Сенбі, 20 Сәуір 2024
Көкжиек 7502 0 пікір 8 Қараша, 2017 сағат 12:38

Кейкі батыр еліне сапар. Ұлы Жыланшық өзені

 

"Бір жоқты бір жоқ табады"

Халық мәтелі

Елбасымыз "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мемлекеттік бағдарламалық мазмұны бар мақаласында туған жердің тарихын жаңғыртып, туған жерге деген елдің сүйіспеншілігі мен құрметін арттырудың маңызы ерекеше екендігіне тоқталғаны есімізде. Осы ретте қазір туған жер сырына қанығуға ұмтылған экспедициялар ұйымдастырылып, тарихи маңызы бар елді-мекендер анықталуда. Соның бірі бас сүйегі елге әкелінген Кейкі батырдың өскен өлкесі Жыланшық өзенінің табиғи келбеті туралы сөз етеміз.

Сонымен, биылғы жаз айында Қостанай облысы Ішкі саясат бөлімінің қолдауымен облыс орталығындағы Жоғары оқу орындарының бір топ ғалымдары мен студент шәкірттерден құралған ғылыми-ағартушылық экспедиция Торғай өңіріне сапар жасаған болатын. Мақсаты – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қаһармандарының бірі, кеңес үкіметі орнаған тұста қазақ даласында болған азамат соғысының құрбаны Кейкі Көкембайұлы туралы деректер мен мағлұмат жинау еді.

Эскпедиция жұмысының бір бағыты ретінде Ер Кейкі қаза тапқан Ұлы Жыланшық өзенінің бойы таңдалды. Ұлы Жыланшық - Торғай даласындағы ұзын өзендердің бірі. Бұл өлкенің Кейкі батырдың ғұмырнамасында ерекше орны бар. Мылтықты көздемей, қолының кезеуі арқылы нысанасына дәл тигізетіндіктен халық арасында «қолмерген» атанған Кейкінің саналы ғұмырының басым бөлігі Ұлы Жыланшықта өткен. Жас уақытында ол осы өзеннің бойын жайлаған Шашанбайдың Рахметінде жылқышы болып қызмет етеді. Жыланшықтың бойында, атап айтқанда, сол өзенге құятын Жалаулы өзекшесінің бойында Сүтемгеннің Жәкенінің қыстауында батыр ерлікпен қаза табады.

Торғай бекінісіне бастап бара жатқан қанды көйлек досы П. Токаревті өлтіріп, далаға жасырынған Кейкі Ұлы Жыланшық өзенінің бойын тасалайды. Батырдың аталмыш өзеннің бойына жасырынуының, біздіңше, бірнеше себебі болған сияқты. Біріншіден, Ұлы Жыланшық өзенін жағалай отырып Ұлытау асып, бой тасалауды мақсат етсе, екіншіден, аталмыш өзеннің бойы өзіне әбден таныс, үшіншіден, өзеннің жықпыл-жықпыл қойнауы, географиялық орналасуы із жасыруға қолайлы болды. Соңғы уәждің растығын біздер Жыланшық өзенінің спутниктен түсірген суретін көргенде анық аңғардық.

Кейкі батырдың қаза тапқан жеріне тағызым етуге шыққан экспедиция Сүтемгеннің Жәкенінің қыстауының орнын таба алмай, Жалаулы мен Жыланшықтың бойын шарлап, біраз дағдарып қалды. Тіпті, асты төмендеу джип көліктің түтін шығаратын тұрбасына қураған шөп жиналып, машина өртеніп кете жаздады. Сол кезде Googlee іздеу жүйесі арқылы Жыланшықтың картасын іздеп, қайда тұрғанымызды анықтауға ұмтылған едік. Спутниктен алынған картаны көргенде біздер Кейкі батырдың Жыланшық бойын не себептен тасалағанын түсінгендей болдық. Сондағы спутник дерегі мынау еді:

Фотодан байқағанымыздай,  Ұлы Жыланшық өзені кәдімгі жыландай ирелеңдеп, бұралаңдап ағып, жықпыл-жықпыл қолтық құрайды. Жағалау тік жарлы, суы терең, яғни судың арғы беті мен бергі бетіне өту оңай емес. Мұндай географиялық жағдай қашқынға өте қолайлы. Сондықтан Кейкі батыр Ұлы Жыланшықтың бойын тасалайды. Өкінішке қарай, өзеннің табиғи қорғанысы мен қолайлылығы Кейкіге «көмектесе» алмады.

«Бір жоқ бір жоқты табады» дегендей, Кейкінің денесі жатқан жерді іздеп жүріп, өзеннің не себептен «Жыланшық» аталатынын тұспалдағандай болдық. Ел арасында «Жыланшықтың» атауы өзенде жылан көп болғандықтан шыққан деген сөз бар. Рас, қазақ жерінде жыланға қатысты жер атаулары баршылық. Себебі халықтың мифтік танымында жыланның ерекше орны бар. Онда жылан - суды емес, жерді мекендейтін жәндік.

Халық түсінігінде «ордалы жылан» дейтін де түсінік бар. Ордалы жыландар сусыз құдықтарда, шұңқырларда, үңгірлерде мекендейді, «жүздеген, мындаған жыландар бір-біріне оралып, үйіліп жатады» деген түсінік осы ордалы жыландарға қатысты айтылады. Егер адам ордалы жыланның біреуін абайсызда болсын, әдейі болсын өлтіріп алса, онда қалған жыландар әлгі адамды қай жаққа кетсе де тауып алып өлтіреді деген түсінік те қазақтың сенім-нанымынан орын алған.

«Ордалы жылан» түсінігі – ежелгі «жылан елі, жыландар мемлекеті» деген түсініктің сарқыншағы. «Ер Төстік» ертегісінің мазмұнын еске түсірейік. Төстік жер астына түсіп, жылан патшалығының билеушісі Бапы ханның еліне бармайтын ба еді? Сондай-ақ қазақ үйге жылан кірсе, «жер астынан жаман ниетпен шықты» деп басына ақ құйып, шығарып салады. Демек, жылан - су астын емес, үңгірін жер астынан дайындап, азығын жер мен су үстінен іздейтін жәндік.

Ұлы Жыланшық гидронимінде халықтың өзен-су атауының арнасының көлеміне және оның ұзын-қысқалығы қатысты таным-түсініктері орын алған. Бұл жерде атаудың «ұлы» бөлігі ұзындыққа қатысты болса, кішірейітпелі мағына беретін «шық» қосымшасымен жасалатын «жылан» деген екінші бөлігі өзен арнасының жіңішкелігіне және ирелеңдеп ағатына байланысты қалыптасқан. Басқаша айтқанда, қазақ танымында «Ұлы Жыланшық» «арнасы жіңішке ұзын өзен», ал «Кіші Жыланшық» «арнасы жіңішке қысқа өзен» деген мағына береді.

Жыланшық сынды су арнасының жіңішкелігіне байланысты қойылған гидронимдердің бірі – Қылшақты. Бастауын Щучинск қаласының оңтүстік-шығысынан алып, Ақмола облысының Бурабай және Зеренді аудандары жерімен ағып, Көкшетау қаласы арқылы Қопа көліне құяды. Қылшақты өзенінің көктемгі қатты су тасқыны кезінде арнасынан шығып кететін кездері болады.

Аталмыш өзен атауының түбірі – «қыл», яғни «жіңішке». Қазақ арасында «қылдай», «қыл бел», «қылшық» деген жіңішкелік мағына беретін сөздер бар. Демек, Қылшақты гидронимі «жіңішке өзен» дегенді білдіреді. Дәл осындай гидроним Қызылорда облысы Арал ауданының территориясында кездеседі. Онда өзен атауы «Жақсы Қылыш» деп аталады. Өзеннің «жақсы» атануы көктемгі тасқынға байланысты қойылса керек. Тасымайтын өзен-көлдерге қазақ «жақсы» деген сын есімді қойып, көктемде бой бермей таситын өзендерге «жаман, тентек, бұзылық» деген атаулар береді. Айталық, Кейкі батырдың туған өлкесінде «Тентексай» деп аталатын өзекше бар. Торғай өзеніне құяды.

Қорыта келгенде, Кейкі батырдың рухына тағзым етеміз деп атанған экспедиция Ұлы Жыланшықтың атауының шын мағынасын ұққандай болды. Атам қазақ өзен-көлдерге атау бергенде, оның түр-түсі, тұрмыс-тіршілікке қажеттілігі, географиялық ерекшеліктері, мезгілдік белгілері, су арнасының көлеміне байланысты ұғымдарды таңған, таңбалаған. Көшпелі тірлік құрып, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы өзен-көл атауларының түр-түсіне (Ақсу, Ақкөл, Қарасу, Көксу, Сарысу, Сарыкөл), ащы-тұщылығына (Ащысай, Дәмді), тасу-қайту белгілеріне (Тентексай, Бұзылық, Жамансай,), өзен бойындағы өткел ерекшеліктеріне (Атбасар, Қарғалы), тереңдігіне (Тереңсай, Қайранкөл), арнасының жалпақтығы мен жіңішкелігіне (Жайық, Жалпақсу, Қылшақты, Жақсықылыш), ұзын-қысқалығына (Ұзынкөл, Шолақсай), сан жағына қарай (Үш Қарасу, Жетісай, Жетікөл, Бестамақ) т.б. қарай атау бергендігі айқын аңғарылады.

Бұл орайда айтайын дегеніміз, бүгінгі таңда жер-су атауларына кісі есімін беру үрдісі күшейіп келеді. Кісі есімін беру – большевиктік коммунизм заманның сарқыншағы. Қазақ жер атауларына кісі есімін өте сирек қойған. Біз «большевиктік санамен» әбден уланған халықпыз. Бүгінгі рухани жаңғыру тұсында біздер сол коммунизм тұсындағы ескі санадан арылуымыз қажет. Жер-су атауларына байланысты ата-бабадан қалған асыл мұраны саясаттың «қыл бұрауына» салмай, «мұртын бұзбай» келесі ұрпаққа қалдыру - біздің азаматтық парызымыз.

Алмасбек Әбсадықов, филология ғылымдарының докторы, Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры.

Abai.kz

0 пікір