Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Деп жатыр 7093 58 пікір 6 Желтоқсан, 2017 сағат 08:26

Бағы қайтқан ел патшасының аяғынан шалады

Мен анамын. Алты бала тәрбиелеп өсіріп отырмын. Ұрпағымды, әулетімді ойлайтыным шындық. Еліме, атажұртыма сол ұрпақ қамы үшін оралдым. Мен Отанның қаншалықты ыстық екенін ерекше сезінемін. Қазір Қарағанды облысында тұрғылықты халықтан ешбір кем емес тіршілік етіп жатырмын. Өзім де, күйеуім де өнер саласында. Екеуіміз де өнер қайраткеріміз. Жолдасым Ерлан Бақтыгереев таяуда ғана еліміз көлеміндегі сараптаудан өткен «100 жаңа есім» жобасы бойынша жеңімпаздар қатарына кірді. Мұның бәрі Алланың берген бағы, тәуелсіздігіміздің арқасы деп білемін.  Мен не үшін қуанамын. Қазақ елінің елдігіне, тәуелсіздігіне қуанамын. Яғи қазақтың бейбіт, шат-шадыман тірлігіне қуанамын. «Мың» өлген қазақ енді өлмесе екен деп Алладан  тілеймін.

Халқымыз ғасырлар бойы неге мың өліп, мың тірілді, өлтірген дұшпандарымыз кімдер болды екен деген сауал сонау бала күнімізде Жұбан ағамыздың өлеңін жаттаған кезден мазалайтын. Енді міне, сол сауалдың жауабын түсінетін жасқа келіппін. Азды-көпті оқыдым, тарихтан да хабардармын.

Мың-мыңдаған жылдық тарихы бар қазақ деген халықты ешкім сырттан келіп жауламапты.  Көбінде өзіміз себепші болыппыз. Өз ішімізде алауыздық, көреалмастық, бақталастық өрши келе халық ішінен тозып, береке-бірліктен айырылған сәтте аңдыған жау алқымымыздан алғанын, құлына айналдырғанын тарихтан хабардар адамның бәрі де біледі деп ойлаймын. Мұны Елбасымызда ұдайы айтып келеді. Сол үшін өткенді естен шығармаудың, сабақ алудың маңызы зор.

Қазақ елінің ішінен бүлінуін, айрандай ұйыған береке-бірлігінен айырылуын көздеген іш пен сырттың жымысқы саясаты бүгінгі таңда белсенді жүріліп жатыр. Олар қарапайым халықты билікке қарсы қоюдың сан түрлі жолдарын қарастырып, өз пайдаларына жаратуда. Тіпті, Қазақ елім, жерім, халқым деп тынымсыз еңбек етіп жүрген Елбасына жала жабудың неше түрін ойлап тапқан. Егер осылардың айтып жүргені жала емес шындық болса, дәлелдей алса, қазақ айтады ғой «мұрнымды кесіп беруге» дайынмын. Бұлай жасап жүрген арандатушылар ертең бәрін бүлдіреді. Халықты билікке қарсы қою арқылы Қазақты елдігінен, тәуелсіздігінен айырады. Бір-ақ күнде бұрынғы кебімізді киіп, басқаның боданы, құлы болып шыға келеміз. Елді бүлдірген алауыздық жасаған топ, жалғыз-жарым адам дұшпандарымыздан сый-сыяпат алады да, түк білмегендей алшаң басып жүре береді. Бар ауыртпалық, қиындық қайтадан қарапайым халықтың басына түседі. Қазақ  осылайша қайта өлмеуі керек. Түптің түбінде түбімізге жететін алауыздық, көралмаушылық, бақталастықтың тамырына балта шауып, бір жолата құртып алмасақ, қазақ ел болып, тәуелсіздігімізді сақтап тұра алмаймыз. Біздің осылай тұра алауымызды армандағандар  қолайлы сәтті асыға күтіп отыр. Егер ішімізде алауыздық, көралмаушылық, бақталастық жоқ болса қазақ еліне, халқына тісі бататын жау жоқ. Елбасының «Мәңгілік Ел» саясаты сонда ғана жүзеге асады. Сол үшін бәрін парасаттылықпен ой елегінен өткізейік, түсінейік. Елбасына жабылған жалаға талдап отырып жауап беруге болады деп ойлаймын. Мұны Президент әкімшілігінен бастап қолға алу керек. Шын дүниелер болса, шешімін тауып реттеу керек, егер жала болса жалақорларды ауыздықтайтын кез жетті деп ойлаймын.

Адамдар не үшін алауыздық, көралмаушылық, бақталастыққа барады, елді неге бүлдіреді? Турасын айтқанда бағы қайтқан ел патшасының аяғынан шалады. Бәлкім құранды, хадистерді менен солар көп оқығандар болар. Хадистерде патшасын жамандаған адамға жаназа шығарылмайды деп жазылғанын олар білмей ме? Сондай ауыр күнә жасағандары үшін олар оңбауы тиіс. Керісінше халыққа, ұрпаққа береке-бірліктің, ізгіліктің ізін қалдырса, қандай тамаша.

Осы орайда тағы бір айта кететін жай; жымысқы, арандатушы топтар өздерінің саясатына шеттен келген ағайындарды көбірек тартқысы, пайдаланғысы келетіні байқалуда. Мәселен бірер жылдың алдында жоғарыда айтқанымыздай  Елбасына жала жапқан түсірілім ел арасына таралды. Түсірілімде «Кеше бізді оралман деп шеттеттіңдер, енді бүгін оралманнан өзіңнің күнің төмен болды. Қытайға жерді саттың, енді қатыныңды, қызыңды сат... Атырауға 10 млн. қытай кіріп алды, олар аз жылда 40-50 млн болады» деп билікті қорлап, құдайға тапсырып жазған еді. Мен бұл таспаны қай оралман, кімдер дайындағанын қанша іздесем де таппадым. Қысқасы оралмандар еместігіне көзім жетті. Өйткені оралмандар Қазақ елі қарашаңырағына ақыл айтайын деп келген жоқ. Елді бүлдірейін, халықты аздырайын, ішінен тоздырайын деп те келген жоқ. Керісінше береке-бірлікте болып, еліміздің өркеніне үлесімізді қосайық, тәуелсіз мемлекетіміздің жамалмаған жыртық тесігін жамасайық, қысқасы отанымыздың бір кірпіші болып қаланайық деп келді.  Сол үшін ақ тілек хатын жолдап, атажұртына шақырған, қанатының астына алған Елбасына, Мемлекетімізге, «Нұр Отан» партиясына әрбір оралман разы екенін мен жиын топтарда үнемі айтып жүрмін, қайталап айтайын.

Мен Елбасы саясатын  жақсы түсінемін.Осы тақырыпта жазу үшін біраз ізденіс жасадым. Елімізде Қытайға бір шаршы метр жер сатылмаған. Ал елімізді дамыту, халықтың тіршілігін жақсарту үшін игерілмей жатқан жерлерді шетелдік компанияларға жалға беріп, оларға өндіріс, зауыттар салдырып, қала тұрғызып жатыр.  Бұл обьектілердің бәрі 20-30 жылдан соң халықтың игілігіне қалады. Еліміздің заңы солай. Шартта да солай көрсетілген. Шетел компанияларына жалға берілген жерледі тек облыс, аудан әкімдері тұрғылықты халықпен ақылдаса отырып, өздеріне пайдалы болған жағдайда ғана шешеді екен. Бұл шешім мемлекетіміздің, Қазақ елінің қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі тиіс екеніне де көзім жетті. Егер тиімсіз болса Елбасы тыйым салуына болады екен.

Жалпы бұл күндері сауатты, өркениетті Қазақстан халқы ақ пен қараны айыра алады. Енді береке-бірлікті бұзған алауыздық, көралмаушылық, бақталастықты қоздырушыларға жол бермейді.

Алайда өмір тіршілікті өшіре салу оңай, ал 26 жылда жеткен 200 жылға татитын өркениетіміз, бүгінгі жеткен жетістігіміз халық бізге қымбат. Бастысы тәуелсіздігімізден айырылмауымыз қажет. Айырылсақ, қайтадан жеке ел, тәуелсіз мемлекет бола алмаймыз. Жаһанданудың құрдымына батып кетеміз. Сондықтан алаяқтар  елдің тәуелсіздігімен ойнамауы керек, біз ойнатпауымыз керек.  Ойнатпау үшін ойлануымыз керек.

Әрине, біз парасатты халықпыз, ақылды халықпыз. Елбасы, Мемлекет, билік ғана емес, қарапайым халықтың ортасында жүрген зиялы азаматтар да  ойлана, сөзден нақты іске көше бастады. Мәселен жаңадан құрылған «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігі таяуда алғашқы құрылтайын өткізіп, осы бір өткір мәселені шешудің жолдарын талқылады. Құрылтайға қатысқан 300-дей қауым ақылдаса келе, ұлтымыздың ұюына кедергі келтіретін алауыздық, көралмастық, бақталастықтың тамырына балта шабуды үндеген «Қазақ елім мәңгі жасасын» атты үндеу қабылдады. Құрылтай өкілі ретінде мен бұл үндеуді уақытын тапқан шара деп көріп, шын ниетіммен қолдадым. Әрбір адамға тек жақсылық қана әкеледі, пайдасы зор болады. Сол үшін осы бір жаман қасиетті қайтеміз деп талқыға салу емес, бұдан ада-гүде безуіміз қажет. Ең бергісі отбасына, ағайын-туыс арасына тыныштық орнайды.

Тәуеліздігімізді қорғауға, Қазақ елін «Мәңгілік ел» етуге бәріміз атсалысайық.

Меруеш Башайқызы, ҚР мәдениет, өнер қайраткері

Abai.kz

 

58 пікір