Сенбі, 20 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 8248 21 пікір 24 Қазан, 2017 сағат 11:45

«Рухани жаңғыру»: Бородинмен бірге жаңғырсақ оңған екенбіз!

Қостанайда «діни келісім күнін Андрей Бородинді еске алуға арналған көпшілік лекциямен атап өтілді» деген даңғаза шуға толы материалдар жергілікті баспасөзді жаулап алды. Бір кездерде облысымызды жиырма жылдан астам басқарған, өзін осында жарты патшадай сезініп, Кремльдің саясатын жүзеге асыруда алдына жан салмаған осынау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының «Дәуір адамы» аталатындай қандай еңбегі сіңіп еді? Оның үстіне оның туған күнін тойлауда діни келісім мерекесінің қандай қатысы бар? Әлде оның жалғыз өзін осы діни келісім күнін бейнелейтін символикалық тұлға есебінде көпшілік болып, бүкіл ел болып бекітіп пе едік? Баяғыда «Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйды» деген екен біреу, мұның өзі соған ұқсап бара жатқан асыра сілтеу секілді. Сонда облысымызда қандай да бір мерекені қалай атап өтуді білуге тиісті мекемелер қайда қараған? Әлде, заманында бүкіл облысты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған, өзінің жағымпаздарынан басқа ешбір жан алдына бара алмайтын өзімшіл де өктем басшысынң бүгінге дейін мысы басып тұр ма екен? Әлде бірдеңе деуге рухынан қорқа ма екен? Қалай болғанда да бұл кісіге мұндай марапат көрсету мен асыра мадақтау алдымен қазақ халқын қорлау мен мазақ ету деп білеміз. Мұны мен ол кісінің бүкіл тағдырынан  мол хабардар болғандықтан айтып отырмын.

Сонымен осындағы өзге халықтардың өкілдері өздерінше ерекше құрметтеп қысқаша БАМ деп атап кеткен Андрей Михайлович Бородин кім еді? Алдымен айтарымыз – партияның кәдімгі көп қолшоқпарының бірі, шаш ал десе бас алатын әпербақан партократтың сенімдісі болатын. Мұндағылар оны тың игерудегі еңбегі ерекше деп жата қалып табынғанымен, ол кісінің бұл жердегі еңбегі жоққа тән. Егер шынын айтар болсақ, тыңының бастамасында атақты дала академигі атанған Сағалбай Жанбаев пен Храмков деген кісі тұрған. Бородин болса, облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына тек 1959 жылы ғана сайланды. Алайда Хрущевке еліктеп өзін тың көсемдерінің қатарына қосқысы келіп жанталасып бақты. БАМ-ның беделі түсіп қала ма деп қорыққан оның мұрагерлері Жанбаевтың да, Храмковтың да атын атауға жүректері дауаламайды. Қазақ үшін Жанбаев кім, Бородин кім?  Кремльдің қолшоқпары Бородин Жанбаевтың қолына су құюға да жарамайтын, қолдан жасалған жасанды тұлғасымақ емес пе? Сол халық аузынан тастамайтын Жанбаевқа неге бір ауыз жылы сөзімізді қиймыз? Әлде одан мұндағы Бородиннің ізбасарларынан қорқа соғып, сескенеміз бе? Мүндай жалпақшешелік күйге түссек, Тәуелсіздігіміздің тізгігінін кім көрінгеннің қолына ұстатып жүре беруіміз қалды. Бородиннің аяқ астынан (мүмкін баяғыда ойластырылған) торқалы тойына бергісіз жиынынан кейін осындай ой санамыздан шықпай қойды.

Жарайды, оның шаруашылық жүргізудегі әдіс-тәсіліне баға бермей-ақ қоялық. Кеңес Одағы кезіндегі жоспарлы экономикада оза шауып бәйге алатындар тек Мәскеуге аса жаққандардың қатарынан болатындығын біздің ұрпақ жақсы біледі.

Бізге қандай басшы болса да, оның алдымен адамгершілік қасиеті, кадрларды бөліп-жармай әділдікпен орналастыра білуі секілді қырлары қымбат. Осы орайда неге екені белгісіз, Бородиннің келгеннен-ақ өз елінде тұрып жатқан қазақтарға деген, әсіресе, қазақ кадрларына деген көзқарасынан оларды екінші сортты жандар есебінде төмен санайтындығы айқын көрініп тұратын. Қазақ халқының атын естіп көрмеген меңіреу Курск облысынан келгеннен кейін бе, әлде сол кездегі партияның астыртын жымысқы саясатын терең меңгерген әккілігінен бе, ол салғаннан-ақ қазақ кадрларын жаппай қудалай бастады. Бородиннің ұлты қазақ мамандарды қызметтен тықсыра қуғанын ойласаң Сталиннің Алаш зиялыларын қалай қудалағандығын еріксіз еске алғандай боласың. Жалаң сөйлеп, орыстың адал ұлтына жала жапты демес үшін фактіге сөз берелік. Облысымыздағы 200-ден астам колхоз-совхоздың директорларының ішінде тек бірлі-жарымы ғана қазақ болатын. Ал 12 аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығы түгелге жуық орыс, украин ұлтынан жасақталған еді. Тек бір ғана Әуликөл (бұрынғы Семиозер) ауданын ғана жалғыз қазақ басқарды. Мұны біздер кезінде мазақ үшін істеп отыр деп іштей күңкілдеп қана қоятынбыз. Айтпақшы, мазақ демекші, қазақ қалың орналасқан Науырзым ауданын Мееров дейтін біреу басқарып, қазақты әбден жерге қаратты емес пе?.. Сол Науырзым ауданынан сол кезде де, қазір де емге деп жойыт баласын таба алар ма екенсің. Сонда бұл басынғандық емей немене. Мұны аз десеңіз, облыс деңгейіндегі басшылық саналатын қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Шлычков деген  мен облыстық атқару комитетінің торағасы Пономарев та орыс ұлтынан болатын. Қазаққа тіпті қалалық атқару комитетінен де орын тимеді. Сол кезде облыстық прокуратурада түгел орыстар отырғандықтан оның есігінен сығалауға қорқатынбыз. Мінекей, партияға шын берілген Бородин деген хатшының боямасыз шынайы  бет бейнесі осындай болатын. БАМ деп еркелетіп айтқан осынау шолақ ойлы, әпербақандау адамның кадр саяасатындағы өрескел қылықтарын бетіне айтқан, оның басқару принципінің партиялық принцип түгілі адамгершілік принциптерден мүлдем ауытқып кететіндігіне шыдамаған намысшыл азамат, осы Қостанай жерінің адал перзенті Оразалы Қозыбаев ағамыз екінші хатшылығынан бас тартып, бір күнде ат құйрығын үзіп, Ақтөбеге кетіп тынды. Бородин сонда өзінің әлгіндей қателігін үнемі ескертіп отыратын адал жаннан құтылғанда, әй, бір қуанған шығар-ау...

Бородин деген кісінің жалпы қазақты ұнатпайтындығы былай тұрсын, әсіресе, қазақ халқының белгілі ақын-жазушыларының атын естігенде кірпідей жиырыла қалатын әдеті бар еді. Жазушыларды жан-тәнімен жек көретін. Мүмкіндігі келгенше өзі қожалық ететін облысқа оларды жақындататпауға тырысып бағатын. Тіпті жоғары жақтың дүмпуімен келіп қалғанның өзінде де салқын қабақ танытып, өзі қабылдамай, өзгеге итере салып, олардың мұнда қажет емес екендігін айқын сездіріп отыратын. Осындай қорлыққа шыдамаған заманымыздың классик жазушылары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов Қостанайдағы өз туған ауылдарын көршілес Солтүстік Қазақстан облысына аударып жіберді. Ал біз кезінде мектепте осы қос алыптың туған жері Қостанай облысы деп оқитынбыз.

Облыстық мұрағат және құжаттама басқармасы мен Мемлекетік архив ұйымдастырған  лекциясымақта Бродиннің ешкімнен де қорықпайтын көзсіз батырлығы жайлы айтып, біраз даурыққан көрінеді. Сондағы адам сенбес ертегілерінің бірі – БАМ дейтін мықтың республика басышылығынан да, тіпті, КПСС-тің Бас хатшысы Леонид Брежневтен де айылын жимайтын көрінеді. Облысымызды осындай жүрегі түкті, ешкімнің алдында бас имейтін ертегінің батыры іспетті партократ басқарғандығына бір жағынан мерейің өсетін сияқты.       Алайда сол үлкен бас қосуда осыншама өтірік айту кімге керек болды екен? Әлде Бородинді періштеге айналдыру үшін аталған жалған ақпаратты осында отырған жастар талғамай қылғыта береді деп ойлады ма екен?.. Расында, жарты әлемді жалынан ұстаған Бас хатшыдан сескенбейді деген сөзге КСРО тарихынан мүлдем хабары жоқ жастар ғана иланар. Шындығында  Кеңес Одағы деген елде Бас хатшыға қарсы келетін адам еш уақытта болмаған. Оны жай сынаған бір-екі адам түбі жындыханадан бір-ақ шыққан еді. Алайда жаңағы жағымпаздың сөзінің бір шындығы да бар. Ол – Бородиннің біздің республика басшылығына қашанда қырын қарап, бағынғысы келмей кеірейіп өткендігінде болса керек. Өйткені өзін тікелей Кремль қойды, оның үстіне Брежневті дос санап күшенген неме онысын ешқашан жасырған да емес. Кейде өзіміз де қатысып қалатын лездемелерде «Жаңа ғана маған Леонид Ильич хабарласты. Жағдайды сұрап жатыр. Сіздерге де сәлем айты», деп үнемі көкіп отыратын. Онысы бізді бір қорқытып алу болса, екішіден, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы ғана емес, сондай-ақ КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының білдей бір мүшесіне қыр көрсетуі ғой деп қабылдайтынбыз. Менсінбеушіліктің әбден шарықтағаны соншалық, бірде Қонаев облысымызды аралауға келгенде әуежайға өзі баруға міндетті болса да, әртүрлі сылтау айтып,  оған өзінің екінші хатшысын жіберген. Мұның өзі партиялық этикетті өрескел бұзу еді. Димекең аса зиялы әрі мәдениетті адам ғой, ештеңе болмағандай облысты аралап кете барған. «Мың асқанға бір тосқан» деген емес пе, ақыры осындай өрескел қылығы өзіне де оңай тимеді. Брежневт те Бородиннің оспадар қылықтарынан әбден шаршаса керек, ақыры арада 20 жыл өткен соң зейнеткерлікке жіберуге мәжбүр болды. Билікке қаны-жыны араласып, жан-тәнімен сіңісіп кеткен адамның биліктен кеткеннен кейінгі қасіретін адам баласына бермесін. БАМ-да зейнеткерлікке шыққан соң (дұрысы шығарған соң) ұзамай-ақ о дүниеге аттанып кетті. Кеткені дұрыс болды. Өйткені өмірінің соңғы жағы адам аярлық күйге түсті. Өзі де тым толық кісі болатын. Ал соңғы кезде аса қатты семіріп кетті. Салмағы 120 килограмнан асты. Шынықпаған, тым былжыр бұлшық еттері дамымаған шыбықтай майысқақ аяқтары 120 кг салмақты көтере алмады. Ол обкомның алдына машинаман келгенде, оны екі милиционер қолтығынан ұстап, көтеріп барып, жедел сатыға мінгізіп, одан кабинетіне апарып жұмсақ креслосына жайғастыратын. Кейбір айтушылардың сөзіне қарағанда, Бородин тым тамақсау болған, арақты тек қырлы стақанмен қылғытады екен. Бұл сөздің, сірә, жаны бар шығар. Өйткені кейінгі кездері БАМ баяндаманы түргеліп тұрып оқуды да қойды. Оның орнына көмекшісі оқыды. Меніңше осы сорақылық пен сұмдық жағдай Брежневтің де құлағына жетсе керек. Достықты қадірлеген жөн шығар, алайды оны осыншама адам шошырлық күйге жеткізуге болмайды ғой. Әрине,  діни келісім күніне орай өткен лекцияда БАМ-ның осындай адам сүйер қылығы жоқ қасиеттері туралы ешкім де тіс жарып ештеңе деген жоқ. Оның орнына БАМ-ның қазіргі таңда тарихтан лайықты өз орнын ала алмай жүргендігін айтып көз жасын көлдеткендер көрініп қалды. Олардың мұнысы да көлгірлік. Неге десеңіз, Қостанай қаласының дәл орталығындағы аса көрікті әрі кең даңғылдың бірі осы Бородиннің есімімен аталады. Бұдан артық оған қандай құрмет керек? Әлде еңселі  ескерткіш орнату қажет пе екен? Айтпақшы, осы алқалы лекцияның қаламыздағы Достық залы деген жерде өткізілуі бұл арманның түбі орындалып қалуы мүмкін дегенді білдіреді ме, өзі қалай?.. Ал осында жиналып Бородинді аңсап, соның атын тарихқа алтын әріппен жазуды армандап күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып, жастыққа басы тимей жүргендердің ең болмаса біреуінің  облысымызға ғана емес, бүкіл елімізге ерекше еңбегі сіңген, республиканы жаңа сатыға көтерген ғазиз жан, атақты тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа Қостанайда кең даңғыл былай тұрыпты, шолақ көшенің бұйырмай отырғаны ойына кіріп-шықпағаны таң қалдырады.

Жалпы Бородин секілді баяғыда тарих қойнауына түпкілікті кеткен тұлғасымақты қайта тірілтуге ұмтылу күні бүгін басталған құбылыс емес. Жұрттың бәріне айқайлатып тұрып көше беру Кулагиннің кезінде басталды. Бұл құрметті Сәдуақасов жалғастырып, зияратының басына барып гүл шоқтарын қойып, бір ерледі. Енді, міне, кәрісі бар, жасы бар Достық залына жиналып алып, БАМ-ның ерлігін жырлап, мадақтауын келістіріп, мәңгілік еске сақтау жолындағы бастамаларды қызу жалғастырып жатыр.

Жалпы Бородин марқұмның бір ұнамсыз ұсақтығы бар еді. Ол баяндама жасаса да, немесе ауызша ұзын-сонар сөз сөйлесе де, Қонаевты еш уақытта ауызға алған жан емес. Жек көрушіліктің мұндай да әдісі болады екен-ау. Біз «Димаш Ахметович» деген сөзді алғаш рет Бородиннің орнын басқан Демиденконың аузынан ғана естідік. Обалы не, ол марқұм Димекеңді еш уақытта аузынан тастамайтын. «Димаш Ахметович былай деді», «Димаш Ахметович мынадай нақты тапсырма берді» дегенде неге екені белгісіз, ішіміз жылып сала беретін. Оның үстіне Бородиннің кадр саясатындағы адам айтқысыз әділетсіздігін түзеген де осы Демиденко хатшы. Ол мәселені төтесінен қойды. «Егер, - деді ол,—ауданда бірінші хатшы орыс ұлтынан болса, екінші хатшы немесе аудандық атқару комитетінің төрағасы міндетті түрде қазақ болуы керек. Қазақ кадрлары ешкімнен де кем емес». Өзгені білмеймін, мен оның осы сөзі үшін марқұмның алдына бас иер едім. Мінекей, осындай нұсқаудың арқасында Қостанай біраз қазақыланып қалды. Жалпы өлкемізді қазақтандырудың алғашқы белгісі дәл осы Демиденко тұсында басталды десем қателесе қоймаспын.

Жалпы бұл мұрағат белсенділерінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жүргізіп жатқан шараларының бірі көрінеді. Біз енді Бородин секілді қазаққа бір түйір де жақсылық жасамаған жанмен бірге рухани жаңғырсақ, оңған екенбіз. Енді мұрағатшылар қандай даулы тұлғаны тауып алар екен?

Айтпақшы, бүгіндері қазақ десе кірпідей жиырыла қалатын, қазақ кадрларын екінші сорттыға бағалап, өктемдік көрсеткен, сөйтіп шовинизм ауруына шалдыққан Бородинді мадақтауды бастасақ, күні ертең кезінде еліміздің Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайлана салынысымен Тәуелсіздігімізге ашық қарсы шығып, «Қазақстанның тәуелсіздік алуына қарсы дауыс берген жалғыз мен» деп онысын асқан батырлыққа балап жүрген нағыз шовинист Чернышев дегенге де кезек тиіп қалар. Сосын дәрежесі жоғарысы керек болса, Ресей Думасының вице-спикері Жириновскиді «дәуір адамына» қосып, тәуелсіздігіміздің тарихына алтын әріппен жазуға талпынып қалатындар  да табылар. Ол қанша дегенмен Алматыда туып-өсіп, ер жеткен өз «азаматымыз» емес пе. Қазаққа қастар аз емес, демек келешекте бұл тізімнің шексіз ұзара беретіндігіне күмәнданбасаңыз да болады.    Облысымызда шынайы патриотизмді қалыптастыратын анық та нақты ұлттық идеология жоқ жерде оның орнын  осындай күмәнді де қауіпті идеялар мен тұлғалар басатындығына, тіпті, таң қалуға да болмас. Облысымызда идеологияның тұтқасын ұстап жүргендердің жұрттың көбісі тыжырына қасы алатын күмәнді тұлғаның қайдағы бір 105 жылдығын атап өту ешбір қисынға, тіпті заңға да симайтындығын білмегені ме? Мұндай шараларды олар қадағаламағанда кім қадағалайды? Әлде оларды да Бородиннің мысы басып кетті ме? Ау, аталып өтуге тиісті белгіленген жылдар тізімі бар емес пе?!. Әлде бұлар Бородиннің идеяластарына қатысы жоқ дүниелер ме? Бұл дегеніміз – еліміздің заңы мен нормативтік актілеріне мұрын шүйіре қарау, демек бағынбау ғой. Ал оның арғы жағы түсінікті. Бородиннің ізбасарлары мен идеяластары сияқтылардың  ешкімнен айылын жимай, құтырып жүргендері де содан болса керек.

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

 

21 пікір