Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 6672 0 пікір 21 Желтоқсан, 2017 сағат 10:01

Он шақты жауынгер

(Әңгіме)

Сексенге таяп қалды ғой енді... Шөбере көрді. Алтын құрсақты ана, аяулы әже. Осы қарашаңырақтың отымен кіріп, күлімен шығып, бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияған қондырып, қаншама жылдар бойы тоқтаусыз еңбек етті. Соның бәрі енді-енді шығып жатыр. Жүрегі, басы, белі... Солқылдап, шаншып... Ескі техникалардың бір жерін жөндесең, екінші бір тұсы бұзылып тұрады емес пе?.. Сол секілді, Күләннің де ағзасы әбден қажыған. Жүректің дәрісін ішіп еді, бүйрегі ауыра бастады; бүйрегіне операция жасайын десе, жүрегі көтермейді; өті толған... Әне-міне Әзірейіл келіп қалар деп жүрген кісі.

Бәрі бұлыңғыр... Біреулер хәл сұрап кетіп жатыр. Олар кімдер? Біреуі жеңге, біреуі апа, біреуі құрдас деп қояды. Сөзді естиді, әйткенмен ми қорытпай ма... Соңғы бес жылда біреуден естіген сөзін біраз уақыттан соң барып ойланатын болған. Кенже ұлы Рақымбай, тойдан да, өлімнен де қалдырмай апарып-ақ жүрді. Бірақ, кімнің тойы, кім өліп еді, бәрі ұмыт. Күләннің ішіндегі ритм өмірден әлдеқайда артта қалып қойғандай... Бір дыбысы мен қозғалысы сәйкес келмейтін кино сияқты. Оған қоса көздің көру қабілеттілігі төмендегенін ескеріңіз. «Быж-быж» ететін, дыбыстың жоғарғы жиілігін көтере алмайтын ең нашар наушник тәрізді естиді деп есептеңіз.

Сөйте тұра Күләннің миының бір аймағы үздіксіз жұмыс жасайды. Ғұмыры, кейбір сәттері жарқын-жарқын болып, үзік-үзік күйінде зу-зу етеді. Шалы туралы ойлары... Өмірдің ағынынан қалыспай, қызу тіршілікте жүрген бір шақтар... «Жүгіріп шықтым белеске, Белес жақын емес пе?» деген анда-санда ыңылдап айтатын әні еміс-еміс естіледі. Белеске жүгіріп шығу қайда?.. Белес те жақын емес... Өң мен түстің арасы... Біресе шалы: «Тұрсаңшы таң атты» дейді, кейіннен шалы ана жаққа аттанғалы қай заман деп ойлайды. «Шүкір, Құдайға шүкір, ризамын» дейді өз дауысы өзіне. Тіршіліктен алыстап, өз ойымен өзі оңашада... Кейде бала-шағасына бірдеңе айтқысы келеді де, артынан ұмытып қалады. Ұл-қыздарын ойша бір түгендеп шығып, шүкіршілігін айтады. Шапқыншылар қырып-жойып, ең соңында бір оншақты жауынгер қоршауда қалған іспетті, өмір Күләнді жеп-жеп, ақырында сананың сол бір аймағын айнала қоршап тұрғандай... Көрде кіргенде де, сол «оншақты жауынгермен» қалатын тәрізді.

Қазақтар өлім мен тойға ерекше дайылдалады ғой, негізі. Бәрін абыроймен өтсін дей ме, әлде қатындардың өсегінен қорқа ма?.. Қорқатындай-ақ бар, өйткені тоқшылық заманда дастархан сынайтын халге жетті. Біреулердің үйленіп, неке қиғанына емес, біреудің О дүниеге аттанғанына емес, дастарханы қалай болғанына мән беретін болған. Өздері сондай «тренд» жасап алып, өздері өсекке қалмас үшін барын салады. О, тоба! Адамның абыройын дастарханмен өлшейтін болды!

Елуді еңсерген Рақымбай да алдына ала дайындалып жүр. Шешесі сексенге кеп қалды, денсаулығы жоқ, дәрігерлер ауруханадан шығарып тастады. Ол өзінің мойынында үлкен жүк тұрғанын біледі. Ертең аяқ-асты олай-былай боп кетсе, дайын болмай қалса, ол да сөз... Сондықтан ол қарагер атты бордақылауға кіріскен. Қарагер де қартайды. ЗИЛ бұзылып жолда қалғанда сүйреп кететін баяғы қауқары жоқ. Жарықтық, көк ЗИЛ-ді талай сүйреді ғой. Не деген күш! Қайран қарагердің жастығы өтті-ау! Жұлқынып, жер тарпып тұрушы еді! Дүйім жұрт таңдай қағатын. Ол дәуір келмеске кеткен.

Халің қанша мүшкіл болғанмен, Құдайдан бұйрық келмейінше, адам өлмейді екен. Күлән аптаның жұма күні өзін сондай жайлы сезініп, денесіне әмірін жүргізіп, өзі отырып-тұрып, сөйлеп, адам болып қалды. Көршілері келіп: «Бетіңіз бері қарапты», «Шөпшек көруге жазсын» десіп, бір-бір кесе шәйлерін ішіп кетті. Олармен қанша сөйлескенімен, Күләнді түсінбейтіндей, құдды бір басқа әлемде жүргендей күй кешті. Көршілері қызу тіршілікте, қызу қарқынмен ғұмыр кешіп жатқандай. Ал Күләннің ондай қуаты жоқ. Қанша ұмтылғанмен оларды қуып жете алмайтын сияқты. Көршілері зуылдаған пойызбен ары қарай жол жүреді де, Күлән осы бекеттен түсіп қалатындай...

Соңғы екі апта бойы жаңбыр жауған, бүгінгі жұмада шайдай ашық. Күлән дәретханаға шыққан. Ауылдық жерде дәретхана ас бөлменің қасында болмайды, білесіз. Анау отыз метр жердегі қора мен шарбақтың ортасында. Рақымбай демеп сыртқа шығарғанымен, Күлән ары қарай өзі жүріп берді. Шарбақтың ішіндегі қарагерді көрді. Көзі нашарлатқанымен, қарагерді жазбай таныды. Әлде оның орнында соған ұқсас жылқы тұрса да, солай ойлап, солай сеніп қалар ма еді, кім білсін. Жем жеп тұр. Қарагер де бұрылып оған қарай қалды. Күләннің санасында қарагермен байланысты бір ойлар шарпып өтті де, қарагердің «стартта» тұрғанын «қоршауда қалған оншақты жауынгер» түсіне қойды. Жем жегенінен-ақ бәрі түсінікті еді. Өйткені ондай «десертті» жайдан-жай бере бермейді. Күләннің санасының ояу тұсынан: «Мен кеткенде сояды ғой» деген өз дауысы шықты.

Әлішер Рахат

Abai.kz

 

0 пікір