Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4595 0 пікір 30 Қараша, 2017 сағат 02:07

Елордада ақын Ғали Ормановты еске алу кеші өтті

"Жастар" театрында ақын, публицист, ағартушы Ғали Ормановтың 110 жылдығына арналған "Ғали ғибраты" әдеби-музыкалық еске алу кеші болып өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Іс-шараны  "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Астана қалалық білім басқармасы мен № 7 Ғали Орманов атындағы мектеп ұйымдастырды.

"Бүгін біз үшін ерекше күн, ақынның барлық шығармасы мен жұмыстарын  жылдар бойы осы мектепке жинап топтастырдық. Біз 120 адам шақырдық, олардың арасында Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері және мұғалімдер мен оқушылар, журналистер бар", - дейді № 7 мектеп-гимназияның директоры Жанат Аитова.

Театр холында публицистің барлық еңбектері қойылды. Көрмені Ғали Ормановтың қызы Жамиға Орманованың өзі ашты. Басты мақсаты - көпшілікті ақынның шығармашылығы мен өмірін таныстыру, қазақ поэзиясын дамытуға қосқан ерекше үлесін насихаттау.

"Ең бастысы әке атына кір келтірмей, абыроймен өмір сүру керек. Ол өте адал адам еді. Өз ар-ұятынан аттап басып, өзі туралы жар салуға құлшынбайтын қарапайым еді", - деп еске алады ағартушының қызы Жамиға Орманова.

Кеш концертке ұласып, келген қонақтарға мерекелік бағдарлама ұсынылды. Сахнада Бейбіт Қорған, Астана қалалық әкімдігінің "Сарыарқа" халық аспаптар ансамблі, "Наз" би ансамблі және басқа да танымал орындаушылар өнер көрсетті.

Публицистің ең алғашқы кітабы 1934 жылы жарық көрді. Содан бері жазушының  жиырмаға жуық өлең жинағы, очерк, әңгімелері басылды. Оның арасында "Шеңбер", "Шәуілдір", "Буксир", "Олжабек", "Құрбылар құпиясы", "Ана", "Өмір дастаны", "Ой көзімен", "Жүрек - тау", "Отты өзен" және басқалары. 1950 және 1961 жылдары Ғали Ормановтың таңдаулы шығармалары жеке кітап болып басылып шықты.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

0 пікір