Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3996 0 пікір 28 Қараша, 2017 сағат 02:14

Астанада «3D-протездеу технологиялары» атты шара өтті

Астана қаласы жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасында бүгін «3D-протездеу технологиялары» тақырыбына арналған шара өтті деп хабарлайды Абай ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында келушілер назарына 3D-протездеу технологиясы туралы бейнеролик көрсетіліп, жаңа әдістің мүмкіншіліктері мен ерекшеліктері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Шараға медициналы-әлеуметтік сараптама мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, протезге мұқтаж мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.

Бүгінгі таңда ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен жасалған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асырудың аясында протезді-ортопедиялық көмекті көрсетумен Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы айналысады. Бұл тұрғыда орталық протезді-ортопедиялық бұйымдарды жаңа технологиялар бойынша әзірлеу жұмыстарын да қолға алыпты. Ағымдағы жылдың тамыз айында жаңа әдіс бойынша елімізде алғаш рет аяққа арналған протез жасалған екен.

«Тамызда біз алматылық жас жігіт үшін жаңа технология бойынша протез дайындадық. Біз оған жаңа сирақ протезін жасадық. 3D-технологиясы бойынша жасалған протездің гильзасы, қондырмалы қабы мен косметикалық қаптамасы болады. Бұл – біздің республикадағы алғаш рет жасалған осындай протез», - деп мәлімдеді Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы Мыңжасар Шұғаипов.

Оның сөздеріне қарағанда, 3D-технологиясының арқасында протезді дайындауға кететін уақыт та, материал шығыны да үнемделсе керек.

«3D-технологиясы бойынша дайындалған гильза сынық бөлшегінің өлшемімен бірдей болады. Сол себепті, дәстүрлі әдіс бойынша протезді дайындау кезінде бірнеше рет жасалған киіп өлшеу, оны шақтау жұмыстары жаңа әдіс бойынша тек бір-ақ рет өткізіледі. Одан кейін протезді жинақтау шаралары басталады. Нақтырақ айтқанда, материалдың жұмсалуы, еңбек сыйымдылығы мен протезді дайындауға кететін уақыт та қысқарады», - деп түсіндірді Мыңжасар Шұғаипов.

«3D-протездеу технологиялары» тақырыбына арналған кездесулер бұдан дейін Алматы, Қарағанды, Тараз, Талдықорған және Шымкент қалаларында өткен болатын.

0 пікір