Жұма, 19 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 8882 33 пікір 29 Желтоқсан, 2017 сағат 09:30

"Оралман" атауын өзгертудің орайы келіп тұр

 

Бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылауға арналған Мәжілістегі Жұмыс тобының БЕСІНШІ отырысы өтті.

Біздің тарпымыздан ұсынылып, депутат Кәрібай Мұсырман жағынан ортаға салынан бір ұсыныс Жұмыс тобының мақұлдауынан өтті. Ол туралы кейінірек айтатын боламыз.

Ал, екі ұсынысымыз келесі талқылауға – пысықтауға қалды.

Атап айтар болсақ, оның біреуі – «1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын оралмандар;» деген «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңының 16-1-бабының 1) тармақшасын «1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР;»-деп өзгерту жайлы өтініш.

Жалпы, бұл ұсынысқа Жұмыс тобының жетекшісі де, депутаттар да қарсы емес. Тек, қатысты министрлік пен атқарушы биліктің өкілдері аздап пікір білдіруде.

Бұл жерде біз «ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ» ұғымынан қашпауымыз және қорықпауымыз керек. «ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ» деген ұғымды біз ойдан шығарғарып отырғамыз жоқ, ол  Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 1-бабының 28)-тармақшасында тұр.

Демек, шетелде тұратын қандастарымызға «Халықтың көші-қоны туралы» Заңыда «ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ» деп, анықтама берсек «Ата Заңға» қарсы келмейді екен де, ал  «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңында қолдансақ, «Ата Заңға» қайшы болады десек, қателесеміз. Бұл – бір.

Екінші жағынан, «Банды деп жүргендерің – өзіміздің Омар екен ғой?!»-деп, Бейімбет Майлин айтпақшы, «ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ» пен «ОРАЛМАН» деп жүргеніміз, сайып келгенде, бір ҚАЗАҚ. Екеуі де тек шетелде тұратын және Атажұртына көшіп келген ұлты ҚАЗАҚ адамдарға берілген заңдық анықтма. «Оралман» мәртебе ретінде тек ұлты ҚАЗАҚ адамға ғана беріледі. «Этникалық қазақ»-деп те тек ұлты ҚАЗАҚ адамды атайды. Бұл мәртебе басқа ұлттың өкілдеріне берілмейді. Қазекемнің шешен тілімен айтсақ, «Құрттың атын жаңылтып, малта қою». Жалтамай берсек,  кеш қаламыз! Сол үшін, бұл мәселе көп талас тудырмауы тиіс деп ойлаймын!!

Егер,  «1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР;»-деген осы ұсыныс Заңға қабылданса, құжат қабылдауда Көші-қон қызметі комиетіне «бір оқпен екі қоян атуға» болатындай жеңілдік тумақ:

Біріншіден, және қайталап айтайын, Заңдағы ұғымның аясы барынша кеңейеді;

Екіншіден, көшіп келіп, тұрқты тұруға өтініш білдіріп, азаматтық алғысы келетін ағайындар «Оралман» мәртебесін алмай-ақ, ұлтының қазақ екенін дәлелдесе болғаны, құжатын бірден тұрақты тіркеуге өткізе береді. Оған қоса, «Оралман» мәртебесінің уақытын өткізіп алған неше мыңдаған қандастарымыздың мәселесі де автоматты түрде шешіледі.

Осы жерде ерекше ескерте кететін бір түйін бар, негізі «1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР;»-деген бұл норма ал  «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңында бұрын (2011-2015 жылдары) болған.

Екінші ұсынысымыз – бұл күнде ең жексұрын, жағымсыз сөзге айналған «Оралман» атауын өзгерту туралы.

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңында «Оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары;» - деп көрсетілген.

Бұл атау қолданысқа 1997 жылы экс-депутат Әкім Ысқақ жетекшілік еткен Жұмыс тобының талқылауымен тұңғыш рет қазақ тілінде қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы»  Заңы арқылы кірген болатын. «Халықтың көші-қоны туралы»  Заңына содан бері, міне, бесінші мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі отыр.

1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы»  Заңы қабылданған кезде мен арғы беттен әлі оралмаған болатынмын.

Осы жерде бір баса айта кететін нәрсе бар. Ол – экс-депутат Әкім Ысқақтың тарихи Заң жобасын өз тарапынан ұсынудағы және оны қабылдатудағы зор еңбегі. Әкім ағаның тағы бір ерлігі – осынау көші-қон деген процессті өз басынан өткерген, мәселенің қыры мен сырын жеттік білетін Қайрат Бодаухан, Алмас Ахметбекұлы, Рақым Айыпұлы бастаған зиялы қауым өкілдерін қасына тарта білгендігі. Дау жоқ, тұңғыш қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы»  Заңы Ұлы Көштің бағын ашты.

Аталған Заңға 2011 жылғы және 2013 жылғы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде Жұмыс тобында болғам жоқ. Есесіне, осы екі  реткі талқылауда да Жұмыс тобының құрамында шеттен келген зиялы қауым өкілдері болмады емес, болды.

Ал, 2015 жылы осынау Заң жобасын қайта қарауға, талқылауға арналған төртінші реткі Жұмыс тобының құрамында болып, тоғыз айға жуық созылған барлық талқыға бастан-аяқ қатынастым.

Расын айтайын, ол кезде «Оралман» атауын өзгерту туралы ұсыныс бергеміз жоқ. Себебі, қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіліп 2013 жылы қабылданған қатаң заңның тоңын жібітіп, кедергісін азайту, қолайлы баптарды енгізу, шыны керек, оңайға түскен жоқ! Қатаң заңның қар жауған қабағы жадырағаннан кейінгі біраз күш пен жігер  «Соттылық туралы» анықтаманы бір жақтылы етуге жұмсалды. Сөйтіп, 2015 жылдың 24 қарашасында қандастарымызға жеңілдетілген тәртіппен бір жылдың ішінде азматтық берілетін  етіліп қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы»  Заңын – ақсарбас атап қабыл алдық. Бөркімізді аспанға атып қуандық. Бүгін соның игілігін пысық қимылдаған ағайындар көріп жатыр.

Бүгін ше?!

Бүгін ондай заман емес!

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік Еліміздің тағдырымен бірдей етіп, Қазақ көшінің де жолын даңғыратып қойды. Елге оралам деген қандастарымызға қақпамызды айқара ашып отыр.

Арғысын айтпағанда, кеше ғана Елбасымыз БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Шетелде әлі де 4 милионнан астам қандастарымыз бар. Ол жақта жағдайлары жақсы, қиыншылық көрмесе, тұра берсін. Келем дегендерге кел дейміз. Біздің қалталы азаматтарға айтарым, қандастырымызды қабылдауға жақын болуымыз қажет. Қазір арнайы қор құрылды. Сол қорға қол ұшын беруіміз керек. Жұмысқа орналасуға, баспана салуға, аз да болса, көмек беруіміз керек. Квотаны көбейтіп жатырмыз. Сондықтан журналистер де осы мәселені айтып отырса,  қиыншылық болса, бәріміз көмектесіп отырсақ, барлық қандастарымызға жақсылық жасағанымыз болып саналады»-деп, атап көрсетті.

Ол аз десеңіз, Мемлекет басшысы жүргізілген конституциялық реформаны әрі қарай іске асыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойып, Өзінің қырыққа тарта өкілеттігін Үкімет пен Парламентке берді. Президент сеніп тапсырған сол құзыреттерді нағыз істететін жердің бірі – осы «Оралман» атауын өзгерту деп ойлаймын!

Өзіміз қуанышпен атап өте алмағанымыз болмаса, биыл «Халықтың көші-қоны туралы»  Заңы қабылданғалы да 20 жыл толды. Мен «Оралман» атауын Заңға кіргізген азаматтарды айыптаудан аулақпын, әрине! Мүмкін, сол кездегі талғам мен талдау солай болған шығар. Бүлініп кеткен де ештеме жоқ. Құдайға тәубе, «Оралман» десін, басқа десін, бір миллионнан астам қазақ Отанына оралып, ең бақытты күн кешіріп жатырмыз. Қазақстан «Ұлы Дала Елі» атанып, Мәңгілік Ел болды. Еліміз Тәуелсіздік алған отыз жылға жетпейтін аз ғана уақыттың ішінде, Аллаға шүкір,  ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ бастады. Қазақ Елі адам танымастай өзгерді. Көші-қон туралы Заң түзелді, қандастарымыздың көші де қайта түзеліп келеді. Енді, Қазақ көшінің екінші АЛТЫН ДӘУІРІ басталады.

Алғашқы жиырма жылдықта келген біз ғой «Оралман» деген қалпақпен кеттік. Өкінбейміз және ешкімге өкпелемейміз де. «Күн болған соң, оның ашық болғаны жақсы!» -депті ғой ардақты Орағаң – Оралқан Бөкеев. Дегенмен, Көші-қон туралы дұрыс саясат жүргізіп, жақсы Заң қабылдап, тиімді жағдай жасап отырған соң, онсызда жүдеп-жадап жүрген ендігі оралатын дарды әйбат АТПЕН қарсы алуымыз керек!

Қысқасы, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Кәрібай Мұсырман бастаған, ТАСБОЛАТОВ Абай Бөлекбайұлы, ҚАНЫБЕКОВ Сәкен Әсембекұлы, НҰРМАНБЕТОВА Жәмилә Нүсіпжанқызы, САПАРОВА Әлия Сүйіндікқызы, ИКСАНОВА Гүлнар Мұстахымқызы, СМИРНОВА Ирина Владимировна, АБСАТИРОВ Кеңес Гарапұлы... қостаған Халық қалаулыларына «Оралман» атауын өзгерту турлы орынды ұсыныс беріліп, тарихи міндет жүкетеліп отыр!

Қазіргі таңда Елбасымыздан бастап, бүкіл халық, БАҚ «Оралман» атауының орнына «ҚАНДАСТАР» деген сөзді қолдануда...

Заң жобасын талқылау жаңа жылдан кейін тағы жалғасады.

Депутаттар болып, бүкіл ел болып, тілге  жеңіл, жүрекке жылы, құлаққа жағымды қазақи АТАУ тауып қабылдайды деген зор сенімдеміз!

Ауыт Мұқибек

27.12.2017

Астана

Abai.kz

33 пікір