Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4357 0 пікір 5 Желтоқсан, 2010 сағат 06:14

Жадыра Нармаханова. Қыздардан жігіттер 58 мыңға артық!

Ендеше, отырып қалған қыздар неге көп? Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, Қазақстанда бойжеткендерге қарағанда жігіттердің саны 58 мыңға артық!

Осы жылы бұл мәліметті Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов жария еткен болатын. «Республика бойынша 2010 жылдың басында 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың саны - 4 миллион 616 мың адамды құрады. Оның ішінде 2 миллион 337 мыңы - ер балалар, 2 миллион 279 мыңы - қыздар. Яғни, пайыздық арақатынасты алсақ, онда 14 пен 29 жасқа дейінгі жастардың 50,6 пайызы ұлдар, 49,4 пайызы қыз балалар. Жастар арасында бойжеткендерге қарағанда бозбалалардың саны көп. Яғни, 10 бойжеткенге 10-нан сәл астам бозбаладан келеді» деген Смайыловтың мәлімдемесін естігенде, парламент партасында ғана емес, «Екі жұлдыз» жобасында да еркелігімен есте қалатын Бақыт Сыздықованың «көп күйеуге тиеміз» деген емеуріні шындыққа айналып кете ме деп, елең ете қалдық. Былтырғы жылы «көп әйел алушылық» мәселесі парламенттегілерді дүр сілкіндіргенде, Смайыловтың санағы Сыздықованың қолына түспеген екен. Әйтпегенде, қалаулы ханым біраз ер-азаматтың қалпағын қайырып жібергендей екен-ау!

Ендеше, отырып қалған қыздар неге көп? Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, Қазақстанда бойжеткендерге қарағанда жігіттердің саны 58 мыңға артық!

Осы жылы бұл мәліметті Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов жария еткен болатын. «Республика бойынша 2010 жылдың басында 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың саны - 4 миллион 616 мың адамды құрады. Оның ішінде 2 миллион 337 мыңы - ер балалар, 2 миллион 279 мыңы - қыздар. Яғни, пайыздық арақатынасты алсақ, онда 14 пен 29 жасқа дейінгі жастардың 50,6 пайызы ұлдар, 49,4 пайызы қыз балалар. Жастар арасында бойжеткендерге қарағанда бозбалалардың саны көп. Яғни, 10 бойжеткенге 10-нан сәл астам бозбаладан келеді» деген Смайыловтың мәлімдемесін естігенде, парламент партасында ғана емес, «Екі жұлдыз» жобасында да еркелігімен есте қалатын Бақыт Сыздықованың «көп күйеуге тиеміз» деген емеуріні шындыққа айналып кете ме деп, елең ете қалдық. Былтырғы жылы «көп әйел алушылық» мәселесі парламенттегілерді дүр сілкіндіргенде, Смайыловтың санағы Сыздықованың қолына түспеген екен. Әйтпегенде, қалаулы ханым біраз ер-азаматтың қалпағын қайырып жібергендей екен-ау!

Десек те, айналамызда, әсіресе, Алматыда жасы келсе де, үйленуге асықпайтын жастар көп. Қазір еліміздегі жасы жиырма бестен жоғары бойдақтардың саны екі миллионнан асып кеткен. Қазақстандағы қыздардың тұрмысқа шығатын орташа жасы - шамамен 24 болса, жігіттердің жасы - 26-27 жас шамасында. Енді сол түтін түтетпей жүрген жастарға: «Неге үйленбейсіз?» деген сауал қойып көріңіз: «Қыз жоқ, жігіт жоқ» - деген жауап аласыз. Басқа-басқа Алматыда үйленуге қыз жетпей жатыр дегенге сенбейміз, тіпті, жоғарыдағы Смайыловтың дерегін алға тартқанның өзінде. Керісінше, қыз көп, марқұм Бақытжан Жұмәділовтің әніндегідей: «оңға қара, солға қара, жан-жағыңның бәрі қыз». Сонда бізге оң жақта отырып қалған қыздардың санын көбейтпеу үшін не істеу керек? Көп әйел алушылықты заңдастыру?.. Ал онда 58 мың жігітке қалыңдықты қайдан тауып береміз?

Қазақстанның қос бірдей бас демографтары - Мақаш Тәтімов пен Әзімбай Ғали табиғат заңдылығы бойынша қыздардан ұлдардың саны артық туылатындығын айтады. Тәтімов мырза «Демография саласы жайында мақала жазылу барысында журналист жолдастар «бірақ та» деген сөзді айтуға ерінеді. Демографияның бар шындығы осы «бірақ та-ның» астында жасырулы жатыр», - деп өзінің деректерімен былайша бөлісті: «Қыз баладан ұлдың саны 6-7 пайызға артық туылады. Бірақ та, ер балалардың өлім-жітім көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Дәл үйленетін жаста жігіттер жұмыс істейді, әскерде болады, түрмеге түседі. Қазақстан ТМД елдері бойынша түрмедегі азаматтар санымен бірінші орында тұр. Сондықтан қыздар тұрмысқа шығатын жаста өз теңдерін таппай, кәрі қыздар санын еселей түседі. Оның үстіне қазіргі кезде елімізде санда бар, санатта жоқ жігіттер көп, яғни, ер-азаматтарымыздың 30 пайызы бала туғызуға қабілетсіз», - деген ащы деректерді алға тартты.

Сондай-ақ, Мақаш мырза отырып қалған қыздардың санын азайту үшін азаматтық некенің болғанын дұрыс деп санайды. «Өйткені, көп әйел алушылықты заңдастыруға біздің халқымыздың да, парламенттегілердің де интеллектуалды деңгейі жетпейді. Екіншіден, қағазда тұрған не бар? Бақыттың бәрі бір жапырақ қағазда емес қой, азаматтық некемен де бала сүйіп, бақытты болып жатқан қаншама таныстарымыз бар. Заңды түрде екі әйел алу - ер-азаматқа қиынға түседі. Себебі, оның жауапкершілігі бар. Біз өркениетті қоғамда өмір сүріп отырғандықтан, өркениетті, мәдениетті азаматтарша азаматтық некені де қабылдай алуымыз керек. Азаматтық қоғамның заңдылығы осы. Күш-қуаты тасып бара жатқан еркекке бұдан басқа жол жоқ. Әлгі молдалардың айтып жүргендері де маған бес тиын», - деп Тәтімов біздің бұдан кейінгі сауалдарымызға жауап беруден бас тартты. Сонда ол кісінің мұнысы жауапкершіліктің ауылынан жігіттерді алыстатқысы келгені ме?! Ер-азаматтарға қиын болады деп, қызды құрбандыққа шалуды қай ата-баба салтынан естіпті? Әлде халықтың санын көбейтеміз деп, адамгершіліктен аттап, салт-дәстүрімізден, дінімізден жирену керекпіз бе? Мақаш мырзаның азаматтық некені қолдау арқылы нені көксейтінін түсінбедік. Әлде отырған қыздың бәрі намысы жоқ, қуыс кеуде деп ойлай ма екен ол кісі?

Ал, демограф-саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Егер, біз көп әйел алушылықты заңдастырсақ, Батыс бізді түсінбейді. Бұл мәселеде қазіргі жағдайымыз жап-жақсы. Екінші әйел алсаң, өзіңнің бәйбішең болмаса, мемлекет бізді қудаламайды. Мысал ретінде, анам екеуміздің жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесінен мынадай дерек айтайын. Кеңес үкіметі тұсында: «Мен некедемін» деп санайтын әйелдердің саны ер- азаматтардан артық болған. Себебі, ол кездегі әйелдер өздерінің ұдайы жыныстық қатынаста болған еркегін күйеуім деп санаған. Яғни, ол кезде 10 еркекке 11-12 әйелден келген», - деп сараптайды.

- Әзімбай мырза, көп әйел алушылыққа әйел затының басым көпшілігі қарсы. Парламенттегі Сыздықованың не айтқанын бәріміз жақсы білеміз...

- Иә-иә, ол екі күйеу керек деген. Ол кісінің басында не ойы бар екенін кім білсін? Ондай ойына өзі, оны тәрбиелеген ата-анасы, ері болса ері жауап берсін. Бірақ меніңше, заңды некемен қатар, азаматтық-діни некемен екінші әйел алған да дұрыс. Ол үшін бізде сот жоқ. Францияның экс-президенті Жак Ширактың заңсыз туылған қызы болған. Оны БАҚ біліп қойған. Жак Ширак: «Осыдан соң менің саясаттағы имиджіме нұқсан келіп, саяси тұлға ретіндегі дәуренім бітті», - деп ойлаған. «Заңсыз қызыңыз бар екені рас па?» - деген сұраққа, Жак Ширак: «Рас!» - деп бір-ақ ауыз сөзбен жауап беріпті. Сонда Ширактың саяси тұлға ретіндегі рейтингі бірден көтеріліпті, мойындағаны үшін. Әлдекімдер секілді қашып-пыспай, адам ретінде өзінің сезімін, өзінің пенде екенін мойындаған.

- Біздің қазақтың шенеуніктері мойындамайтын шығар...

- Бұл жағынан келгенде Мақаш Тәтімов - нағыз ер. Ол 1950 жылдан бергі жүрген әйелдері мен олардан туған балаларының санын жариялаған орыстілді бір газетке. Ондай ерлікті, мойынсынуды мен білетін, танитын бірде-бір қазақ, бірде-бір орыс жасамаған. Көп жігіттер мойындамақ түгілі, бар ауыртпалықты әйелге артып, керісінше, әйелді қаралап, қашады ғой. Нағыз азамат болсаң, істеген ісіңді осылай мойында. Жалпы біздің діни басқарма екі пәтуа шығарса деймін.

- Ол қандай пәтуа?

- Бірінші пәтуа - түсік жасатуға тыйым салу. Түсік жасатудан бөлек, бүгінде біздің елімізде туылатын баланың 12 пайызы заңсыз некеде туылады екен. Сондықтан, бірінші- түсік жасатып адам өлтіруге болмайды деп тыйым салу керек моральдық тұрғыдан. Мысалы, католиктер осындай пәтуа шығарды. Оларда әйелдің өміріне қауіп төнген жағдайда немесе бала жарымжан болып туылатын жағдай кездессе ғана, түсік жасатуына болады екен. Екінші пәтуа - әкелердің өз балаларынан қашуын зинақорлық деп есептеу. Ондай жағдайда оларға моральдық тұрғыдан соққы беруіміз керек. Неге еркектер әйел затының сезімін қорлап, одан туылған баланы мойындамауға тиіс?! Бұл деген - әйелдерді, қыздарды тірідей жерлеу ғой. Діни тұрғыда екінші әйел алуға ер-азаматтарға болады. Соны ер-азаматтарымыз да қазіргі кезде түсініп келеді. Біздің елімізде азаматтық-діни некенің болғанын қолдаймын. Әйелдер қаласын, қаламасын қоғамымыз осыған ыңғайлануда.

- Сіздіңше, неге жастар кеш тұрмыс құратын болып кетті?

- Оған әлеуметтік жағдай кінәлі. Мысалы, байдың, әкімнің, шенеуніктің бала-шағасы кедейдің бала-шағасына қарағанда ертерек отбасын құрады. Әлеуметтік жағдайы жақсы адаммен құда, туыс болғысы келетіндер көп. Ертеректе балама студент кезінде: «Балам, отбасылық жағдайы дұрыстау қызға үйленесің ғой», - десем: «Ой, әке, бізде мерс мерспен, жигули жигулимен, жаяу жаяумен жүреді»,- деп күлетін. Әлі бұл қасаң заңдылық үдемесе, жойылған жоқ. Қазақта сөз бар ғой: «Бай байға, сай сайға құяды» деген. Ал кедей немесе орталау тұратын отбасының балалары жағдайын жасап алып барып, шаңырақ көтеруге ұмтылады.

P.S: Мамандар кеш үйленгендердің елу пайыздан астамы бір жылға жетпей ажырасып кететінін алға тартады. Мәселен, былтырғы жылы Алматыда тоғыз мыңға жуық жас отбасы шаңырақ көтерсе, соның бес мыңға жуығы жылға жетпей ажырасып кеткен. Бұл біздің қоғамның жаһандануға ентелеп еніп бара жатқанының да дәлелі емес пе?! Қанша даурыққанымызбен, шетелден келіп жатқан ақпараттық тасқын жастардың санасын уламай қоймайды. Мақаш Тәтімовтің «азаматтық неке» жайындағы тұжырымдамасын түсінбесек те, тіпті, оған қарсылық танытсақ та, азаматтық некеде бірге тұрып жатқан жастар аз емес. Бірақ Әзекеңнің «азаматтық-діни некесі» Тәтімовтің тұжырымына қарағанда, біздің ұлттық ерекшелігімізге әлдеқайда жақын ғой.

Айтпақшы, 2008 жылы іргеміздегі Иран парламентінің Заңдылық және Әділет істері жөніндегі комитеті «Отбасы туралы» заңына өзгеріс енгізіп, «бәйбішенің келісімін сұрамай-ақ, екінші әйел алуға мұрсат беретін» бапты мақұлдапты. Тек онда назар аударатын басты жайт - «егер дәулетіңіз жетсе» делінген. Сондай-ақ халқының саны жағынан әлемде 18-ші орында (71 миллион 208 мың), жер көлемі жөнінен 17-ші орында (1648 000 шаршы шақырым) тұрған Иран халқының санын өсіру үшін екі әйел алушылықты заңдастырып қана қойған жоқ, жаңадан дүниеге келген әр балаға 780 еуро сыйақы тағайындап отыр, осы жылдан бастап. Иран президенті Махмұд Ахмадинежад: «Біз халқымыздың санын 120 миллионға жеткізсек, ең беделді әрі ықпалды елдердің бірі боламыз», - деп табандап отыр.

Елбасы мен үкіметін қолдай кеткен парсының келіншектері не деген ұлтшыл еді?! Біздегідей дәстүрінен жаңылысып, «екі күйеу керек» деп өзеурейтін әйелдері жоқ Ираның бағы бар ел екен ғой...

МЕН САҒАН ҚАЛАЙ ҰНАЙМЫН?

Ақылына көркі сай, тәп-тәуір қызметте істейтін құрбым бар. Жасы... жасы -жиырма бестен асып барады. Дәл жар құшып, ана атанатын кезі. Бірақ, бірақ... тұрмысқа шығайын десе, жібі түзу жігіт жоқ, өзінің айтуынша. Өткенде жеңгелері өзі сияқты оқыған, қызметі, үйі бар жігітпен таныстырды. Ұнамады. Себебі, жігіт қыры бар шалбармен аяғына сүйретпе аяқкиім киіп алыпты. Бізде осы жігіт ұнайды-ау деп, бір жігітті көрсеттік. Басында баспанасы, астында темір тұлпары, жайлы жұмысы, сымбатты дене бітімі бар, білімді еді, «Шаншардағы» Жүсіп айтпақшы, резюмесі қатқан жігіт. Тағы да ұнамады. Себебі, аяғын қыздың аяғындай тым түзу басады-мыс. Әй, адамдар-ай, күн өткен сайын кінәмшіл болып кетеді екен ғой. Міне, Қайрат Нұртас та әлдебір телеарнадан: «Ақ періштесі арманның, Мен саған қалай ұнаймын?» - деп әуелете кетті. Құрбымның қылығы есіме түсіп, мырс күлдім. Ән жолдарын іштей қайталап қоям: «Мен саған қалай ұнаймын?». Бұл - мұрты енді қылаң бере бастаған бозбаланың да, тұлымы желбіреген қыз баланың, жалпы бойдақтардың көкейінен кетпейтін сауал. Әлгі құрбымның да қиялдағы ханзадасы да бір жерде: «Ақ періштесі арманның, мен саған қалай ұнаймын?» - деп жүрген шығар.

Интернет желісіндегі орыстілді оқырманға қызығам. Көбісі өзін толғандырған осындай сұрақтарға психолог-мамандардан оп-оңай кеңес ала салады. Осы орайда, біз де ұлттық ерекшелігімізге сай психолог-мамандардың кеңестерін ықшамдап беріп көрсек дейміз. Олай болса, іске сәт, бозбала мен бойжеткен!

 

Жігіттердің жүрегіне жебе қадап жүрген әлемнің ең сылқым сұлуларының құпия сырларын ашуға ұмтылған шетелдік басылымдар «Жігітке ұнау үшін не істеу керек?» деген сұрақтар қойыпты. Сөйтсе, бәрінің ер-азаматтың жүректерін жаулаудағы айла-амалдары ұқсас болып шығыпты. «Қыз қулығы қырық атанға жүк», - дейді қазақ. Қане, қыз құпияларынан сыр ұрлап көрелік.

ЖІГІТ ҚЫЗҒА ҚҰМАР-АЙ,

ҚЫЗДАР МОЙНЫН БҰРАДЫ-АЙ...

 

Осы ән есіңізде ме? Серілердің қиялдағы ақ құсын қолына түсірудегі амал-тәсілі айтылатын осы әнде. Бұл әннен бөлек, сіз де бір қызбен ең алғашқы кездесуіңізді еске түсіріп көріңізші. Қыз жүрегіне қалай да жол тапқыңыз келді, ә?! Әйтеуір кездесуге қыздың да келісімін алдыңыз. Енді не істеу керек?

«Жігіт көзімен, қыз құлағымен жақсы көреді» деген сөз бар. Бойжеткендерге тек әдемі сөз айтып қана ұнаймыз деу - қате пікір. Сондықтан бірінші, сырт келбетіңізге назар аударыңыз. Ешқашан алғашқы кездесуге спорттық киім киіп шықпаңыз. Спортшы болсаңыз да, кездесу - жаттығу залы емес. Мейілінше классикалық үлгідегі киім киюге тырысыңыз. Бірақ костюм-шалбар, галстук тағып өзіңізді тым ресми ұстап жүрмеңіз. Дұрысы - тап-таза жейде мен бір түсті шалбар кисеңіз жеткілікті. Джинсы да жаман емес. Алайда, киіміңізде кір дақтары тұрмасын. Сосын белдігіңіз бен сағатыңыз, аяқкиіміңіз бір-бірімен үйлесімін тауып, сәйкес болсын. Егер көзге ұрып көрініп тұратындай ашық түсті киім кисеңіз, ол қыздардың көбіне ұнамауы мүмкін. Жігіт деген салмақты көрінуі тиіс. Қара, қара көк, қоңыр түстер адамды салиқалы көрсететінін естен шығармаңыз. Аяқ киіміңізден жағымсыз иіс шықпасын. Мүмкін, аяқты көсіле созып отыратын жерге барып қалсаңыз, иіс шығып тұрса - ыңғайсыз. Ауыз қуысыңыздан да, денеңізден де жағымсыз иіс шықпауын қадағалаңыз. Аздап иіссу себіңіз. Егер қыз сізді ұнатып қалса, ол иіс бойжеткенге жұмақтағы жұпардай көрініп кетеді.

Міне, сақадай сай болып, киініп алдыңыз. Енді кездесуге кешікпей барыңыз! Жауапкершілігі мол жігітті қыздар да жақсы көреді. Кездесетін орынға құрығанда, 10 минут ерте келіңіз. Қыздың қай жерге барғысы келетінін сұраңыз. Егер қыз «маған бәрібір» дегендей, иығын қиқаңдатса, өзіңіз қыдыратын жерлердің тізімін ұсыныңыз (3 тізімнен көп болмасын, бірақ қызға ұнайтындай жерлер болсын). Сондай-ақ, өзіңіз жақсы білмейтін жерге алғашқы кезде қызды қыдыртпаңыз. Өйткені, ондай жерде сіз өзіңізді сенімсіз ұстауыңыз мүмкін. Қыздар өзіне сенімсіз жігітке ешқашан да қарамайды.

Тағы есте сақтайтын жайт - қыздар бәдік жігітке де, тым тымырайып қалған жігітке де мойын бұрмайды. Оның әрбір сөзін зейінмен тыңдап, арасында өзіңізді қызыққандай етіп көрсетіп, сұрақтар қойып отырыңыз.

Әдетте жігіттер өзінің жетістігін, мақсатын айтуды ұната бермейді. Бірақ қыздар оны білгісі келеді. Сондықтан әңгіме арасында өзіңіздің арман-мақсатыңызды ептеп кіргізіп қойыңыз. Қыздар айқын мақсаты бар жігіттердің жанында өздерін жайлы сезінеді. Айтпақшы, қызды-қыздымен мақтанып кетіп жүрмеңіз. Әйел заты - өте сезімтал. Олар аялағанды, еркелеткенді, өзіне көп назар аударғанды қалап тұрады. Оларға мақтау (комплимент) айтудан қашпаңыз. Жоғарыда айтқанымыздай, «әйел құлағымен жақсы көреді».

Уақыт кеш болып бара жатса, серігіңізден «тоңдың ба?» деп сұраңыз да, арқа тұсынан келіп ақырын құшағыңызға алыңыз. Бұл қыздарға ұнайды. Алайда қыздар мұны білдірмеуге тырысады. Бірақ артық қылық жасамаңыз. Керісінше, сырт киіміңіз болса, бойжеткеннің иығына әкеп жаба қойыңыз. Өйткені, оның да ынтызарлық сезімін оятуға тиіссіз.

Бірінші кездесуде мынадай әңгімелер айтудан аулақ болыңыз: төсек қатынасы турасында (өйткені, қыз менен тек соны ғана керек етеді деп ойлап қалуы мүмкін); өзіңіздің кемшіліктеріңізді және ұнамайтын нәрселеріңізді айта көрмеңіз, әсіресе, адамдардың жағымсыз әрекеттеріне баға беріп, жамандаудан аулақ болыңыз. Мұндай ұсақтықтар жігітке жараспайды.

Алғашқы кездесуге қызға досыңызбен келуші болмаңыз. Біріншіден, оған сіздің досыңыз емес, сіз қызықтырақсыз. Екіншіден, досыңыз бен қызыңыз бірін-бірі ұнатып қалса, сіз «ойыннан» шығып қаласыз. Ал таныстарыңыз күтпеген жерде кездесе қалса, онымен қызыңызды міндетті түрде таныстырыңыз. Өйткені, қыз өзін сіздің өміріңізде рөлі бар адам екенін сезінуі тиіс.

Соңғы кезде қалалық жігіттер қыздарды үйіне дейін жеткізіп салуды мойынсынбай, көлік ұстап, ақшасын төлеп қоштаса салатын болды. Нағыз жігіт болсаң, қыз ұнамаса да, оны есігінің алдына дейін шығарып сал. Ал қыз ұнап жатса, бүгінгі кештің жақсы өткенін және тағы да жуық арада осындай кештің болғанын қалайтыныңызды айтыңыз.

Егер қыздың да сізді ұнатқанын байқасаңыз, қоштасарда ақырын ғана сүйіп алыңыз, ол сүйіс дөрекі болмасын! Сосын қыз үйіне кіріп кеткенше, оның бейнесін жадыңызға мәңгі сақтап қалардай, көз алмай қарап тұрыңыз. 5-10 минут өткесін, ұялы телефонына жағымды сөздермен «хат» жазып жіберіңіз. Таңертеңгісін тағы да өзіңіздің әдемі «хатыңызбен» оны оятыңыз. Қыз сіздің өзін ұмытпағанына 100 пайыз сенімді болуы керек.

Ал екінші кездесуде қызға гүл алып беруді ұмытпаңыз. Бұдан кейінгі кездесулерде батылдау болуға ұмтылыңыз. Себебі, қыздар жігіттің ақшасына, түріне қарамайды. Олар әрқашан батыр да, батыл жігітті ұнатады. Ынжық жігіт кімге керек дейсіз?!

 

Жігіттер қыздардың бойындағы қандай қасиеттерді бағалайды?

1. Үнемі жымиып жүріңіз. Мұны жігіттер өзінің бойында ұнайтын ерекшелік бар деп түсінеді.

2. Жүрісіңіз билеп тұрғандай сиқырлы болсын. Қазақтың бұрынғы қыздарының жүріс-тұрысынан шолпысының сыңғыры естіліп, оның мінезінің қандай екенін аңғарған. Қазіргі кезде шолпы тақпасақ та, қыздың жүрісіне жігіттер зор мән береді.

3. Айғайлап, дөрекі сөйлеуші болмаңыз.

4. Еркелеген қызды жігіттер ұнатады. Бірақ еркелігіңіз тәлпіштікке ұласып кетпесін.

5. Егер сізге жігіт шынымен ұнап қалса, оған қандай қыздар ұнайтынын міндетті түрде біліп алыңыз. Бұл мағлұмат сізге болашақта өте маңызды болады.

6. Өзіңіздің жігітке деген көзқарасыңыздың шынайы екенін көрсететін мүмкіншілікті қалт жібермеңіз.

7. Әйел заты - әрқашанда жұмбақ болуы тиіс. Бар шындығыңызды жайып салмаңыз.

8. Тек өзіңіздің жігітіңіздің ғана құшақтауына рұқсат беріңіз. Әркіммен бір құшақтаса берсеңіз, жігіттер сізді дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Оның үстіне дұшпанкөз деген бар.

9. Қыз нәзік болуы керек. Бұл ер-азаматтардың әрқашанда сізге қамқор болу керектігін білдіреді.

10. Жігіттің соңынан қыз басыңызбен жүгіре кетпеңіз. Өзіңізді қол жетпестің нағыз өзі екеніңізді сезіндіріп қойыңыз.

11. Жігітті тыңдап үйреніңіз, оның әрбір сөзіне қызығушылығыңызды білдіріп отырыңыз. Бірақ ол дөрекі сөздер айтып бара жатса, оған тыйым салыңыз.

12. Өзіңіздің болашақта нағыз қамқор әйел болатыныңызды сезіндіріңіз. Бірақ жігіттің де сенімін ақтап, шебер аспазшы болуға өзіңізді дайындаңыз. Орыстар «жігіттің жүрегіне асқазан арқылы жол табасың», - дейді ғой.

Жігіттерге ұнамайтын жағдайлар:

1. Терлегенде және ауыз қуысынан шығатын жағымсыз иістер.

2. Таралмаған шаш, күтімі жоқ бет-жүз.

3. Артық салмақ.

4. Не болса соған қызығушылық.

5. Шаршаңқы көзқарас.

6. Үнемі денсаулыққа шағым айту.

7.Әртістік қабілетін оңды, солды көрсету. Мұны жігіттер тез байқап қояды.

8. Қыздың өзге жігіттерге көз салуы.

9. Ашуланшақтық.

10. Тым ашық-шашық киім.

11. Көңілсіздік.

12. Өзі туралы жоғары пікірдегі қыздар ұнамайды.

13. Тым салмақтылықты да жігіттер қош көрмейді.

«Ақ желкен» журналы», 24-28-беттер, №11, 2010

 

 

0 пікір