Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Білгенге маржан 6871 3 пікір 25 Қазан, 2017 сағат 12:33

Жүз - территориялық-әкімшілік бірлестік

 

«Таусылмас көп сыр естідім,
Адамынан үш жүздің.
Тере берсең табылар,
Әділ кісі болған соң,
Жүрек аңсап сағынар.
Сөз жәрдемін көрсеткен,
Аздап айтсам мыналар:
Біріншісі Бекасыл,
Тоқсан үш жаста жөнеді,
Қоқандағы хандардың,
Төртеуін көрдім деп еді» («Төле бидің тарихы» жыры -1941 ж.)
деп жырлаған Қазанғап Байболұлының (1889-1945) жырларын оқып отырсақ, 17-ғасырдың басында, яғни Еңсегей бойлы ер Есім ханның тұсында "Жүз" атауының орнында "Ұлыс" сөзі қолданылған секілді..

Төменде осы мәселені зерттеген ғалымдардың пікірін беріп отырмыз.

С.Аманжолов: "Қазақ елі, жері үш жүзге моңғолдарға дейінгі кезеңде X-XII ғасырларда бөлінді"

Ш.Уәлиханов: «Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлерде өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін осындай үлкен одақтар құрған".

В.Бартольд: "Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық фактор әсер етті. Табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырды"

М.П.Вяткин: "Жүздердің құрылуына табиғи-географиялық себептермен қатар, саяси оқиғалар әсер етті. Жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде ХVI ғасырда қалыптасты"

Н.А.Аристов: «Жүздерге бірігу жоңғар шапқыншылығы кезінде шыққан".

Т.И.Сұлтанов: “XVI ғасырдың екінші жартысында ұлыс жүйесі біртіндеп жүздерге ауысқан"

М.С.Мұқанов: Қазақтың жүздері этноәлеуметтік ағзаның жоғары санаттарының бірі. "Этноәлеуметтік организм" деп этностық, әлеуметтік, шаруашылық, саяси бірлестіктерді түсінеміз.

Өздеріңіз байқап отырғандай ғалымдардың ешбірінен "Жүз - туыс ру-тайпалар бірлестігі" деген пікірді таппайсыз.. Сондықтан, "Жүз" ұғымын туыстық жақындықты білдіретін атау деген сенімнен құтылатын кез жетті.
Қазақтың арасына жік салып, бөлшектеуді көксейтін арандатушылар қашанда табылады. Ондайларға батыл тойтарыс беріп отырайық...

Өмірбек Шыныбекұлы

Abai.kz

3 пікір