деген тақырып ұсынады.

Міне, осы жұмыстың үстінде-ақ ол ең­бекқор зерттеуші екенін танытады. Ғасырға жуық мерзімде Абай туралы қандай еңбек, қай жерде, қандай басылымда, қай күні жарық көрді, түп-түгел түгендеп, тұңғыш рет хронологиялық библиографиялық көрсеткіш жасап жарыққа шығарды (1965 ж.). Кейін оны тақырыпқа бөліп те жасайды. Сөйтіп, ол ендігі абайтанушылар мен жалпы зерттеу­ші­лердің жолын ашып, жұмысын жеңілдетіп берді. Сонымен бірге сол зерттеулер үстінде Абай ақиқатына апарар жол М.Әуезов еңбектері екенін де ұқты.

Бірнеше жылдан кейін оған ұлы жазушы­ның жарияланбаған жазбаларына жақын­дау­дың сәті түсті. Әуезов музей-үйі ашылғанда Ләйла Мұхтарқызы іріктеген ғылыми қыз­меткердің бірі - М.Мырзахметұлы болды. Сөйтіп, ол Бауыржан Момышұлының үйінде жүріп, кандидаттық жұмысын жазған болса, енді Әуезовтің музей-үйінде докторлық диссертациясын даярлады. "Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары" атты моно­гра­фиясын Ләйла Мұхтарқызының көмегімен жарыққа шығарды. М.Мырзахметұлы осылай ұлылардың назарына түскен, олардың отбасы­мен етене араласып, тәлім-тәрбиесін көрген ғалым.

Жас ғалымды қиынға сала отырып, қол­тығынан демеген халқымыздың аяулы аза­мат­тарының үміті ақталды. М.Мырзахметұлы өктем саясаттың, өткінші идеологияның қиғаштығына қарамастан, Абай туралы қалыптасқан түсінікті түзетті. Абайды Абай еткен тек орыс мәдениеті емес, ең алдымен исламдық қазақ пен шығыс мәдениеті екенін, батысқа содан кейін барып бет бұрғанын дәлелдеп берді.

Мәселен, Абай өлеңдері мен қарасөз­дерін­де араб, парсы сөздері көп. Бірақ бұл арабша-қазақша сөздіктен қарай салып, аударумен шектеле қоятын сөздер емес екен  (мұтакалинмин, мантикин, т.б. ). Бұлар ислам философиясындағы бүтін бір ағымдар болып шықты. Енді Абайды білу үшін сол ағым­дар­ды білмек керек. Абай заманында қазақ даласына еркін жеткен ондай әдебиеттер кеңестік кезеңде сап тыйылған. Мұсылман медресесінде оқыған Абайдың кез келген замандасы түсінетін ұғымдарды кеңестік Қазақстанның академигі де түсіне алмайтын болған. Өйткені, ол шығыстық ислам фило­со­фиясынан хабарсыз, араб, парсы тілдерін білмейді. Ал, Абай орыс тілін ғана емес, араб, парсы тілдерін де білген. Сөйтіп, үш қайнардан (қазақ, шығыс, батыс мәдениеті) сусындап, іс жүзінде бүкіл әлемдік ой-сананың же­тіс­тігін бойына сіңірген десек, Абайдың фило­со­фиялық көзқарастарының қалыптасуында ең ал­ды­мен исламдық филосо­фияның әсері мол екен.

Мекемтас Мырзахмет­ұлы барлық көне, қазіргі түрік және славян тіл­де­рін­дегі ислам филосо­фия­сына қатысты әдебиет­тер­ді ақтарып, осындай қо­ры­тындыға келді. Ол қо­рытындысын кезінде Абай пайдаланған әдебиеттерді нақты анықтау арқылы дәлелдеді.

Сонымен қазіргі қа­зақ­тар Абай дүниетаны­мы­ның қайнары ислам философиясындағы хауас (Абайда үш түрлі мағы­на­да қолданылады: біріншісі - адамның сыртқы бес, ішкі бес сезімдері, екін­шісі - Алланың он си­па­ты; үшіншісі - Алла та­ғала мағынасында), има­ни­гүл (үш сүю: Алланы, адамзатты және әділетті сүю), жәуанмартлік (ізгі­лікті үш қасиет: ақыл, рахым, әділет) танымдары екенін білді. Жалпы М.Мырзахметұлы зерттеу­лерінен кейін Абай шығармаларындағы саны 180-дей ұғымдар мен терминдердің астары ашылып, ғылыми айналымға түсті.

М.Мырзахметұлының зерттеулері бізге тағы мынаны айтты. Сонау әл-Фараби заманынан бері исламдық ізгілік филосо­фиясының ең пісіп-жетілген жері түркілер мекені екен. Әл-Фараби бабамыз "Ізгі қала тұрғындары туралы" трактатын жазып (батыстың социал-утопистерінен бірнеше ғасыр бұрын), ізгі қоғамның үлгісін берсе, Жүсіп Баласағұн бабамыз "Құтты білігінде" әділетті, ізгі ел билеушісінің көркем бейнесін жасапты, ал Қожа Ахмет Ясауи бабамыз Хал ілімі арқылы адам жанына тереңдеп бойлапты. Абайдың толық адам туралы ілімі солардың заңды жалғасы екен. Жалғасы болғанда, Абай жасаған үлгінің әркім-ақ сондай болсам екен деп ұмтылып, ұстануға болатын практикалық мәні зор екен.

М.Мырзахметұлы еңбектерінің актуаль­ды­лығы, оның халқымызға қажеттігі қазір өте-мөте көрініп тұр. Өйткені, бүгінде біздің қоғамымызда түрлі діни ағымдар ойқастап жүр. Олардың бұлайша басынуының басты себебі - біздің дінді, сонымен бірге ұлттық тамырымызды әлсіретіп алғанымыздан. Оның үстіне отарлық идеология қазаққа ғасырлар бойы жақсыны жаттан іздеу психологиясын сіңіріп қойған. Одан бұқара халық түгілі, зиялыларымыздың өзі арыла алмай келе жатыр. Әйтпесе, өзгелер қызыға қарайтын бабаларымыздың, оның ішінде Абайдың толық адам туралы ілімдері исі түрік халықтары моральдік кодексінің іргетасы бола алатынын М.Мырзахметұлы жазып жүргелі қашан.

Ғалым әнебір жылдары энтузиаст жас ғалымдардың басын қосып, ата-бабамыздың ойма (сына) жазуы негізінде қазіргі түрік халықтарының ортақ жазуын жасауға да әрекет етіпті. Өкінішке қарай, бір қаладан екінші қалаға көше берудің кесірі оған жұмысын аяқтауға мүмкіндік бермеген.

Есесіне Мекең бірсыпыра жас ғалымдар­дың күшін жұмылдырып, тұңғыш рет түрік халықтары әдебиетінің оқулығын, хрес­томатиясын, бағдарламасын, әдебиеттердің библиографиялық көрсеткіштерін кешенді түрде жасап шығарды. Оған басшылық жасап қана отырмай, негізгі тарауларын өзі жазды. Жұмыс халықаралық қазақ-түрік универси­тетінің Тараз институында жүзеге асырылды. Бір кезде бөлшектеп билеу саясатымен жазулары күштеп өзгертіліп, бір-бірінен алшақтап кеткен түбі бір түркі халықтарын жақындастырудың осындай үш амалын егемендіктің елең-алаңынан бері қарастырып келе жатқан ғалымның хам-қаракетінің текке еместігін Елбасымыздың Орталық Азия мемлекеттерінің жаңа сипаттағы одағын құру туралы идеясы көрсетті. Сөйтіп, М.Мыр­захметұлы осы еңбектерімен өз халқының ділін, дінін, тілін нығайтып, өз мемлекеті - Қазақстанның іргетасын бекемдей түсуге орасан үлес қосып келеді.

Сонымен қатар ғалым бұрындары жасал­ған қазақ әдебиеті тарихын қайта жазу керек деп есептейді. Өзі соған мұрындық болу мақсатымен қазақ әдебиетінің тарихын тәуелсіздік тұрғысынан қайта дәуірлеп шықты. Ол қазақ әдебиетінің бастауы Алып Ер Тоңа туралы жырда жатыр деп тұжырымдайды. Мұны бұдан 2700 жыл бұрын өмір сүрген Тұран билеушісі Алып Ер Тоңа туралы Махмуд Қашқари сөздігінде берілген жыр жолдары мен Дулат, Абай өлеңдерінің көне түркілік "көг" ұйқас үлгісімен жазылғандығы арқылы дәлелдейді.

Ал оның шәкірттері сол дәуірлердің бірсыпырасының тарихын жазып беруге кірісіп те кетті. Бір қызығы, олардың біразы жұмыстарын М.Мырзахметұлының кеңесшілігімен филология ғылымы бойын­ша жалғастыруға келісім берген тарихшы­лар. Мәселен, Қытайда туып-өскен Әлімғазы Дәулетхан Шығыс Түркістан (Қытай) қазақтары әдебиетін, Ираннан келген Ислам Жеменей М.Хайдар Дулаттың әдеби мұраларын, Түркияда ұзақ жыл оқыған философия докторы Дархан Қыдырәлі түрік халықтары әдебиетіндегі жадидизмнің бейнеленуін, тағы бір шәкірті Саттар Өмірзақ Қоқан хандығы тұсындағы қазақ әдебиетін докторлық жұмыстарына арқау етіп алды. Ал, Мақсат Әліпхан Жүсіп Баласағұнның "Құтты білігіндегі" ізгілік мұраттардың Абайдың толық адам туралы идеяларына ұласуын, Имамғазы Нұрах­метұлы сақтардан Абылай хан кезеңіне дейінгі қазақ әдебиетін дәуірлеуді канди­даттық жұмыстарының негізі етті.

Рас, әзірге ғалымның ойлағанының бәрі іске асып жатқан жоқ. Дулаттану ғы­лы­ми-зерттеу орталығын құрып, қазақтың тұңғыш тарихшысы еңбектерінің сөздігін, одан әрі энциклопедиясын жасап, ғылымға күңгірттеу бір дәуірді ашып беру жөніндегі ұсыныстары Білім және ғылым министр­лігі тарапынан қолдау таппады. Ол аз десеңіз, М.Х.Дулати бабамыздың есімін еншілеген университеттің өзі қаржылан­дыруды тоқтатып тастады.

Бұдан кейін ғалым Жамбыл облысына Серік Үмбетов әкім болып тұрған тұста "Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталы­ғын ашты. Баукеңнен орасан зор эпис­то­лярлық архив қалған. Қазір оның бәрі жи­настырылып, іріктелуде. Баукең шығарма­ларының кезінде цензура өткізбей қойған жолдары қалпына келтірілуде, бұрын-соңды жазылған еңбектері тү­ген­делуде. Орталық Баукеңнің 100 жыл­ды­ғына дейін 30 томдық шығармалар жина­ғын және энциклопедиясын әзірлемек.

М.Мырзахметұлының ғылыми еңбек­термен қатар оның қоғамдық белсенділігін де айтқанымыз жөн.

Ол сонау 1980 жылдардың ортасынан-ақ Қазақстанның азаттығын алып, іргета­сын бекітуге ұлтты бағыттаған қыруар мақа­ла жазғаны өз алдына, сол сексенінші жылдардың аяғында "Қазақ қалай орыс­тандырылды?" атты монографиясын шы­ғар­ған. Ономастика, топономика, қазақ тілі­нің халі, қазақтардың тағдыры, фа­ми­лиясы, шоқындырылуы тағы басқа толып жатқан тақырыптарға да қалам тербеді. Оларды егемендікпен бірге өріп шыққан жаңа басылымдар жарыса жариялап, жатты.

М.Мырзахметұлы мақалаларының санаға қона кететіндігінің сыры - үнемі нақты, тың деректер ұсынып отыратын­ды­ғында. Ол өмірінің көп бөлігін архив ақ­тарумен өткізген ғалым. Сол әдетінен күні бүгінге дейін тайған емес. Достарының және шығыс тілдерін жетік білетін шәкірт­терінің көмегімен Таразда отырып-ақ Ресей, Қытай, Өзбекстан архивтерінен, парсы тіліндегі тарихи әдебиеттерден қазақ­қа, одан әрі түрік әлеміне қатысты дерек­терді алдырып, қазақшаға аударып бастыруда. Мұның алғашқысы М.Хайдар Дулаттың "Тарих-и Рашидиі" мен парсы деректері бойынша жазылған "Көне Тараз" кітабы болды. Кезек күтіп жатқан­дарының ішінен әсіресе, Шайх Құдайдат Таразидің (XІV-XV ғ.ғ.) кіта­бын айрықша атап өтпеске болмайды. Ғалымның айтуынша, жарыққа шыққан соң бұл еңбек әдебиет теориясының әлемде тұңғыш рет түрік топырағында туғандығын дәлелдемек. Ал оның авторы тараздық болғандығы мақтаныш сезімін тудырумен бірге жаңа зерттеулерге жетелейді.

Осылай сан-салалы еңбек етіп жатқан ғалымның бір-ақ мақсаты бар. Ол - халқының ұмыт болған өз жақсысын өзіне қайтару арқылы әлемдік деңгейдегі лайықты орнына ие болуына ықпал ету.

«Егемен Қазақстан» газеті

 

0 пікір