Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 5383 7 пікір 4 Желтоқсан, 2017 сағат 11:17

Аққұм ауылының тұрғындары жерсіз қалды...

ОҚО, Төлеби ауданына қарасты Аққұм ауылдық округінің 100-ден астам үй басы кезінде Өндірістік Кооперативке қосқан жерлерін таппай отыр. Осы ауылдың тұрғындары 2004 жылдан бері кооператив төрағасы деп танып келген Дос Ескендір биылғы 2017 жылғы жиналыстарда берген түсінігі бойынша өзінің басқаруында бар болғаны 25 мүшенің жер үлестері қалғанын айтып елді таң қалдырды.

Ауылдағы ағайынның еншісіндегі жер үлестерін иемденіп кеткендер кім екенін білмей ел дағдарып отыр.

Жасыратыны жоқ, Кеңестер Үкіметі құлағаннан кейін ауыл-шаруашылық саласы тұралап қалды. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін 1996 жылы Аққұм ауылдық округінің үй басына, нақтырақ айтсақ, сол кезде ұжымға еңбегі сіңген тұлғаларға ауыл шаруашылығына қатысты жер үлестерін бөліп берген болатын. Яғни, жер еміп, терін топыраққа төккен жұмыскерлер мен осы ауылға еңбегін сіңіріп жүрген әрбір ауыл тұрғындары ауыл шаруашылық жерлерінен тиісті үлестерін алған болатын. Олардың ішінде мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне 1,5 гектардан тисе, зейнетке шыққан ұжым жұмысшыларына 6,5 гектардан, ал ұжымның жұмысынан бас алмай қызмет еткендерге тиесілі үлестері 12 гектар, кейбірі 24 гектарға дейін ауыл шаруашылық жер үлестерін алған болатын. Барлық жоғы 2700 гектар жер халыққа бөліп берілген. Сөйтіп тиісті куәліктерін қолдарына ұстатқан да. Алайда, ұзаққа бармай сол кездегі ауыл атқамінерлері халықтың қолындағы үлестік жер куәліктерін қайтадан жинап алған. Сондағы айтқан сылтаулары «Қайтадан бір ұжымға бірігеміз, сондықтан қағаздарыңыз конторда тұру керек мыс» деп түсіндіріпті. Осыдан кейін «Амангелді» деген атаумен жұмыс істеуді бастаған ұжымның жері белгісіз себептермен жыл сайын кеми береді.

Мұндағы халық өз үлестеріндегі жердің ризығын толық көрмей келеді. Ел экономикасы шатқаяқтап тұрған жылдарда 1996-2003 жылдар аралығында халық жердің ешқандай өнімін көре елмады. 2004 жылдардан кейін бірнеше қап бидай, малға азықтық жем өнімдерін ала бастағанда іштері жылып қалғанды. Алайда қуаныштары ұзаққа бармай біртіндеп «мүшелікте жоқсыз, жеріңіздің қайда кеткенін біз білмейміз» деген жауап алып, я жерсіз, я бидайсыз қалған ауылдағы ағайындар көбейе бастады.

Көп сұрақтың жауабын іздегендер Төраға Дос Ескендірдің тиянақсыз жауаптарынан тығырыққа тіреліп, қолдарында түпнұсқа құжаттары болмағандықтан, ізденуге жол таба алмай жүрді. Десе де ел ішінде көзі қарақты, заңға сауатты тұлғалар бас көтеріп, халықтың жерін іздеуге кіріскен болатын.

Анықталғанындай, 1996 жылы құрылған «Амангелді» ұжымы 2004 жылы ұшты-күйлі жоғалып, оның еншісіндегі ауыл-шаруаршылық жерлері жаңадан құрылған «Момынай 2030» өндірістің кооперативінің иелігіне өткен екен. Алайда, «Момынай 2030» ӨК қағаз жүзінде тек 185 гектар жерді рәсімдеген, қалған 2525 гектар жердің құжаты қайда кеткені белгісіз. Дегенмен елдің көз алдында жыл сайын бұл жерлерді де «Момынай 2030» ӨК игеріп отырғанын жасыру мүмкін емес. Оның үстіне «Момынай 2030» ӨК мүшелерінің негізгі құжаттары «Амангелді» ұжымы деп бөлінген куәліктер болып табылады. Оған қоса «Момынай 2030» ӨК төрағасы болып келген Дос Ескендірдің қолында тізімінде болмаса да «Амангелді» ұжымының басқа да куәлік қағаздары тұр. Бұл туралы ауыл тұрғындары да, Дос Ескендірдің өзі де жасырған емес. Сөйтсе дағы өзінің үлестік жерін сұрағандарға «Қағазы бар, жері жоқ» деген жауабынан Дос Ескендір танбай келеді.

Бүгінгі таңда ұйымдастыру тобының зерттеуімен анықталған тағы бір факт - Дос Ескендірдің де «Момынай 2030» ӨК төрағасы болып заңсыз сайланғаны. Ұйымдастыру тобы Төлеби ауданының Әділет басқармасына тіркелген хаттамаларының барлығы дерлік заңға қайшы жасалғанын, онымен қоса, ««Амангелді» ұжымына тиесілі болған ауыл шаруашылық жерлердің құжаттарын амалын тауып өзінің басқаруындағы басқа «СауыршыАгро» деп аталатын кәсіпорнына аударып келген» деген күмәндарын жайып салды.

Күмәнді сұрақтарға жауап іздегендер ұнамаса керек, ұйымдастыру тобындағы бірталай мүшелерді Дос Ескендірдің ұзақ ойланбастан, әдеттегідей, ешқандай негізсіз мүшеліктен шығарып жібереді. Осылайша ол кезекті, жиналыссыз жасалған, 2017 жылдың 11-шілдедегі күмәнді хаттамасын Төлеби ауданынан жыраққа Қазығұрт ауданының Әділет басқармасына апарып тіркейді. Неден шошығаны белгісіз ӨК-тің заңды мекен-жайын да Қазғұрт ауданына ауыстырады. 100-теңгелік пай үлесімен Қазғұрт ауданынының 32 тұлғасын кооператив мүшелері етіп тіркеп қояды. Ақылға сыймайтыны ӨК мүшесі болуға «100 теңгенің» жеткілікті болғаны және ӨК-ке бірнеше гектар ауыл шаруаршылық жерлерімен кіріп отырған мүшелердің де үлестік пайын «100 теңге» деп көрсеткені. Бұл дегеніңіз ашықтан ашық тонау емей немене!

Ұйымдастыру тобы 2017 жылдың көктемінен көптеген сұрақтарға жауап іздеп, Дос Ескендірдің талай былығының бетін ашты десе де болады.

Біріншіден 2004 жылы құрылған  «Момынай 2030» ӨК төрағасы болып ауыл халқына қарапайым тракторшы ретінде ғана белгілі 1971 жылғы Бердібаев Асаның тіркелгені таң қалдырды. Бердібаев Асан 2015 жылдың көктемінде өз өзіне қол салумен көз жұмғаны анықталды. Ал осы ұжымда еңбек еткен Асанның әкесі Сейітнәбидің сөзінен ұлының ешқандай төрағалық жұмыстар атқармағанын білдік. 2014 жылы ӨК жұмысына құзырлы мекемелер тарапынан тексерулер жүргізілген, дәл осы жылы үш рет хаттамалар түзіліп, нәтижесінде Дос Ескендір төраға болып сайланып, Төлеби аудандық Әділет басқармасына тіркелген. Бұрын соңды мүшелікте болмаған Дос Ескендірдің заңды аттап өтіп, қалайша «Момынай 2030» ӨК төрағасы болғаны белгісіз. Дос Ескендірдің хаттамаларында қарама-қайшылықтар толып жатыр. Мысалы ол 2014 жылдың 13-тамызында тіркелген алғашқы хаттамасында бірден Төраға болып сайланады да, екінші  2014 жылдың 15-тамызындағы хаттамамен мүшелердің пай үлестерін сатуды рәсімдейді. Мұнда «ӨК туралы» Заң бойынша «ӨК-тің кезектен тыс жиналыстары кемі 20 күннен кейін болуға тиіс» деген талап мүлде сақталмай отыр. Осы 2014 жылы 30-қазандағы хаттамасымен Дос Ескендір мүшелікке енеді. Яғни алдымен Төраға болады екен дағы, одан кейін мүшелікке кіреді – бұл толығымен заңға қайшы әрекет. Бұдан өзге «үлестерін сатты» деп хаттамада көрсетілген мүшелер бұл келісімнің заңды болғанын жоққа шығарды. Олар 10 жылдық дивидентті ақшалай алуға келіскенін, ал жер үлестерін сатпағандарын жеткізді.

Дегенмен, іс жүзінде 2004 жылдан бері «Момынай 2030» ӨК Төрағасы болып келген Дос Ескендір бүгінгі таңға дейін мүшелердің басын қосып, жиналыс жасаған емес. Бұрынғы «Амангелді» ұжымы жоспарды артығымен орындап, өнімін Үкіметке өткізіп, қалғанының өзіне халық тойынып жататын. Картоп, сәбіз, қызанақ дегендерің қазан болғанда масақ терген жұрттық көбі «қарқ» боп қалушы еді. Бүгінде сол берекелі ұжымнан ештеңе қалмағандай. Жұмыссыз сандалған халық кедейшіліктен көз ашпауда. Үкіметтің бөліп берген жер үлесін тиімді пайдаланатын болсақ, мұншама экономикалық құлдырауға ұшырамас едік. Бар мәселе көз алдымыздағы жерді тиімді пайдалана алмай отырғанымызда және Дос Ескендір сияқты басшылардың ел ризығын арттырудың орнына барды жоқ қып отырған бейғамдығында деп білеміз.

2017 жылдың 2-шілдесінде   «Момынай 2030» ӨК мүшелері бас қосып, жаңа басшы сайлаған. Алайда, Дос Ескендір бұл жиналыстың шешімін мойындағысы келмеді және тиісті құжаттарды жаңа басшыға беруден бас тартқан болатын. Тараптардың мүддесін келесі кезекте Облыстық экономикалық сот шешпекші. Соттың хабары жеткесін Дос Ескендір мүшелерге аяқ асты бір күн қалғанда хабар беріп, 2017 жылдың 26-қарашасында кезектен тыс жиналыс өткізді. Күн тәртібіне ӨК мүшелерінің алдында есеп беруді қойғанымен оның берген есебіне халық қанағаттанған жоқ. Жиналыстың соңы әдеттегідей дау-жанжалға ұласты. Жер үлестерін сатты деген мүшелер мен сатып алушы Дос Ескендірдің арасында түсініспеушілік пайда болды. Жоғалған жер үлестерін іздеген басқа да мүшелер Дос Ескендірді сұрақтың астына алғанымен ешбіріне тұшымды жауап бере алмады. Ал қазығұрттық 32 мүше мен «100 теңгелік» пай үлесіне қатысты берген түсінігі хаттамадағы мәліметтеріне қайшы келіп, дауды одан әрі ушықтыра түсті.

Ендігі кезекте елдің бар үміті Облыстық мамандандырылған экономикалық сотта болып отыр. Соттың әділ өтіп, кооперативтегі елдің жері халықтың ризығына қызмет етсе деген үкілі үміттері бар.

Шындығында, бүгінгі таңда Елбасының ұстанып отырған саясаты бойынша көптеген бағдарламалар іске қосылып, ел іші жердің игілігін көріп келеді. Ауыл шаруашылық саласын дамытудағы Үкіметтің қолға алған игі шараларынан «Момынай 2030» ӨК-нің мүшелері де шет қалғысы келмейді. Сол себепті жер дауының ертерек шешіліп, кооперативтің басшылығына жер үлестерін кемітетін емес, елдің несібесін еселеп көбейтетін тұлғаның келгенін қалайды.

Айша Арыстанқызы

ОҚО, Төлеби ауданы, Момынай ауылының тумасы

Abai.kz

7 пікір