Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Әдебиет 7527 11 пікір 3 Қараша, 2017 сағат 11:52

Ұлықбек Есдәулет: Әдебиетімізді әлемге саусақпен санарлық қаламгерлер танытып жатыр

Жақында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет ЮНЕСКО-ның Бас штабында  сөз сөйледі.   Ол өз сөзінде бүгінгі әлем  үшін ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының орны айрықша екендігіне тоқталды.

 

Қазақ әдебиетінің мәселелері бүгін бұрынғы қай кезеңмен салыстырғаннан да өткір де маңыздырақ, себебі негізгі әңгіме ұлттық код пен бірегейліктің сақталуы туралы болып отыр. Өз болмысы, өз мінезі, өз ділі, өз салт-дәстүрі, өзіндік ерекшелігі бар халық ретінде ұрпақтар сабақтастығын жоғалтпай ұлттың төл мәдени, әдеби, тарихи болмысын келешекке жеткізу күрмеуі қиын істің бірі.

«Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген қазақ халқының ХХ-ғасыр басындағы рухани көшбасшысы Ахмет Байтұрсыновтың сөзі бүгінгі жаһандану дәуірінде жаңаша сипат алып отыр. Осы пікірді бүгінгі кезеңге сәйкес сәл түрлентіп жалғастырар болсақ, кез келген ел жаһандану тұсында ұлттық болмысын сақтамаған жағдайда өзін-өзі, тіпті ұлтық «Менін» жоғалтады.

Жаһандық (глобальды) нарық жеке адамдарды ғана емес, тұтас мемлекеттерді  өз ырқына бағындырып, асау атты жуасытқандай ноқталап, тізерлетіп жатыр. Жаһанданудан өркениетті елдің ешқайсысы, әлемдегі ешбір мәдениет, ешбір әдебиет тыс қала алмайды.

Ал дәстүрлі қоғамды рухани жаңғырту, білімді жаңа сапаға көтеру, ғылым мен техниканы бүгінгі күннің талаптарына сай дамыту, мәдени, тарихи құндылықтарға жаңа көзқараспен баға беру - заман талабына айналды. Осы тұрғыдан келгенде, біздің еліміз үшін Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының орны айрықша.

Қазақ тілі мен әдебиетін және мәдениетімізді дамыту ісі жаһандану жағдайында бірегейлікті сақтау ісіне, яғни ұлттың қауіпсіздігіне қатысты мәселеге айналды, ал классикалық қазақ әдебиеті, 15 томдық түсіндірме сөздігі бар шұрайлы қазақ тілі ұлттық рухани құндылығымыздың негізі болып қала бермек.

«Осы заманға мәдениеттер диалогында ұлттық әдебиеттің қатысы қандай дәрежеде, өз үні мен орны қаншалық?» дегенде біз қазақ әдебиетінің халықаралық беделін өзіміздің ұлттық ақын-жазушыларымызды әлемнің тану деңгейімен бағалаймыз.

Егер совет заманында әдебиетімізді сыртқа танытқан Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Қасым Аманжолов, Әбдіжамил Нұрпеисов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырза Али, Тұманбай Молдағалиев, Төлеген Айбергенов, Сайын Мұратбеков, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Әкім Тарази, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей, Роллан Сейсенбаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Дүкенбай Досжан, Марат Қабанбай, т.б. болса, постсоветтік кеңістікте және кейінгі жылдары Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, т.б. кітаптары европа тілдеріне аударылып, мұхиттың арғы бетінде жарық көре бастады.

Мысалы үшін, осыдан екі жыл бұрын қазақтың аты аңызға айналған ақыны Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы өлеңдер кітабы америкалық баспадан менің алғысөзіммен, ағылшын тілінде жарыққа шыққанын айта кеткім келеді. Сондай-ақ, Нью-Йоркте Олжас Сүлейменовтың, Әдіжамил Нұрпейісовтың, Бердібек Соқпақбаевтың, Әбіш Кекілбайдың, Смағұл Елубайдың, және басқалардың кітаптары жарық көрді. Жақында ғана Мадридте көрнекті испан ақыны Хусто Хорхе Падронның аудармасымен қазақ поэзиясының антологиясы жарыққа шықты, жыл сайынғы қазақ—орыс тіліндегі «Қазақстан-Ресей» әдеби альманағының шығуы дәстүрге айнала бастады. Пекиннің «Ұлттар» баспасынан қытай тілінде шығатын қазақ авторларының кітаптарының саны артып келеді.

Сонымен қоса Дулат Исабековтың драмалары Европа театрларында бірінен соң бірі қойылуы, Роллан Сейсенбаевтың, Бахытжан Қанапиянов, Есенғали Раушанов, Рахымжан Отарбаев, Ермек Аманша, Ғалым Жайлыбай, Дидар Амантай, Думан Рамазан, Дәурен Берікқажыұлы, Танагөз Толқынқызы т.б. кітаптары әлем тілдерінде аударылып шығып жүргені, Төлен Әбдіктің Түрік дүниесінің жыл адамы атануы, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса, Жүкел Хамай, Ғалым Қалибек сияқты қазақ ақындарының, ішінде осы баяндамашы да бар, Әлемдік поэзия конгрестері мен поэзия фестивальдарына шақырылып, ЮНЕСКО-ның Янг Маурюс басқаратын Әлемдік өнер және мәдениет академиясына мүшелікке қабылдануы, гуманитарлық сала докторы атануы, т.б. мысалдар іргелі қазақ әдебиеті үшін аз жетістік емес дер едім.

Бірақ, осылайша, ауызды қу шөппен сүртпесек те, тарихы тереңде жатқан қазақ әдебиеті бүгінгі тәуелсіздік жылдары әлем оқырмандарына кеңінен танылды, дүниені жалт қаратты деп ауыз толтырып айта алмаймын.

Тәуелсіздік дәуірі өз тәуелсіз әдебиетін туғызуда. Жаңа заман қаламгерлері қатарында Тыныштықбек Әбдікәкімов, Серік Ақсұңқарұлы, Мейірхан Ақдәулетұлы, Светқали Нұржан, Нұрғали Ораз, Қуаныш Жиенбай, Таласбек Әсемқұлов, Тұрсынжан Шапай, Гүлнар Салықбаева, Роза Мұқанова, Талғат Кеңесбай, Айгүл Кемелбаева, Ертай Ашықбаев, Сұраған Рахметұлы, Шәкизада Әбдікәрімов, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Нұрлан Қами, Әмірхан Балқыбек, Маралтай Ыбырай, Әлібек Шегебай, Нұржан Қуантай, Жарас Сәрсек, Бақытжан Алдияр, Талғат Ешен, Дәурен Қуат, Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек, Серік Сағынтай, Аягүл Мантай, Мақсат Мәлік, Алмат Исадәл, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Құралай Омар, Әлия Дәулетбекова, Азамат Тасқараұлы, Олжас Қасым, Батырхан Сәрсенхан, Әділет Шопен, т.б. жасамысы бар, жасы бар қаламгерлерді айтуға болады. Олардың шығармалары азаттық ауасымен тыныстағаны, бүгінгі озық ақпарат заманының арқасында әлемнің озық әдеби үлгілерімен қанып сусындап, молынан нәр алғаны байқалады. Бірақ бұл – әлі шетелдерге бейтаныс әдебиет болғандықтан әлем әдебиетінің көгінде жұлдызы жанар кезі енді келеді деп санаймын.

Саусақпен санарлық кітаптар аударылып, саусақпен санарлық қаламгерлер әдебиетімізді танытып жатыр. Мұндайда, бір ғана Гарсия Маркестің – колумбия, бір ғана Шыңғыс Айтматовтың – қырғыз, бір ғана Орхан Памуктің – түрік, Мо Янның – қытай әдебиетін танытудағы ролімен салыстыратын өлшеммен қарасақ, саусақпен санаудың өзі артықтық етеді…

Мәселе неде?

Мәселе – әдебиеттер арасындағы алтын көпір – аудармада және аударма сапасында!

Демек, бұл – біз өз ұлыларымызды әлем тілдеріне өз көркем деңгейінде аудара алмай отырмыз деген сөз. Демек, бұл – 2 мың жылдық тарихы бар, 100 томдық фольклоры бар, әлемнің ешбір әдебиетінен кем түс қоймайтын біздің әдебиетіміздің алтын қазынасы дүниежүзілік айналысқа түспей, өз дәрежесінде таныла алмай отыр деген сөз.

Сондықтан да Елбасының бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтыру арқылы ұлттық әдебиетіміз үшін бұрын болмаған тың да кең мүмкіндіктер ашып отырғаны сөзсіз. Қазір мемлекеттік деңгейде қолға алынған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша отандық әдебиетімізді БҰҰ-ның 6 тілінде шығару нағыз жауапты да тарихи міндетке айналды.

Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін заманауи көрнекті әдебиеттер тізімі сарапталып, Ұлттық аударма бюросы құрылды. Сонымен қатар Президент бағдарламасына сәйкес бұдан басқа латын әліппесіне көшу, әлемдік 100 үздік оқулықты қазақ тіліне аудару, киелі орындар жағрафиясы, «Туған жер», және «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» сияқты келелі 5 жоба қолға алынды.

Қазақ әдебиеті бұрын бір ғасыр бойы әлем тілдеріне тек орыс тілі арқылы ғана аударылып келген болса, енді тәуелсіздігіміздің арқасында әлем тілдеріне түпнұсқадан тікелей аударылуға мүмкіндік алды. Бұл – ұлттық тіліміздің нағыз бостандық, азаттық, дербестік, тәуелсіздік алуы деп бағалар едім.

Жақын болашақта еңселі де қабырғалы қазақ әдебиеті жалпыадамзаттық ақыл-ойдың өзіндік бір қазынасына айналып, әлем әдебиетінің мұхитына жаңа арна болып құйылады деген сенім білдіргім келеді.

Ұлықбек Есдәулет,

ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

11 пікір