Жұма, 29 Наурыз 2024
Алаң 4807 56 пікір 11 Желтоқсан, 2017 сағат 12:18

Елді руға бөліп, ұлттың жоғын жоқтаймын деу – доңыз тағалағандардың тірлігі

Соңғы кезде әлеуметтік желіде жастардың арасында, «Мен пәленше руданмын. Кім, қай рудан екендеріңді жазыңдар» деген жолдаулар мен оған жауап жазатындар көбейді. Әрине, әркімнің өз шежіресін білуге ұмтылуы табиғи құбылыс. Мысалы, Римнің негізін қалаған Ромул (б.д.д. VIIIғ.) өз шежіресін Иафеттен (не Иафестен түркі халықтары тарайды) басталады деп жазғаннан кейінгі зертеулер, оның көне түркінің этрус тайпасынан екенін дәлелдеді. Көне Рим ертедегі Грекияның дамуына тікелей әсер етті. Пифагор бастаған Гректің біраз ойшылдары осы тайпадан тараған. Бұл, құндылығы маңызды шежіренің тарихи рөлін көрсетеді.

Арғы аталары арабтан тараған Пушкин де өз шежіресін жасағаны белгілі. Оны әрбір ресейлік және жалпы оқырман орыстың ұлы ақыны деп қабылдайды яғни оның рухы ресейлік. Ал, Ресейдің болашағын ойлаған 150 мыңдай жастар Мәскеудің орталық алаңына бейбіт шеруге шығып өз ұстанымдарын ашық білдірді. Олардың мақсаты мен мұраты ел болашағында, еркін елдің ерікті азаматының ұстанымында. Бұл жердегі мәселе заң бұзу, не билікке қарсы шығуда емес. Бүгін бе, ертең бе билік өзгеретіні белгілі. Ол бейбіт өзгеріп, ел бірлігі мен берекесін сақтайды ма?! Мәселе сонда! Осындай мәселені ойлап, оның болашағы үшін күресетін жастары бар елдің рухы биік, болашағы зор!

Шежіре алдымен танымдық құрал, ол тарихи деректермен дәлелденген жағдайда қоғам, ұлттың тарихына қажетті материал болады.

Біз, алтынға бергісіз бай шежіремізді ұлтты біріктіру үшін емес, оны ру-жүзге бөлуге пайдаланып жүрген жоқпыз ба?!

Бұл мәселенің теріс жақтары патшалық Ресейде болыс сайлауға әр рудың байларын таластырып елді бөлсе, тоталитарлық жүйе кезінде алдымен алашордалықтарды, содан кейін қазақты бөлуге және оны орыстандырудағы тиімді  құрал ретінде пайдаланды. Оның орыстану үрдісі кезіндегі қанға сіңіп, сананы улаған дертінен әлі арыла алмай келеміз. Бұл жерде, «Ұлт боламыз ба, әлде қырт боламыз ба?!» деген сұрақ туындайды. Елді бөлуге қолданылған барлық әдіс пен әрекет, ол қазақтың болашағына кереғар тірлік

Ал, дербес елдің мемлекетқұрушы ұлты ретінде қоғамды біріктіреді деп отырған қазақтың өзі «қырық руға» бөлініп отырғанда, басқалардың бастарын қалай біріктірмек?! Ондай елдің жастары да ұлт пен елдің қамын ойлап, ол үшін күресе алмайтын рухсыз «жармақ» болады. Ондайлар Алматыдағы қытайдың «Ялянь» базарында арба тасудан әріге аспайды немесе сол базар мен жер, жерасты байлығын сатып отырған опасыз шенеуніктердей болады. Ал, елім дейтін жігіттер Қанат Исламдардай, Омбыға барып тұрып бүкіл елдің алдында «Бұл қазақтың жері» деген Қайрат Нұртастардай немесе стартаппен айналысатын Ресейдің, елін ХХІ ғасырға жетелейтін жастарындай болады.

Белгілі зерттеуші Д. Нейсбит ханым, Ресей мен Қытайды салыстырып тұрып былай деді, «когда мы говорим с китайцами, мы видим настоящий огонь, настоящую заинтересованность в будущем. Они все спрашивают: «Что могу сделать лично я? Как я могу изменить свою жизнь, как я могу реализовать свои мечтания?» Когда мы принимали участие в конференции в Сколкове, мы видели, что есть та же любовь к России у русских, но не хватает страсти, не хватает огня». Біз шоққа зәру болып жүргенде, олар от туралы айтады. Бұл, қоғамдағы рух пен жігер, ар мен намыс, сана мен моральдық деңгей әртүрлі болғандықтан, алға қойған мақсат пен мұраттың аспан мен жердей екенін көреміз.

Бұл, жастар мен қоғам, қоғам мен ұлт, ұлт пен мемлекеттік билік арасының мүдделері тоғыспағанын көрсетеді. Ондай қоғамдағы жастар тұманда жол таба алмай адасқан соқыр қозыдай. Оған басқа діни ағым ба, елді бұзатын идеология ма, қоғамдағы көрсоқыр надандар ма... кім жылы қараса, соның артынан еріп кетеді.

Біздің жастар ру мен ұлтты бір ұғым деп түсінуде. Мысалы, қоңыраттың  32 атасының Өзбекстанда тұратын отызы өзбек, Қазақстанда тұратын екеуі қазақ. Ал, өзбек, қазақ, тыва т.б. құрамындағы наймандар да сол халықтардың өкілдері. Венгр, башқұр, түркімен, қырғыз т.б. елдердегі қыпшақтар да сол ұлттардың өкілдері. Осы ру-тайпалар негізінен түркі халықтарына ортақ яғни түркі тайпаларының одағын құрайтын болғандықтан, оларды білу танымдық тұрғыдан қажетті. Соңғы 2,5 мың жылда осы тайпалардың арасындағы бақталастың кесірінен түркілердің өзара соғысы, сыртқы жаумен соғыстан гөрі әлдеқайда көп болып, олардың  бастары бірікпегендіктен 49 түркі халқының 48-і орыстың боданы болды, әлі де 41-і тәуелсіздіктерін алмай РФ құрамында қалуда. Түркінің ру-тайпаға бөлінуі құлдыққа апаратын жол. Түркі халықтарының 6-7% құрайтын қазақ қырықруға бөлінгенде де барар жері сол. Сондықтан,  елді ру-жүзге бөліп тұрып, қазақтың жоғын жоқтаймын деу – ол доңыз тағалағандардың тірлігі. 

Осыларды көріп тұрып, «осы біз ұлт пен мемлекет қалыптаспай тұрған алғашқы дәуір мен орта ғасырдың басындағы ру-тайпаны дәріптейтіндермен бірге сол дәуірлерге, не тарихтың қоқысына кетпейміз бе?» деген ой келеді! Жастар тәрбиені отбасынан, имандылықты діннен, білімді оқу орнынан алады. Әзірге бізде осының екі қанаты да ақсап тұрғандықтан, біз «жорғалау үшін жаралғандар ұша алмайтынның» күнін кешудеміз.

Жастар, замандастарының руын іздегенше осы топырақтан шыққан Әл Фараби, Әл Кедери... еңбектерін зерттеп,  ғарыштағы Сәтбаев жұлдызы,  IT, кванттық және голографиялық әлемді зерттеп Ата жолын қуып, әкеден озып тумаса, одан елге қандай пайда?!  

«Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе?!» деп ақын жырлағандай, осы бір қайталанбас арынды кезді құлдық санамен өткізу елге жасаған қылмыспен бірдей.

Болашақ, Махамбеттердей ақырып теңдік сұрайтын, Сұлтанмахмұттардай «қазақтың көгіне күн болып шығатын», Мағжанның «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты...», Жұбандардай «Мен Қазақпын...» деп рухымызды көтеретін жастардың қолында.

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

56 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616