Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Аймақ 5581 0 пікір 14 Қараша, 2017 сағат 22:44

Исатай Исин: Ең басты энергия ол – адамның өзінің энергиясы

Астанада өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі әлем елдері алдында Қазақстанның мәртебесін асқақтатып қана қойған жоқ, еліміздегі көптеген саланың дамуына серпін бергені шындық. Әсіресе, энергетика саласындағылар үшін бұл көрменің пайдасы ұшан-теңіз болды. Осы орайда Abai.kz ақпараттық порталының Шығыс азақстан облысындағы тілшісі энергетик мамандарды дайындайтын бірден-бір оқу орны - Өскемен политехникалық колледжінің директоры Исатай Исинмен жолығып, әңгімелескен еді.

- «ЭКСПО» – Қазақстанның жоғары деңгейде өткізген ең жарқын жобасы болды. Осынау ауқымы кең жобаны абыроймен жүзеге асыруы Қазақстанның тек қана Орталық Азияда ғана емес, әлемдік кеңістікте де өзіндік орны бар мемлекет екендігін көрсетті, - дейді Өскемен политехникалық колледжінің директоры Исатай Салихұлы.

Бастауын сонау 1851 жылдан алатын халықаралық көрмені елімізде өткізу қазақстандықтарға не берді? Исатай Салихұлының айтуынша, көрменің мемлекетімізге де, жәй қарапайым халыққа да бергені өте көп. Бұл - инвестиция тартудың құралы. Бұл - энергияның баламалы көздерін енгізуді жемісті жүзеге асырып отырған әлемнің жетекші компанияларымен ынтымақтастық. Бұл – туризмді дамыту. Жалпы, бұл - елдің жағымды имиджін қалыптастыру. Сонымен қатар ол халықаралық көрменің жас ұрпаққа, оқушылар мен студенттерге бергені де ұшан-теңіз екенін айтады. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қаншама мыңдаған жас ұрпақтың кеудесіндегі үміт отын үрледі, таным көкжиегін кеңейтті, алдағы армандарға құлшындырды. Иә, оның нәтижесі әзірге көзге ұрып, көрініп тұрмағанымен, болашақта ол өз жемісін міндетті түрде беретініне сенім мол.

- Ең басты энергия ол – адамның өзінің энергиясы, - дейді колледж директоры.

«ЭКСПО» халықаралық көрмесіне Өскемен политехникалық колледжінен 150 студент барыпты. Оның ішінде 75 студент көрмені тегін тамашалау бақытына ие болған. Колледж директоры Исатай Салихұлының өзі де халықаралық көрмеге екі рет арнайы барған. Өйткені, көрме тақырыбы ол үшін өте өзекті. Ол басқарып отырған Өскемен политехникалық колледжі 65 жылдан астам уақыт бойы өңіріміздің энергетика саласы үшін мамандар даярлауды жүзеге асырып келе жатыр. Жыл сайын аталған колледжді 280-300-ге жуық түлек бітіріп, жаңа өмірге қанат қағады.

- Өздеріңіз білесіздер, біздің облысымызда энергетикалық сала өте жақсы дамыған. Өңірімізде үш бірдей ГЭС, екі үлкен ЖЭС бар. Ондағы мамандардың негізгі бөлігін біздің колледждің түлектері құрайды. Өскемен ГЭС-імен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Кәсіпорынмен арада дуальді оқыту бойынша арнайы меморандумға қол қойылған. Болашақ техник электрик мамандарымыз бірінші курстан бастап-ақ осы кәсіпорында тәжірибеден өтеді. Сынақ кезінде де комиссия құрамында ГЭС мамандары болады. Алдағы уақытта оқу орнында гибридті энергетика бойынша жаңа бір мамандыққа лицензия алуды ойластырып отырмыз, - дейді ол.

Исатай Салихұлы оның себебін де түсіндіріп берді. Өйткені, қазіргі күні әлемде дәстүрлі емес энергия көздерін пайдалану үлкен маңызға ие болып отыр. Әсіресе, күн, жел энергиясын өндіруге деген қызығушылық басым. Өйткені, бұл энергия көздері шығыны аз әрі экологиялық таза болуымен тартымды. Олай болса, біз де көштен қалмауымыз керек. Рас, қазіргі күні елімізде энергия тапшылығы айтарлықтай білініп отырған жоқ. Өйткені, жеріміздің қойнауы қазба байлықтарға өте бай. Бірақ сарқылмайтын байлық болмайды. Сол кезде сан соғып қалмау үшін баламалы энергия көздерін пайдалануды қолға алу қажет.

- Алдағы уақытта студенттерге берілетін курстық және дипломдық жұмыстардың мазмұнын қайта қарауды ойластырып отырмыз. Оған қандай да бір энергияның баламалы көздері туралы жұмыстарды енгізу де ойымызда бар,  -дейді директор.

Серік Секман

Өскемен

Abai.kz

0 пікір