Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
4156 0 пікір 1 Желтоқсан, 2018 сағат 03:23

Астана – Тәуелсіздік тірегі

Бұрынғы Ақмола – бүгінгі Астана тарихындағы айтулы күннің бірі 1997 жылдың 10 желтоқсаны болғаны айқын. Бұл күні шынымен де ақ түйенің қарыны жарылғандай оқиғаға куә болған едік. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың елдіктің келешегіне жасаған тарихи шешімі, яғни, мемлекеттің бас қаласын Астанаға көшіру туралы бастамасы дәл осы күннен бастап ресми жағдайда жүзеге аса бастады. Қазақстанның Мемлекеттік туы, Елтаңбасы, Президент  штандарты жаңа астанаға әкелінді.

Осы сәттен бастап қала тұрғындары үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін тарихтың жаңа беті ашылды. Сарыарқаның сары аязы шытынап тұрса да, қаланың орталық алаңына жиналған ел-жұрттың жүзінен қуаныштың лебін сезіндік. Алаң ортасында  орнатылған ақшаңқай   мінбердің айналасына қаланың тұс-тұсынан әжелер мен аталар, жастар мен балалар ағылып келіп жатты…

Тұңғыш Президенттің сол кездегі ордасынан, яғни, бүгінгі елорда әкімдігі ғимаратынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған Парламент және Үкімет басшылары, жаңа елорданың тұңғыш әкімі Әділбек Жақсыбеков  мінберге көтерілді. Аяз буып тұрғанымен, жандары марқайып тұрған жұрт ду-ду шапалаққа бас­ты. Жүзінен  ақжолтай қуаныш, асқақ айбын сезілген Елбасы қалың қауымға қайта-қайта қол бұлғап, қолдаушы жұртына ризашылық көңіл-күйін білдірді. Осы бір сәтте Республикалық ұланның оркестрі асқақ әуенді бастап жіберді. Ер тұлғалы жауынгер көк байрақты желбіретіп шықты. Оның соңынан қос сарбаз Елтаңбаны көтеріп келді. Президент Штандарты да сенімді қолда. Елдіктің осы үш символын ұстаған айбынды сарбаздар алаңның дәл ортасына жетіп тоқтаған сәтте Әнұранымыз  жас Астана аспанында асқақтап сала берді. Жүрек тұсына қолын қойып толқыған жұрт, әсем саз тоқтасымен дүркіндетіп қол соқты.

Нұрсұлтан Назарбаев осы бір тарихи сәттің үстінде елжіреп сөйледі. Осы сәттен бастап тәуелсіз Қазақстанның астанасы ресми түрде осы қала болатынын жария етті. Бұл күнді тағатсыз күткен біз болсақ, аяздың қарығанын елемей-ақ қолды соғып жатырмыз. Жаныма ертіп алған кішкентай ұлым да күннің райын елемейтін секілді. Кіп-кішкентай жүрегі туған елінде ақжолтай оқиғаның болып жатқанын сезді ме екен, елден қалмай шапалақтайды.

Осы салтанат барысында есте қалған бір көрініс ақмолалық ақсақалдардың Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына жаңа астананың символдық кілтін табыс етті. Соғыс пен еңбектің бейнеті мен зейнетін қатар көрген Мұқат Мейірманов пен Нұрғожа Оразов бастаған бір топ қариялар Есіл жағасындағы елордаға айналған қаланың қазығын қаққан Елбасыға ақжолтай батасын берді. Сәтімен, салтымен, салтанатымен жасалған осы шараға шын көңілден риза болып тарастық.

Екі ғасырдың тоғысында орын алған қиындықтарға қарамастан мемлекеттің жаңа астанасын айқындаған Қазақстанға сол кезде бүкіл әлем қауымдастығы түрлі қөзқараспен қарағаны жасырын емес. Ол түгілі өзіміздің ел ішінде бұл шешімге күдік пен алаңдаушылық білдіргендер аз болған жоқ.    Бірақ  жас мемлекеттің кемел келешегі, ұлттың баянды болашағы үшін осындай қадам жасауға Елбасының көрегендігі, батылдығы, тәуекелділігі айқарма жол ашты.

Құдайға шүкір, кезінде біреуге жалған болған, біреуге арман болған Астана бүгінгі таңда халықаралық қауымдастық таныған, мойындаған қалаға айналды. Елбасымыздың асқақ мақсаты орындалды. Астанамыз жыл өткен сайын сәулеті мен дәулеті өркендеп, барша қазақстандықтардың бас ордасы болды. Сондықтан да біз бүгін Қазақстанның дамуына серпін берген жаңа елордамыздың авторына ризашылық сезіммен  «Астана – Елбасының ерлігі» деп айтамыз. Ел үшін де, Елбасы үшін де, Елорда үшін де марқайып жүретін болдық.

Олай болса, Тәуелсіздіктің тірегі болған арман қала – Астана, байтақ қала – Астана, асқақтай бер, демекпіз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Abai.kz

0 пікір