Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 8526 12 пікір 24 Қазан, 2017 сағат 18:56

СІМ өкілдігі Қытайда қамалғандардың туыстарын қабылдады

Соңғы уақытта Қытайдағы қазақтарға қатысты түрлі әңгіменің шеті шығып жүр. Жөн-жосықсыз қудалау көріп, темір торға тоғытылып жатқан жұрттың Қазақстандағы туған-туыстары айтып жатыр бұл әңгімелерді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі күні кеше ғана арнайы мәлімдеме жасап, Қытай өкіметі қудалап жатқан қазақтар жайлы деректі анықтайтынын айтқан болатын.

Қайрат Әбрахманов мырза тізгінін ұстап отырған министрліктің Алматыдағы өкілдігі бүгін Қытайда тұтқындалған қазақ азаматтарының туған-туыстарын жинады. Әрқайсысының арыз-талаптарын тыңдап көрді.

Бұл жиынға ұзын-ырғасы 30-дан астам адам жиылған екен. СІМ өкілдігі жиылған жұрттың барлығын дерлік ғимаратқа кіргізген жоқ. Тек қана туысы қамалып кеткен 15 шақты азаматты екі-екіден кіргізіп, олардан мәселенің мән-жайын сұрап білді.

Қоғамның қызу талқысына түскен бұл мәселеге Қазақстан Үкіметі тарапынан қандай қарекет боларын білмекке келген БАҚ өкілдері бұл ғимаратқа кіре алған жоқ. Сөз білетін СІМ-нің ешбір өкілімен кедесу болған жоқ.

Десек те, біз кезек күтіп сыртта тұрған жұртты сөзге тарттық.

Құл-Керім Елемес, ақын:

-Осы жарты жыл көлемінде Қытайдағы қандастар жайлы әлемдік басылымдар жазып жатыр. Қытайда соңғы кезде қазақ азаматтарына қатысты түрлі қысымдар көбейіпті. Алды тіпті, кісі өліміне жеткен. Оларға қандай айып тағып отырғанын сол мемлекеттің өзі біледі, әрине.

Біз қандас бауыр ретінде көріп, біліп отырғанымыз - біздің азаматтарымыздың, қазақ деген халықтың өкілдерін, дін жолындағы жігіттерді, ықылымнан келе жатқан сал-дәстүрін дәріптеген азаматтарды, сонан соң маңыздысы - Қазақстанмен байланысы бар азаматтарды ұстау мәселесі, олардың Қазақстанға келіп-кетуін қиындату әрекеті өте күшейіп кетті.

Біз бір елдің ішкі саясатына араласпаймыз. Ал, бірақ, біз де бір Тәуелсіз мемекет ретінде және сол мемлекеттің негізін қалаушы ұлт, қазақ ұлтының өкілдері ретінде ол жақтағы қазақтардың мәселесіне араласуға елдік тұрғыдан қақымыз бар деп ойлаймыз. Ол жақта 2 миллионға таяу халық бар. Сондықтан оның өмір сүру жүйесі біздің елімізбен сөзсіз байланысты. Екі елдің ынтымағы бар. Екі елдің арасындағы достық қатынас бар. Саяси жақтан шекаралас мемлекет. Біреуінің әкесі сол жақта, біреуінің шешесі сол жақта. Осының барлығын Мемлекет ескеруі керек еді. Халықты бұндай ауыр қысымға түсіру дұрыс деп есептемеймін.

Жұмағазы Дәлейұлы, ҚР Азаматы, (әйелі қамауда):

-Мен 1991 жылы Қазақстанға келіп, 2001 жылы азаматтық алғанмын. Бала-шағамның барлығы Қазақстанның азаматтығын алған. Әйелім - Қызырхан Назарбекқызы Қытайда зейнетке шығуына байланысты Қазақстанның азаматтаған алмаған-ды. Сөйтіп, Қытайға осы жылдың мамыр айында барған. 4 ай болды, міне, паспорттарын алып, Қазақстанға жібермей қойды. Кейіннен, менің денсаулығыма байланысты ортада арыз жазып жүріп, 2 айға келген. Онда да арнайы рұқсатпен ғана. Осы қазанда рұқсатының мерзімі бітіп, Қытайға қайта кеткен болатын. Қытайға барған күннің ертесі келіп жеке телефонын алып кетіп, тексеріп, қайта әкеліп беріпті. Ал төртінші күні кешке милиция келіп, алып кеткен. Әкесінің айтқанына сенсем, оны үйрету мекемесіне апарыпты. Ол жаңағы жабық зона. Түрменің ішінде екен. Ол жерден алып шығу үшін, оған кепіл адам керек екен.

Енді мейлі, сол үйрену орталығынан "миы тазаланып" шыққан болса, ол қайтадан бала-шағасының. күйеуінің, менің жаныма келуі керек қой. Ол мұнда қайта келмеуі үшін, ешкім оған кепіл бола алмайды. Азаматтық алып, қазақ боламыз дегеніміз сол, жасымыз алпысқа келді, қатыннан айырылып жүрміз, міне. Құзыретті орган өкілдері, басшылары, арызымызды сіздерге айтып, көмек сұраймыз!

Қыдырәлі Оразұлы, жиынды ұйымдастырушы:

-Қытайдағы қандастарымыздың қиын жағдайы жайлы бірінші мәрте айтып, жазып жүрген жоқпыз. Осы мәселелер бойынша бірнеше мәрте баспасөз жиындары өткен. Соған байланысты Қазақстан Үкіметінің Сыртқы істер министрі біраз мәселелермен айналысып жатқанын айтты.

Міне, Алматыда сол Қытайда түрлі себептермен қамалған азаматтардың туған-туыстарымен кездесу өткізді.. Осы кездесу нәтиже береді деп ойлаймыз.

Енді, бұл қадам да нәтиже бермей, Қытайдағы қазақ азаматтарын қудалау жалғасып жататын болса, біз Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін, Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымына дейін хат жазып, осында жиналған азаматтардың жанайқайын жеткізетін боламыз.

Дәл қазіргі уақытта 47 адамның тізімі бар. 13 адамның сотталғаны туралы ақпарды бір адам жинап берді. Және бір ауылдан 150 жігітті ұстағаны туралы да ақпаратымыз бар.

Түйін.  Жақындары жұнгода қамалып кеткен жұрттың көбі "Abai.kz" ақпараттық порталына келіп, жағдайларын баяндап,  жанайқайларын айтқан еді. Олардың бірсыпырасын біз сайтымызда жарияладық.

Қытай билігінің қудалауына ұшыраған қазақтаржың жағдайы жайлы Германиядағы қазақ азаматы Өмірхан Алтын Елбасының тіке өзіне жеткізгенін білеміз. Ол кезде Президент бұл жайттан еш хабарсыз екенін білдірген-ді.

Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық әм серіктістіктің орнағанына тұп-тура 25 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық артты. Қытайдан атажұртқа оралған азаматтардың саны миллионнан асып жығылды. Екі ел басшыларының келісімі бойынша көрші Қытаймен байланыс күшейді. Бірлескен жобалар жүзеге асырыла бастады.

Мемлекет басшыларының да бір-біріне шәй дескен кезі болмаса керек-ті. Ендеше, Қытайдағы қазақтар ҚХР азаматы десек те, олар бірінші кезек те - қазақ. Ал қазақ ұлты - Қазақстанның негізін құрушы ұлт. Біз үшін әлемнің әр түкіпіріндегі қазақтың мәселесі  кезек күттірмей шешілуі керек. Ендеше,  бұл мәселені шешу - Президенттің пәрменіндегі іс болып табылмақ.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

12 пікір