Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4040 2 пікір 29 Қараша, 2017 сағат 02:11

Астаналық тәртіп сақшылары 2 күнде 18 миллион теңгенің айыппұлын өндірді

Елорданың тәртіп сақшылары «Борышкер» жедел-алдын алу шарасы аясында жалпы сомасы 18 млн теңгеге 1 536 әкімшілік құқық бұзушылықты өндірді, деп хабарлайды Абай ақпарат агенттігі.

Қалада қарашаның 27 мен 30 аралығында «Борышкер-2017» жедел-алдын алу шарасы өткізіліп жатыр. Аталған шара әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулылардың орындалуы мен салынған айыппұлдың уақытылы төленуін қамтамасыз етуді көздейді.

Бүгінгі күні «Сергек» бейнекешені жүйесімен 7 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық айқындалды. Аталған акция басталғалы 2 281 әкімшілік айыппұл борышкері іріктеліп, айыппұлды төлеу қажеттігі туралы хабарлама алды.

«Жалпы сомасы 18 млн теңгеге жуық 1 536 әкімшілік құқық бұзушылықты айыппұлы өндірілді», - делінген қалалық ІІД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, елордалық полицейлер ағымдағы жылдың 10 айында 255 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Оның 196 860 әкімшілік іс бойынша қаулы негізінде 2,25 млрд теңге айыппұл салынды. Бүгінге дейін оның 1,1 млрд теңгесі өндірілді.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, айыппұл туралы ұйғарым алған көлік иесі қарызын бірнеше тәсілмен төлей алады. Атап айтқанда, екінші деңгейлі банктер мен «Қазпоштаның» есеп-касса бөлімдері немесе egov.kz порталы арқылы қолма-қол ақшасыз банк картасының көмегімен төлем жасай алады.

Abai.kz

2 пікір