Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2495 0 пікір 23 Желтоқсан, 2010 сағат 22:55

Серік Ерғали. Алаш пен Алашорда

Қазіргі жастарға «Алаш» ұғымы тек қана алашордалықтарға қатысты ұғылып, «алашордашылдарды» «Алаш» деп атау секілді бұрмаланған ұғым сіңісіп барады. Бұл - тарихымыздың кеңінен оқытылмауы мен қарастырылмауынан. Тіпті, ресми тарихты былай қойғанда да, елде тұрақты түрде ұлттық ағарту жұмыстарының тұйыққа тірелгендігінен болып отыр. Бұған әрине, түрлі себеп пен сылтауды қоса  атауға болар.

Қазіргі жастарға «Алаш» ұғымы тек қана алашордалықтарға қатысты ұғылып, «алашордашылдарды» «Алаш» деп атау секілді бұрмаланған ұғым сіңісіп барады. Бұл - тарихымыздың кеңінен оқытылмауы мен қарастырылмауынан. Тіпті, ресми тарихты былай қойғанда да, елде тұрақты түрде ұлттық ағарту жұмыстарының тұйыққа тірелгендігінен болып отыр. Бұған әрине, түрлі себеп пен сылтауды қоса  атауға болар.

«Алаш» ұғымы нақты тарихи нысан ретінде қашан пайда болғандығын тап басып әзір айта алмаспыз, алайда, белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғалидың айтуынша, бұл ұғым қазақ хандығының империялық сипат алуымен байланысты еді. Бұл пайымды біз де қолдаймыз, себебі, «алаш» ұғымы «алты жұрттың» бас біріктіруімен тығыз байланысты. Шамасы, тарихтың деректеріне қарағанда, Алаш империясының негізі Тәуке ханның кезінде қаланып, Қасым ханның тұсында шегіне жеткендей. Алдыңғы хан империяның мазмұнын нықтап, бұған дейінгі болған далалық қағанаттардың қабылетін қарастыра отырып, руханиятын қалпына келтірген, оның басты ұстыны ретінде Жеті жарғыны қабылдатты. Бір қызығы, «Жеті» аталатын осы құжат, шын мәнінде «кемел» деген ұғымды білдіретін, бүгінгі «жете» сөзінің синонимі болатын. Ол кейінірек бірыңғай сан есімге айналып тынды. Демек, бұл жете заң - сол кездегі мемлекеттің басты базистік сипаты болғаны.Қысқасы, «алаш» ұғымы далалық азат елдің тарихи тәбәрігі болатын. Алашордашылдарға оның асыл мұрат болғаны да сондықтан және олар бұл мұратты өткен ғасырдың басында-ақ Ұлттық идея ете білді әрі оны іске асырудың үлгісін көрсетіп үлгерді.

Қазақ қағанаты тұсында құрылған Билік төрелігі мен уәлияттар сол империяның құрылымдары болғанымен, басты әкімшілік бөлініс үш жүзден тұрғандығына да назар аудару керек. Бұл елдік институт бүгінгі кембағалдыққа ұрынған көзқарас тұрғысынан қазақты бірден бір жіктеуші құрылым секілденеді, ал ол кезде бұл қазақ империясын жасақтап, нығайтқан нағыз ірі мемлекеттік әкімшілік көлденең  құрылым болатын. Бірақ оны Тәукенің тұсында ойлап шығарған құрылым деудің жөні жоқ, ол мыңдаған жылдардан бастау алатын далалық әскери хандықтардың қағанатқа айналу көрінісін бірден бір көрсететін институт. Кез келген Дала хандығы іріленген тұста әскерді де, халықты да үшке топтастырып,  билеуден артық құрылым ойлап таба алмаған және оны мыңдаған жылдар бойы бірінен бірі алып, жалғап отырған. Ендеше бүгінгі қазақтың «құтыла» алмай жүрген Жүздік құрылымы Далалық империяның бірден бір көрінісі еді. Ол құрылымды, тіпті, «Алтын орда» қағанатының қирандысынан бастау алған Өріс (орыс) хандығы да Ресей патшалық империясына осы үшжүздік құрылымды Билекі өріс (великорос), Бел(орта) өріс (белорусь), Мал(«малта» сөзінің түбірі) өріс (малорос) ретінде енгізе айналмап па еді?!

Сонымен, Қасым ханның маңдайына сол құрылған Алаш империясын сақтау ғана емес, оны аумақтық жағынан ірілендіру миссиясы бұйырған болатын.Міне, осындай қым-қиғаш замандарда туындап, қалыптасқан, сіңіскен «алаш» ұғымын, өткен ғасырдағы қазақтың «Алашорда» өкіметін құрған элитасы бала күндерінен бойларына сіңіріп, қалпына келтіруді аңсар еткен, қолдарында құзыры мен мөрі болмаса да, Ресейде қалыптасса да, далалық элита еді. Олар тарихтың аз да болса,  берген мүмкіндігін жалауша желбіретуге тырысқаны да сондықтан.

«Алашордашылдарға» не тән болатын? Оларға далалық Рух, ебропалық Іскерлік пен азиялық Ойшылдық тән еді. Қазақтың бұл элитасы патшалық Ресей идеологиясына бой алдырмаған, далалық мемлекет үрдісінен бас тартқанмен, ұлттық аңсарды жүзеге асырудан тай салмаған тарландар болатын! Сондықтан олар орыс революциясы қарсаңында Алашорданы құрып үлгерді; қызыл өкімет қудалағанда, солардың құрамында жүріп ұлттың мүддесін қорғады; биліктен аластатылғанда, алашты ағарту жұмыстарына жұмылды; репрессияға ұшырағанда, соңдарына жас ұландарды қалдырып, ұлттық құндылықты өсиет етіп көз жұмды!  Олар өздерін ұлттық аңсардың құрбаны ете білді! Соның арқасында «Алаш» ұранды халық «қырғыз-қайсақ» бүркеншігінен құтылып өзінің шынайы «ҚАЗАҚ» атын қайтарып алды, ұланғайыр Даланың үштен екісіне ие болып, бүгінгі Азат Қазақстанның аумағы сол жандәрмен саясаттан мұраға қалды. Мұқтар Әуез бастаған өрен элита қазақтың бүгінгі руханиятын халқына жеткізуге мүмкіндік алды! Қазақты тәуелсіз етудің рухани алғышартын жасады. Сөйтіп, «алашордашылдар» өз армандарын сол кездегі бодан Қазақстанның қаңсыған Болашақ арбасының доңғалағына байлап кеткен екен!

Азат Қазақстанның бүгінгі идеологиясындағы басты кемшіндік сол - ХХ ғасыр басында қалыптасқан ұлттық идеяны жалғастыруды қымсынуы. Азаттық алғанмен, тәуелсіздену жолында келе жатқан бүгінгі Қазақстанның сол идеяның жаңғырған сипатын иеленуі өзекті саяси мәселе екенін мойындайтын уақыт жетті.Әсіресе, елдің бүгінгі ахуалы кешеден ғана бастау алып, өрбіп отырғандығын мойындау осалдық емес, орасан саяси тамырластықтың  бас тіні болуы қажет. Өйткені, әлемге қазақты танытам деген идеяны ұлттық идеологияға айналдырып, асқындыра насихаттап отырған бүгінгі билік беталды астамсымай, қыруар елдік олжаны кешегі ата-бабаның  мұнайға айналған қаны, гәзге айналған рухы, түсті металға айналған сүйегі ретінде мойындамай, азат болған елді тәуелсіз мемлекетке айналдыру қисынсыз. Иә, бүгінгі Қазақстан тәуелсіз емес, бар болғаны - Азаттық алды!Сол себепті де әр сәтімізге - сақ болу, әр жанымызға - жақ болу, әр тиынымызға - бап болу керек!Соның бәріне тиек болатын билік қана!

Бүгінгі қазаққа кеңестік кембағалдықтан (комплекс неполноценности) ажырап,сол алашшылдарға тән далалық Рух сіңіру арқылы өзімізді өгейсіткен, ұлтқа жүздік алауыздық себер аурудан құтылып, ішкі қуатымызды ұлы сенімге айналдырамыз! Сол Рухпен кеңестік құнсыз да даңғаза шаруагерліктен құтылған, ұлтына үлгі боларлық, тәуекелшіл алашордалық Еброіскерлікке қолжеткіземіз! Сонда, бәлкім, бәлшебектік қып-қызыл демогогиялық популистік мақтан идеология мен қазына қаржысын жымқырған жыйыншылдықтан бас тартқан, қадырсыз сөздің қазанын қайнатпайтын,  ұлттық аңсарды іске нысана еткен алаштық Азияойшылдыққа бет бұрамыз!  Қайткенде де, Азат Алаштың 20 жылдығына осы бір үш құндылықты межелей барсақ екен.

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір