Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 4836 1 пікір 20 Желтоқсан, 2017 сағат 09:04

Желілік маркетингке алданбау – өзімізден...

Бүгінде қаржылық пирамида негізінде жұмыс істейтін желілік маркетингтің жетістікке жетелер жол еместігінен көбі хабардар. Бірақ бұл олардың торына түсушілер азайды дегенді білдірмейді. Керісінше, «қой терісін жамылған» бұл бизнестің басшылары түрлі айла-шарғы жасап, адамдарды алдауын жалғастыруда. Бұрын жоғары жалақы, қызметтік өрлеу кепілдендірілген деген мазмұндағы хабарландырулармен адамдарды тартып келген желіліктер қазір қулықтың жаңа түрлерін қолданады. Оған қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығының төмендігі де әсер етуде. Талайларды сан соқтырған желілік маркетингтің әрекеттірін баяндап берелік.

Бос жұмыс орындарын ұсынушы болып адам тарту тәсілі желілік маркетингте әлі де жиі қолданылады. Сондықтан вакансиялар сайттарындағы хабарландырулардың дені осы желіліктерге тиесілі. Сайттардағы кеңсе менеджері, администратор, call-орталық операторы, күзетші, қойма меңгерушісінің көмекшісі, сатушы, терімші секілді мамандарды іздеушілерден көз сүрінеді. Мән беріп қараса, сол хабарландырулардан-ақ біраз дүниені аңғаруға болады. Желілік бизнеске қатысты хабарландыруларда талаптар мен жүктелер міндеттер қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Жеңіл жұмысқа жоғары жалақы ұсынылып, жұмыс талабы деген жерге құжаттарды реттеу, телефон қоңырауларына жауап беру, клиенттермен сөйлесу дегендей жалпылама міндеттер жазылады. Әрі жұмыс берушілердің мекенжайына да назар аударуды ұмытпағайсыздар. Өйткені жүздеген хабарландыруда бірнеше мекенжай ғана көрсетілуі мүмкін. Демек сантүрлі жұмыс орнын ұсынып отырғандар бір ғана ұйым, дәлірек айтқанда желілік маркетинг болуы әбден ықтимал. Желіліктерге алданушылардың азаймай тұрғандығына қарағанда жұмыс іздеушілердің басым көпшілігі бұған көңіл аудармайтын көрінеді.

Хабарландыру бойынша қулығын асырған желіліктер сұқбатқа шақырылған жұмыс іздеушілерге жаңа айла-шарғыларын дайындайды. Жұмыс іздеушілерді өздері жалға алып отырған кеңсеге жинап, анкета толтыртқызып, дәріс оқиды. Оның барысында өзін аса сыпайы әрі сенімді ұстаған компания қызметкері қандай да бір тауарды сату туралы сөзді мүлде қозғамастан, компаниямен бірге табысқа жетуге, баюға болатындығы туралы мотивациялық әңгіме айтады. Келесі күннен бастап 4-5 күндік сынақ мерзімінен өтуіне болатынын хабарлайды. Қалтаға қол салу міне осы сәттен басталады. Семинар, тренинг арқылы өтетін сынақ мерзіміне деп 2-3 мың теңгеден жинап алады. Тренингке толық қатысып, жұмысқа қабылданғандарға ақша қайтарылады, ал түрлі себептерге байланысты орта жолдан тоқтатқандар ақшасын ала алмайды деген шарт қойылады. Ештеңеден күмәнданбаған жұмыс іздеушілер желіліктердің бірнеше мың долларлық табыс, шетелге саяхат, жақсы өмір, жайлы күй туралы өтіріктеріне сене бастайды. Алайда сынақ мерзімінің 3,4 күнінде тауар сатып алу, оны басқаларға сату, артынан екі адамды компанияға әкелу туралы әңгіме қозғалғанда жұмыс іздеушілер желілік маркетингке ұрынғандарын бір-ақ біледі. Қолын бір сілтеп, тренингке төлеген 2-3 мың теңгесіне садақа айтып, кете барады. Бұндайда полицияға шағымданудың оң нәтиже берері шамалы. Осылайша желілік компаниялар елдің ақшасы мен жүйкесін, бастысы уақытын шығындап, алдау әрекеттерін жалғастыра береді.

Ол, ол ма? Желілік бизнеске кіру үшін бірнеше жүз мыңды санап беріп, жер сипап қалғандар, қаңылтырдай құны жоқ өтірік алтын алқа, алтын сағаттарды қымбатқа сатып алып, опық жеп отырғандар, жиған-тергеніне белсенді биоқоспалар сатып алып, онысын тегін өткізе алмай жүргендер қаншама...

Бұл бизнестің қорғаушылары желілік маркетингті қаржылық пирамидалармен шатастырмау керектігін айтады. Олардың пікірінше екеуінің басты айырмашылығы  алғашқысында тауардың болуы. Бірақ желілік маркетингтің кез келген түрі адами пирамида қағидаты бойынша әрекет ететіндіктен екеуінің пәлендей айырмашылығы аз. Бір анығы желілік маркетингте көл-көсір пайдаға пирамиданың жоғарғы жағындағылар ғана кенеледі. Ал төмендегілер солардың қалтасын қалыңдатуға жұмыс жасайды. Алматыдай үлкен қалада осы кәсіптің «қызығын» тек бірнеше адам ғана көреді. Ал қалған жүздеген мүмкін мыңдаған адам тиын-тебен ғана табады.

Нарық заңы бойынша компания табыстылығын оның ұсынған тауары мен қызметіне деген сұраныс анықтайды. Ал желілік компаниялар ұсынатын аты да, заты да беймәлім тауарлар, бірнеше жүз доллар тұратын алтын алқа-сағаттар, белсенді биоқоспалардың өмірлік маңызы мен қажеттілігі шамалы. Сәйкесінше, оны сатып, күреп ақша табам деу де бос әурешілік. Сондықтан желіліктердің өтірігіне сеніп қалмас үшін жай ғана оның тауарының танымалдығына назар аударса болғаны. Тіпті осы бизнес ойлап табылған Американың өзінде желілік сауда мәз емес. Соңғы жылдардағы зерттеулердің қорытындысына қарағанда әлем бойынша желілік маркетингпен айналысушылардың әрқайсысының жылдық орташа айналымы 2 мың доллар шамасында ғана екен. Бұл таза табыс емес, жылдық айналым. Енді табыстың қанша екенін жобалай беріңіз.

Психологтардың айтуынша желілік компания дистрибьюторларының негізін тұрғындардың әлеуметтік осал тобы құрайды. Шынымен де тұрақты жұмысы жоқ жастар мен зейнеткерлердің осы кәсіпті төңіректеп жүргендерін көзіміз жиі шалады. Нарықтың қатал заңы жол жиегіне тысқырып тастағандықтан, бұл жандар табысқа жетуді мақсат тұтатын – орта желілік маркетингтен жанға медеу табатын көрінеді. Бұл бизнестен опа таппай, тастап кеткендердің өзі өмірдің түрлі бұралаңдарында моральдық қолдауға мұқтаж болып, нан табу мүмкіндігінің нөлге тең екендігін біле тұра әйтеуір өзін жалғыз сезінбес үшін желілік кәсіпке қайта келіп жататын жағдайлар кезігіп тұрады дейді мамандар.

Былтыр Қазақстанда желілік маркетингке тыйым салу ұсынылып, Үкімет басшысына депутаттық сауал да жолданды. Үкімет  «Қазақстанда желілік маркетинг кызметі заңдық тұрғыда реттелген» деп жауап қатып, бастама қолдау таппады. Бүгінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салығын төлеп, жұмыс істеп жатқан желілік бизнес өкілдері жетерлік. Тіпті олардың қызметіне заңмен тыйым салынған күннің өзінде де заңды айналып кететін жолдардың табылары хақ.

Жұмыс іздегенде немесе танысыңыз жұмыс ұсынғанда «тез байисыз», «табысты боласыз» деген уәделер айтылса «екі шұқып, бір қарап», ақыл таразысына салып барып шешім қабылдаған абзал. Қаржылық сауаттылығымызды көтерсек кесе көлденең шыққан осындай келеңсіздіктер өзінен-ақ күн тәртібінен түсер еді. Сондықтан желіліктерге алданбаудың амалы әуелі өзімізден екенін ұмытпайық.

Меліс Сейдахметов

Abai.kz

1 пікір