Жұма, 26 Сәуір 2024
Білгенге маржан 6538 6 пікір 8 Желтоқсан, 2017 сағат 09:37

"Адамды құртқың келсе, оның жасаған барлық әрекетін елеме"...

Қары жоқ құр қыстың түскеніне бір ай болған. Аңызақ жел күні бойы құлақ етіңді жеп, уілдеуін қоймайды. «Бұл маңда бұрындары тізеден келетін қар жауған, тіпті, адамдар таңертең тұрғанда үйлерінен сыртқа шыға алмай қалың қардың еруін күтіп бір апта бойына жарықсыз, жұмысқа да бармай отырған» деседі көзкөргендер.

Адам айтса нанғысыз. Тап қазір сол қардың ұшқыны да байқалмайды. Алыстан ышқына соққан жел дауысы, бір қуыста әлдекімдерден қорқа ыңырсыған жас баланың жылаған дауысын құлағыңа келтіреді. Бет қаратпайтын қара желден жергілікті тұрғындардың беті-қолы кеуіп, таңдайлары жабыса қалған. Сыртқа шығып, замандастарымен тілге келе қалса долы желдің күшіне ерік беріп, тәулік бойы ауада қалықтап жүрген шегір құм аузыңа кіріп, тісіңді қышырлатады. Осыны білген тұрғындар лажы болса, бір-бірімен сөйлеспеуге тырысады. Бірдеңе айтқысы келіп, шыдамай бара жатса, ымдаумен, қолын сілтеумен тынады.

Ауылдан алшақ емес жердегі көл жағасына екі дос суық түскелі келуін жиілеткен. Жаз бойы егін алқабын жайғастырып, қыстық азығын жинап алған олар суық болса да, даланы аңсап тұрады. Басқа істерге жұмыстары болмағандықтан да көлге келіп, қармақтарына ілінген бір асым балықты аулау үшін қара кешке дейін отырады. Оңашада ойлы екеуі әр нәрсені сөз етеді. Сәл қозғалсаң маңдай терің бұрқ ететін шілденің аптап ыстығын аңсайды. Бүгінде сол әдеттерімен көл жақ бетті нысанаға алып, жаяулатып келеді.

Даланы жайлаған үнсіздік. Бұл тыныштықты бұзып тұрған желдің дыбысы ғана. Ара-арасында долыланып, көзіңе көк шыбынды үймелетіп кетеді де, жұмсақ жүріске салып, қалың киімің жетпей қалған жерлеріңді қытықтап, суық ызғармен денеңнің нәзік талшықтарын қозғалтады. Осындайда әшейінде ұяты келмейтін екеудің бетінің оттары үдей түседі. Қос беттері нарттай қызарып, аяз сүйген жүздері қызара қалады. Көптен бері балық аулауды үйреншікті әдеттеріне айналдырған екеуі жел өтінен өтіп көл жағасына тақады. Жаға маңында арқадан соққан желге ық болар кішкене ойыққа жайғасты. Айналаны меңдеген өлі тыныштықты бірінің сананы селк еткізер сауалы бұзды.

– Естисің бе, көлдегі балықтардың суды қалай шалпылдатып, еркін көсіле жүзіп жүрген дыбысын?

– Иә, балықтың жүзген дыбысы мен су ағысы өзара әдемі үйлесімді дыбыс беріп тұр.

– Біраздан бері құлақ үйренген осы дыбыс кейде түсімде өзіне шақыратынды шығарды.

– Бұл түсің сенің көптен бері өмірдің жай ағысымен жүзіп, тыныш дауылсыз, самарқау тіршілік кешіп жүрген дәуреніңнің өзгерер шағы келді дегенді меңзейтін шығар, бәлкім!?

– Ол да болуы мүмкін. Бәрін өзгерткім-ақ келеді. Қанша тырыссам да, қолымнан түк келер емес. Құдды бір ғалымның тәжірибесіне пайдаланған жыланы секілдімін.

– Қайдағы жылан, қайдағы тәжірибе жайлы айтып кеттің?

– Білесің бе, бірде футуролог Жак Фреско жылан мен тышқанды бір жәшікке қамап ортасын әйнекпен бөліп қояды. Осылай біраз уақыт эксперимент жүргізеді. Ашыққан жылан тышқанды жұтпақ болады. Бірақ, әйнекке соғылып қалады. Бауырымен жорғалаушы жыртқыш бұл әрекетін 12-13 рет қайталайды. Одан кейін тышқанға мән бермейді. Артынша зерттеуші ортадағы әйнекті алып тастайды. Десе де, жылан жемтікті жұтуға мүлдем талпынбаған екен. Себебі, жыланның миында қайта-қайта қайталанған сәтсіздектен үрей пайда болған.

Адам баласы да мақсатына «жетем» деп ұмтылған сайын дауыл соғып құлатып кете беретін болса, алға қарай жүруге жасқанатын болады. Мен де сол жылан секілдімін. Бұрын ұмтылған жетістіктерім көз алдымда тұрса да, қайта ұмтылсам бәрі бекер болатындай көрініп тұрады. Бір айырмашылығы, мені ғалым емес, «өмір академиясы» сынақтан өткізіп жатыр.

– Демек, қайта-қайта бір істі қолға алып, ол орындалмаса адамның беті қайтып қалады демексің бе

– Ол да бар. Оған қоса елемеу де, селқостық таныту да адамның сағын сындырады. Бір ғұлама «адамды құртқың келсе, оның жасаған барлық әрекетін елеме» деген екен.

– ...Тыныш, сен-ақ бірдеңе айтсаң тоқтамай кетеді екенсің. Қармақты түрткен балықты шошыттың.

Осы сәтте оның жанарынан жылт еткен тамшы үзіліп түсті. «Досым» деп пәлсапалық ойларын ақтарып, шер тарқатып отырған жолдасы оның жанарынан аққан үміт отын байқамады. Байқауға да тырыспады.

Елемеу мен ен далада еріксіз езілуге ерік берген жаралы жан, әне, ызғырық желмен жарыса жүгіріп келеді. Бұл жолы жаңа өмірге ұмтылып жүгіріп келе жатқан жоқ. Ештеңені байқамайтын қоғамнан, адамдардан қашып барады...

Шапағат Сердәліқызы

Abai.kz

 

6 пікір