Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 7617 0 пікір 14 Мамыр, 2009 сағат 07:15

Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай

 

 

(Эссе-элегия)
Соғыстың сұрапыл күндері елді титықтатып жатқан кез. 1943-жыл. Жаз айы.
Бүкіл Алтай төңірегін гастрольдік сапармен аралап қайтқан Жамал Омарованың көңілінде жан дүниесін толқытқан, ой,   бір шуақты әсерлер бар… әсерлер. Ол соған мәз. Алтайда нені көрді, неге сүйінді, оның бәр-бәрін өзінің көңілдестері мен әріптестеріне аңқылдаған ашық мінезімен жарқылдата ақтарып салған-ды.    Ол сапарды жай ғана сөзбен бейнелеп жеткізу еш мүмкін емес еді. Өзін көкке көтере қарсы алған облыс, аудан басшыларына, дуылдаса құшақ жайған ел-жұртқа, көшелі азаматтарға дән риза. Әр кездесуі, әр концерті… отырыстары көз алдынан кетер емес. Ғұмырында жан-жүрегін Алтайдай тербеген сұлу жерді көрмеген сияқты. Оның алтын шұғылалы таңы, жалқынданып батар қоңыр кеші, салқын самалды айлы түндері… хош иісті лала гүлдері, сылдыр қаққан тас бұлақ үні, көз жауын алған алуан түсті лағыл тастары… осының бәрін мақтаныш ете сөйлеген жандардың “Алтайдай жер қайда-ай!” деп желпіне әндеткенін қалай ұмытсын. Мұнда өзі білмейтін, өмірі естімеген халық әндеріне кезікті. Ескілікті әншілерді көп тыңдады. Алтай - тұнып жатқан ән қазынасы. Ертегі дүниесіндей көркем жерде мөлдір де сырлы, мұңды да сағынышты әндердің болмауы да еш мүмкін емес. Сондай әндердің бірі - “Жәмила” дейтін ән Жамалдың сырлы жүрегін жібек самалдай желпіді. (Осы жолдардың авторы Жамалды таң-тамаша қалдырған сол “Жәмила” әнін 1978-жылдың қараша айында қазақ радиосының фольклорлық экспедициясы сапарымен жүріп, Күршім ауданы “Қалғұтты” совхозында орта жастан асқан бір есепші кісіден магнитофонға жазып алған-ды. Ол өнерпаздар концерті бүгінде қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы тұр.) Құмарлық оты маздаған бір шырын әуез. Есіңді алған іңкәрлік. Тыңдай бергің келеді… тыңдай бергің. Отыз бірге енді толған толықсыған Жамал бұл әнді сол Күршімде алғаш тыңдаған сәтте-ақ бірден қағып алды. О, бұл таулы өлкенің жұмбақ сыры көп қойнау-қойнауында ықылым заманнан бері қаншама ән туындады дейсіз. Талай әндер өз орындаушыларымен бірге із-тұзсыз кетті. Бірден бірге жалғасқаны ғана өше қоймаған. Жамал өзін қолпаштаған қонақжай жұрттың ортасында ол әндердің бәріне зерделі көңілмен зейін салды. Тарихтың аумалы-төкпелі тайғақ кешулі бір аласапыран қиын кезеңдерінде сергелдеңге түскен ел ауық-ауық Алтайдан асып, Шығыс Түркістан өлкесіне ауғанда, не болмаса Шыңғыстай шатқалын өрлеп, жан баспаған жолдармен жан сауғалап, Баян - Өлгий аймағына жылыстағанда бір-бірінен ажырап қалған көгенкөз жұрт Алтайға өксікті көңілмен жаутаң-жаутаң қарап, “Енді сені көрем бе, алтын Алтай!” деп күрсіне егілгенде етектері жасқа толады екен. Жамал ондай аңсаулы, шерлі әндерге талай рет жанарынан жас домалатты. Мұнда көркем табиғат аясында туған ойнақы, жайсаң әндер де жетіп артылады.Сол әндермен көңілін көтерді. Бұл ел    отызыншы жылдардың орта кезінде Иса ақынның:
Ей, Алтайдың кен шығардым саласынан,
Биік құз, терең жар тас арасынан” деп Әсет әуезіне жазған жаңа сөзін Манарбек әншінің орындауында радиодан естіп, үйреніп алыпты. Сол шырайлы ән жұрттың аузында жүр. Жергілікті әншілер оны әуелетіп сондай биік шырқайды. Жамал соған таңғалумен болды. Сол кербез Алтай… Жамал оны ойша елестетіп, жаны жай таппай, толқыды да жүрді.
Иә, Жамал Алтайды бір ай бойы аралады. Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл… Асан Қайғы еміренген жаннат өңір. Қараңыз енді, Жамал дәл осы жерлерде туып, осы жерлерде өсіп,   осы жерлерсіз өмір сүре алмайтын жандай оны тәтті сезіммен елестете берді. Жамалдың жүрегі “Алтай… Алтай!” деп соқты.
“Алтай, деп ән шырқаңыз.” “ Кеудеңіз паң керілген кең дала ғой. Сол себепті әндеріңіз де дарқан. Үніңіз де біздің Алтайдай тым асқақ. Соны төмендете көрмеңізші! Тек өрлете беріңіз… Алтайдың асыл тастарындай жарқылдата беріңіз!” “Алтын Алтайға жолыңыз талай түседі, әлі, сол сапарыңызда “Алтай” деп ән шырқай келіңіз! Бұл сізге - аманат! Төсіңізге жарқыратып, Алтайдың алтын алқасын тағамыз!” О, мұндай мадақ сөзді ол көп естіді. Үлкеннен де, кішіден де. Осы сөздер жадынан шығар емес. Жамалдың қиялы шартарапқа самғады. “Аманат арқалап қайтыппын. Ән керек, алтын Алтайды ардақтайтын… Ән!” Жамалдың жүрегінде осындай бір тілек… үміт оты жылтылдады.
Жамал толғанысқа түсті. Мұндай беймаза қобалжуды ол талай рет бастан кешкен-ді. Осыдан үш жыл бұрын Советтік Қазақстанның жиырма жылдық тойы қарсаңында Латиф Хамидидің “Қазақстан”, “Отан” деген екі әні байтақ даланы хор үнімен жаңғыртып, зор қуатпен айтыла бастағанда Жамал осы екі әнге қатты қызықты. Қыз-келіншек әншілердің бірде-бірі бұл әндерге батпады. Тек Жамал ғана “ бұл әндер-менің әнім!” деді. Жамал осы екі әннің клавирін Хамидидің өзінен сұрады. Ол неге екені белгісіз, сырғытпалап, бұл тілегін аяқсыз қалдырды. Осыған қорынған өр мінез Жамал “Латеке, менің Брусиловскийім бар!” деп қыр көрсетті. Осы кезде ол Евгений Григорьевич Брусиловскийге “Хамидидің екі әнінен кем соқпайтын, тіпті, одан асып түсетін ән керек маған!” деп тұлданды. Олай ететін жөні де бар еді, ана бір жылдары Брусиловский екеуі біраз концерт берді. Брусиловский он саусағы ойнаған керемет пианист. Жамалдың кез- келген әнін жайнатады да жібереді. Ансамбльдің де, оркестрдің де қажеті жоқ. Ахмет Жұбанов екеуінің бұл одағын “Жамалдың филармониясы” дейді. Әншінің әншісін таңдайтын Брусиловский Жамалдың қуатты үніне ынтық. Ешбір әнші Жамалдай ритмге мықты емес. Брусиловский оның осы артықшылығына тәнті. Тіпті, бір жолы “Ер Тарғын” операсында Ақжүніс партиясын Күләшпен репетиция жасап отырып, шаршаған бір сәтінде “Күлеке, ритмге енді ғана түстіңіз. О, Жамалочканың ритміндей болды” деп екі алақанын шапақтай қуанған-ды. Сол Жамалочкасы… Жамал орындайтын халық әндерінің көбін фортепианоға өңдеген осы Брусиловский еді. “Бипыл”, Үкілі Ыбырайдың “Қараторғайы”, “Қамажай” әндерін екеуі қалай құйқылжытты дейсіз. Жамал Брусиловскийге тым етене, еркін. Оған күмәнсіз сенеді. Ретті жерінде өкпесі де, назы да, тәтулігі де өтеді. Өзімсініп, өктемдік те жасайды. Брусиловский оның “мужиковатый” мінезіне күледі де көнеді. Иә, бұлардың арасы солай да солай. Жамал рухы зор бір керемет әнді елестетіп, іштей ұмсына зарықты. Сондай бір ән өзге әншілерден жұлдызын ерекше биіктетіп, жарқыратса, шіркін! Жамал Брусиловскиймен бір отырыста осы ойын жеріне жеткізе ақтарып салды. Ол оны ыждағатпен тыңдады да. “Көрейік, Жамалочка” деді жай ғана. Жамал тағатсыз адам. Ауық- ауық телефон соғады. Брусиловский “бірдеңелерді түрте бастадым, Жамалочка” деп дәмелі сөз айтады. Жамал амалсыз күтеді. Брусиловский көп бөгелді. Көп ойланды. Жамалдың шыдамы таусылды. “Жаза алмаса неге жаза алмадым, деп айтпайды. Түлкі бұлаңға салуын!” Жамал күйіп-пісті. Брусиловский уақытқа зар. Тым жұмысбасты адам. Ол опера театрының бас көркемдік жетекшісі. Жаңа ұйымдасқан композиторлар Одағының бастығы. Шығармашылық жұмысы тағы бар. “Бір сөткеде жиырма төрт сағат болса, Брусиловский соның төрт-ақ сағатын ұйқыға бөледі” Бұл –гулеген жұрттың сөзі. Онысы рас та. Брусиловскийдің өзі болса “екі мың жылдай отансыз сандалған еврейдің бірімін мен. Мен өзге түгіл өзіме-өзім сенбеймін.Менің білетінім-тынымсыз тырбана бер… тырбана бер. Сорлы еврей сонда ғана өлмейсің!” деп ашық айтатыны бар. Ахмет Жұбанов оның осы сөзін дәйім үлгі ғып сөйлейді. Жамал Брусиловскийдің жай-күйін, күнделікті тірлік режімін білмейді емес, біледі. Бәрін түсінеді. Жамалдың көксеп жүргені ән. Брусиловскийге маза бермеді. Жоқ жерде телефон соғып, не қапияда кездесе қалып, дегбірін қашырды. Әбден ығыр болған Брусиловский “Мен- евреймін, менен қазақ әні шыға ма, Жамалочка?” деп сөзін қылжаққа айналдырып та көрді. Жамал да оның ар жағынан орағытып, “қазақтың “Қыз Жібек”, “Ер Тарғындай” операсын жазған еврей композиторға қазақтың бір әнін жазу сөз бе екен, тәйірі! Одан да сіз дәл қазір біздің үйге келіңіз. Өзіңіз сүйетін өзібектің шашпа палауы буы бұрқырап дайын тұр. Өзібектің көк шайын ішіп гәплесеміз, Евгений Григорьевич. Күтемін.” деп үйіне шақырды бір күні. Брусиловскийдің осал жерін дөп басты. Ол тамақсау адам. Палауды, қуырылған тауықты жақсы көреді. “Палау” деп еді, айтқан сәтінде Жамалдың үйіне елпілдеп жетіп келді. Портфелінде армян коньягі. Жамал екеуі рюмке соғыстырып, өткен-кеткенді айтысып, мысалы, Москвада бірінші онкүндікте темір жолшылар клубында болған бір концертте “Бипылды” ойнай бастағанда Брусиловскийдің иығына лампа үзіліп түскен-ді. Екеуі соған шегі қата күлді. Брусиловский “О, бейшара еврей, сөйтіп бір аман қалдың” деп өп-өтірік мүсәпірсіді. Енді бірде екеуі қоғадай ырғалып, әнге де басты. Брусиловский пианинода сол “Бипыл” әнін лыпылдатып қайта-қайта ойнады. Оған қолма-қол варияция жасап, ойда жоқта, ой, шалқыды-ай бір. Кенет ол кілт тоқтап, әлдене есіне түскендей   “Бипылға” ұқсас бір ойнақы ырғақтарды желдіртіп ала жөнелді. Клавиш бойында он саусағы сумаң қағып, тып-тынық айдында жел жүгірткен бала толқындай бір жарқын әуез жал-жұлт етті. Дәл осы сәтте ол Жамалға жалт ете ым қағып, “Стоп, Брусиловский!” деді.
Жамалдың да жүрегі лүп ете түсті. Жаңа әннің келгенін анық сезді. Тілі байланып, “Әрі… әрі қарай!” деп ымдап, тұтықты да қалды. Брусиловский кекештене күліп, “О… Ома-а-р Жамаловна, мен кеттім!” деп асығыс-үсігіс тайып отырды. Жамал да сасқалақтап, не дерін білмеді, аң-таң. Арада бір-екі сағат өткенде Брусиловский Жамалға телефон соғып: “Жамалочка, ән дайын” деді. Жамал “Тыңдатыңыз!” деді, үні дірілдеп. Содан бір апта бойы Брусиловский хабарсыз кетті. Жамал жер-көкке сыймады. Жамал тыпыршып жүріп, Брусиловскийді тапты ақыры: “Евгений Григорьевич, палауыңыз дайын!” деп тағы телефон соқты. Брусиловский “Жамалочка, қазір жетем!” деді. Сол ән… Брусиловский шай үстінде әнді пианинода екінші рет ойнағанда Жамал оған емін-еркін қосыла берді. Дауысы қандай саңқылдады және. Арада екі-үш күн өткенде ән сөзін өздерінің досы, ақын Нығымет Баймұхамедовке жаздырды. Жамал сәлден кейін бұл әнді:
Туып өскен Отаным Қазақстан,
Күлімдеп гүл жайнаған күн шығыстан,- деп радиода шалқыта шырқады.
Содан бері Жамал үшін сол “Гүлденген Қазақстан” бір төбе, басқа әндері бір төбе. Осы әннен кейін ол Хамидиге шекесінен қарайтын болды. Жамалдың көзіне Брусиловскийден басқа еш композитор көрінбеді. Тек Брусиловский ғана. Және жаңағы әннің сөзін жазған Нығымет Баймұхамедовтен басқа ақынды ойламады да.
Жамал еш толқымай Брусиловский мен Баймұхамедовке тоқтады. Осы оймен ол Баймұхамедовке телефон соғып: -Нықа, Алтай өңіріне жасаған гастрольдік сапарымды білесіз. Жүрген жерімде әнге қарыздар болып қайтатын әдетім. Көкейімде – “Алтай” атты ән… сөзін өзіңіз жазсаңыз. Тездетіп, - деді,-он бір буынмен жазып көріңізші. Қайырмасы жол-жөнекей шыға жатар. Ол жақтағы жұрт дәйім “Өр Алтай” дейді. “Алтын Алтай” дейді. “Біздің Алтай, Отанның алтын алқасы” дейді. Осы сөздерді ұмытпаңызшы. Жарқылдатып, жайнатып, үстемелете өрлетіп, асқақтата жазыңыз.
Нығмет Жамалдың ақынша төгілген көңіл дітін бірден түсінді. Сөзін жазуға келісті.
Сол бір кездерде композиторлардың көбі Нығметтің өлеңдеріне ән, романс, элегия, ариялар жазатын. Жамал оның өлеңдерін ұнататын-ды. Қарапайым болса да жүрек қылын шертетін сыршылдығы бар еді.Нығмет те өз жүрегінен туған сөздерді Жамалдың әсем үні құлпыртқанда оны өзгеше бір жан ләззатындай көріп, бар жанымен беріле тыңдайтын-ды. Тыңдай жүріп өлеңіндегі кейбір олпы-солпы жерлерін өзгертіп, өңдеп, әрлеп беретін. Оған ол көнбіс еді. Сол қасиетімен музыка дүниесіне еркіндеп енген еді. (Қапапайым ғазиз жан ғұмыр бойы өзін ақынмын, деп айтпай өтті дүниеден.)
Баймұхамедов Жамалдың дегбірсіздігін жақсы біледі. Сөйлескен күннің ертеңінде ол Жамалдың үйіне келді. Жамал қуана қарсы алып, лыпылдай жүгіріп, шай қойды. Шай ішіп отырғанда Баймұхамедов төс қалтасынан екі бүктелген қағазды алып, оны жымия күлімсіреп Жамалға ұсынды. Жамал оны оқыды да қабағы шытылып, терезеге бұрылып, ләм-мим демеді. Баймұхамедов іштей мазасызданды. Бірдеме деп тіл қатуы мұң. Жамал көзі ойға тұнып, селқос тұнжырады. Баймұхамедов ішінен “ұнамады” деді. Сұлуша келген аққұба жүзі қаны қашып, әб-сәтте солғын тартты. Жамал қолындағы қағазды оның алдына көңілсіз ғана сырғыта қойды. Әлден соң жеңіл күрсініп: -Нығмет, айтшы сен, сол Алтайды бұрын көріп пе едің? Көрген де шығарсың. Композиторлармен талай жерді шарладың ғой. Мен үшін жер жаһанда Алтайдан асқан жаннат дүниесі жоқ. Алтайды елестетші… көз жіберші көкке қарап, қандай өр, ол! Шыңдарына қара, құс қанаты жетпейді, неткен асқақ!- деп өрепки сөйледі.
Жамалдың бұл сөзі Баймұхамедовты тез түзеді. Ол күлімсіреп, Жамалға ынтыға қарады. Жамал да шабыт қысқан жанша қозғалақтап, тіл ұшына бір көркем сөздер іліккендей боп, сезім отына күйді. Көзінен сәуле ұшқыны шашырады: -Әттең, ақын емеспін, көкейімде бәрі… бәрі сайрап тұр. Бәр-бәрі көз алдымда!
-Тағы, тағы, Жамал… бірдеңе деші… тағы… Оһо, өр Алтай, асқар Алтай… енді оны асқан Алтай деп үстемелеп жіберсем қайтеді, а, Жамал? – деп Баймұхамедов Жамалға үздіге сүзілді.
- Әб, бәрекелді! Мен енді саған “Нықа” деп иіле сөйлеймін. Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай! Ке-ре-мет, Нықа! Екінші жолын даурықтыра көрме. Жып-жылы сезіммен баура.
Баймұхамедов алдында жатқан қағаздың екінші бетіне:
Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай!-деп тез-тез жаза салды.
Сонан соң Жамал екеуі мырс етіп бір-біріне үнсіз көз түйістірді. Жамал “Бол! Енді қашан?” дегендей қысық көзі сығырайып, өңменінен өтті. Баймұхамедов қағазға үңіле шүйіліп: “Анамдай әлпештеген жастан Алтай” деп бір тоқтады. Жамал мына екінші жолды оқыды да көзі шарасынан шыға күлімдеп, бас бармағын көрсетті. Баймұхамедов жай ғана езу тартты. Жамал орнынан тұрды да серванттан коньяк, вино алды. Баймұхамедов көзін жұма басын шайқады. Жамал “мақұл” дегендей үндемеді. Баймұхамедов біраз шүңиіп отырды да, Жамалға тағы да көзін қадап, “Суы бал, көдесі май, жері майса,” дей беріп еді, Жамал алақанын шапақтады. Сөйтті де ол сұқ саусағымен қағазды нұсқап “Жаз!” деді. Баймұхамедов қағаздан бас көтермеген күйі күбір-күбір етіп: “Ағызған сары алтынды тастан Алтай!” деп мөлдіретіп тұрып бипаздап жазды. Жамалдың екі көзі қағазды тесіп жібере жаздап:
Өр Алтай, Асқар Алтай, асқан Алтай,
Анамдай әлпештеген жастан Алтай.
Суы бал, көдесі май, жері майса,
Ағызған сары алтынды тастан Алтай,-деген сөздерді оқыды. Жүрегі лүпілдеп кетті. Әсіресе, “Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай!” деген жол сондай лепті. Жамалдың көксеген сөзі! Жамал масаттанды. Орнынан жайлап тұрды да еркелі назбен билей басып келіп Баймұхамедовтың ту сыртынан құшақтады: - Енді кешегі түсімді айтайын, Нықа. Ильяс Омаровты жақсы білесің. Шығыс Қазақстанда Обком хатшысы. Қаныш аға сияқты бір кеменгер жан. Бір атаның ғана баласы емес, халықтың ұлы. Көкірегі күмбірлеген сырлы сарай. Әдебиетті тереңнен қозғайды. Халық әншілерін әулие тұтады. Жоғарыда отырғандардың түсінігі, өресі осы Ілекеңдей болса, қані?   Мені Алтай жаққа сол кісі шақырды ғой. Иә, мені Алтайда шалқытқан сол Ілекең! Кеше… құдай-ау, тап өңімдегідей Ертіс өзенінің жағасында тау жаққа қарап тұр екем. Алтай ғой, ол! Соно-о-у көз жетпейтін көк жүзіне шаншылған Алтай шыңының суреті Ертістің ақ айдынына түскенін көрсең. Су да айнадай тып-тынық, мөп-мөлдір. Аспан да тұнық. Алтын Алтай Ертістің ақ төсінде жатыр. Бір мезгілде Ілекең екі ақ боз атты жетектеп, алдыма иіле кеп тоқтады. Енді бірде біз Ілекең екеуіміз ақ боз аттың үстінде ақша бұлттардың арасында қалқып бара жаттық. Іле оянып кеткенім, Нықа. Жорышы осы түсімді. Бол… бол! Тез!
Баймұхамедов өзінің байсалды қалпы: -Мерейің көтеріледі, Жамал, -деді ұяң үнмен.
- Мен өз әнімді әлі тапқам жоқ, Нықа. Сол әнді, бәлкім, мен Алтай шыңынан, Алтай аспанынан іздеп жүрген шығармын. Есіңде ме, Нықа, Брусиловский “Гүлденген Қазақстанды” жаза алмай қанша қиналды. Менен қашақтады. Екеуіміз оған “Жанын жалдап күн көрген, сорлы еврейдің қолы тиер емес” деп күлдік те. Бірақ, сіз бен біз музыкадағы бұл бір гигант адамға сендік қой. Сол “Гүлденген Қазақстан” дәл осы бөлмеде туған-ды. Сен оған сөзді бір-ақ күнде жаздың, Нықа. Сонда мен “өз әнімді енді таптым!” деп қуандым. Қарашы енді, тағы бір ән… осы әнді   “Алтай” деп атайық, Нықа.
-“Алтай!”
-Өстіп келгенің жақсы, Нықа!
-Мен композитор емеспін, әрине. Ән де салмаймын. Әнге сөз жазу оңай емес, Жамал.
-Қойшы, Нықа, ішіңнен әндетесің, сен. Брусиловский айтқандай “нутроң” мығым.
-Рахмет, Жамал, мен қайтайын. Бұл ән өзі неше шумақ?
Жамал ойланбастан: -Төрт шумақ, -деді.
Баймұхамедов сәл аңырып отырды да: -Көп емес пе? – деді, - қайырма дегені тағы бар.
Жамал мырс етті де: - Шумақтың аз- көптігі әннің табиғатына байланысты. Сабырлы, созылыңқы ән болса, әлбетте, екі шумақ жарайды. Ән екпінді, лепті, шалқымалы боп келсе… әлгі “Проводы”, “Катюша” секілді әндер бес-алты шумақ боп тез өте шығады ғой. “Алтай” әні сондай ән болса дей –мі – ін, Нықа! –деп күлкі ойнаған жанары жарқылдап кетті.
-Сөйтіп, мына бірінші шумақ шықты ма, Жамал?
-Бір жеріне тиісе көрме, Нықа.
-Естай әншінің “Әуелі бұл шіркінді бастау қиын” дейтіні жөн-ақ қой, Жамал. Қалған шумақтары жайлап келе береді, енді.
-Ой, Нықа-ай, Алтай жөнінде жүрегімді лүпілдете соқтырған… соған іңкәр еткен сөзді осы бірінші шумақта-ақ жарқ еткіздің. Мен діттеген лебіз. Бұл менің айтсам деген жүрек сөзім, Нықа. Басқа шумақтары не болса, о болсын! Ха-ха-ха! Ой, ішім-ай! “Аулың сенің белде еді, әриайдай!” десең де өз еркің. Ой, Нықа, ха-ха-ха! Ән сөзінде Евгений Григорьевич айта беретін бір “изюминка” болуға тиіс. Құдай жарылқап, таптың оны, Нықа. Таптың!
Баймұхамедов мәз. Онша шешіле бермейтін тұйық жан екі иығын қозғап-қозғап қойып, кеңк-кеңк күліп, көзінен аққан жасын қайта-қайта сүртіп, Жамалдың маңдайынан қайта-қайта өбіп, рабайсыз күйбеңдеп сыртқа шыға берді. Этаждан түсіп келе жатқанда да Жамалдың “Ха-ха-хасы” естіліп жатты.
*      *      *
Екі күннен кейін Баймұхамедов өлеңді жазып та бітті. Дәл сол кезде ол композитор Борис Григорьевич Ерзакович екеуі Талдықорғанға баратын болды да бір ұсақ-түйек жұмыстан қолы тимей, Жамалға телефон соқты.
-Жамал, асығыстаумын. Жол жүрем. Өлең дайын, келген соң берем бе, әлде …
-Айналып кетейін, Нықа, мына телефон бар емес пе, айта бер. Жазып ала қояйын.
-Қағаз, қаламың …
-Оқы, Нықа.
Баймұхамедов сабырмен әр сөзін шегелеп, ап-анық етіп, жұмсақ оқыды:
Жайылған жер шарына даңқың, Алтай,
Ақпанда, шуақ жазда-салқын, Алтай.
Төсіңе нәрестедей өрмелеген,
Байлыққа батқан қазақ халқың, Алтай.
Құзыңды аймалаған күн нұры, Алтай,
Асыл кен ордасының түндігі, Алтай.
Женіттей омырылған қазынаңа,
Қадайын қарсы тіреп бұрғыны, Алтай.
Бір кезде қандай еді қалпың, Алтай,
Құмары қана алмаған халқың, Алтай.
Партия, Ұлы Сталин, Совет халқы,
Әперген ардақты атың- Алтын Алтай!
Ән сөзіне бірден ұйыған Жамал: -Нықа, сапарың оң болсын. Жақсы барып қайт. Ендігі әңгіме… бар гәп –Брусиловскийде! Менің Евгений Григорьевичім!-деді тебірене шалқып, - оған бүгін жолығамын. Ән сөзін дәйім менімен бірге отырып жаттайтын әдеті бар ғой. Бір мехнат басталды өстіп, Нықа. Көрейік, Брусиловскийдің әуселесін.
-Іске сәт, Жамал! –деді Баймұхамедов, - рахмет… рахмет, Жамал!
*      *      *
Сол күні кешінде Жамал Брусиловскиймен опера театрындағы кабинетінде жүздесті. Күләш екеуі күле сөйлесіп отыр екен. Күләш Жамалды көре салып: -О, Жәке! –деп ұшып түрегеп кеп бетінен сүйді. Жамал да сүйді. Брусиловский Жамалдың келгеніне құшағын жая сүйініш білдірді. Жамал Күләш отырған диванға кеп отырды.
Брусиловский екеуіне қызыға қарап: -Күлеке, сізге ана жолы репетиция үстінде не дедім? Есіңізде ме? –деп жымиды.
Күләштің кірпігі сұйық нәркес жанары тас бұлақ суындай жылт-жылт етіп: -“Жамалочка сияқты ритмге дәл түстіңіз!” деп қуандыңыз, -деді.
Жамал ыстық мейірмен Күләшті құшақтай алды. Брусиловскийдің пешенесі жарқырады. Жамал машинкаға басылған “Алтай” өлеңін алдына қоя салды. Брусиловский оған қадала үңілді. Күләш күлімсіреді. “Түсініп отыр ма?” деп сыбырлады Жамалдың құлағына. Жамал езу тартып “өзінің еврей тілінде нан сұрауды ғана біледі. Ал, қазақ тіліне - “мәтби”” деді. Күләш күліп жібере жаздады, нәзік саусағымен аузын басты. Бұл сыбыр-сыбырды Брусиловскийдің құлағы шалып қалып: - Ж…ж… Жамалочка, бұл өлеңге дәл қазір кірісеміз. Сенсіз болмайды, -деді, қағаздан көзін айырмай.
Істің мән-жайын түсінген Күләш: -Біздің Жамалочканы “Гүлденген Қазақстан” секілді тағы бір жақсы әнмен жарқыратып бір көрсетуіңізге тілектеспін, Евгений Григорьевич!-деп иіле ізет білдірді.
Сол күні Жамал мен Брусиловский опера театрынан тым кеш қайтты.
Ертеңінде Брусиловский кіші бесін кезінде Жамалға телефон шалды. Әннің туғанын айтты. Жамал қаладағы бір концертке барайын деп жатқан-ды.Қасында концертмейстрі Мария Владимировна Смитрович бар еді. Жамал Смитровичке жалт қарап, еркелей сөйлейтін әдетімен: - Мәке, бір жарты сағат уақытымыз бар ма?-деді аптыға сөйлеп.
Смитрович: -Бір сағат…тіпті, бір жарым сағат уақытымыз бар, -деп жауап берді.
Жамал трубканы ұстап тұрған күйі:- Алло, дей беріп еді, Брусиловский:-Жамалочка, мен бәрін естідім. Уақытың бар екен, менің қасымда секретарь қызым… Олечка көмектеседі. Трубканы тастама. Рояльда отырмын. Қазір әнді әуелі ойнап көрейін. Сонан соң сөзімен айтам. Таза қа-зақ- ша-а! Тыңда Жамалочка! –деп алғашқы аккордты желдірте жүгіртті.
Жамалдың құлағы тұнып кетті. Қаңғыр-күңгір сапырылысқан бір дыбыс. Түкке түсінбеді. Мына Смитрович мақтайтын “Обсолютный слух” иесі Жамалдың құлағы ешнәрсені ұстай алмады. Бір кезде Брусиловскийдің дірілдеген үнін естіді. Жамалдың қабағы шытылды. Осы азапты минут аз болғандай Брусиловский төрт шумақты түгел айтты. Ешқандай “изюминка” жоқ. Соңғы аккорд солқ ете түсті. Брусиловский трубкада алқына сөйлеп: -Қ… қа-лай?-деді.
Жамал жауап берудің орнына күрсінді.
Брусиловский: -Түсіндім. Хаос! –деді.
Жамал тағы күрсінді.
Ән сәтсіз, ұнамады. Желдірмелетіп, сылдыратып, термешелеп қуалай беріпті. Жамал ойда жоқта қаусады. Енді сәлден соң концерті. Үйден екі иіні салбырап, ұнжұрғасы түсіп, құр жаны шықты.
Ертеңінде Жамал қабағы кіртиіп, Брусиловскийге барды. Брусиловский сөзге келместен рояльға отырды.Үн-түнсіз тымырайып: -Екінші нұсқасы,- деді салқын ғана әндетіп.
Жамалдың түрі тағы бұзылды. Брусиловский “Қалай?” деуге дәті бармады. Нотаға мөлиген күйі тырп етпеді. Жамал:- Неге сонша асықтыңыз, Евгений Григорьевич? Сіз Алтайға менің көзіммен қараңыз. Алтайдың аңқылдап соққан самалындай жып-жылы сезіммен сүйсіне толғаңыз. Мақтаныңыз! Масаттаныңыз! Жайнаған дүниеге паң көкірекпен көз жіберіңіз. Өйткені, сіз бен біз сол алтын Алтайдың иесіміз. Ғафу етіңіз, әніңіз тым баяу, романстай созылып жатыр, Евгений Григорьевич,- деді Жамал осы сөздері әрең айтып.
Брусиловский орнынан тұрды да:-Бала кезімде жұлмырлау боп өстім. Ләңгі ойнайтын бұзақы балаларының арасында менің де атым аталатын-ды. Адам сол бала кезін көп аңсайды екен. Сол ләңгі… -деді де рояль қақпағындағы нотаны алып, асықпай умаждап, түйенің құмалағындай доп-домалақ етіп, ләңгі ғып тепті.
Жамал бетін басып, шыға жөнелді. Сол күні ол көрер таңды көзімен атырды.
*     *      *
Брусиловский бір ай бойы хабарласпады. Жамал бір ай бойы қабағын ашпады. Ішкен асы бойына тарамады. Не болса соған ашуланды. Брусиловский әннің үшінші нұсқасын секретарь қызы Олечкасынан беріп жіберіпті. Жамал оны Смитровичке ойнатып көріп, тағы да салы суға кетті. Брусиловский бұл жайға да тіл қатпады. Араға бір апта салып, төртінші нұсқасын Жамалдың үйіне келіп өзі көрсетті. Жамал ләм-мим демеді. Үнсіз түйілді. Брусиловскийдің мысы құрыды.
-Жамалочка, бұдан артық не істеуім керек енді?
-Өзіңіз айта беретін Бетховен Напалеон жорығына қатысқан жоқ, ал, “Қаһармандық симфониясын” қалай күркіретті, ол. Қиялдың арқасы. Ол, құдайға шүкір, сізде де жеткілікті. Мен сізге осы сөзді қайталаудан жалықпаймын.
-Жамалочка…
-Мен бәрібір төзіммен күтем.
-Білмеймін, Жамалочка, бұдан да бір опера жазғаным әлдеқайда оңай еді. Шықпайды ол ән! Болды. Бітті бәрі, О… Омар Жамаловна!
Брусиловскийдің бұйра шашы қобырап, көзі қызыл жиектене шатынап, қып-қызыл боп қолындағы нотасын пианиноға атып ұрды.
-Опера жазудың оңайын,-деп ащы ызамен мырс етті, Жамал.
*      *      *
Сол күні кешінде Жамал қатты қапаланды. Қолы ешнәрсеге барар емес. Ойлаған ойының бәрі қожырап, бір отырып, бір тұрды. Шай да ішілмеді, балалар да үрпиіп, аң-таң. Бірақ, олар анасының әр кез өстіп әйтеуір бір нәрсеге торығып, жоқ жерден бұзылатынын көріп те жүр, оған үйреніп те кеткен-ді. Анасының әбіржіген ренішті жүзіне ұрлана қарап, тым-тырыс шайларын ішіп отыра берді.
Жамал іштей жылады. Іші алау-жалау. Брусиловскийді көргісі келмеді.” ”Бұл тәңір жарылқағыр, Евгений Григорьевичке не болған?”
Өстіп отырғанда Смитрович телефон соқты. Көп жағдайда ойлары бір жерден шығатын еді. Сырлас еді. Мұңдас еді. Бір-біріне сүйеу еді.
-Мария Владимировна, бас неге ауырып кетті бұл?-деді Жамал телефон трубкасын алған сәтте.
-Тым мазасыз боп бара жатқан жоқсыз ба?-деп күлді Смитрович.
- Мен Евгений Григорьевичті түсінем, әннің кілті табылмай тұр.
-Жамал, сәл сабыр етелік. Евгений Григорьевичке сәл мұрсат берелік. Ойлансын. О, менің де басым бүгін қатты ауырып отыр. Шаршаған болуым керек, Жамал. Ертең госпитальда жаралы жауынгерлерге беретін концертіміз бар. Ұмытқан жоқсың ба? Соған ашық қабақпен барайық, Жамал.
-Иә, Мәке, мына соғыс… басылсын. Бәрі де бір күнгідей болмайды, әлі. Әзірше мына қиын күндердің ауыртпалығын айтыңыз, оны әнмен көтермесек, бұл өмірді қалай… қалай оңдаймыз? Әлбетте, ол концертке барамыз, сіз бен біз. Брусиловский әбден таусылған адам сияқты, Мария Владимировна.
- Сабыр ет, Жамал. Ол ойың күпіршілік, әншейін. Күтейік. Сәл дем ал. Жақсы… жақсы.
Жамал трубканы орнына қойып, бір сәт мызғып алғысы келді ме, диванға қисая бергені сол еді телефон безілдеп қоя берді.
-Алло, -деді Жамал селқос қана.
-Бұ. .бұл Омар Жамаловнаның… Омар Жамаловнаның үйі ме?
-Жамал Омарова деңіз, қымбатты Евгений Григорьевич!
-Иә, иә… Жамалочка!
Жамал ұндеген жоқ.
-С… тыңдап тұрсың ба?
-Құлағым сізде, -деді Жамал онша шешіле қоймай.
Брусиловский балаша елпектеп, жаны қалар емес.Жамал қоштаған да жоқ, терістеген де жоқ. Самарқау. Салқын. Енжар.
-Менімше, осы жолғысы сәтті… Жамалочка.
-Сіз бұрынғы жазғандарыңызды да солай   дегенсіз, Евгений Григорьевич.
-Жоқ, Жамалочка, трубканы тастамаңыз… Қазір… қазір…
Жамал үнсіз келісті. Брусиловскийдің орнынан тұрып, рояльға барып отырғанын, орындығының сықырлағанын, асханада ыдыс-аяқтардың салдырлағанын… біреулердің бір-біріне “тсс” дегенін… Әнді бастар алдында бір сөзді іштей күбірлеп қайта-қайта айтқанын… бәр-бәрін Жамал телефонда сезіп, біліп тұрды. Брусиловский әнді тұтас бір ойнап шықты да: -Жамалочка, енді айтып берейін, -деді.
Рояльдан ескен ерке әуен Жамалдың жанын жібек самалдай аймалады. Ә дегеннен қырыс-тырысын жазып, жүзіне күндей нұрлы шуақ түсірді. Брусиловский қызулы құштарлықпен тебірене әндетті. Жамал әннің бірде-бір сөзін ұға алмады. Бірақ, трубкадан айырылғысы келмеді. Көз алдында көк тіреген Алтай шыңдары тұр. Бір ертегі дүниесі! Елесі мүлде есін алды. Алтайдың сай-саласы сылдыраған бал бұлақ. Тастары алуан түспен құбылып шұғыла шашады. Көгілдір бел-белесте торғын шәлідей толқыған нұр… Әннің үшінші шумағына Жамал іштей қалай қосыла кеткенін сезбей де қалды. Ән біткен соң аптығын зорға басқан Брусиловский:
-Қалай, Жамалочка? –деді.
-Мен сізге қазір жетем, Евгений Григорьевич!–деді Жамал   назды үнмен сылқ-сылқ күліп, -міне, бұл –“Алтай” әні!
-Күтем, Жамалочка, күтем!
*      *      *
Алматының тамылжыған тамыз кеші.
Жамал Омарова опера театрына келді. Брусиловский кабинетінде бір бейтаныс әнді рояльда ойнап отыр екен. Жамалды көре сала лып тоқтап, құшақ жая ұшып тұрды. Өте көңілді. Бөгде сөз болған жоқ. Алабұртқан қызулы қалпы рояльға қайта отырды. “Алтай” әнінің аккомпонементін желдірте төгілтті. Жамал   жаны жадырап, “Оһо, қайырмасы да бар екен ғой!” деп таңғала қуанды. Сөйтіп екеуі мәз болысып отырғанда бұлардың үстіне ақын Нығмет Баймұхамедов келіп кірді. Ол бас изей сәлемдесіп, папкісінен бір бет қағазды алды да үн-түнсіз жымиып, рояльдің қақпағындағы нотаның қасына қойды. Брусиловский де оған бас изей ізет білдірді. Қағазда төрт жол қайырма. Брусиловский көзінің қиығымен Жамалға ым қақты. Брусиловский жайлап әндетіп кеп қайырмаға тірелгенде Жамал:
Елімнің ерке қалқасы,
Сымбатты сүлу жер Алтай.
Омырауда алтын алқасы,
Отанымның сені Алтай! –деп құлпырта төкті. Жамалдың үніне шаттанған Брусиловский ойнақы аккордтарды судай сапырды. Өзін-өзі тоқтата алмай клавиштарды қуалай термешелеп, екі қолын қыран қанатындай жайып, рояльдағы бар октаваны, ой, бір дүрілдетті дейсіз. Аласұра жұлқынған Брусиловский Жамалға тағы бір жалт қарағанда ол қайырманы сондай бір тәтті ләззатпен мөлдіретіп:
Омырауда алтын алқасы,
Отанымның сен Алтай!- деген екі жолға тілмен бейнелеп болмайтын бір құдіретті екпін түсірді. Тек Жамалға…. Жамалға ғана тән керемет акцент! Ол күш, ол қуат басқа ешбір әншіде жоқ. Брусиловский оның осы артықшылығына тәнті еді. Әсіресе, “алтын алқасы”, “сен Алтай” деген сөзі бір ыстық мейір, құштар сезім. Ән тұтас ойналып біткенде Жамал Брусиловскийдің ту сыртынан келіп,“Қайран, менің Евекем!” деп қайта- қайта құшып сүйе берді… сүйе берді.
Жамал “Алтай” әнін өзінің концертмейстрі Мария Владимировна Смитровичпен әзірледі. Ән айтқан сайын ажары ашылып, жайнай берді. Жамал оны паң көкірекпен аңқылдатты. Сөйтіп жүргенде Смитрович науқастанып қалды. Ұзақ емделді. Жамал Алматыда филармониядағы бір үлкен концертте “Алтай” әнін пианист Семен Коганның сүйемелдеуімен орындады. Сол күні Жамалдың да, Брусиловскийдің де… Баймұхамедовтің де жұлдызы жарқырады. Үшеуінің құшағы гүлге толды. Сахна бүкіл қазақ даласы    қол соққандай дүбірледі. Бұл -“Алтай” әнінің естен кетпес премьерасы болды!
“Алтай” әні іле-шала радиода тікелей эфирмен берілді. Жамал ертеңінде Шығыс Қазақстан Обкомының бірінші хатшысы Ильяс Омаровтың құттықтау телеграммасын алды.
Ән одан кейін Қарағанды шахтерлерінің алдында шырқалды.         Соғыс күйзелткен ауыр күндерде жан серігітер жарқын әндер ауадай қажет еді. Жамал “Алтайды” алтындай жарқылдатты. Соның қуатты лебімен елдің еңсесін көтерді. Ән Жамалдың “Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай!” деп саңқылдаған үнімен майдан төріне де жетті. (1995-жылы Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің филология факультетінің профессоры Тұрсынбек Кәкішев бастаған фольклорлық экспедиция қаңтар айының бірінші жартысында Ирандағы қазақтардың өмірін зерттеуге кірісті. Соның құрамында мен де бар едім. Біз Горгон мен Бендер-Түркмен қалаларында тұратын қазақтардың жай-күйімен танысып, олардың арғы-бергі тарихын, салт-дәстүрін, әдеби-музыка мұрасын қағазға түсірдік. Сол істің үстінде Горгонда тұратын ел ақсақалы Ақмұраттың үйінде жергілікті қазақтар “Алтай” әнін айтты. Олар бұл әнді 1943-жылдың аяқ кезінде Бендер-Түркмен қаласында Каспий теңізі портында орналасқан Совет әскерлерінің соғыс базасында қызмет еткен қазақ офицерлерінен үйреніпті. И. Ж.)
“Алтай” әні қазақ даласына Алтайдың ерке самалы болып тарады.
*      *      *
Арада бір жыл өтті.”Алтайды” бүкіл халық шырқап жатты. Алматыда Ұлы Октябрь мерекесі қарсаңында опера театрында болған үлкен концерттен соң, Брусиловский сахна сыртына келіп, Жамалдың қолынан, маңдайынан сүйіп:
-Жамалочка, мен енді “Сіз” деп сөйлейін. Сіз үлкен жүректі әншісіз. Сіз үшін ән жазу маған жан рахаты. Рахмет, Сізге! –деді,   басқа сөз аузына түспей.
-Сіз бен біз үлкен рахметті Шығыс Қазақстан жұртына, сол елді басқарып отырған Ілияс Омаров пен Ахмет Әділовтей зиялы азаматтарға айтуымыз керек, қымбатты Евгений Григорьевич. Бұл ән сол тамаша адамдардың игі тілегінен туған еді ғой, оны сіз жақсы білесіз. Өзім де қиналдым, Сізді де қинадым. Ал, өмірге еврей жүрегі мөлдіреткен таңғажайып “Алтай” әні келді! Ха-ха-ха! Ой, Евгений Григорьевич, еврей болсаң да қазаққа бергісіз боп туған сүйікті композиторым, менің! Мен өз әнімді енді таптым! Енді! Осы әнді айта-айта қартаятын шығармын, Евгений Григорьевич!
Брусиловский Жамалдың қолын тағы бір сүйді.
-Біз қартаямыз бір күні Жамалочка, ал, өмірлі әндер бізден де ұзақ жасайды білем. Ондай әнді жазу оңай болса, қані!
*      *      *
1976-жыл. Сегізінші наурыз.
Сол күні Жамал ерте тұрды. Бала-шағасы балбырап ұйықтап жатыр. Күндегі әдетінше шайға отыра бергені сол еді, телефон шылдырлады.
- Алло.
- Жамалочка!
- О, Евгений Григорьевич!
- Сүйікті, Жамалочка, Москвадан сәлем! Бүгін -сенің туған күнің. Және халықаралық әйелдер мерекесі. Шын жүректен құттықтаймын, Жамалочка! Саған, сенің отбасыңа барлық жақсылық пен сәттілікті, игілікті тілеймін! Ең бастысы-денсаулығың жақсы болсын! Дауысыңа қылау түспесін. Аспандата шырқай бер. Біздің өмір әнмен нұрлы, әнмен сұлу. Бізді бар қиындықтан, пендешілік пен қасіреттен құтқаратын ән ғой… ән! Әндеткен адамның жүрегі таза, Жамалочка.
-Рахмет, Евгений Григорьевич! Рахмет! Бүгін біздің үй абыр-сабыр. Шара, Кәукен, Шабалдар келеді. Басқа көз көргендер сиреді. Кейбіреулерінің жүріп-тұруы қиын. Уақыт өз дегенін істейді екен. Күн еңкейіп барады. Өмір солай… Сіз үшін тост көтереміз, Евгений Григорьевич, “Алтай” әнін айтамыз!
- Ой, Жамалочка, саған да рахмет! Менің бір қолымда телефон, бір қолымда шампан. Сенің қуанышты күніңе, кел, фужер қағыстырайық, Жамалочка!
- Қазір, Евгений Григорьевич, тоқтаңыз… тоқтаңыз. Мен де фужер алайын. Қазір…
Телефон трубкасында хрусталь фужерлер сыңғырлады.
*      *      *
Осы әңгімеден кейін Жамал наукастанып, бір-екі рет ауруханаға жатып шықты. Баяғы қан қысымы… оған жүрек қосылды. Өт жолының қинайтыны тағы бар. Тұла бойы дел-сал боп, еңсесін көтертпеді. Шілдеде тынысы ауырлады. Тамыздың бас кезінде ептеп сергіп, шырайы кірді. Көңіл-хошы да дұрысталды. Үйге келім-кетім кісісі де жиілеп, тіпті өзі қонаққа да барып, жарқылдап жүрді. Сондай бір күні аңсары ауып, Брусиловскийге телефон соқты.
Брусиловский Жамалдың үнін естігенде сасқалақтап қуанғаны сонша, байыппен жөн сұрасуға дәйек қылмай тұтыға сөйлей жөнелді:
- Ж…Ж… Жамалочка, соңғы бір күндері Алматыдағы өмір еске түсе берді. Міне, биыл алты жыл… Москвалықпын. Белгі-бедері, ізі жоқ бір елеусіз, болжаусыз күндер өтіп жатыр. Елсіз құла түзде әлмеғайып кезіккен жолаушының атына мінгесіп, селбесіп жүріп кеп, бір жерлерде түсіп қалған бір мүсәпір жан сияқтымын. Ә, өмір… өмір. Менің Алтынбек Жаныбеков есімді қырғыз шәкіртімді білесің, өз қолыңнан талай дәм татты. Қазір ол үлкен композитор, профессор. Менімен жиі хабарласады. Кейде өзі де келіп кетеді. Қырғыздың қазы-қартасын, бальзамын әкеледі. Өткен-кеткенді айтысып, бір жасап қаламын. Шәкірттерімнің ішіндегі бір адалы. Сол Алтынбек “Жолайрыққа келгенде бұралқы иттің басы қатады” деген қырғыз мақалын айта беруші еді. Сол сөз менің бүгінгі жағдайыма келеді. Көп нәрседен қол үзіппін. “О, Евгений Григорьевич!” деп сәлем беретін ешкім жоқ. Алатауға, Алматыға қарай-қарай көзім талды. Ел алыс, жер шалғай. Бірақ, бәрің… бәрің жүрегімдесіңдер. Әсіресе, өзің, Жамалочка! Көз алдымда опера театры. “Қыз Жібек”, “Абай”, “Біржан- Сара”, “Ер Тарғын”, “Дударай” операларының афишалары… бір шеті Фурманов көшесіне, екінші шеті Сталин проспектісіне тіреліп, театрға шұбырған жұрт. Опера мен балетті қазақтардан жақсы көретін халық жоқ. Дуылдап жатушы еді, түге. Бүгінде бәрі де көрген түс. Қалай ғана… қалай ғана айырылдым сол дулы ортадан?
-Евгений Григорьевич, сағыныпсыз. Келіңіз. Құшағымыз ашық. Біз де сағындық сізді, -деп күлді, Жамал.
Брусиловский сөзге қонақ бермеді.
-Қазақстаннан неге   кеттім, білмеймін. Мені әр кез осы сауал қинайды. Москваға келер жол бар екен де, қайтар жол жоқ сияқты. Оны енді түсіндім. Жалғызбын. Мұнда мені ешкім іздемейді. Ешкімге керегім жоқ. Ғабитім, Қанабегім, Ғарифоллам, Кәукенім жоқ. ”Сарыарқаны” дүбірлеткен қайран қазақ елі! Алатаудың самалы желпіген таңғажайып Алматы! Сағынам… сағынам бәріңді, Жамалочка. Ахмет Қуановичтің үйінен ішетін ақбұйра шайдың тамсандырған дәмі, Күләш пен Қанабектің аста-төк дастарханы, Манарбек пен Зарипаның қарынға салған сары майы, алтындай жарқыраған қазы-қартасы…өзіңнің шашпа палауың, о, несін айтасың оның, еркін едім, ерке едім бәріңе! Ол бір енді көрген түс. Иә, түс демекші, бір жолы түс көрдім. Өз қазамды өзім көрдім. Нанасың ба, Жамалочка, опера театрының фойесінде табытта жатырмын. Оркестрде ыңыранған “Топан” күйі… саулы інгендей боздаған “Зәуреш” әні. “О, қандай рахат тыныштық!” дедім сонда, мен. Жамбасым тиген жер қазақ топырағы… қазақ топырағы! Ой, құдай-ай, ояна кеттім, Жамалочка, түс екен… түс. “Жо-оқ, қазақ топырағы бұйырмады, маған.” деп жападан-жалғыз өзім бетімді басып, балаша егілдім, Жамалочка. Мұндайда кім жұбатады, кім? Жан-жағым құлазып, қаққа мүлгиді тек.
-О-ой, Евгений Григорьевич, не айтып кеттіңіз, құдая тоба? Пендеміз бәріміз. Тірлікте болады екен, бәрі де. Жүрегіңізде наз- нала бар. Оны бір тәңір және өзіңіз ғана білесіз. Біз де ептеп сеземіз. Ішімізде ит өліп жатыр. Өкпеңіз орынды да. Өзіңізге тілектес ақылды адамдар солай дейді. Бірақ, жақсылар азайып барады. Терін сатпай, көзін сатқандар көп. Солар жол бермейді. Бұл - Абай атамның сөзі. “Совет Одағының халық артисі композитор Брусиловский!” десек тақиямызға тар келер ме, еді осы сөз? Осыған кім таршылық етті? Неге? Жүрек ұйытқан бұл сауал   асылы өзімізбен бірге кететін шығар. Түрі солай. Абай атамның тағы бір сөзі: “Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген боп мені атты.” Заманыңыз солай. Заман – түлкі. Оны тазы боп шалған адамдарыңыз да солай. Бірақ, Сіз негізі бай адамсыз, Евгений Григорьевич, тарынбаңыз, жалғыз емессіз – “Біржан -Сара” операсын берген Мұқан Төлебаев, қазақ хорын дүрілдеткен Бақытжан Байқадамов, тұңғыш қазақ симфониясын толғаған Қапан Мусин, “Ғасырлар үні” ораториясымен туған халқының рухын көтерген Сыдық Мұхамеджанов, қазақта бірінші боп Чайковскийдің әйгілі фортепианалық концертіндей концерт жазған Нағым Меңдіғалиев, Кенжебек Күмісбеков, Еркеғали Рахмадиев, Базарбай Жұманиязов…е, ұмытып барады екем, сізге жан-тәнімен берілген, өзіңізбен дәйім хабарласып тұратын әлгі, жалғыз неміс композиторы Оскар Гейльфус бар. Осы кереметтердің бәрін сіз оқыттыңыз, Евгений Григорьевич! “Жалғызбын” деп айтпаңызшы, құдай үшін.
Брусиловский үндемеді.
- Ж… Жамалочка, ғафу ет, шын сөзім- кей құса ішіме сыяр емес. Еврейлерден бақытсыз халық жоқ. Еңбегі еш болады да жүреді.Рим папасының қарғысын бір емес екі рет алған сорлылар. Мен де жанын жалдаған бейбақтың бірімін. Маңдай терімнің өтелмегені… сол ауыр. Маркс сатқын қоғамның сыйқын былай деп келтіреді, тыңда, Жамалочка: “Они (деньги) превращают верность в измену, любовь к ненависть, ненависть в любовь, добродетель в порок, порок в добродетель, раба в господина, господин в раба, глупость в ум, ум в глупость… Они представляют собой всеобщее смещение и подмену всех вещей, то есть мир навыворот, перетосопку и подмену всех природных и человеческих качеств” Осы сөз, міне, менің жазу столымда жатыр. Бұл қоғам бізді атаққа құмар ғып қойды. Соған дәнігіппіз. Менің дертім де сол, Жамалочка! Сенің дертің де сол, Жамалочка! Біздің алдымызды орағытып, бәрін қағып түскен өзіміз тәрбиелеген шәкірттеріміздің де дерті сол! Осыған күйінбесем, кетер ме едім, Алматыдан? Қазақстаннан! Қазақ халқынан! Мені осы қателігім өлтіретін шығар, Жамалочка. Ол қаралы күнді де елестетем. Мен тұрған Огарев көшесіндегі он үшінші үйдің есігі алдында шамасы бес-алты адам… көп болса он шақты дейікші, соңғы сапарға солар шығарып салады. Қайда қалмаған еврей сүйегі… Ғафу ет, Жамалочка, шаршаттым сені. Ішті бір босатып алдым. Шаққан мұңыңды тыңдайтын жанның болғаны қандай жақсы.
Ол тағы да үндемеді.
- Иә, Евгений Григорьевич, тыңдап тұрмын.
- “Алтай” әнінің саған белгісіз бір құпиясы бар еді.
- Құпия?
- Енді айтайын, Жамалочка. Мен сенің түртпегіңмен бұл әннің төрт нұсқасын жасадым. Бір де бірін жақтырмадың. Оны кезінде сезбесем де ашуым басылған соң екі-үш күннен кейін сезіп жүрдім. Сол себепті ол шимайларды сақтағам да жоқ. Ал, бір кездерде жүрек түбінде әлмеғайып шырақтай жанып, бірақ, онша ашыла алмай, үміт сәулесіндей жылтылдайтын, өзінің бар екенін, еш ұмытылмайтынын, иә, өшпейтінін әр кез сездіріп, еске сап тұратын бір жан жылытар әуез болады. Жамалочка, сен мені қыспаққа алып, тығырыққа тірегенде сол әуез “Мен бармын ғой, бас ием!” деп жарқ ете түскені. Бұл – финдермен соғыстың біткен кезі, 1940-жылдың басында жазылған ән еді. Сол кезде ол әннің жарыққа шығуына не кедергі болғаны есімде жоқ, әйтеуір, папка ішінде елеусіз қалып қойыпты. Өзінің сөзі де жоқ екен. Жаным қысылғанда “Алтай” әнінің сөзін осы әуезбен қайталай бердім… қайталай бердім. Ол мені шалқытты. Мен ойда жоқта асып-тастым. Шабыт үстінде қайырмасы да туды. Саған іле-шала телефон шалып, сені “Омар Жамаловна” деп тұтыққаным… екеуіміздің арамызда сондай күлкілі жағдайлар болды ғой, Жамалочка. Оны екеуімізден басқа кім біліп жатыр. Е, бастан көп дәурен өтті.
Брусиловский күрсінді. Жамал оның уһілеген шаршаулы лебін сезді.
-Евгений Григорьевич, бірдеңе айтқыңыз келді ме?
Брусиловский үндемеді. Әлден соң ғана сөзін қайта жалғап:
- “Алтайдың” бір шумағын айтшы!-деді Брусиловский ендігі сөзге зауқы болмай.
Жамал телефонда “Алтайды” саңқылдата шырқады. Брусиловский қайырмасының соңында “Драгоценный клад Алтай!” деп кемсеңдей қосылды.
Сол жылы қыркүйек айының он бесінші жұлдызында Жамал Омарова дүниеден өтті.
Сол күннен бастап, “Алтай” әні радиода Жамал Омарованың орындауында “Бізге қымбатты дауыстар” деген концерттерде ғана айтылатын болды.
1992-жылы Алматыда Орталық концерт залында Қазақстанның халық артісі Жамал Омарованың сексен жылдығына арналған үлкен концертте “Алтай” әні де шырқалды. Концерттен қайтқан жұрт “Жо-оқ, “Алтайды” айту үшін екінші Жамал Омарова тууы керек. Ол мүмкін емес. Ондай әнші өмірге бір-ақ рет келген!” десті.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3503