Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 7516 21 пікір 14 Желтоқсан, 2017 сағат 11:23

Мұхтар ТАЙЖАН: Жаңа заң қабылданса – қазақтың жерін шетелдіктерден сақтап қалғанымыз

Ендігі белгілі болғандай, ҚР парламентінің мәжілісі өткен сәрсенбіде «Қазақстан Республикасының жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Бұл заң жобасы былтырғы жылы Қазақстанды дүрліктірген «жер митингілерінің» нәтижесі еді.

Еске сала кетйік, Қазақстанның жер туралы заңына 2015 жылы күзде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен өзгерістер енгізілген еді. Ол өзгерістер 2016 жылы көктемде Қазақстан қоғамының наразылығын тудырған «жер митингілеріне» ұласты. Алғашқысы 2016 жылы сәуірдің 24-і күні Атыраудағы Исатай–Махамбет алаңында өтті. Наразылық акциясына қатысушылар заңдағы шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы баптарға қарсылық білдіріп, президент Назарбаевқа үндеу жолдады. Бұдан соң бірнеше қалада «жер дауына» қатысты наразылық акциялары өтті. Осыдан кейін президент Назарбаев заңның даулы баптарына бес жылға мораторий жариялап, заңды талқылау үшін қоғамдық жер комиссиясы құрылды.

Ал енді осы ұлы дүрмектің нәтижесінде туған жаңа заң жобасы қандай болды? Жерді шетелдіктерге жалға беру және сатуға қарсы шыққан қазақтардың талабы бұл жобада көрініс тапты ма? Жер қатынастарын реттеуші заң қазақ халқының болашақ мүддесіне нұқсан келтірмей ме?

Біз ел-жұртты дүрліктірген осы және жер мәселесіне қатысты басқа да сұрақтарға түсінік алу үшін, белгілі қоғам белсендісі, экономист-ғалым Мұхтар Тайжанды әңгімеге тартқан едік.

Неге Тайжан? Себебі ол Жер комиссиясының және жаңа заңның жобасын жасау топтарының жұмыстарына, парламенттегі талқылауларға етене араласқан азамат еді.

– Мұхтар, мәжілістің бірінші оқылымында қабылданған заң жобасы жөнінде елге толық ақпарат әлі жеткен жоқ. Жұртшылық тек шекара маңындағы жерлер шетелдіктерге жалға берілмейді, жеке меншікке сатылмайды деген атүсті айтылған ресми хабардан басқа жібі түзу түсініктемеге зәру болып отырғанын байқаймыз. Сондықтан қазақтарды алашапқынға душар еткен жер мәселесіне қатысты біраз әңгіменің басын қайыруға өзіңді шақырып отырмын. Ең алдымен төтесін айтшы: былтырғы жылы өткен митингтерде айтылған халықтың талабы орындалды ма?

– Мен де төтесін айтайын: халықтың ең басты талабы: «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!» деген талабы толығымен орындалды деп азаматтық атыммен айта аламын!

– Әп-бәрекелді! Енді осы сөзіңді тарқатып шық...

– Өткен аптадағы заңның алғашқы оқылымында былтырғы – 2016 жылғы мамырдағы президенттің мораторий жариялау жөніндегі Жарлығына сай дайындалған заң жобасына нақты өзгерістер енгізілді. Ескерте кетейін, жарияланған мораторий тек 2015 жылы қараша айында қабылданған заңның қолданысын тоқтатқан еді. Жер комиссиясының отырыстарынан кейін, өткен тамыз айында мораторий мерзімін 2021 жылдың аяғына дейін ұзарту жөнінде тағы бір Жарлық шықты. Бірақ президенттің Жарлығы – заң емес: Жарлықтың пәрмені заңнан ары аса алмайды. Жарлық негізінде былтыр желтоқсан айының 23-інде заң қабылданды. Ал бұл жолы бірінші оқылымда қабылданған заң жобасы президент жариялаған тыйымды заң жолына көшірді.

– Ендеше осы өзгерістерді ел-жұртқа, газет оқырмандарына жүйелеп, жіліктеп, түсіндіріп беру қажет. Өкініштісі де сол – тиісті ресми орындар ауыздарын буып отыр. Неге? Әлде бұ халық қабылданған заңнан мақұрым болсын дей ме екен – түсініксіз!

– Иә, Ермұрат аға, халықтың, әсіресе қазақтың мүддесіне сай жап-жақсы заң қабылданайын деп тұр, бірақ оны насихаттау жағы неге кемшін екеніне мен де аң-таңмын. Негізі, заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды қадағалау шаралары, шекара сызығында орналасқан жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетел азаматымен немесе азаматтығы жоқ адаммен некеге тұрған Қазақстан азаматына, шетелдік заңды тұлғаларға және құрамында шетел азаматы бар қазақстандық заңды тұлғаларға жерді жалға беруге және сатуға үзілді-кесілді тыйым салынған.

Заңды тұлғада, тіпті іс жүргізуші субъектінің құрамындағы шетелдіктің немесе мүдделі тұлғаның бір пайыз үлесі болса да, ауыл шаруашылығына арналған жер жалға берілмейді. Осы талап заңнан көрініс тапты. Комиссия отырысында Әділет министрлігі осы өзгеріске қарсы болғанын да білгеніміз жөн.

– Ал шекарадан тыс жерлер ше? Ол жерлерді шетелдіктерге сату-сатпау мәселесі не болды?

– Жоқ, жер шетел азаматына жалға да берілмейді, сатылмайды да! Бітті! Заң жобасы осы үлгіде толығымен қабылданса, халықтың талабы орындалды деп білем.

– Құдай оңдаған екен! Ал Жер комиссиясы тарапынан билікке қойылған 11 талап ескерілді ме?

– Ел ішінде, әлеуметтік желілерде «комиссия жұмысы нәтижесіз» болды деген реніштер айтылып жатыр. Ондай пікірлерге айтарым: комиссияның жұмысы ресми хатталып, құжаты түзілген. Ол хаттаманы әлеуметтік желідегі парақшамда жарияладым, қажет болса, кез келген адамның оқып-танысуына болады.

Айтпақшы, Жер комиссиясы ұсынған 11 талап Заң жобасының қандай баптарында қарастырылғаны жөніндегі тізім-кестені де ала келдім. Қажет десеңіздер, газетте жариялауға болады.

Қазақстандықтардың жерді 49 жылға жалға алу мүмкіндігі айтылған бапты өзгеріссіз қалдыру жөнінде ұсыныстар болған. Мораторий жарияланған 2015 жылғы заңда қазақстандықтарға жерді жалға бермеу жөнінде айтылған. Онда ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар жерді тек қана сатып алуы керек болатын, ал жалға алу жөніндегі заңды құқықтары бұзылған еді. Ал керісінше, шетелдіктердің жалға да, сатып алуына да болатын баптары бар еді. Енді жерді шетелдіктерге жалға беруге де, сатуға да тыйым салынып, ал Қазақстан азаматтары жерді жалға алу құқына ие болды. Бірақ жер ешкімге сатылмайды!

– Сонда жер Қазақстан азаматтарына да сатылмайтын болды ма?

– Президенттің мораторий жариялау жөніндегі Жарлығында көрсетілгендей, жер бес жылға дейін ешкімге сатылмайды. Оның бір жылы өтті, ал алдағы төрт жыл ішінде жерді сату мәселесі жөнінде ешкім де ауыз аша алмайды. Одан кейін осы мәселеге міндетті түрде қайтып ораламыз. Амандық болса, осы елден кетпейміз, қазақтың саны да, сана-сезімі де өседі. Бүгінгі қалыптасқан саяси жүйе өзгереді, бәлкім, өзіміз парламентке барармыз. Атқарушы биліктің маңында жүрмесек те, былтыр жерімізді қорғап қалдық, алдағы төрт жылдан кейін де киелі топырақ ешкімнің тәлкегіне түспеу үшін осы бастан белсенді қимыл көрсетуіміз керек.

– Ал мыңдаған, миллиондаған гектар жерді иеленген латифундистерге қатысты заң жобасында қандай өзгерістер бар?

– Ол мәселенің де беті ашылды. Мәселен, латифундистердің арасында жерді иеленгенімен, оны пайдаға жаратпайтындары, бос жатқан ұлан-байтақ жердің әр гектарына мемлекеттік субсидия алып, тегіннен-тегін шылқып отырғандары да бар. Не болмаса, несие алу үшін банкке кепілдікке қойып, басқа бизнесін дөңгелетіп жүргендер тағы бар. Мәселен, «Қазэкспортастық», «Ивольга» сияқты компаниялар он бес жылдың ішінде 4 миллиард 600 мың теңге субсидиялық қаржыға қарық болған. Бүгінгі таңда олардың бәрі банкрот болды, ал алған жерлері банкілердің кепілдігінде тұр: не өзіне, не басқаға жоқ. Енді жаңа заң жобасы бойынша, латифундист екі жыл көлемінде егін екпей, тек субсидия алып, жерді толық игермейтін болса, мемлекет қайтарып алады.

– Дегенмен, жерді жеке меншікке сатып алғандар да бар ғой: олардың жағдайы не болмақ? Әсіресе ұсақ шаруашылықтар дағдарыс жағдайында меншік жерін игере алмаса ше?

– Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған 200 млн гектар жер бар. Жеке меншікте тұрғаны осының 1,3 млн гектары ғана, яғни оның үлес салмағы 0,6 пайыз ғана. Мемлекет мемлекеттің қажеттілігіне деп, жерді латифундистерден қайтарып алам десе, жалға беру жөніндегі келісім-шартты бұзады. Ал фермерлердің, шаруалық қожалықтардың қолындағы жеке меншіктегі жерлер көлемі көп емес: 50–60 гектардан аспайтын ұсақ жер телімдері бар. Олардың үлес салмағы өте аз, әрі одан мемлекетке келіп-кетер зиян да жоқ. Ұлттық қауіпсіздікке де қатер төндірмейді. Ал алпауыт латифунистердің қолындағы жердің аумағы үлкен, өйткені олар жерді ақша жұмсап, сатып алған жоқ. Жалға алып, әр гектары үшін субсидияның пайдасын көріп отыр. Міне, осындай мемлекетке масыл болып отырған латифундистерге жаңа заң жобасының талаптары оңай тимесі анық.

– Заң талаптарының орындалуын қадағалау мәселесі жөнінде не айтуға болады? Ол құзыр кімнің қолында қалатын болды?

– Басты мәселе осыған келіп тіреледі. Заң жобасындағы 48 бапқа жаңа бір тармақ енгізілді. Бұрын жерді жеке меншікке беруге әкімнің құзыры жүретін. Енді жерді жалға беру үшін, екі ай бұрын БАҚ-та ашық конкурс талаптары жарияланады. Шешім қабылдайтын комиссия құрылады, комиссияның құрамының 50 пайызы қоғамдық ұйым өкілдерінен, шенеунік еместерден жасақталады. Бүкіл ел аумағында жергілікті әкім кез келген келісімге қол қоятын, енді Қазақстан бойынша бір ғана типтік келісім-шарт жобасы жасалады. Заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс бойынша жалға берудің ережелері де қарастырылған. Ол бойынша, әкімдік жалға беріледі деген ауыл шаруашылығы жерлерін конкурсқа қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың келісімі бойынша шығарады.

Әкім тек қана комиссия қабылдаған шешімге қол қояды. Жаңа заң жобасы бойынша, бұрын әкім жер заңын бұзса, әкімшілік жауапқа ғана тартылып, айыппұл төлеп құтылатын еді, енді қылмыстық жауапқа тартылады.

– Жобада жерді жалға алу мерзімі 49 жылға дейін деп көрсетілген. Ал мүмкіндігіне қарай 20 жылға алғысы келетін азаматтар енді қайтпек?

– 49 жыл – бұл жалға алу мерзімінің жалпы шегі. Енді жерді жалға алу мерзімі бизнес-жоспар бойынша жүзеге асады, жалгердің инвестиция құятын мүмкіндігі есептеледі. Инвестициясының көлеміне орай алғашында бес жылға алса, одан кейін тағы бес жылға ұзарту мүмкіндігі болады. Жоспар орындалса, жерге залал келтірмесе, жыл сайын бақылау жүргізетін комиссияның шешімі бойынша жалға алу мерзімін ұзартуға болады.

Айтпақшы, жерді жалға алу мерзімі жөнінде кәсіпкерлердің де пікіріне құлақ түрдім. Олардың айтуынша, жердің жеке меншікте болуы тиімді емес және оның қажеттілігі де жоқ. Тек жалға алған жерлерін ешкім тартып алмаса болғаны. Сонымен бірге агро-бизнесмендердің пікіріне қарағанда, жерді 49 жылға жалға алудың да қажет шамалы. Салынатын инвестиция мен оның қайтарым мерзіміне сай уақыт оларға әбден жеткілікті.

Сондай-ақ заң жобасында республиканың әр өңірі бойынша жерді жалға беру жағдайы да қарастырылған. Оңтүстікте – бау-бақша өнімдері, солтүстік пен орталықта – астық өнімдері, шығыста – аралас, ал батыста – мал шаруашылығы дамыған. Осы ерекшеліктерді әр облыс, әр аудан бойынша жеке-жеке қарастыру мәселесімен тиісті ғылыми-зерттеу институттары айналысып жатыр. Заң қабылданған соң, үкіметтің арнайы қаулысы шығады, сонда республиканың әр ауданы қамтылып, шаруашылық саласына байланысты бір адамға немесе заңды тұлғаға белгілі мөлшерден тыс жер берілмейтіні қадағаланады. Демек, заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерінің тұтастай көлемі бір адамның қолына өтіп кетпеуі де қарастырылған.

– Ал шекаралық аймақтардың ішке сұғынған мөлшері мен көлемі қалай есептелген?

– Бұл орайда ең алдымен айта кетейін, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану туралы міндеттеменің орындалуын қадағалау үшін, жерді жалға алу келісімінің типтік формасы да жасалмақ. Осыған сәйкес, белгілі бір шекаралық өңірде халықтың қоныстану жиілігі де есепке алынады. Мәселен, Өзбекстанмен шекаралас Оңтүстік Қазақстанда халық өте тығыз орналасқан аумақты ондаған шақырыммен есептеуге келмейді. Ал шығыс өңірдегі жағдай мүлде өзгеше: мұндағы жағдай керісінше. Демек, шекаралық аймаққа қатысты қағида қатаң, ол ұлттық қауіпсіздікке барып тірелетін мәселе!

– Мұхтар, бүгінде ауылдағы көпшілік қазақ қолындағы аз-маз малымен күн көріп отыр. Олар ауқымды көлемдегі жерлерді жалға алуға мүдделі емес. Есесіне олар үшін ауылдың маңындағы жайылымдық жердің мәселесі күйіп тұр. Ірі жер иеленушілер мен жалдаушылар ауылдардың іргесіне дейін егін егіп тастаған жерлер бар. Ереуілге шығып, осыған наразылық танытып жатқан ауылдар бар ғой...

– Иә, жайылымдық жердің жағдайы бірқатар аймақтарда ушығып тұрған мәселе. Латифундистер жерді иемденіп алып, мал жаятын өріс қалдырмады. Осы заң негізінде үкімет ғылыми-зерттеу институттарының ұсыныстарына назар салып, белгілі бір ауыл тұрғындарының санын, қолындағы малын есептеп, жайылымдық жердің көлемін анықтауда. Жалға өтіп кеткен жерлерді мемлекеттің қажеттілігіне қайтарып алу жөніндегі шараны іске асырып, ауылдар маңындағы жайылымдық жерлерді қайтарады. Осы бап заңға енгізілді, оның орындалуын талап ету – ауыл халқының міндеті. Ал біз атқарушы биліктің осы заң талаптарын орындауына бақылау жасауымыз керек.

Жуырда Астанадан алпыс шақырым жердегі ауылға арнайы барып қайттым. Жайылымдық жердің жоқтығы кез келген ауылдағы проблема. Қолыма картаны алып қарасам, бұл ауылдағы жайылымдық жерлер жеке меншікке өтіп кеткен екен. Оның иесі – сенатор Божконың баласы, соның жері болып шықты. Бұйырса, сол ауылға көктемда қайтадан барамын, жаңа заң талабы қаншалықты іске асқанын тексеремін. Жаңа заңға сәйкес, әр ауылдың тұрғыны өз құқын талап етуге толық қақысы бар.

Ал жалпы, жер қатынастарын реттеуші жауапты орган – Ауыл шаруашылығы министрлігі, одан кейін, әрине, парламент. Дегенмен, негізгі жауапкершілікті, жерге қатысты құқықтарының орындалуын талап етуді Қазақстан азаматтары өз мойындарына алуы керек. Әр қазақ өз құқын талап ете білуі тиіс.

– Қазақты қамықтырған тағы бір мәселе – Торғай даласына ракета қалдықтарының құлауы, ресейлік әскери полигондар иеленген жерлер. Бұл жағдайлар заңда қалай қарастырылған?

– Осы жөнінде белгілі блогер Айгүл Орынбектің жолдаған өтініші бойынша ресми түрде сұрау салдым. Парламенттен жауап келді. Ондағылардың айтуынша, бұл жер аумағы арнайы технологиялық әдіс бойынша зымыран қалдықтары түсуге арналған екен. Алайда ол жерлерді ауыл шаруашылық айналымынан шығармаймыз, егін егіп, мал жаюға болады, жылына бір рет зымыран құласа, несі бар деген сыңай танытады.

Негізі, бұл жерлер мемлекетаралық келісім-шартпен бекітілген және ол келісімдер парламентте ратификацияланған, яғни заң күшіне енген. Сондықтан бұл орайда жеке бағытта саяси қимыл жасауымыз керек шығар.

– Елдің арасын кеулеп кеткен тағы бір сөз бар: «Жерді саудаға салу арқылы қазақстандық билік Қытайдан алған несиелік миллиардтардан құтылмақ» – деген. Осы пікірге айтар уәжіңіз қандай?

– Менің бұған айтар нақты дәлелім жоқ. Екі ел арасында жасалған келісім-шартты қолыма ұстап көрмедім. Сондықтан қаңқу сөзге алып-қосарым жоқ. Негізі, әрі-беріден соң, Қытай көршіңіз де алаңдаулы: Қазақстанда қабылданғалы жатқан заң жобасының бір ұшығы оларға да кедергі келтірері аян. Оның үстіне бүгінгі жүйенің заманы өтіп бара жатқанын біліп отыр...

– Айтпақшы, әр қазаққа тиесілі 10 сотық жердің мәселесі осы заң жобасында қамтылды ма? Кең байтақ Қазақстанда бұл да асыл арман мәселеге айналды ғой...

– Осы заң негізінде, жалға алынған жерлерді мемлекеттік қажеттілікке деп мәжбүрлі түрде қайтартып, оны халыққа 10 сотық жерден бөліп беру мәселесі қарастырылған. Әсіресе жастарға баспана мәселесі ретінде көрсетілетін көмек заң жобасының 84-бабында айқын берілген.

– Мұхтар, сенің сөзіңе қарағанда, заң жобасына Жер комиссиясы тарапынан ұсынылған өзгерістердің бәрі енген сияқты. Дегенмен, қазақстандық биліктің қазіргі жағдайында барлығы жып-жылмағай болуы мүмкін емес қой: көңілің толмаған тұстары бар ма?

– Заң жобасына енгізілген толықтырулар мен өзгертулердің 80 пайызына көңілім толды. Ал көңілді күпті еткен 20 пайызына тоқталып кетейін. Заң жобасында қарастырылған нормаларды толық білуіміз және оған азаматтық бақылау жасау үшін бізге «Ашық кадастр» керек. Әрбір Қазақстан азаматы интернет арқылы еліміздегі әр жердің жағдайына қатысты толық мәлімет алуына ешқандай кедергі болмауы тиіс еді. Өзін қызықтырған жер телімінің көлемі, оның сипаты қандай, нақты жер кімнің қолында екені немесе игерілмей жатқан жерлер жөніндегі деректі қолма-қол алуына жол ашылуы керек. Бүгінгі кадастрлық ақпаратта жерді иеленушілердің нақты кім екені – меншік иесі көрсетілмеген. Бұл – заңсыз. Былтырдан бері жерге «Ашық кадастр» керектігін айтып жүрміз. Ал «Ашық кадастр» мәселесіне үкімет те, депутаттар да қарсы шығып, өре тұрды.

Үлкен дау туындады, парламенттен тікелей эфир көрсетілмегендіктен, былайғы жұрт онда не болып, не қойып жатқанынан, әрине, бейхабар қалды. Осы «Ашық кадастрды» енгізу мәселесіне орай депутаттармен, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерімен кездестім, олардың бұл мәселеге неге соншалықты қарсы екендіктерін білдім. Ашығын айтайын, мен кездескен лауазымгерлердің бәрі «Ашық кадастрдың» қажеттігіне іштей түсіністікпен қарайды, бірақ олар: «Шешім қабылдайтын біз емес, жоғарғы жақ...» – деп, төбе тұсын нұсқайды...

– Түсінікті, олардың нұсқаған «жоғарғы жағы» – президент Назарбаев екені бесенеден белгілі. Расында, депутаттардан бастап, құзырлы лауазым иелерінің барлығын тағайындайтын жеке-дара биліктің жағдайында басқа «жоғарғы жақ» болуы мүмкін емес. Бірақ сол Нұрекеңнің «Ашық кадастрға» неге соншалықты қарсы болып отырғаны түсініксіз...

– Қалай болғанда да, заң жобасының осы нұсқасы қабылданса, «Ашық кадастр» мәселесі де бейресми шешімін табары анық. Егер мен ауылда тұрсам, жайылымдық жерді кім меншіктеп алғанын білмей қалуым мүмкін емес қой... Қазір Қазақстан бойынша сандық бағдарлама (цифровизация) жұмысы жүргізіліп жатыр, ол жүзеге асқан кезде жалға берілген жер телімдеріне қатысты мәліметке толық қол жеткіземіз. Жер – өзгеріске ұшырайтын үй немесе банктегі есепшот емес, тұрақты қазына. Сондықтан жер мәселесі біздің тұрақты назарымызда болуы тиіс.

Мәселен, аз ғана латифундистер қазақтың жалпақ жерін меншіктеп алған. Сол сияқты Нарынқол мен Кеген жақтағы аңшылық пен саятшылыққа арналған жерлердің иесі кім? Оны атауға депутаттардың дәті бармайды...

– Мұхтар-ау, Нарынқол мен Кегенді қойып, осы Алматының төңірегін иеленіп алған экс-премьер Сергей Терещенконың жерін айтсаңшы! Бірақ сол жерлердің нақты иесі Терещенко екенінде үлкен күдігім бар: аты – Сергейдікі, заты – «бергейдікі» деген сияқты...

– Негізі, «Ашық кадастр» мәселесін көтерген кезімде заң жобасын дайындаушылар да, парламент депутаттары да «Жеке бас деректерінің құпиясы» туралы заңға сілтеме жасайды: ондай ақпарат ашық болмауы тиіс деген сыңаймен. Ал анығында, нақты жер мәселесіне келгенде, ешқандай «жеке бас» мәселесі жоқ. Жерді игеруші немесе меншік иесі – бірі заңды тұлға – ЖШС, шаруа қожалығы.

Екіншісі – мемлекет – ол да заңды тұлға. Мұнда қандай «жеке бастың» болуы мүмкін? Жеке құпияға тұрғын үй, «ИИН», банктегі есепшот, отбасылық жағдай, т.б. деректер кірсе керек-ті...

– Дегенмен, жер қатынастары мәселесіне ел-жұрттың бақылау жасайтын құқы бар дегеніміздің жөні қалай болар екен? Мен жасай алатын шығармын, өзің – қоғам белсендісі ретінде бақылау жүргізе аласың, ал алыс далада, Мойынқұмның қойнауында мал бағып жүрген қазақтың қандай мүмкіндігі болуы мүмкін? Бәлкім, қандай да бір құзырлы қоғамдық кеңес керек шығар, қалай ойлайсың?

– Ереке-аға, ешқандай да «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ сияқты. Ол үшін біз – мен, сіз, басқа да азаматтық қоғам өкілі – парламентке кіруіміз керек. Ел мен жерді қорғаймыз десек, парламент арқылы бақылау жасауға кірісуіміз керек. Қоғамдық кеңес құрып, әуре болып қайтеміз? Бүгінгі парламентте отырғандардың ішінде кезінде Колбинге дауыс бергендер бар, сондықтан олардан қайыр күтуге болмайды. Өзіміз, белсенді жастар парламентке кіруі керек.

– Айтуға оңай ғой, Мұхтар, бірақ бізді кім кіргізе қояйын деп отыр?! Мәселен, сен ешқандай саяси партияға мүше емессің, ал қазіргі заңдылықтар бойынша, парламенттік сайлау партиялық тізім бойынша ғана жүреді...

– Ол үшін біз «Сайлау туралы заңды» өзгертуіміз қажет. Мәңгілік ештеңе жоқ, бүгінгі жүйе де өзгереді. Сол кезде парламентке кірудің де мәселесі шешіледі.

– Бұл енді – максимум мерзімінің жоспары болса керек. Ал максимумға жеткізетін минимум кезеңінде сол заңдарды өзгертуге күш салуы тиіс саяси күштер, қоғам патриоттары ырың-жырың болып кетті. Белсенді деген азаматтар жік-жікке бөлініп, «Фейсбукта» бір-бірімен «перісіп» жүр. Бірыңғай қарсылық қозғалысын ұйымдастыратын күш жоқ. Осы жағдайда заңды қалай өзгертеміз?

– Ереке, менің жеке пікіріме құлақ қойсаңыз, Грузия мен Украинада біртұтас, біріккен күш болған емес. Оларда да оппозицияның іші қырық құрау болды, бір-бірімен жаға жыртысты. Польшада алты жыл оқығанда байқағаным – саяси партиялардың көсемдері бір-бірімен амандаспайтын дәрежеге жетті. Бірақ түпкі мүдде, соңғы саяси нәтиже ортақ болған соң, Украинадағы Майданда оппозициялық партияның бәрі иық тіресе, бірге тұрды. Мақсат-мүддеміз бір болса – қол алысып, амандасу да басты мәселе емес.

– Мұхтар бауырым, бір жылдың ішінде қыруар шаруа тындырғаныңды осы сұхбатыңнан байқап отырмын. Енді қоғаммен байланысты тығыз орнатып, ақпарат таратып, насихат жұмысын қолға алғаның оңды болар еді. Бұл заң қабылданған жағдайда, оның игілігін ең бірінші кезекте қазақ көреді. Сондықтан әр қазақтың санасына жеткені тәуір болар еді...

– Рахмет, Ереке! Өте дұрыс ескерту жасадыңыз. Сіздің өтінішіңіз бойынша, редакцияңызға арнайы келіп, егжей-тегжейлі сұхбат беріп отырмын. Осыдан кейін де біраз БАҚ-қа сұхбат бермекшімін. Осы аптаның ішінде халықтың алдында есеп берсем деген ойым бар. «Фейсбук» желісінде де жазып жатырмын...

– Жоғарыда бір сұрағымда айтқандай, жерге қатысты осы заңның халық арасында насихатталуына билік тарапы соншалықты мүдделі емес сияқты. Ел-жұрт меңіреу қалсын дей ме екен?.. Мәселен, «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналарынан құрғақ хабар ғана берілді. Арнайы бағдарламадан жай-жапсар айтылмады. Тіпті осы екі арнада ауыл шаруашылығына, жер мәселесіне қатысты арнайы, тұрақты тұщымды бағдарламалар да жоқ екен. Бұған қарап, ақпарат ведомстволары тарапынан президенттің аграрлық саладағы саясатына саботаж жасалып отырған сияқты көрінеді...

– Сізбен толық келісемін. Бұл заңның әр бабын жеке-жеке талдап, жерге табанын тіреген, жер емген халыққа түсіндіру керек еді. Заң жобасын жасауға қатысқан қарапайым қызметкерлер, қоғамшыл азаматтар елдің алдына шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе – құба-құп. Өйткені министр Мырзахметовтың айтқанына ешкімнің сенбейтіні белгілі.

– Иә, Тоқаев пен Нығматулиннің сөзіне де сенейін деп отырған адам жоқ: олар «жоғарғы жаққа» иек қағушылар тобына ие болғандарына қарық. Ал, Мұхтар, сенің мынау егжей-тегжейлі сұхбатыңа дән ризамын! Аман бол, інішек!

– Рахмет, Ер-аға! Айтпақшы, бір сөз қалып қалған екен... Қазақтың жерін қорғап, жазықсыз абақтыға қамалған екі азамат – Макс Боқаев пен Талғат Аянның да мәселесін кездескен лауазымды тұлғалардың бәріне айтып жүрмін.

Қолымдағы құжаттардың бәрін туған-туыстарына жібердім. Заң осы нұсқада қабылданса, олардың түрмеде отырғандары аяусыз қиянат болады.

– Қазаққа қарайлас қылған еңбегің жансын, Мұхтар бауыр!

Әңгімелескен Ермұрат БАПИ

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563