Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4089 0 пікір 23 Желтоқсан, 2010 сағат 22:13

Әбдіжәләл Бәкір: «Тәуелсіздік күні — Ұлы мереке!»

Тәуелсіздік тағылымдары деген не? Бұл ұғымды біз қалай түйсініп, қалай зерделеп, жас буын бойына қалай сіңіріп жүрміз? Жалпы, бұл ұлық мерекенің мәні неде? Саяси ғылымдар докторы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Әбдіжәлел Бәкір мырза біздің тілшімізбен сұхбатында осы сауалдар төңірегінде ой өрбітеді.

- Әбдіжәлел аға, қазақ елі үшін ең басты мереке деп ерекше ұлықталатын Тәуелсіздік мейрамын биыл 19-ыншы жыл атап өткелі отырмыз. Десек те, осы ұлық мереке әлі де өз деңгейінде толыққанды тойланып жүр ме? Бұған сіз не айтасыз?

- Мен не айтамын? Мереке көп екені рас, соның ішінде Тәуелсіздік күні - Ұлы мереке! Неге? Осыдан 19 жыл бұрын, яғни, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі салтанатты түрде жарияланды. Қазақтың сан ғасырлық тарихына Ұлы мейрам ретінде алтын әріппен жазылды.

1917 жылғы ақпан төңкерісінде Ресей патшасы тақтан түскенде, Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы үшеуі: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік» деп барша Алаш баласына сүйінші хат жолдаған болатын. Бірақ, олар көп ұзамай қуаныштарының бекер екенін түсінді. Өйткені, кеңестік құйтырқы саясат та жеке ұлттарды өз құрсауынан шығармай ұстады.

Тәуелсіздік тағылымдары деген не? Бұл ұғымды біз қалай түйсініп, қалай зерделеп, жас буын бойына қалай сіңіріп жүрміз? Жалпы, бұл ұлық мерекенің мәні неде? Саяси ғылымдар докторы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Әбдіжәлел Бәкір мырза біздің тілшімізбен сұхбатында осы сауалдар төңірегінде ой өрбітеді.

- Әбдіжәлел аға, қазақ елі үшін ең басты мереке деп ерекше ұлықталатын Тәуелсіздік мейрамын биыл 19-ыншы жыл атап өткелі отырмыз. Десек те, осы ұлық мереке әлі де өз деңгейінде толыққанды тойланып жүр ме? Бұған сіз не айтасыз?

- Мен не айтамын? Мереке көп екені рас, соның ішінде Тәуелсіздік күні - Ұлы мереке! Неге? Осыдан 19 жыл бұрын, яғни, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі салтанатты түрде жарияланды. Қазақтың сан ғасырлық тарихына Ұлы мейрам ретінде алтын әріппен жазылды.

1917 жылғы ақпан төңкерісінде Ресей патшасы тақтан түскенде, Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы үшеуі: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік» деп барша Алаш баласына сүйінші хат жолдаған болатын. Бірақ, олар көп ұзамай қуаныштарының бекер екенін түсінді. Өйткені, кеңестік құйтырқы саясат та жеке ұлттарды өз құрсауынан шығармай ұстады.

Шынына келгенде, қазақтың қуанатын да, бақытқа жол ашар күні де осы Тәуелсіздіктен бастау алды. Халқымыз үшін бұдан қасиетті күн жоқ. Өйткені, Тәуелсіздік ең бірінші осы елдің де, жердің де иесі қазаққа, биыл туғанына 90 жыл толған, атақты ақынымыз Жұбан Молдағалиевтың сөзімен айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазаққа қажет еді.

«Мерекені өз мәнінде тойлай алмай келеміз бе?» деп сауал тастап отырсыз. Мен «Тәуелсіздіктің маңызына тереңнен, жан-жақты қарап, тағылымдарын жете түсініп, білу керек» деп ойлаймын. Ал, бізде мұны өткен ғасырдың 90-шы жылдарымен, бүгінгі күнмен шектеу басым. Бұл дұрыс емес. Тәуелсіздік бастауын тереңнен тарту қажет. Осы үшін қазақ өзі адамзат әлеміне келгелі бері күресіп келеді.

- Яғни, «еліңнің тарихын, өткенін танып-білмесең, Тәуелсіздіктің де қадір-қасиетіне жетпейсің» дейсіз ғой...

- Солай десек те болады. Тәуелсіздік, бостандық, еркіндік - жалпы адам баласы мәңгілік ұмтылып келе жатқан қасиетті ұғымдар. Тәуелсіздік әрбір мемлекеттің аса қажетті атрибуты болса, азаттық пен еркіндік - сол мемлекеттің әрбір мүшесінің асқақ арманы мен өмір сүру тәсілі. Сондықтан, тәуелсіздік халқымыз ел болғалы, Жәнібек пен Керей хандар қазақ мемлекетін құрғаннан бастап бірден-бір қажеттілікке айналған болатын. Мемлекетті құру - бір мәселе, оны сақтау, дамыту мен қорғау - екінші, әрі әлдеқайда күрделі мәселе.

Ал, Қазақ мемлекетін ХVІІІ ғасырдан басталған отарлық тағдыр бірте-бірте жерінен де, билігінен айыра бастады. Сөйтіп, Тәуелсіздік біздің елдің аңсаған арманы, қол жеткізер қиялына айналды. Бір мысалға жүгіне кетейік: 1885 жылдан 1910 жыл аралығындағы 25 жылда Қазақстанға Ресейден 2,5 миллион шаруа келіп, өз елінде 81 пайыз құрап отырған қазақ бірден 63 пайызға төмендеді. Осы көрсеткішке біздер араға 100 жыл салып, зорға жетіп отырмыз. Оның үстіне қандай адами да, материалдық шығындармен десеңші! Миллиондаған орыс шаруалары қазақ өлкесіне көшіріліп, сулы, нулы жер мен көлдерге ие болса, әкімшілік орыстандыру саясатын тұрақты да белсенді жүргізді. Бұл қазақтың ділі мен дініне, тіліне әсер етті. Ресей отаршылығының басқалардан айырмашылығы да осында. Кеңестік кезеңде күшейе түскен бұл рухани шабуылдың зардаптарынан әлі құтыла алмай келеміз.

Отарлық езгіге төзбей, соңғы екі ғасырда халқымыз өз бостандығы жолында екі жүзден артық ұлт-азаттық көтерілістерге шықты. Сансыз батырларымыз бен қайраткерлеріміз халқын азаттық таңына жеткіземіз деп жанын пида етті. Соның ішінде Сырым Датовтың, Исатай мен Махамбеттің, Кенесарының, Жанқожаның, Есеттің Атырауды, Арқаны, Сыр бойын, қазақ елін тұтас қамтыған көтерілістері халық жадында мәңгілік қалып қойды.

Тәуелсіздік үшін күрес ұлы мұраты болған өткен ғасырдың басындағы Алаштың аса көрнекті саяси тұлғалары - Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы және тағы басқалар қоғамымыздағы отаршылдық зардаптарын терең түсінді. Сондықтан олар: «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деген жігермен ашық күреске шығып, түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізуге ұмтылды. Алайда, олар арманына жете алмады. Кеңестік жүйе оларды түрмеге жапты, атты. Сөйтіп, халқымыздың қаймағы сылынып алынды. Бұл арнайы ұйымдастырылған зобалаң еді. Серкелерінен айрылған елді кеңестік жүйе қалай басқарамын десе де қиын емес болатын.

Қазан төңкерісінен кейінгі Азамат соғысы, байып-бағдарсыз жүргізілген жаппай ұжымдастыру, индустрияландыру, кеңес көсемдері ушықтырған тап күресі, өткен ғасырдың 30-шы жылдарғы ардақтыларымызды жаппай «халық жауы» деп қудалау, ату, асу қазақ елін қатты күйзелтті. Кешегі қайта құрудың бар қиыншылығы да халқымызға түскен жоқ па? Тіпті, коммунистік идеологияның өздерінше «кемелденген, коммунизмге аяқ басқан» кезіндегі бүкіл кеңестік кеңістікті дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісі барлығымыздың есімізде. Алматыдан алыс Қызылордада тұрсақ та, көтеріліс дүмпуі құлаққа күнделікті жетіп жатты. Қанша қыршын жастар құрбан болды. Қанша отбасы келешегінен айрылды. Алайда, кеңестік кезеңнің салқыны әлі Желтоқсан шындығын ашуға мүмкіндік бермей отыр. Уақыт озар, ұрпақ жаңарар. Шындық алтын кездіктей қап түбінде жатпас.

Айта кететін бір мәселе, өз мүшелеріне, өз келешегіне оқ атқан қоғам ешуақытта оңған емес. Оған кәрі тарих - куә. Кеңес өкіметінің түбіне жеткен де осындай халыққа қарсы әрекеттер болатын.

- «Тарих ертелі, кеш бәрін орнына қояды» деп, ертеңге үміт артумен қатар, бүгінгіні де ойлауға тура келеді. Айталық, бүгінде қанды Желтоқсанға қатысушылардың жеті ұйымы бар екен. Бір тілек, бір мүддені көздеген желтоқсаншылар нені бөлісе алмай жетіге жарылып жүр? «Жылдар бәрін ұмыттырады» деп, осы жеті ұйымның ішінде көтеріліс кезінде желтоқсаншыларға таяқ ала жүгіргендердің де ұйымы бар» дегенді естіп қалып жүрміз. Сіздің мұндай сыбыстан хабарыңыз бар ма?

- Ол рас, желтоқсаншылардың қазір «Желтоқсан ақиқаты», «Желтоқсан-86», «Желтоқсан жаңғырығы», «Желтоқсан қырандары», «Желтоқсан рухы», «Желтоқсан көтерілісі», «Нағыз Желтоқсан» сияқты ұйымдары бар. Бұлардың бастарының бірікпеуінің әртүрлі себептері болуы мүмкін. Мәселен, жеке мүдде, атақ-даңқ. Сондықтан, Желтоқсанға қатысушыларды басып-жаншығандардың өздері де ұйым құрса, оның несіне таң қаламыз?

Қанша жыл өтсе де, бұл қанды оқиғадан ретсіз олжа іздеу ешкімге де абырой әпермейді. Әсілі, бас-басына ұйым құрғанша, Желтоқсан зардаптарын анықтауға белсенді атсалысып, кешегі көтеріліске қатысқандардың отбастарына демеу болып жатса, бұл әлдеқайда имандылық болар еді. Міне, осылардың барлығын зерделегенде ғана Тәуелсіздіктің құнын да, қасиетін де, бар болмысын да тереңірек түсіне аламыз. Еліміздің Тәуелсіздігі үшін бүгінгі ұрпақ қазіргі заман үшін күрескендерді осы бір Ұлық күні еске алып, олардың аруақтары алдында тағзым етсе, сол жарасымды.

- 19-ға толып отырған Тәуелсіздіктің осы жылдар ішінде бергені не?

- Ең бірінші, әрі ұлы жетістігіміз - еліміздің ең алғашқы құжаты - мемлекетіміздің егемендігі туралы декларацияда «Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтудың бірінші дәрежелі міндет» екені атап көрсетілгендей, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы, көп этносты Қазақстанның тұтастығы. Еліміздің саяси саралануы да, әлеуметтік ахуалының артуы да, экономикасының дамуы да осы парасатты пайымдылыққа тұрақты негізделіп келеді. Соның арқасында бүгінгі күні Қазақстан әлемдік саясатта өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Қазақ елін дүние жүзі таныды. Мен өз өмірімнен бірер мысал айта кетейін.

1969 жылы комсомолдық туристік сапармен Болгарияда болдым. Сондағы бір зауытта өткен кездесуде оның директорына Қазақстан деген ел бар екенін, оның орналасқан жерін әрі айтып, бері айтып түсіндіре алмадық. Ол, тіпті, Қазақстан деген сөзді естімеген болып шықты. Сонан соң еліміздің әлемге аты әйгілі адамдардың атын атадық: Абай, Мұхтар Әуезов... Қазақ елін білмейтін болгарлық директор Абайды білетін болып шықты. Ал, енді тоғыз жыл Парламенттегі депутаттық кезімде, құдайға шүкір, біраз шетелдерде болдым. Сонда жергілікті халықпен кездесіп қалғанда «Қазақстаннан келдік» десек, Назарбаевты айтады, Назарбаевты айтсақ, Қазақстанды еске алады.

Тәуелсіздік жылдарындағының бәрін тізбелемей-ақ, биылғы бүкіл түркі тілдес елдер мен мұсылман әлемі арасынан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы сынды аса беделді ұйымға біздің тұңғыш төрағалық еткеніміздің өзі не тұрады?! Таяуда осы ұйымның саммитін өткіздік. 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеміз. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Құдай қаласа, ендігі жылы Ислам конференциясы ұйымына басшы боламыз. Бүкіл дүниедегі ислам мемлекеттерін аралап, олармен де кездесіп, олардың да басын қосуға мүмкіншілік жасайық. Осындай жағдайды қазақтың басына, біздің еліміздің басына беріп отыр. Батысты да, шығысты да қосып, ел-жұрттың арасын табыстыруға жағдай жасап отыр» деді.

Мұндай теңдесі жоқ, әлемдік тарихта қалатын оқиғалар қазақ тағдырында бұрын-сонды болып па еді? Тағы да қайталағым келеді: осының барлығы - Тәуелсіздіктің арқасы!

Өз өміріммен байланыстыра отырып, тағы бір мысал келтірейін: 1995 жылы Қызылорда облысының төрт ауданынан Парламент Мәжілісіне депутат болып сайландым. Сол кездері ел ішіне барып, сайлаушылармен кездесу өткізу қиынның қиыны еді. Кейде ащы сөздер айтылатын. Сондай кездесудің бірі 1996 жылы Шиелі ауданына қарасты Талаптан елді мекеніндегі Мәдениет үйінде өтті. Әлі есімде кездесуде ауыл ақсақалдарының бірі: «Шырағым, өзімізді-өзіміз басқарып, қыратын болдыңдар ма? Зейнетақымыз қайда, балалардың жәрдемақысын қашан бересіңдер?» деді. Бұл ауыр сөз еді. Әрине, қолдан келгенінше түсіндірген болдым. Бірақ, сол кездегі жағдай солай болатын. Содан көп ұзамай, кейінгі кездесулерде: «Зейнетақыны, балалардың жәрдемақысын қашан өсіресіңдер?» дей бастады. Бұл - біз бастан кешірген шындық.

- Бүгінгісі қандай?

- Жаңа заман жаңа басталды. Сондықтан, түгендейтін де, тыңнан іздейтініміз де жетерлік.

- Себебі?

- Тоталитарлық жүйеден демократиялық тәртіпке өту аса күрделі, бұл бағыттағы қоғам дамуында төте жол жоқ екенін біздің тәжірибеміз де көрсетіп отыр. Бір жағынан, жаңа саяси институттар жетіліп, нарықтық қоғамдық қатынастар өмірге етене еніп жатса, екінші жағынан кеңестік жүйенің болмыстары да оп-оңай орын босататын емес. Бұл - өмір заңы. Оның үстіне бүгінгі ақпараттың құдіретімен кез-келген жерге әсер етіп отырған, кеңістік пен қашықтықты мойындай қоймайтын жаhандану үдерісінің күшімен де есептеспеуге болмайды. Бүгін жаңа мемлекеттігіміздің құрылуының басында тұрғанымызды тағы да еске түсіре отырып, осы мемлекеттілікке қатысты назар аударатын мәселе бар екенін айтар едім.

- Нақтылап айтқанда, ол нендей мәселе?

- Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы мен Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңда «ұлттық мемлекеттікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» деген біздің бүгініміз үшін де, келешегіміз үшін де қажет аса маңызды қағида бар еді. Кейінгі кезде ресми құжаттарда «Қазақстан - көп ұлтты мемлекет» деген сөз тіркесін қолданатын болдық. «Ұлттық мемлекет» дегеннен неге бас тартқанымызды түсіне алмаймын. Сонда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақтың үлес салмағы аздау кезде ұлттық мемлекет, ал, халқымыз қазақстандықтардың басым көпшілігі болғанда көп ұлттылыққа айналдық па? Мәселені бұлай айтуымның принципті мәні бар. Біздің қазіргі кенжелеу, рухани дүниеміздегі қайшылықты мәселелердің барлығы дерлік мемлекеттің ұлттық сипатын, оны құрап отырған өз ұлтымызды толыққанды мойындамаудан бастау алып отыр.

Қоғамның жалпы дамуында рухани саланың кештеу жетілетіні белгілі. Алайда, оның негізі мемлекеттің сипатымен, қоғамдағы ұлттық мүдделердің нақты қойылу деңгейімен қаланатыны мәлім. Енді осыларға нақты мысал келтіре кетейін:

Рухани әлеміміздің басты арқауы - ана тіліміз. 1989 жылы мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі туралы конституциялық шешім де қабылданды. Тіл туралы заңның жүзеге асуы жөнінде Үкімет бірнеше қаулы-қарар қабылдады. Бағдарламалар жасалды. Ана тілдік кеңістікте сең қозғалғаны рас. Бірақ, мемлекеттік тіл, әсіресе, мемлекеттік жүйеде, көптеген әлеуметтік орталарда төрге шыға алмай, босағада әке-шешесін іздеген жетім баладай телміріп тұр. Елбасымыздың «қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек», «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген сөзіндегі қарапайым қағидалар көпшілігімізге әлі пәрменді әсер етпеуде.

Халқымыздың рухани ұстаздарының бірі - Бауыржан Момышұлының осыдан 60 жылдай бұрын айтқан, «өзінің ана тілінің үдесіне жете алмай, құр қалғандарды, ұлт мақтаныш сезімінен, ұлт намысынан ажырап, «шөре-шөре» болып жүргендерді» қазір де көптеп кездестіруге болады. Өйткені, барлық ұл-қыздарымызды қазақ мектептерінде оқытып, ана тілінде білім алуын қамтамасыз ете алмай отырмыз. Орысша оқып, орысша тәрбиеленген қазақ баласын ата дәстүрінде тәрбиелеу, оның сана-сезімін ұлттық бағытта қалыптастыру - қиынның қиыны.

Егер біз осылай тіл туралы бағдарламаларды алдағы он жылдарға соза беретін болсақ, құдай оның бетін аулақ етсін, 2030 жылдары орысша оқып, орысша тәрбиеленген, ағылшынша сайрап, батысша жетілген, қазақ тәлімінен мақұрым қалған ұрпақтар жалпы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қарсы шығатын болады. Бұған белгілі қайраткер, ғалым Аманкелді Айталының депутат кезінде «Сайлау туралы» заңға Парламентке үміткер қазақ азаматтары өз тілін білуді міндеттейтін бап енгізу туралы ұсыныс жасағанда, оған алдымен орыс тілді қазақ депутаттарының қарсы шыққаны дәлел бола алады. Сондықтан, қазақ тілін шын мәнісінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтермей, қазақтың ұлттық мүддесі шешіледі деу - бос әурешілік. Мәселені шешудің төте жолы - мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдау.

- Тағы қандай мәселені атап айтар едіңіз?

- Рухани дүниеде бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше екені белгілі. Жаңа заман жаңа ақпарат кеңістігін алып келді. Құдайға шүкір, қазақ тіліндегі басылымдар бірте-бірте көбеюде. Электронды ақпарат құралдары ішінен мен республикалық радионы ерекше атар едім. Әсіресе, «Қайырлы таң, қазақ елі!» атты радиохабарды сүйіп тыңдайтынымызды жасыра алмаймыз. Тек әттеген-айы - радионы көпшіліктің тыңдай алмайтыны. Сонымен қатар, ақпараттың осы қуатты құралының бірқатар облыстарда жабылып қалғаны да өкінішті-ақ.

Жалпы, бүгінгі БАҚ ұлтымыздың рухани сұранысын толық қанағаттандырады деуге әлі ерте. Ұлттық ақпарат кеңістігін жүйелі қалыптастыра алмай отырғанымызда, демократияны кейде дұрыс түсінбеуден елімізде ақпараттық экспансияға жол бергеніміз мемлекеттік тілдің дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Республикада 5 мыңнан астам шетелдік ақпарат құралдары тарайды. Оның 90 пайызы - орыс тілінде. Ал, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік тілдегісі 20-25 пайыздан аспайды. Теледидарларға қазақ тіліндегі хабарлар негізінен аударма телесериалдармен толықтырылып отыр.

Ақпараттың сан алуандығына ешкім қарсы емес. Әрі жаңа заман талабы да осындай. Тек мәселе - мемлекеттік тілдегі хабарлардың аздығында. Мысалы, Анталиядағы электронды ақпарат жүйесінде 40-тан астам әр тілде хабар беретін арналар бар. Бірақ, жергілікті тілде қалаған арнаңды еркін көре аласың.

Тәуелсіздік халқымыздың рухани өркенінің өзектісі саналатын дәстүрлі дінімен қайта қауыштырып, дінге сенушілердің қатары көбейді. Осы аймақтың ежелден жалғыз иесі болып келе жатқан қазақтың дәстүрлі Ислам дінінің бірлестіктері бес есе өсті. Мешіттер көбейіп, көптеген діни мектептер ашылды, дегенмен, ашық қоғам құрамыз деп, кейде осы ұғымдарға шын мән бермеу салдарынан қоғамның көп дінділікке бой алдырып отырғаны рас. Тіпті, дәстүрлі Ислам дінінің өзі түрлі ағымдарға бөлініп, кейбір қалталылар оларды монополиялауға ұмтылуда.

Соңғы жылдары кейбір зиялы қауым өкілдерінің 70-тен астам ағым-секталарды біріктіріп отырған әртүрлі діни ұйымдардың еліміздің бірлігіне, мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп алаңдауы негізсіз емес. Осы орайда мынандай мысалдарға жүгіне кетейік:

Бүгінде республикадағы 75 пайыздай (оның ішінде 63 пайыз қазақ) мұсылмандардың 2337 діни бірлестіктері болса, адамдар саны белгісіз протестантизм бағытын ұстанатындардың 40-тан астам әртүрлі ағымдарының 1189 ұйымы бар. Бұл бүкіл республикадағы діни бірлестіктердің 30 пайыздайын құрайды. Сонан соң республикада тіркеліп, заңдық түрде қызметіне рұқсат етілген барлық 357 миссионердің 307-сі - католик және протестант өкілдері. Олар қазақ елінің шектен тыс «демократияшылдығын» ұтымды пайдаланып, миссионерлік іс-қимылдарды белсенді жүзеге асырып келеді. Әртүрлі ағым-секталардың миссионерлік әрекеттері, олардың уағызына елтіп жүрген үлкен-кішілеріміз туралы бұқаралық ақпарат құралдары нақты мысалдармен барынша ащы жазғанмен, шығып жатқан нәтиже шамалы. Сондықтан, «бөтен дін қазақтың санасын әбден улап болсын» деп күтіп отырмай, дін туралы заңды принципті тұрғыда қайта қарау керек немесе жаңа заң қабылдау қажет.

- «Тәуелсіздікке қол жетті. Басқасы қайда қашар дейсің?» деген самарқаулықтан қайтсек арыламыз?

- Түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болмайды. Ұлт азаттығы - ұлттық рухтың нәтижесі. Ал, ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген сөзін айта кетсек, артық болмас. Сол сияқты Бауыржан Момышұлының осыдан 60 жылдай бұрынғы: «Ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, өз ұлтыңды тануға көмектеседі, ал, бізге осы асыл қасиеттерді дамыта түсу қажет, осындай адам ғана отандастарының алдындағы өз халқының және ең алдымен халықтардың бауырластығы алдындағы өз борышын терең де жоғары сезінеді» деген өсиеті бүгінгі күні де атойлап тұр.

Сіз айтып отырғандай, «Тәуелсіздікке қол жетті, басқасының бәрі болады» деп қарауға болмайды. Ұлттық тәуелсіздік, ұлттық тіл мен ұлттық рух - бұлардың барлығы ұлттың ең негізгі сипаттамалары ғана емес, Тәуелсіздіктің бір-бірінен ажырағысыз компоненттері екенін есте ұстағанымыз абзал. Бұл ұғымдарға қатысты қоғамдағы қатынастар сыртқы және ішкі субъективтік күштерге тәуелді болмай, заңдық жағынан реттелуін өркениетті шешуге тиіспіз. Іргелі ұлттық идеялар құқықтық жағынан толық негізделмесе, онда ұлттың келешегі болмайды. Бұл - әлем мойындаған шындық. Ақиқатын айтқанда, ұлттық намысы төмен немесе мүлдем намыссыз, өзінің сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін тәрік еткен азаматтармен тәуелсіз елдің туын жоғары көтере алмаймыз.

- Әбдіжәлел аға, Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын! Әңгімеңізге рахмет.

Рәзиға ӘШЕЕВА,
«Алтын Орда»

 

 

0 пікір