Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алаң 8344 31 пікір 1 Қараша, 2017 сағат 12:10

Әлем қазақтарына хат

Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған, әй қазақ баласы! Қытайдағы қандасыңның жайы сені ойландырмай ма? Ешбір кінәсі жоқ қазағың темір торға тоғытылып, кейбірі "өзіне-өзі қол жұмсады" деген сылтаумен өмірімен қоштасып жатыр. Шекарадан бері өте алмайтынын біліп, қаншама қандасың ах ұрып, өкінішпен өзегін өртеуде. Бүкіл әлемдегі қазақтың арқасүйері саналатын Қазақ билігінің өзі Қытайдың ішкі саясатына араласа алмай тығырыққа тіреліп тұр. "Мұндай жай басқа елде болмайды" деп айта аласың ба?

Ей, қазақ баласы! Есіңді жи! Сен бәлкім Моңғол елінде тұрып жатқан боларсың! Алтай ата мекенің екеніне шүбә келтірмеймін. Кешегі Оспан, Зуқалар қанымен де, жанымен де қорғаған сол бір қасиетті өлкені тастап, қазіргі қазақ еліне қосылар күнің туды. Бұл күн қанша ұзаққа созылары бір Аллаға аян. Моңғол билігіне қапелімде бір зұлым басшы келсе, бүгінгі Қытайдағы қазақтың тағдыры сенің басыңа тумасына кім кепіл? Әрине, туған жерді, бүкіл өміріңнің ыстық естеліктерін қиып тастау - қиын. Осы бір қиындықты ер боп көтеріп, өз үйіріңе қосылмасаң, бір тал дәніңді болсын, қазақ жеріне еге алмасаң, сенің қазақтығыңнан қайыр жоқ. Моңғолды былай қойып, ертең орыс саясаты бетін теріс берсе, қазақ еліне ұшып жетер қанатың болмай зар еңіреуің әбден мүмкін.

Ей, Омбы мен Орынборда, яки Ресейдің түпкір-түпкірінде жүрген қазақ баласы! Сенің тілің орыс болғаныңмен, жаның қазақ! Сендердің де түп қотарыла елге қосылар, қазақтың тілі мен дінін бойыңа сіңірер кезің жетті. Бұ тұрлауы жоқ ғұмырда көк көз ағайыннан жақсылық келмесі баяғыда белгілі болмады ма? Қазақтың елін отарлау үшін бабаларыңды қынадай қырған елден ірге суытып, қазақ болуға қадам жаса. Орыс билігі сыртын берсе, сенің ұрпағың мүлдем қазақтықтан кетуі мүмкін. Қытайдағы жағдай басыңа төнсе, қарулы орыс еліне қарсы тұрып, қазақ саған пана бола алмайды. Пана қажет болса, қазір тап!

Ей, Ташкент пен Нүкістегі ағайын! Өзбек өз ағам! Өз ағам болса да, шаңырағы бөлек, ұстанымы өзге мемлекет. Құдайға шүкір, тәуелсіздік алғалы ең көп қандасымыз Өзбекстаннан келді. Сол бір көшті тоқтатпай, сендер де ағылыңдар! Енді артқа қарайлайтын ештеңе қалған жоқ. Ертең саясат қалай боларын болжау қиын. Бүгін мүмкіндік бар ма, қазақ болғың келе ме, ұрпақтарыңның жүрегі қазақ деп соқсын дейсің бе, тоқтама! Біз үшін Нүкістің қарақалпағы да - қазақ! Қарақалпақ ағайын сен де бетіңді қазақ еліне бұр... Шекарадан бері өт. Аз қазағыңның санын көбейт. Өс, өн!

Ей, Еуропа қазақтары! Тілің мен салт-санаң өзгерген болар, бәлкім! Жағдайың жақсы, қалтаң тоқ шығар! Сонда да бір балаң болса да, тарихи Отаныңа жібер! Ертең жұтылып жоқ болып кеткің келмесе, қазір ойлан! Бұл жүз жылда бір бұйырар жылымық кезең. Осы кезеңде көшіп келе алмасаң, сен қазақ емессің. Қазақ болып қала алмайсың!

Қытай саясатына қарап, жүрегіміз ауырар. Қытайда жазықсыз қамалған қандастарға қол ұшын соза алмайтынымызға өкініп, зар жылап жатқан болармыз. Ол жылаған жүректі жұбататын жалғыз қадам әлем қазақтарын елге шақыру деп білемін. Біздің тәуелсіздік алғалы бері ханзу еліндегі бар қазақты елге көшіріп алар мүмкіндігіміз болды. Сол мүмкіндікті мемлекет те, Қытайдағы қазақтар да уысынан шығарып алды.

Енді осындай өкініш болмауы үшін жер шарындағы әр қазақ бүгіннен бастап атқа қонуы қажет!

Сіз не дейсіз?

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz 

 

31 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499