Сенбі, 20 Сәуір 2024
Дабыл 36186 121 пікір 19 Қазан, 2017 сағат 09:08

Ақын Қытайдағы қандастар тағдырына алаңдап Елбасыға хат жазды

 

ҚР Президенті Нұрсұлтан

Әбішұлы Назарбаевтің назарына! 

Қытайдағы қазақ бізге шынымен-ақ керек болмай қалды ма?

Бисмилләһир рахманир рахим

Ел болу, дербес болу, тәуелсіз болу - кез-келген ұлттың арманы. Мақсаты. Ұлттық қақы. Оның ұлттығының айқын Құдай берген дәрежесі әрі сол дәрежесінің өмірде іске асқан түрі. Біз ұлт болдық. Шүкір Хаққа. Қазір де ұлтпыз. Әлхамдулилләһ, тәуелсіз ұлтпыз. Ұлт болып жаратылған, бірақ тәуелсіздігін еш ала алмаған ұлттар да бар әлемде. Құдайға шүкір дейтініміз содан.

Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге шеттегі қандас бауырларымызды Отан құшағына шақырдық. Бұл ісімізбен қандас бауырларын Отан құшағына оралуға шақыра алған әлемдегі үш елдің қатарынан болдық. Бұл да тәуелсіз елдігіміздің бір биік көрінісі еді.

Әлемде жоқ «Көші-қон» заңы бізде бар. Соның нәтижесінде миллионға жуық қандасымыз елге құт болып қосылды. Бірақ та бақандай 25 жыл ішінде. Былайша шерік ғасырда. Бұл бір жағы жас мемлекет болғандығымыздан болса, тағы бір жағы белгілі-белгісіз себептермен қазақтың жан-санының арта түсуіне қарсы топтардың болуынан, сондай кері күштердің көші-қон мәселесін көп кідіртуінен шеттегі қазақ түгел елге көшіп келе алмады. Бұған бұл мақалада дәлел көрсетудің керегі де шамалы...

Жалпы қөші-қон мағлұматтарына сүйенсек, әсіресе Қытайдағы қандастарымыздан осы уақыттың ішінде жүз мыңға жетеқабыл адам ғана келіп, азаматтығын алыпты. Негізінде әлемдегі қазақ бар елдердің ішінде қазақтың саны ең көп ел Қытай елі. Сонау 1986 жылғы санақпен 1 миллион 110 мың күйі әлі күнге келеді. Бірақ олар сол тұстың өзінде әр отбасы кемінде үштен балалы болуына мемлекеттен құқылы болатын. Сол меже бойынша есептегеннің өзінде онда қазір кемі үш миллионға жуық жан-саны болуға тиіс.

Басқа мемлекеттегі қазақтарға дәл қытайдағы саясат жүріп отырған жоқ. Бұны күллі әлем жұррты біледі. Қытайдың «жоспарлы туыт» саясатын былай қойғанның өзінде, халықтың діни еркіндігіне ашық тосқауыл жасалудан тартып, ондағы қазақтың негізгі өмір сүру дағдысы саналатын мал-шаруашылық кәсібін жүйесінен өзгертіп, жаппай отырықтандыру саясаты жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Одан да зорғысы келешек қазақ ұрпағының ана тілінде оқуына ашық тосқауыл қойылды. Қытайда соңғы 15 жылдың жүзінде қазақ балаларына әдебиет пен тарихтан басқа сабақтар таза қытай тілінде жүргізіліп келді. Тек әдебиет пен тарих сабақтарын ғана қазақ тілінде, қалған сабақтарды қытай тілінде оқыған он жылдық буын биыл, не келесі жылмен аяқтамақ. Ары қарай бірыңғай тек қытайша оқымақ...

Әлемдік ақпарат көздерінің харарлауына қарағанда, осы үстіміздегі жылдың қазан айында өтетін ҚХР мемлекеттік партия құрылтайынан кейін, мемлекетте мектептер тұтастай қытай тілінде оқуды жолға қоймақ екен.

Демек, онда енді қазақ балаларына соңғы қалған мүмкіндік болып саналған қазақ әдебиеті мен тарихы пәні де қытайша өтіледі деген сөз. Қытай қазақтары онда бұдан ары бірыңғай қытайша оқитын болады.

Демек, бұл қытайдағы неше миллион қазақ ағайынның Ай мен Күннің аманында бәріміздің көз алдымызда толықтай қытайласуға көшті деген сөз.

Егер біз мемлекет болмаған болсақ, тағы бір сәрі еді. «Бас қалқасы – тектейтін мемлекеті жоқ ел, енді қайтсін» дейтін көңіл-күй мен түсініктің аясына сияр еді бұл ұлттық жағдай. Әрі, тіпті, қытай секілді миллиард жарым, болмағанда үндістер сияқты миллиардтқа жуық, болмаса орыстар сияқты 200 миллионға тарта халық болсақ тағы бір сәрі еді. «Е, болды, өзімізді қамдай алмай отырғанда, 2-3 миллион адамды қайда әкеліп, немізбен асыраймыз» дейтіндей.

Біз де, Құдайға шүкір, Тәңірі берген жеріміз жетеді. Байлығымыз да бар. Оның үстіне қытай қазақтары еңбекқор қауым. Олардың солай екеніне осында келгендерінің жасап жатқан тірлігінен көзіміз әбден жетті, осы 25 жылда. Жалпы олардан келгендердің кез-келгені өзі келген ауылдарының жоғын бар, егінін гүл, малын мың етіп отыр...

Мен сонау 96-жылғы «Мені арттағы елдің тағдыры мазалайды» атты мақаламда, қытайдағы қазақтан: «оларды осы он жыл ішінде алсақ, қазақ аламыз. Келесі он жыл ішінде алсақ діті қытай қазақ аламыз. Ал, одан арғы он жыл ішінде алсақ аты қазақ қытай аламыз" деп жазған едім. Сондағы «соңғы он жыл» дегенім міне басталды. Қытай енді биылдан (осы құрылтайдан) бастап, өзіндегі аз ұлт саналатын ұлттардың оқу-ағартуын тұтастай қытай тілінде оқуға көшіріп, мемлекетті бірыңғай қытай тілді мемлекетке айналдырмақ.

Демек, мысалы, ондағы қазақты келесі жылдан бастап ала бастасақ, ол көш ондаған жылға созылса, ондағы қазақтың ұрпақтары жөнінен алып қарағанда аты қазақ қытай ала бастамақмыз. Сонда осылай істеу бізге керек пе еді?

Қытай бұл қадамға біртіндеп келді. Ол осы 26 жылда бізді (мемлекетіміздің жалпы ахуалын) әбден зерттеді. Зерттеу барысында әсіресе біздің ұлттық мәселеге (тіл, қазақтық сана, бауырластық көңіл, қандастық (ұлттық) мүдде, оған мемлекеттің мән бөлу деңгейі...) өте атүсті қарайтынымызды білді. Тіпті қазаққа қазақ соншалықты керек те емес екенін білді. Біздің шын мәнінде ұлттық мемлекет емес екенімізді, оны ойлап отырған мемлекет, мемлекеттік мақсат жоқ екенін білді. Ол жайлы ептеген алаңның, арманның ғана бар екенін білді. Ол тым әлсіз алаң мен арманды оңай ғана баса салудың жолы, тәсілі ретінде біздің экономикалық әлсіздігімізді пайдаланып, қарызға буу әдісін пайдаланып үлгерді. Бұл мәселеде Қытай өз халқының аз уақыттық қаржылық мүддесін қайырып қойып, бізге миллиардтаған ақшаны қарызға беріп үлгерді...

Мына, қазіргі түрімізде біз өйтейік немесе қазақты ала қояйық деп те тұрғамыз жоқ. Дегенмен, ғайыптан тайып, сондай бір азаматтық ой көңілімізді шарлап, біз: «қазағымды алсам» дей қалсақ, ол: «қарызымды қайтар» деп, шап еткелі отыр.

Өзіміздегі осы түйткілді (қарыз мәселесін) іштей сезетін біз, соңғы айларда Қытай қазақты сойса да, соқса да, түрмеге жапса да, ашық сабап жатқан көріністерді әлем ақпараттарына жарияласа да, оған әлем ақпараттары шулап жатса да біз (мемлекет) үнсізбіз... Тіпті ештеңе болмағандай үнсізбіз.

Әуелі не болар екен, біздің тараптан қандай реакция болар екен деп біраз ұлт зиялысын (қазақ имамдарын) түрмеге қамап, артынша өлтіргенін өлтіріп, соттағанын соттап, оның хабарын әдейі білдірмеген сыңайлы бір халмен жариялап көрген Қытай, оған бізден, ресми мемлекет тарапынан еш қарсылық болмағасын, тіпті ол істер жайлы халықаралық ақпарат көздері бірінен соң бірі жариялап жатса да, оны көрмегендік танытып, оны «солай болып жатыр» дегендерге: «жалған айтпаңдар, елді дүрліктірмеңдерге» саятындай пиғылдар танытқанымыз үшін, әккі көршіміз ары қарай ол ісін үдете түсуде... Біз тағы да үнсіз қалудамыз...

Жалпы соңғы кездері қытайда біздің қандастарымызға қарата, Қазақстанда туысы болып, сонымен сөйлессе, хабарласса: «екібеткей» катогориясымен жазалана бастағанын әлем ақпарат көздерінің жарияланымдарынан білеміз...

Сонда қай қазақтың Қазақстанда туысы жоқ екен? Қазақстан жер бетіндегі күллі қазақтың жалғыз Отаны! Оны (Отанын) сүйгені, ондағы туысқан бауырларын сүйгені, олармен сөйлескені үшін олар неге жазықты, жазалы болуы керек?

Оларды ол себептен жазықты, жазалы еткенше Отанына жібере берсе болмас па еді? Керісінше мұнда келгенін қайыра шақырып алып, қолдарындағы «Қазақстан ықтиярхатын» жинап алып немесе ол куәлікті кері қайтарып тастауға мәжбүр етіп, олар оны алғандары үшін жазықты санаудың астарында не болуы мүмкін?

Сонда қытай жақ Қазақстанға келгісі келетіндердің жолын ауырлатқан үстіне ауырлатып, онда әлі де отырғандарының мал бағатын жайылымдарын түрлі жолдармен мемлекетке қайтарып алып, ежелден малшылықпен айналысатын бір қауымды мәжбүрлі түрде отырықтастырып, мектепте қазақша пәндерді жауып, балаларын мәжбүрлі түрде қытайша оқытуға күштеп, бұрыннан қазақ мектептерінде істеген ұлт зиялыларын (мұғалімдерді) аула күзетшісі мен аспазға айналдырып, жұртты «Бейқұт үй» (жарты ақшасы өкіметтен беріліп салынған үй, иесі бір жаққа көшсе сата алмайды) мен кредитке байлап, қип еткенін «Саяси үйрену орталығына» (осылай аталатын жарты ай, бір ай, үш ай саяси тәрбиеден өткізу, тіпті мемлекет мақсаттарына сай келмейтінін содан ары соттап жіберу) қатыстыру, былайша тыпыр ете алмайтын (кетем десе де кете алмайтын) етіп, матап ұстаудың астарында не жатыр?

Демек, мұнда ол жұртты (қазақты) өз мұхиттарына тұншықтырып, жұтып алу жатыр. Оларды бізге беріп, Қазақстанның жан-санын арттыру, әрі өздерінің ішкі жағдайын білетін оларды мұнда әкеліп өздеріне қарсы күш етіп тайраңдатып қою олар үшін пайдасыз. Керісінше оларды өздерінде сіңіріп жіберу саяси жақтан да, стратегиялық жақтан да олар үшін игілікті...

Ал, біз болсақ, адамға (қазаққа, ұлттың жан-санына) ерекше зәру елміз. Соған қарамастан сырттағы қандастарымызды, әсіресе қытайдағы күннен-күнге тілінен, салтынан, сенімінен айырылып, былайша көпе-көрнеу мұхитқа сіңіп, батып, жұтылып бара жатқан қандастарымызды елімізге тезірек алып келудің жолдарын шын мәнінде қарастырмаймыз.

Басқа барлық саяси қысымдардың, болып жатқан заңсыз, бейкүнә кісі өлімдерінің өзін «бір елдің ішкі ісі, ондай өзге елдес ұлтқа басқыншылығын ары қарай жүргізе бермес, ғаламдық қарсылықтарды ескеріп тоқтатар» деген адамдық үмітпен қарағанның өзінде, ұлт тіліне ресми, жүйелі, ашық жүргізіліп келе жатқан, соңғы кезде тіпті, Қазақстанға көз етіп болуы мүмкін, уақытша қалдырып келген қазақ әдебиеті мен тарих пәнін де оқулықтардан мүлде алып тастауға көшу ісі, бұл енді, Қазақстан мемлекетінің мемлекеттік тұрғыдан, мақсатты түрде араласуын қатаң талап етіп отырған аса маңызды, өте үлкен стратегиялық, анық шынайы ұлттық, бұлтарыссыз мемлекеттік мәселе!

Сондықтан, ұлттың тілі мәселесі бір ұлттың мемлекет болуындағы төрт белгінің бірі болып табылатын – бұл (2-3 миллион қазақтың тілін жойып, өзін ашық ассимиляциялауға кірісу мәселесі) мәселеге мемлекетіміздің араласпауы, үнсіз қарап отыруы біздің жеке, дербес, Қытаймен және жер дүниесіндегі күллі мемлекеттермен әлем алдында тең құқықты мемлекеттігімізге кешірусіз, өте батпан, зілден де ауыр сын!

Әсіресе Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін бұдан өткен зор жоғалту болмақ емес!

Біз өткен ғасырдың ішінде екі рет 3 миллионнан халқын жоғалтқан (ашаршылық және «...отан соғысы») халықпыз. Аталмыш бұл іске бей-жай қарасақ, бұл жолы тағы да 3 миллиондай қаракөзімізден ассимиляцияға беріп, тірі айырылғалы отырмыз... Бұл жоғалтудың алдыңғы екі жоғалтудан өзгешелігі – ол екі жойылу халықтың түрлі себеппен өлімімен ерекшеленсе, мына 3 миллион бауырымызды көз алдымызда болып жатқан ашық ассимиляцияға беріп жоғалту – қазақ ғаламда тәуелсіздікке қолы еркін жеткен, дүние қартасында «Қазақстан» деген ел айқын бейнеленіп, елдігімен де, ғаламдағы саяси бет-беделі, орынымен де еш елден кемсіз, тіпті артығырақ (Елбасымыз қазіргі әлем саясаткерлерінің көш басындағы тұлғалардың ең беделділерінің бірі) мемлекеттігінің тұсында еларалық саясатты, дипломатияны ерекше бір жіңішкелеңкіреп пайдаланбаудың немесе сәл-пәл қазақы бейғамдықтың немесе елде он сегіз-ақ миллион жан-саны ғана бар, кенге, жерге бай, бірақ адам басына (жан-санына) кедей мемлекет екенімізге қарамастан: «сырттағы қазақтың сапалысын алу» деген сияқты сәл кекірешілдігімізден болған ең обал, ең адамгершіліксіз, ең қатыгез, ең бассыз, ең көргендісіз жою, ең тірі сіңіріп, ең тірі жұттырып, ең тірі жою болмақ!..

Қазағыңды қытайдан қайтарып ал, ей, Қазақстан!

Құл-Керім ЕЛЕМЕС

Abai.kz

121 пікір