Жұма, 19 Сәуір 2024
Арандату 8119 67 пікір 6 Қараша, 2017 сағат 10:19

Руларды айдап салып арандату процессі басталып кеткен бе?

немесе Бөгенбай мен Бөкенбайды салыстыру әбестік

Жуырда "aktobenews.kz" сайтында екі бірдей атақты қазақ батырлары, қанжығалы мен табын руларының ірі өкілдері – Бөгенбай мен Бөкенбайды қарама-қайшы қоятындай арандатушылық әрекет жасалды. Ирина Ерофееевадеген тарихшының "Құрылтайдағы жиналыста Қанжығалы Бөгенбай емес Табын Бөкенбай сөз сөйледі" атты мақаласы жарық көрді. Соншалықты бізге не болған? Осындай дәрежеге қалай жеттік біз?

Ашаршылық пен қуғын-сүргін, соғыстардан көз ашпаған қазақ, үшінші мыңжылдықтың басында ортақ жеңісін аждаһадай жаланған жаудың алдына тастағаны несі? Ақыры осындай күйге жеткеніміз бе? Екі атақты батырларды салыстырып, оларды өскелең ұрпақ алдында қарама-қайшы қою әбестік болар. Аумағымыз бес Франция мен бүкіл Батыс Еуропа сиятын жерімізді осы батырларымыз жан кешті ерлік жасап қан мен тер төгіп біз үшін қорғап қалған жоқ па? Ұрпақтар есінде мәңгі сақталған батырлардың есімін кірлетуге жол бермейік!

Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр – қазақ халқының айтулы қас батыры. Батыр есімімен қала көшелері мен даңғылдар аталды. Оның құрметіне жер-жерде ескерткіштер бой көтерді. Әрбір отбасы өзінің шыққан тегін айтқанда, Бөгенбай батырдың ұрпағымыз деп өздерін мақтаныш тұтады. Ол туралы батырлық жырлар, роман, поэмалар жарық көрді. Оның құрметіне деректі кино, көркемдік және анимациялық фильмдер түсірілді. Ол – халық арасында кеңінен танылған, әйгілі батыр. Ол қазақ халқының ары мен намысын қорғаған қолбасшы болған. Қазақ ұлтының абыройы мен мақтанышы!

Қанжығалы Бөгенбай – қазақ батырлығының ең ұшар басында тұрған символымыздың бірі. Оның атына кір келтіріп, тарих сахнасынан ығыстыруымыз барып тұрған сорақы іс! Бұл – қоғамымызды жікке бөліп, бірлігімізді арандатушылардың арам қадамы деп есептеймін. Енді біз кімге сенеміз? Біз болашақ үшін қандай құндылықтарымызды қалдырамыз? Табын Бөкенбай батыр да қазақтың ең мықты қас батыры! Тарихтан «ақтар» мен «қызылдарды», «біздікілер» мен «біздікі еместерді» қарама қайшы қоюдың түбі неге апарып соққанын жақсы білеміз? Осы тәрізді тілді, мәдениетті, дінді, саясатты бұрмалау тәрізді әрекеттер соңғы уақытта Шығыс Еуропада, нақты айтқанда Украинада орын алған жағдай бір сәт бейбіт заманның тыныштығын бұзған жоқ па?

Батырларды салыстыра отырып, қарама қарсы қою арқылы рулық және тайпалар арасында арандатуға жол ашу - түбі жақсылыққа апармайтын жағдай. («Қай рудың батыры күшті әрі мықты болды ?»). Біреулердің сол жағдайды туындатуға неге құмарлығы артып кеткенін түсінбедім. ​Бұған әсте жол бермеу керек. Қай рудың батыры мықты болғанын салыстырғаннан гөрі, өткен заманның үлкенге құрмет–кішіге ізет жасау, өзара көмек көрсету, адам өміріне қол сұқпау, аруаққа құрмет көрсету, жауынгерлік іс т.б. тәрізді құндылықтарын екшелеп алсақ сол бізді алға сүйрер еді!

Біз бір батырдың даңқын асыра отырып, екінші батырды одан төмен түсіріп тастаймыз. Ницше тәрізді. Бұл өте өкініші және қайғылы іс. Бұдан «бөліп ал да, билей бер» деген империяшыл, арандатушылық саясаттың иісін бірден байқауға болады. Мұндай мақаланы жазғанда да журналист өте абай болған жөн. Мұндай істерге өте қырағылық пен байқампаздық, әр нәрсені дұрыс бағамдай алатын жоғары дәрежедегі парасаттылық қажет. Мынау нәзік әлемді бір ғана ақылға симайтын мақаламен-ақ дүр сілкіндіріп, астан-кестеңін шығаруға болады. Кітапқа тапсырыс берушінің өзі бұл мәселеге өте көңіл аудару қажет. Біз тарихтан сабақ ала білуіміз керек қой. Егерде біз кітапты қаржыландыратын болсақ, ең құрығанда бұрынырақ И. Ерофеева қызмет жасаған Институттағы әріптестеріне сараптамадан өткізіп алса оң болар еді...

XVIII ғасырда қазақ елінің қай түкпірінде болмасын, батырларымыз ел мен жерді қорғау жолында шайқасқан, қасық қаны қалғанша туын жықпаған. Қазақстан аумағындағы мыңдаған, тіпті он мыңдаған батырларымыздың ерлік істері жайлы кітаптар шығарып жатса мен таң қалмас едім. Әрбір қазақтың арғы тегін сұрасаң, 7-8 ата тегінде міндетті түрде бір батырдың есімін кездестіресің. Ол заман жаугершілік заман еді. Мәселен, мен Омбы облысының аумағында жерленген Байболат батырдың ұрпағымын! Ежелгі заманнан бері Ұлы дала тұрғындары өте жақсы жауынгерлер ретінде танылған. Бұған байланысты Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Қазақтардың ұлттық рухы олардың қаһармандықтарында жасырылған» деп атап өткен. Жоғары жауынгерлік қасиеттерді олар өздерінің тікелей ата-бабаларынан – қыпшақтардан, түркілерден, ғұндар мен сақтардан мұраға алған. Өз жерін, халқын және қыруар малын жат жердің басқыншыларының шабуылынан қорғап қалу қажеттілігі олардың жауынгерлік өмір салтының қалыптасуына ықпал етті.

Ұлы Далада әрбір ер адам жауынгер болуы міндетті. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Бұл туралы ХІХ ғасырдың басында Қазақстанда болған Я.Гавердовский: «Әскери іс қырғыздар (қазақтар – автор) үшін ізгілікті кәсіп, сондықтан да онымен бүкіл халық айналысады (!) Қарудың мәнісін білетіндердің семсері, ең болмағанда пышағы болуы тиіс және ру басылары шақырған бойда жасаққа келіп қосылуы қажет»,-деп жазды. Қаруы болуы көшпелілердің арасында өте беделді және құрметті деп саналған. Мысалға қарусыз қазақты құрылтайға кіргізбейтін. Олардың дауыс беру құқығы болмады, бұл далалықтар үшін намысқа тиетін масқара болып саналған. ХХ ғасырдың басындағы белгілі қазақ зерттеушісі Қошке Кемеңгерұлының пікірінше, «қаруы бар жасөспірім өзінен жасы үлкен болса да, қарусыз адамға орын бермеген». Дала жағдайында туған жерді қорғауға тура келді, қарулы адам және оны епті пайдалана білетін адам құрметке лайық болды. Бұл туралы сол дәуірдің басқа да зерттеушілері атап көрсетеді, мәселен, Л.Мейер: «Халық жиынында қарусыз адамның дауыс беру құқығы болған жоқ» деп жазады. Осы ойларды саралай отырып, Ресей империясының отарлау саясаты хандар мен сұлтандарымыздың, билер мен батырларымыздың әрекеттерін өрескел бұрмалап, жасырын жауып тастағаны белгілі. Бізге бұл бағытта көп еңбек етуіміз керек. Қазіргі жемқорлық пен парақорлық, жағымпаздану, құпия өсек тасу, көреалмаушылық және де халқының лайықты ұлдарының ісін әдейі бұрмалап көрсету тәрізді әрекеттер – империяшыл саясаттың жемісі. Бұл мақала және аталмыш кітап – белгілі бір дәрежеде империяшыл пиғылды тұтатып, бықсытқандай. Олар жоңғарларға қарсы күресте бір батырдың рөлін жоққа шығарады да, екіншісінің дәрежесін көтереді? Осы дұрыс әрекет пе?

Осы орайда айта кетерлік жайт, біз ата-бабаларымыздың ерлік істеріне баға беру үшін бір ғана Ресей мұрағатынан алған деректер аздық етеді. Біз Қытай, моңғол, парсы және т.б. елдердегі мұрағат материалдарын айналымға енгізуіміз керек. Біз ауызша тарихқа да көңіл бөлуіміз керек. Оны Ұлы Даланың тілін, ділін түсінбейтін кейбір зерттеушілер жазуға құмар болып барады. Бір ғана Ресей деректері арқылы қай батыр болмасын баға беру, пайым жасау – тығырыққа апарар жол. Бүгінгі Тәуелсіздігіміз – батырларымыздың бір қарыс жерін жауға бермей қорғап қалғандығының жемісі. Олар руға, тайпаға, жүзге бөлінбеді. Оларды салыстыра қарудың еш қажеттілігі жоқ. Шапқыншылықтың қанды шебінде Бөгенбай да, Бөкенбай да, он мыңдаған жауынгерлер мен басқа да батырлар болды. Бүгінгі өскелең ұрпақ және кәсіби тарихшылар осындай ақтаңдаққа толы батырлар заманын зерттеуді қолға алуы керек. Сонда мынандай өрескел қателіктер орын алмас еді. Сонымен қатар, Қанжығалы Бөгенбай туралы да іргелі ғылыми монография жазудың уақыты толған тәрізді. Батырдың атына, рухына бекерден-бекер кір келтіруге жол бере алмаймыз! Біз екі батырды да құрметтейміз!

Батырларды, руларды бір-біріне қарсы қоюды қою керек. Аз ғана қазақ бір бірінің соңына түсуді қою керек.

Зиябек Қабылдинов

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих пен

этнология институтының директоры

Abai.kz

67 пікір