Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3671 0 пікір 27 Қыркүйек, 2017 сағат 12:23

"Тіл шебері - 2017" байқауының қорытындысы жария болды

Астанада "Тіл шебері - 2017" атты республикалық байқауы өтті, деп хабарлайды "Abai.kz" ақпараттық порталы. 
Аталған іс-шараны өткізуге мұрындық болған ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш.Шаяхетов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында "Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды" деген болатын. Яғни, рухани жаңғырудың негізі тілден басталады десек, "Тіл шебері-2017" байқауы қазақстандықтар арасында патриоттық сезімнің қалыптасуына үлкен рөл атқаратыны анық.

«Тіл шебері-2017» дәстүрлі байқауы үш тілді жетік меңгерген, жан-жақты білімді әм өз саласының кәсіби маманы деп саналатын үздік жастарға қолдау көрсету мақсатында жүзеге асып келеді.

Анығында кез келген мемлекеттік қызметші тілге шешен, сөзге жатық болуы шарт. Коммуникациялық қызмет өкілдері үшін бұл қағида әсіресе маңызды.

Сондықтан Ербол Тілешов мырза тізгінін ұстап отырған Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мұндай шараларды жиі ұйымдастырып келеді.

Айта кетейік, биылғы сайыста 21 мен 29 жас аралығындағы 18 үміткер өзара бақ сынады.

Байқау шартына сай қатысушылар «Тұсаукесер», «Ұлттаным», «Өнертаным» бөлімдері бойынша бақ сынады. Басты ұстаным- олардың үш тілді меңгеру деңгейі мен тілдік норманы сақтауы, орфографиялық және орфоэпиялық сауаттылықтарына көңіл аударылды. Соның ішінде мемлекеттік тілді жетік білуі қазылар алқасының назарында болды.

Жарыс қорытындысы бойынша  ҚР Жоғарғы Сотының маманы Арыстанбеков Нұрдәулет  бас жүлдені қанжығасына байлады (350 мың теңге). Ал бірінші орын - ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицері Әбдіраманова Гүлжайнаның (200 мың теңге) үлесіне тисе, екінші орынды ҚР Ұлттық банкінің бас маманы Өскенбаева Әйгерім еншіледі(150 мың теңгені).

Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшысы Мұхаметбек Бақжан үшінші орынды және 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықты қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, ҚР Әділет министрлігінің сарапшысы Қуанышбек Шынар мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Персоналды басқару және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Әбілтаев Ғабит 50 мың теңге ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Айта кетейік, аталған сайыс дәстүрлі түрде  ұйымдастырылып тұрады.

Abai.kz

 

0 пікір