Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5668 0 пікір 14 Мамыр, 2009 сағат 07:08

Жындыханадағы жазбалар

Жалпақ жұрт «жындыхана» деп атап кеткен психикалық аурухананың жалғыз адамдық палатасына орналасқан едім. Темір торлы терезеден сыртқы әлемге көз сүзбестен жатып алғаным рас. Өйткені өз ой-орманыма өзім «саяхат» жасап, соңғы бір аптаның ішінде көрген-білгенімді тізіп, күнделігіме көк сияны «шимайлаудан» қолым босамады. Міне, енді оны жалпы халыққа жариялаудың да сәті келіп отыр.
 
Алтынбековтың есігін апталап күттік
 
Психоанализмнің атасы есебіндегі З.Фрейд­тің ана мен бала махаббатының өзінен сексуальдық белгілер іздейтін кейбір көзқарасы сайын даланың қазағы үшін жат, тіпті қауіпті. Алайда оның жүйке ауруына шалдыққан жаны жарымдардың жасырын бақылау арқылы бей­саналы іс-әрекетін, мінез-құлқын, көрген түсі мен елес-бейнелерін сараптап, қорытынды шығаратын әдісі осы күнге дейін құнын жойған жоқ.

Жалпақ жұрт «жындыхана» деп атап кеткен психикалық аурухананың жалғыз адамдық палатасына орналасқан едім. Темір торлы терезеден сыртқы әлемге көз сүзбестен жатып алғаным рас. Өйткені өз ой-орманыма өзім «саяхат» жасап, соңғы бір аптаның ішінде көрген-білгенімді тізіп, күнделігіме көк сияны «шимайлаудан» қолым босамады. Міне, енді оны жалпы халыққа жариялаудың да сәті келіп отыр.
 
Алтынбековтың есігін апталап күттік
 
Психоанализмнің атасы есебіндегі З.Фрейд­тің ана мен бала махаббатының өзінен сексуальдық белгілер іздейтін кейбір көзқарасы сайын даланың қазағы үшін жат, тіпті қауіпті. Алайда оның жүйке ауруына шалдыққан жаны жарымдардың жасырын бақылау арқылы бей­саналы іс-әрекетін, мінез-құлқын, көрген түсі мен елес-бейнелерін сараптап, қорытынды шығаратын әдісі осы күнге дейін құнын жойған жоқ.
Ақ халатты дәрігерді көргенде кірпідей жиырыла қалатын психикалық сырқаттар оңайлықпен жан сарайларын аша қояды деуге сену қиын. Сондықтан өздері тақылеттес сырқаттың кейпіне енгенде ғана олармен емен-жарқын тіл табысуға жол ашылары кәміл. Осындай ойдың жетегінде Алматының қақ төрінде орын тепкен Республикалық ғылыми-тәжірибелік психотерапиялық және наркологиялық орталыққа ат басын бұрдық. “Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады” дейді атам қазақ. Жоғарыда аталған мекеменің қызметкерлері бас директордың дәргейінсіз «аттап баспайтындығын» дәлелдеп бақты. Ал сол бас директор Сағат Алтынбековтың жүзін көру түгіл, табалдырығын күзетуді «абыройға балап» апталап жүрдік-ау біз пақыр. Оған КТК телеарнасынан 2008 жылдың қорытындысы бойынша жүйке ауруларының саны 2 есеге артыпты деген ақпар таратылғаны да сеп болса керек. Жүйкесін жұқартқан журналистерден әбден шаршаған-ау, сірә. Түйе бойы қоршалған ат шаптырым «қалашықты» бір өзі «билеп-төстеген» «дөкейдің» есігінен ары қарай сығалай алмасақ та, аңысын аңдып жүріп түстенуге шыққан сәтін сәтімен пайдаланып, сөзге тарттық. «Бұл аурухана – жабық мекеме» деп ат-тонын ала қашты ол. Жуық арада артынан қала қоятын сыңай танытпадық, әрине. Бір кезде ашу шақырып, жұлқына бастады. Иә, жүйкесі сыр бергені қалшылдап бір безеріп, бір сазарғанынан ап-анық көрініп тұрды.
 
Аурасы ауыр аурухана
 
Каблуков көшесіндегі психикалық сауық­тыру орталығына бет түзедік.
Айналасы «қорғанмен» тұмшаланған аулаға табаным тигенде-ақ әлдебір күш еңсемді езіп, екі иінімді баса түскендей болды. Сұрқай тіршіліктің сұрықсыз көріністері бой көтерді. Аурулардың дертінің қозатын тұсы – көктем мен күз. Біз жүйке ауруларының орталығына қыс мезгілінде барған болатынбыз. Дүлей дауылдың алдындағы өлі тыныштықтай мызғымас үнсіздік көңілге үрей ұялатады. Әлдебіреудің оқты жанары желкеме қадалғанын тұла бойыммен түршіге сезіндім. Сөйтсем, темір торлы терезенің ар жағынан қырықтықпен қырқылған қойдың жүніндей жал-жал қысқа шашты бейтаныс тіршілік иесі мағынасыз көздерімен телміріп тұр екен. Әлде әйел, әлде ер адам екені белгісіз. Ғимараттың тө­менгі қабатында балалар үйінің есерсоқтары орналасқан екен. Торлы терезеден қолын созып, темекі сұрап шу-шу етеді. «Жоқ» дегенді емеурінмен танытып, басымды шайқадым. «Братан, ең құрығанда, тиын-тебен тастап кетші» дейді үміттене қарап. Мұнда тек аурулар жататынын, ал дәрігерлерді келесі ғимараттан іздеуім қажеттігін түйсініп, кері бұрылдым. Жолай қозғалыссыз қалшиып тұрған әйел кезікті. Зеңгір көктен көз алар емес. Күбір-күбір етіп, аузын жыбырлатып Құдайға жалбарынып тұр ма, яки әлдеқандай елеске елітіп тұр ма, ол жағы беймәлім. Тек қасынан жанай өтіп бара жатқан маған «кедергі келтірдің» деген адамша жақтырмай қарағанын аңғарып, аяғымды жылдам-жылдам басып, ұзап кеткенше асықтым.
Алдымнан жолыққан қос дәрігердің жетегіндегі «Мен жынды емеспін ғой. Қайда алып барасыңдар?» деп тоқтаусыз сөйлеп келе жатқан кейуанаға еріксіз назар аудардым.
– Балаларым қайда? Мені мұнда неге әкелді?
– Олар кетіп қалды. Сізге қазір дәрі береміз. Тамақ та тегін.
– Жоқ. Мұндай қорлықты көргенше өлгенім артық.
– Бәріміз де бір күні о дүниеге аттанамыз...
– Көресіңдер әлі, түнде қашып шығып... өлем!
Бір сәт араша түсіп, ананы қорғағым келді. Сосын «өзім сырын білмейтін дәрігерлердің ісіне араласқаным жарамас» деген ой тежеді. Аз уақыттан соң емделіп шыққан сырқат үйіне де қайтар деп жұбатқан болдым өзімді. Бірақ «Бәріміз де бір күні о дүниеге аттанамыз» дегені нақ дәрігер айтар сөз бе? Сонда дәрігерлер «Адамдар түбі өледі ғой» деп қол қусырып отыра беруі керек пе? Туған тілін білмейтін әлгі дәрігермен кейінірек таныстым да. Аты-жөні Данияр Болатұлы екен.
 
Еңбекпен емдеу
 
Аманжол Байсариновтың бастамасымен ашылған Еңбекпен сауықтыру орталығы 2008 жылдың қараша айында ресми түрде жұмысын бастаған. Содан бері мекеме  тағдыры тәлкекке түскен адамдардың екінші үйіне айналып үлгергендей. Айналасына аса қауіп тудыра қоймайтын аурулар мұнда дәрігерлердің нұсқауымен жіберіледі. Алматының шалғай елді-мекендерінен де, жапсарласқан жындыхананың өзінен де келіп-кететін 100-ге жуық мүгедек жандарды мекеме жұмыспен қамтып отыр. Осында олар конверт жасау және тігін тігумен айналысады. Тігін тігу жағында (дәрігерлерге арналған ақ халаттар, көрпе тыстары және тағы басқалар) тек әйел адамдар шоғырланғандықтан, конверт желімдеуді қолайымызға құп көрдік.   
Алдын ала дайындалған орныма барып жайғасқанымда, жұмыстың басталуына әлі жарты сағаттай уақыт бар-тұғын. Соған қарамастан сырқаттар түгелге жуық жиналып қалыпты. Бір аңғарғаным, мұндағылардың басым көпшілігі белдері бүкірейіп, сұрақ белгісіндей иіліп жүреді екен. Ортада тәпелтек бойлы әйел қабағы тұнжырап, ауыр ойдың үстінде арлы-берлі жүруін доғарар емес. Ал оның арғы жағында газет оқу үстіндегі қазақ әйелі ә дегеннен көзге түседі. Өзінен-өзі маңғазданып, газет оқып отырған оның көзіне ілген көзілдірігі азды-көпті оқығаны бар екенінен хабар бергендей. Тек ауық-ауық басының қалт-қалт етіп қозғалатыны осында тегіннен-тегін жүрмегендігін білдіреді. Түкпірдегі бозбаланың езуіне күлкі ілініп қалғандай. Қыздай сызылады. Көздері бір орында тұрақтамайды. Қас-қағым сәттің ішінде көруге болмайтын дүниені көзі шалып қалғандай ұялған сыңайда ебедейсіз қылық танытады. Қарама-қарсы отырған еңгезердей жігіт 8-ші сыныпқа арналған Алгебра кітабының ішіне сүңгіп кетердей көрінеді. Есептердің амалдарын әуелі дәптеріне көшіріп алып, артынша сартылдатып шығарып жатыр. Бәлкім, өзін әлі 8-ші сыныпта оқитын оқушымын деп ойлайтын шығар. Оны қаумалаған «достары» Вова деп атап кетіпті. Қапталымда отырған Асқардың сергектігі, ылдым-жылдым қимылдайтын шапшаңдығы қайран қалдырды. Дүрдек еріндерінің қосылмай, аузының аңқиып тұратындығына, қос жанары­ның мағынасыздығына қарап, еріксіз сырқаттар санатына қостым. Артымызға қоныс тепкен Кәрім – Асқарға қарама-қайшы типтегі адам. Келгеннен маужырап бастап еді ақырында ұйқыға кетті. Бір ұртына малта салып алғандай оң жақ бетінде домбыққан ісік байқалады. Екі адым жерде балпиған балпанақтай толық әйел кітап оқып отыр. Қандай кітап екенін білгім келіп, мойын созғанымды аңғарып қалған ол дереу қолындағысын жасыра қойды. Шамалы уақыт өткен соң «өзіміздей сырқаттың бірі» дегенге көңілі әбден сенді-ау деймін, кітапты өз қолымен ұсынды. Діни кітап – Інжілдің бір-екі бетін парақтап шығып, иесіне рахметімді айтып қайтардым. Сонымен бір бөлмеде 20 шақты адамның басы қосылды.
Нұсқаушы Галина Ивановна алдыма бір тостаған желім мен шашақты қылқалам және қоңырқай түсті төртбұрыш етіп қиылған қағаз қойды. Әскери орындар мен құқық қорғау қызметкерлері үшін жасалатын кағазқаптар күнге көлегейлесең ішіндегі жазуы көрінбейтін картон қағазындай қалың болып келеді. Асқардың өз ісінің шебері екені бірден көзге ұрады. Ол қағаздың қос қанатын, сосын барып астыңғы жағын қайырып саусақпен «үтіктеу» қажеттігін айтып, ақыл-кеңесін аямады. Саусақтары епті Асқар әп-сәтте 30 шақты конвертті  жасап тастады.
Ал Воваға нұсқаушы келіп, конверт желімдеудің қыр-сырын қанша түсіндіріп бақса да, көкейіне тоқып ала алмай-ақ қойды. Ауруға ұрысып немесе бұйрық беріп еш нәрсе орындата алмасы ұғынықты. Галина Ивановна «Сен жақсы баласың, қолыңнан бәрі келеді» деп мақтап-мақтап қояды. «Иә, ме-е-ен жа-а-ақсы-ы-ымын!» деп көкірегінде сөз кептеліп қалғандай кекештене, екпіндете дауыстайды. Шындығында, мүгедек жандардың болмыс-бітімі жан түршіктіреді. Басым солқылдап ауырып, дегбірім қашты. «Әріптестерімді» көргім келмей, көзімді тарс жұмып алсам да, көңілімді торлаған көріністер жай таптырмады. Оған тағы қолқаны қапқан жағымсыз иістерді қосыңыз. 
 
Сырқаттармен сырласу
 
«Адам үш күннен кейін тозаққа да үйренеді». «Қабағы түксиген» атмосфераға етім өліп кетті-ау, шамасы. Алғашқыда есі ауысқандар маған жатырқай қарады, кейін өздеріндей көріп, іш тартты. Суыртпақтап Асқарға сұрақты қарша жаудырдым-ақ. Әке-шешесі дүниеден оза сала туған-туыстары қарайласпай, өмір өксіткен мұңлықты жападан-жалғыз тастап кетіпті. Гүлзада болса, сау басына өзі сақина тілеп алғанға ұқсайды. Жатырына біткен нәрестесіне жасанды түсік жасатқалы бері артынан біреулер аңдып жүрген тәрізді көрініп, әбігерге түсетінді шығарады. Оны айтасыз, тамаққа у қосылған деп күдіктеніп ас-судан бас тартып, нәр татпаған кездері болғанын жасырмады.   
Іргелес бөлмеде бір шаңырақтың адамда­рындай қауқылдасып әңгіме-дүкен құрып, әзіл-қалжың айтысып, домино ойнап отырған көңілді топты сырттай қызықтадым. Бара-бара өзім де білекті сыбанып, ойынға кірісіп кеттім. Олардың шын көңілінен ақтарылған кіршіксіз күлкілері қас пен көздің арасында баурап алды.    
Түс әлетінде жұмыс тоқтап, барлығы асқа ша­қырылды. Құдды балабақшаның құлды­раң­даған бүлдіршіндеріндей шуылдап, қуанышта­рын жасыра алмай бәрі жүгіре жөнелді. Дүрмектің артынан қалмай, ілбіп жүріп келемін.
Кең асхананың іші у-шу. Әркім өзіне тиесілі бір кесе сылдыр сорпа мен бір табақ түтік кеспе үшін кезекке тұрып жатыр. Салдырлаған қасық-табақтардың дыбысы құлақ тұндырады.
«Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін мұндай аурулар ешкімге қажетсіз күй кешеді. Ал бұл жерде психикалық дертке душар болғандар өзара араласатын орта табады, бір мезгіл тамағын ішеді. Дәрі-дәрмек те мекеме тарапынан тегін үлестіріледі. Сондай-ақ, әрбір дертті жан істеген еңбегіне қарай зейнетақыдан бөлек сыйақы алады» дейді Аманжол Заманбекұлы.   
 
Жынды емес, бірақ жындыханада...
 
Көпшілік күні бүгінге дейін сүйсіне тама­шалайтын «Кавказ тұтқыны» көркем филь­міндегі ақыл-есі сап-сау Шуриктің жынды­ханаға түсетіні бар емес пе? «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Көркем шығарманың негізінде қандай да бір ақиқат жатыр. Кеңес Үкіметі тұсында адам құқығы үшін күрескен генерал Петр Григоренко да осы Шуриктің кебін кигені көпке мәлім. Жазушы әрі саясаткер Эдуард Лимоновтың өмірін арқау еткен «Орыстар» атты киноның желісіне сенсек, орыстың қаламгеріне де жындыхананың дәм-тұзы бұйырады. Қылышынан қаны тамған қызыл империя өзіне жақпай қалғандарды осылай із-түзсіз жоюға тырысты. Кеңес Үкіметінің «дәстүрінен» ажырамақ түгіл, асыра орындауға құштар біздің елде әлгіндей «жалған жындылар» жоқ дейсіз бе? Бірегей жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Жас Алаш» басылымында жарық көрген «Есі ауысқандар» деген әңгімесі психикалық клиника жөнінде өрбиді. Өндірдей қызын зорлаған шешендердің өз қолымен жаза­сын беріп, үкімін өзі шығарған Қазыбек «ұлт­аралық татулықтың» құрбанына айналып, жынды­ханадан бір-ақ шығады. Қалам­гер ондағы жындыларға жиналыс өткізуден жалықпайтын саясаттың салқыны тиген партия жетекшісінің аузына сай-сүйекті сырқырататын сөздерді сәтті салып берген.
«Камо» деген лақап атымен әйгілі револю­циялық қозғалыс жетекшілерінің бірі Симон Тер-Петросян тұтқынға түскенде жазадан құ­тылу үшін жындының кейпіне енеді. 1659 жылы I Петрдің жарлығымен осы санаттағы адамдар жазадан және куә болудан босатылған болатын. Ол азаптаудың сан алуан түріне төзеді. Ресейлік дәрігерлер оның нақты есінің ауысқан-ауыспағанын анықтай алмайды. Ең ақырында, германиялық ғалым мәселенің мән-жайына көз жеткізсе де, Симонды сатпайды. Психикасы бұзылған адамның тәніне ине сұғылғанда көз қарашығы өзгермейді екен. Сұңғыла дәрігер әлгі әдіс­тің көмегімен Тер-Петросянның жанарында­ғы өзгерісті байқап қойған ғой. Екі қыздың қанын жүктеген бір танысымның жолдасы Талғар қаласындағы психикалық клиникада жатқанын құлағым шалды. Айласын асырып, «жынды» де­ген тілдей анықтаманы сатып алған қылмыскер жауапқа тартылуы былай тұрсын, қара ниетті «қаһарын» халыққа төндірері соқырға таяқ ұстатқандай шындық. Балалары қартайған ша­ғында қажетсізге балап өткізген ата-аналар, ту­ған-туыстары дүние-мүлкін, баспанасын тартып алуды көздеп әкеліп тастаған кемпір-шалдар жүйке аурулары емханасында ұшырасуы кәдік. Ондағылардың «жабық   мекеме» деп сырт көзді жақтырмайтынын енді ұғынған шығарсыз...
 
Жазушының қиялы,
Оған бәрі сыяды!
 
Қашаған жыраудың «Және бір жайды ай­тайын» деген өлеңі үлкен ойға қал­дырады. Құтырған құрт жеген торғай бүркітке шабады. Торғайды бір-ақ қылғытқан бүркіт құтырып, нән балықтың жемі болады. Ол мөңкіп жүріп, тулап жүріп, сыртқа шығып қалады. Оны азық еткен бүкіл ел ақылынан адасып, бірін-бірі талап-тонап шыға келеді.
Балықты жеді елі алып,
Жеген елдер құтырды.
Біреулерді біреу жеп,
Азайған сөйтіп қай халық? – деп түйінделеді жыраудың жыры.
Танымал қаламгер Қуандық Түменбайдың «Жындыхананың жейдесі» деген әңгімесінде жынды Адольф Әбділда Тәжібаевтың мына бір шумақ өлеңін оқиды:
О, доктор, жынданған жоқ бұлар тегін,
Босқа сен әуреленбе, қонбайды емің.
Аулақ бол, емшілікті уақытқа бер
Ұмыт сен жындылардың келешегін.
Орыстың ұлы жазушысы Гогольдің «Жын­дының жазбалары» атты шығармасындағы бірінші жақпен баяндалатын бас кейіпкер біз өмір сүріп отырған әлемнен басқа дүниеге өтіп кеткендей әсерде қаламыз. Өз қиялында өзі ғұмыр кешкен пенденің ақырында басына су тамшылап, ар­қанмен шідерленеді. Біздіңше, «Жындының жазбалары» мен швед жазушысы Кнут Гамсунның «Аштығында» ғажайып ұқ­састық бар. Ол қос қаламгердің жайшылықта мән беріле бермейтін детальдарды шебер «сөйлете» білуінде. Аштықтан сансыраған сана-сезім мен жұқарған жүйкеге ұсақ-түйек дүниелер алапат соққыдай тиеді. Чеховтың аты шулы «№6 палатасында» Иван Дмитрич дәрігер Андрей Ефимычке «Мыңдаған ақымақтар еркіндікте жүр, өйткені сіздің қарым-қабілетіңіз оларды сау адамнан айыруға шарасыз. Ендеше, мен және мына бақытсыздар солардың бәрі үшін неліктен осында отыруы тиіс?» деп көкейіндегі сауалды төтесінен қояды. Ақыл-есі бүтін ғана емес, өмірге деген өзіндік көзқарасы бар Иванмен дәрігер сұхбаттасуды жиілете түседі. Сол үшін ғана жындылар санатына қосылып, өзі де №6 палатаға қамаларын қайдан білсін...
Әлбетте, кез келген жазушы шығармасында өзін жазады. Достоевскийдің кейіпкерлерінің психологиясы күрделі болып келетіні де содан. Оның «Әңгүдік» романындағы князь Мышкин бір мезгілде Аглая Ивановна мен Настасьия Филипповнаға қатар ғашық болады. Ол ғана емес, ту сыртынан үңірейген қос жанар аңдып, артынан қалмайды. Талма дерті тағы бар. Сенім артқан адамдары алдап кетіп отырады. «Кого люблю, того и бью» деп өз әйелі Настасьияны өлімші етіп соққы­ға жығатын, сосын оның кешірімін алмайынша бір орында тапжылмай жүрелеп отыра беретін Рогожиннің мінезі де оғаш. Заң қуатымен жазалау мүмкін емес «қылмыскерлердің» өз қолымызбен «сы­бағасын» беру керек деген идея түбіне жететін заң факультетінде оқитын студент Раскольников туралы Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» кіта­бының жаһандық әдебиеттегі орны оқшау. Әлемдегі ең үлкен таралымға ие болған Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығындағы» кейіп­керлердің тағдыр-талайы тауқыметті. Пол­ковник Аурелано Буендиа жасаған он екі алтын балығын қайта ерітеді, жұмысты басынан бас­тайды (Қастандық құрбаны болып, қаза тапқан он екі ұлының құрметіне). Осылай күні-түні жал­ғаса береді. Ғашығы оққа ұшқан Ребека да өзіне-өзі арнап тоқыған кебінін сөгіп тастап отырады. Жа­рық дүниеде ол қызығарлық еш­қандай қы­зық қалмаған соң, қайтсін енді? Алысқа бармай-ақ, өзіміз де нақты жоспарымыз болмағандық­тан, бір жасаған ісімізді мың қайталап жүрге­ні­міз өтірік пе?
Көрнекті жазушы Төлен Әбдікұлының «Ақи­қат» атты повесінде жындыханадан қашып шыққан Роберт тіршіліктің қайғы-қасіретіне шыдай алмай қайтадан психикалық ауруханаға тығылады. Бірақ телепат Роберт өзін емдеп жүрген дәрігердің арам пиғылын, іздеп келетін жалғыз жарының қысастығын сезген соң, жүрегі шыдамай ақтық демін шығарады. Айта кеткен жөн, адамның жақсылық пен жамандық ұғымдарымен екіге жарылатыны (шизофрения) «Парасат майданында» көрініс тапқан. Сондай-ақ, Төлен Әбдікұлының суицид дертіне шалдыққан қыз жайлы «Оң қол» шығармасы қазақ әдебиетінде жазылған алғашқы психологиялық шығарма болып табылады. Мұндай аурумен ұлылар жиі ауырған. Қадыр Мырза Әлидің «Жаз­мыш» атты кітабында осы тақырыпқа арналған «Өз еркімен өлу» деген тұтастай бөлім бар.
 
Құрбандық және тәуекел
 
Достоевский өлім сәтін сезінгісі келіп, өзін арбаның астына тастайды. Ол заманда автокөлік жоқ. Бар болса, жанкешті жазушы дүлей темірдің  астына түсуден де тайынбас па еді?! Сіз шығарма кейіпкерінің бір сәттік әсерін ғана түйсіну үшін басыңызды бәйгеге тігер ме едіңіз? Ал Гоголь алаңсыз жазумен айналысу үшін еркектік қабілетінен бас тартқан. Оның махаббат тақырыбын суқаны сүймейтіні сол себепті. Ұлылық үлкен құрбандықты талап ететіні табиғи заңдылық па?
Өз өнеріне өлердей берілген жандар бізде де бар. Марқұм драматург Баққожа Мұқаидың шығармасы бойынша қойылған режиссер Қайрат Сүгірбе­ковтің «Өмірзая» спектакеліндегі жындының рөлін сомдау үшін талантты актер Бекжан Тұрыс жындыханада үш тәулік түнеген көрінеді. «Онда таныс арқылы кірдім. Жындылардың тағ­дыры жанымды қинады. Әрбір аурудың мінезі әрқилы. Олардың бір ерекшелігі, ешқайсысы кірпік қақпай, тіке қарайды. Әке-шешесін керек етпей, сол жерге тастап кететіндер де болды. Екі-үш күннен кейін олар да жындыға айналады екен. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас. «Мен үйге қайтамын ба?» деп кемсеңдеген шалдың сөзін естігенде жылап жібердім. Сол сөз жүрегіме қатты батты. Оны қойылымға да енгіздім. Түрлі жындының образын бір жындының бейнесінде беруге күш салдым», – дейді ол.   
    
Жалғыздық
 
Азаттықты аңсаған ақынкөңілді Біржан ән­шінің айдалада ән салғанын естіген жұрт жынды­ға балайды. Сөйтіп, оны арқанмен матап тастайды.
Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Қинауға салады екен адамзатты.
Үкідей желпіндірген қарақтарым,
Шешсеңші, білегіме арқан батты, – деп балаларына жалынады. Ақыры, арқан кескен жердің жарасы асқынып кетіп, гангрена ауруынан көз жұмады. Құлагерінен айырылған Ақан сері елден жырақтап, терең ойға батып, оқшаулана береді. «Ақанды жын ұрыпты» деген алып-қашпа әңгіме ел арасында желдей еседі.
Жазушы Қуандық Түменбайдың «Қасқыр мен қояншық» әңгімесінде тірі пендеге сырын ашпайтын сырқат Міржақып ауыл сыртына барып ұлып, қасқырға мұңын шағады. Адам психологиясын беруде өзіндік қолтаңбасы бар Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» әң­гімесі де осыған орайлас. Көктем мезгілінде далада жалғыз ұйықтаған Әділет жынданып кетеді. Әділетсіздікке жаны төзбейтін Әділет тау кезген таутағылық өмірінде қасқырды балық аулап беріп асырайды. Бірақ тағы тағылығын жасап, қақпаннан босатпақ болған өзіне азу тісін батырады. Қаламгер Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасындағы кем­тар қыздың Аймен сырласатынын есіңізге алыңызшы. Тіпті ессіз ғашық Мәжнүннің қар­ғамен тілдесетіні бар. Ра­сында, тірі пендеде оларды түсінетін ешкімнің болмағаны ма?
 
Ғашықтықтың азабы
 
Ғұмыр бойы Лаураны жырлаған Петрарка сынды махаббат лирикасын Ләйләға ар­на­ған Жұматайдың бір шумақ өлеңі ойға оралып тұр.
Жұматай Жақыпбаев былайша жырлайды:
О, Ләйлә, мұңсызбын демеспін,
Қайғырса қанатсыз емес кім?!
Бірақ та жынданып кететін,
Мен саған Мәжнүн емеспін!
Мәшһүр жазушы Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты» деген туындысы Төлеген мен Зияның арасындағы риясыз сезімнің баян­сыздығын баян етеді. Қылықты қыз сері жігітті қасақана азапқа салады. Жас композитор Зиядан үмітін үзіп, басы ауған жаққа босып кетеді. Енді байғұс қызға қанша бармағын тіс­тегенмен пайда жоқ. Арада бірнеше жылдар өткенде жындыхана түбінен өтіп бара жатқан Зия өзіне көзі өңменінен өте тесіліп қараған жындыдан шошып қашады. Ол Төлеген еді. Ер­­тесіне жындыханаға қайтып келгенде ға­шық жігіт бақилық сапарға аттанып кеткен болатын...
Жазушы Нұрғали Ораздың «Алтын сауытты батыр» әңгімесінде ақбоз ат мінген алтын сауытты батырдың елесін күн бата күтетін Ақжамалдың тағдыры аянышты-ақ. Өйткені... ол елесті сүйеді...
 
Ертегі ­– ел тірегі
 
Жас балаға бесік жырынан соң рухани нәр беретін бірден-бір тетік – ерте­гілер. Оның ой-өрісі, қиялының дамитындығы, ұлттық қайнардан сусын­дайтыны өз алдына, ертегі, ба­тыр­лар жырының шарапатымен күрескерлік рух­қа тәрбиеленеді. Онда да басты қаһарман адам мүм­кіндігі қарсы тұра алмайтын кедергілерге кезігіп, бәрін жеңіп отырады. Аңыз әңгіме, ертегі тыңдап өскен жас өмірдің барлық сәтсіздіктерін уақытша қиындық ретінде қабылдап, түбі бақытқа кенелеріне сенеді. Осынау сенімнің күшімен боркеміктеніп егілмейді. Демек, психологиялық аурудан да ауылы алыс болады. Қазақ кез келген оқиғаны жүрегімен қабылдайды. Ішкі дүниесі әлем­тапырық күй кешкенде ақылмен ойлануға мұршасы келмейді. Әлбетте, сәл сабыр еткен жөн.
 
Түйін:
Ұлтымыздың ұғымында жын түсінігі бақсылықтан тарқатылады. Жындардың ақ, қара (мұсылман, кәпір) түрлері болатындығы туралы Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» кітабында айтылады.
Жастар жағы «жынды» деген сөзді жақсы мағынасында қолдануды әдетке айналдырып жүр. Ол ол ма, олардың аузынан жындылар жайлы әзілді жиі-жиі естиміз. Қазақ ауруға, кемтар адамға күлмейтінін әрдайым есте ұстайық.
 

0 пікір