Жұма, 21 Маусым 2024
Ақмылтық 5207 0 пікір 14 Қыркүйек, 2017 сағат 14:29

Қазақтың құшағы барлық ұлтты сыйдырады...

Қазақ – жер бетіндегі ең мейірімді халық. Оның мейірімге барша ұлтқа бірдей. Сол мейірімге арнап ескерткіш тұрғызу артық болмайды Біздің бала күнімізде əжептəуір бір іс тындырсақ, болмаса жас балалар қарияларға бір қызметін көрсетсе «Мұғалім бол!», «Көп жаса, тең құрбыңның алды бол!» деп алғысын жаудырып жататын. Елбасы Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні деп жарияланып, қазақстандықтардың күнтізбесі тағы бір мерекелік датамен толығуын жұртшылық жағымды жаңалық ретінде жақсы қабылдады. Алғыс айту күні қазақстандықтарды бір-біріне жақындастыра, береке-бірлікті нығайта түседі деп санайды. Қасірет ешқашан ұмытылмайды. Сол зобалаң жылдарды əзербайжан қызы – «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің, Алматы облыстық əзербайжан этномəдени бірлестігінің төрайымы, ҚХА мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері, ғалым Асылы Осман апай да өз басынан өткізген еді... 


Біз Қазақстанға 1944 жылы Грузияның Түркияға шекаралас Ахалкалак деген қаласынан жер аударылғанбыз. Ол кезде мен ес біле қоймаған жас баламын. Үлкендердің айтуынша, тып-тыныш өмір сүріп, айрандай ұйып отырған елді бір түннің ішінде келіп, басқа жаққа көшесіңдер деп жылаған бала мен еңіреген анаға қарамай, қорадағы қойын маңыратып, сиырын мөңіретіп есікке көлікті тақап қойып, бір машинаға 2-3 үйден тиеп теміржолға әкеліп, мал таситын вагондармен жөнелткен.

Атасы мен келіні бір бөлмеде отырмайтын мұсылман дінін ұстанатын халық үшін сол вагонда малдан да төмен жағдайда бірнеше ай өмір сүру, ас-сусыз қалудың қандай болғанын елестетудің өзі қиын. Сондай ауыр жағдайдан жол бойы қырылған адамдар да болған, оларды ақ жуып, арулап көметін мүмкіндіктің жоғынан, талай адамның жүзін топырақ та жаппай қалып қойған деседі.

Ол кезде Қазақстанда да жағдай нашар, соғыстың халықты тұралатқан шағы. Бірақ өзінің даласындай дархандығы, пейілінің кеңдігімен біздің халықты жақсы қарсы алған қазақ халқы жер аударылып келгендерге бір бөлмелі үйінің бір бұрышын, екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып беріп, өздерінен кем құрмет көрсетпей, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, аман-есен бейбіт күнге жеткізді.

Өзінің даласындай дархандығы, пейілінің кеңдігімен біздің халықты жақсы қарсы алған қазақ халқы жер аударылып келгендерге бір бөлмелі үйінің бір бұрышын, екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып беріп, өздерінен кем құрмет көрсетпей, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп аман-есен бейбіт күнге жеткізді.

Менің шешем ерте қайтыс болған, мен және менен кейінгі бауырларым, 9 жастағы әпкем Гүлсара мен көршіміз Айтбике жеңеше дейтін әйелдің арқасында адам қатарына қосылдық. Соншалықты қиын заманда қынадай қырылған адамдардың арасынан аман қалғанымыз үшін мен Құдайдан бір жас кіші қазақ деген халыққа мәңгі қарыздармын!

Сонау Алтайдан Атырауға дейінгі тұлпар шапса -тұяғы тозатын, сұңқар ұшса- қанаты талатын байтақ жерге ие болуының өзі – қазақтың пейіліне қарай біткен байлығы. Адамгершілігі асқақ, арамдықтан ада, тумысынан таза, қиянаттан шет, өзі дара, жүрегі бала халық – қазақ имандылығымен де ерекшеленген.

Біздің көршіміз Серікбай көке деген кісі намаздың уақыты бола қалғанда қалтасындағы орамалын жайып жіберіп, оқи жөнелетін. Оның орамалы таза ма, кір ме, намазды оқып жатыр ма, жоқ па – ол жағы бір Аллаға ғана аян. Бірақ оның ниеті таза, адалдығы шүбәсіз еді.

Осындай адалдығынан танбаған тақуа адамдардың арасында өмір сүрдік, қандай да бір қасиеттердің ананың сүтіне қоса, ортаның тәрбиесімен де сіңетіні белгілі.

Адам баласының бойында бір кесім таза ет бар, ол — жүрек, осы бір кесім ет таза болса, әлем таза болады деп түйдім мен, сырттан келгендердің панасызына пана, анасызына ана бола білген, ораза-намазын қаза қылмаған көңілі дархан қазақтың мінезінен.

Алғыс сөзі – жүректен иірілетін, тұнық сөз. Естіген жанды рухани лəззатқа бөлейді. Бір жағынан тілек, бір жағынан адамның ниеті, ризашылығы ғой. Оның мəнділігі, маңыздылығы сонда жатыр. Алғыс сөзінің мағынасы теңіздің терең тұңғиығындай, тіл жетпейтін, дүниедегі қымбат сөз. Осы сөзді айту бар да, сол сөздің жүректе қалуы бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы достықтың да, бірліктің де, тұтастықтың да ұйтқысы болып отыр дейміз ғой. Енді сол Елбасы бас- тап берген Ассамблея күнін əрі алғыс күні ретінде, əрі мəңгі есте қалдыру мақсатында Астана мен Алматы қалаларында ескерткіш орнатсақ деймін. Менің түсінігімде алғыс сөзінің иесі болуы тиіс. Біріміз бірімізге ай- тып қана қоймай, мəңгі есте қалатындай жасасақ. Ол ескерткіш атақ үшін емес, елімізге, халқымызға, болашаққа үлгі болады. Келер ұрпағымызға ізгілікті ұмытпай осы- лай жеткізсек – оның бірліктің, достықтың темірқазығына айналары хақ. Ол ескерткішке: «Қазақ халқы мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғыс» десек. Сонда ол, «Бодауын боталы түйе» дегендей, мейірімділігімен, жан дүниесімен өзгені жат- сынбай бауырына басқан қазақ халқына деген қайтарымымыз болмақ. Мəселен, Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан халқына алғыс деп белгі қойылды. Қазақстан халқына кімнен алғыс. Алғыс біреуден біреуге болуы керек. Менің сізге, сіздің маған деген сияқты. Сонда ол алғыстың ауқымы да кеңи түседі.

Кейбір отандастарымыз орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін сұрап жүр. Оның қоғамдағы мәртебесі мемлекеттік тілден де артық болып тұр ғой, менің имандай шыным, қазақ тілі қазіргі орыс тілінің деңгейіне жетсе қуанған болар едім.

Тілдің дамуы үшін үкіметтен қаржының да бөлінуінің кемі жоқ, бірақ сол ниеттің дұрыс еместігінен ол қаржы да басқа мақсаттарға пайдаланылып кетіп жатады. Әйтпесе, қазақ тілі тұрмақ, басқа ұлттардың балаларының оқуы үшін керекті құрал-жабдыққа дейін ақша бөлінетінін көзім көріп отыр.

Қазақ деген жан-жағына қамқоршы болып жүретін халық қой, ол кезінде артта қалғанды алға жетелеп, жалаңаш қалғанды киіндірді, аш қалғанның қарнын тойдырды, енді бүгін біз неге сол қазақтың тілінің дамуы үшін сен, мен деп бөлінбей түгел қауым болып жұмылмаймыз? Осыған қаншалықты ақыл керегін түсінбеймін.

Мемлекет басшысы Қазақстан халық ассамблеясының ХХІІ съезінде сөйлеген сөзінде «15 жылда аюға да тіл үйретуге болады, біз қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде меңгеруіміз керек, орыс тілін сақтауымыз қажет, ал ағылшын тілін қазіргі экономиканың тілі ретінде бүгінгі күннің талабы тұрғысынан үйренуіміз керек» демеп пе еді, мен сонда шын жүректен қуанып едім, өкініштісі, сол қазақ тіліне әлі басымдылық берілмей келе жатыр.

Қазақстанның шекарасынан асқаннан кейін ешкім сізбен қазақ тілінде сөйлеспейді, оны біреу қажет те қылмайды. Сондықтан ол тілдің өсіп-өркендейтін басқа жері жоқ осы елден басқа, осыны мәңгі есте ұстауымыз керек. Қазақстандықтардан өтініп сұрайтыным – малшысы да, манабы да бір тілде сөйлейтін халықтың бай тілін баянды етейік, осы тілді көзіміздің қарашығындай сақтайық.

Бір үлкен кісі келінін сынамақшы болып, оны шақырып алып: «Келін бізден береке кетіп барады, не істейміз?» – деп сұрапты. Сонда ақылды келіні: «Ата, оны уайым қылмаңыз, береке кетсе де ынтымақ-бірлігіміз кетпесін» деген екен. Сол айтпақшы, осынау ұланғайыр елді мекен еткен халықтың ынтымағы кетпесін, бірлігінен ажырамасын деп тілеймін.

Асылы Осман

Abai.kz

0 пікір