Жұма, 29 Наурыз 2024
Аймақ 14098 32 пікір 15 Қазан, 2017 сағат 09:24

Қапал аты қайдан шықты? Тарихты кімдер бұрмалауда?

Кең байтақ Қазақ жерінде таулары көкті тіреген мәңгі мұзды, құламалы құзды табиғаты тамылжыған әлем саяхатшыларын тамсандырып таңдай қақтырған жерлер өте көп. Солардың бірі әрі бірегейі, жер жәннәті Жетісудың асыл қазынасы атанған қасиетті Қапал жері. Иә, оған еш дауымыз жоқ. Себебі, XIX-XX ғасырларда зерттеу жүргізген орыс эертеушілерінің өздері-ақ: «Город Копалъ столица северных станиц»,-деп айдар тағып, өздерінің оң бағасын берген. Бұны осыдан бір ғасыр бұрын Қапалға келіп зерттеу жұмыстарын жүргізген орыс ғалымының мына бір естелігінен ақ байқауға болады: «...Копал был замечателен; впрочем, совершенно также замечателен и теперь своим великолепным, ровным климатом, с вечно солнечными днями зимой и изумительной водой из безчисленных ключей, пробивающихся всюду в городе и станице. Такой великолепной воды я нигде больше не видел. В Копале даже самые осторожные и мнительные люди забывали обязательное в Средний Азии правило: никогда не пить сырой воды. Здесь никто не пил кипяченой. Интересно, что в Копале не только люди, но и лошади избаловались своей ключевой водой. Я не раз видел, как лошади, которых приводили на водопой на прекрасную горную речку, протекавщую в городе, подходили к реке, нюхали воду, а затем с пренебрежением отварачивались и шли пить к близ расположенному ключу».,-деп таңдайын қағады. Копал (из воспоминаний натуралиста) В.Н.Шитников, 1907 г.

Иә, айтса айтқандай-ақ қасиетті Қапал жері бұл табиғи қасиеттерін әлі де жоғалта қойған жоқ. Осы сипаттаудағы секілді өзендері арқырап, бұлақтары сарқырап, суы бал татыған, ауасы жұпар аңқыған сол бәз баяғы қалпында жүріп жатыр.

Десек те, соңғы жылдары кір жуып кіндік кескен ата мекен туған жеріміздің атауы жайлы әртүрлі пікірлер айтылуда. Яғни, Қапал атауы қайдан шыққан деген сөз жылдан жылға өршіп барады. Әркім әртүрлі ұқсас сөздер баламасын айтып: «вода капала», «Окоп копал» не болмаса «Қопалы» деген сөздерден шыққан десе, енді бірі Ұлы жүз Дулаттың Жанысынан шыққан Қапал деген батырдың есімімен байланыстырып жүр.Тек байланыстырып қана қойса жөн ғой ешбір тарихи нақты дерек көрсетпей ауыз екі айтылған сөзбен ғана дәлел айтады.

Бірінші дәлелдері; «Батыр бабамыз бұрыңғы Талдықорған облысы, Қапал ауданындағы Ешкіөлмес тауындағы Қарамола деген жерде жерленген. Жау келетін жолда айбат шегіп жатқандай. Қапал батырдың қабірін тауып анықтауға Ш. Уәлихановтың «Жоңғария очерктері» деген жазбаларындағы «Қапал стансасы Қапал батырдың есімімен аталған» деген пікірі түрткі болды»,-дейді. (Ел қорғаны Қапал батыр, Егемен Қазақстан, 29,01,2013)

Біріншіден; Шоқан Уәлихановтың «Жоңғария очерктері» деген Санкт-Петербургтегі мұрағатта сақталған жазбасын бастан аяқ оқып шықтым. Онда Қапал батыр туралы ешбір сөз айтылмаған. Әрі қабірі Қарамолада екені жайлы ешбір дерек жазылмаған. Ол жазбада тек қана: «Путешествіе мое началось 28 мая 1856 года. Въ этотъ день я присоединился къ торговому каравану, который тогда стоялъ лагеремъ въ урочищъ Карамула, въ 30 верстахъ отъ города Копала...», - делінген. (Сочинения Ч.Ч.Валиханова, Записки РГО, С-Петербург стр 56)

Бірақ Шоқан Уәлихановтың «О Киргиз-Кайсацких могилах (молах) и древностях вообще» деген жазбасында «...они просто накиданы землею и сверху  уложены щебнемъ.  Вокругъ  Козу-Кюрпеча также  много такихъ могилъ. Къ числу ихъ принадлежатъ могила Копал-батыра,  давшая названіе  речке и укръпленію...»,- деген қолжазба дерек бар. (Архив Ч.Ч.Валиханова,  Ф-23,Д-22,Опись-I, стр117)

Бірақ өздеріңіз көріп отырғандай, бұл жерде Ш.Уәлиханов Қапал батырдың ұлтымен ұлысын ажыратып ешнәрсе айтпаған. Сондай-ақ моласының қай жерде екенің көрсетпеген. Сонда: «Батыр бабамыз ... Ешкіөлмес тауындағы Қарамола деген жерде жерленген»,-деген деректі қайдан алған? Қабірін кім тапқан? Әрі қандай дәйекке сүйеніп көрсеткен?

Екінші айтар уәждері «... тарихшы Марат Әлібаевтың анықтағанындай, Шоқан Қапал қаласының аты Дулат-Жаныс әулетінен шыққан Қапал батырдың есімімен аталғаны туралы деректер қалдырған»,-дейді.  (Ел қорғаны Қапал батыр, Егемен Қазақстан, 29,01,2013.)

Бірақ Марат Алыбаевтың қандай дерек қалдырғаның және оны қандай дереккөздерге сүйеніп жазғаны туралы айтылмайды. Осындай дәлелі жоқ зерттелмеген ауызекі айтылған шикі тарихқа сүйене отырып, Қапал ауылын  «Қапал батыр» ауылы деп атап, мүсінің қоймақшы болып жатыр. Бұл не қылған қысастық? Жасанды жапсырма тарих кімге керек? Әрі ондағы мақсат не? Бір нәрсені істемес бұрын оның дұрыс не бұрыс екенін тексеріп, тарихын тарамдап, зерттеп зерделеп,  өңір тарихынан хабары бар ауыл тұрғындарымен жолығып жөн сұрамаушы ма еді.

Ауылымызда  шежіреші, тарихшы,  көне-көз қазыналы қарттарымыз  көп болды. Сол қариялардың біразын бала кезімізде көзімізбен көріп, айтқан сөздерін көкірегімізге тоқып, құлағымызға құйып өстік. Сол кісілер айтатын;  ертеде бұл жерді қалмақтар (жоңғарлар) мекендеген. Осында Қопал, Қора, Шажа, деген қалмақ батырлары болған  дегендерін бала кезімізде талай естігенбіз. Үлкендер бұл жердің атауын қалмақ батыры Қопалдың атымен байланыстырып, мола қорғаны да осында десетін. Ескіліктен хабары бар тұрғылықты орыс шалдарының да «Копал - калмакская владыка» дегендерін талай естігенбіз. Бұл ауызекі жеткен тарихты сол қариялардан естігендер әліде ортамызда бар. Айтса айтқандай осы мәселе шыға бастағаннан ақ ақиқатқа көз жеткізу мақсатында жан-жаққа сұрау салып,  Ресей мұрағаттарында сақталған тарихи деректерден жауап іздей бастадым. Соның нәтижесінде жоғарыдағы көнекөз қарияларымыз айтып кеткен жүйелі сөзді қуаттайтын нақты тарихи  дерек шықты. Ол Ресейдің Санкт-Петербург қаласында орналасқан «Орыс Географиялық Қоғамы» мұрағаты жазбаларынан табылды. Осы аталмыш қоғамның толыққанды мүшесі  этнограф, зерттеуші Н.А.Абрамов өз зерттеуінде: «...стараніемъ генералъ губернатора западной Сибири князя Горчакова основано укрьпленіе Копальское. Оно получило это названіе отъ урочища Копалы, на которомъ в древнее время имьлъ кочевья Монгольскіи или Джунгарскіи владьлецъ Копалъ съ подвластными ему родами..»,- деп қалдырған дерегі ұшырасты. (Н.А.Абрамов «Городъ Копалъ съ его округомъ»,1862 г, Санкт-Петербург, стр280.)

Яғни, бұл жазбада айтылғандай Батыс Сібір генерал губернаторы Горчаковтың тырысуының арқасында Қопал бекінісінің негізі қаланды. Оның атауы ерте замандағы Жоңғар билеушісі Қопалдың қоңысы Қопалы шатқалының атымен аталған, делінеді.  Осы аталмыш Жоңғар Қопалдың моласы жайлы: «... около Копала находится много древнихъ насыпанных изъ земли кургановъ. Они относятся къ древнимъ обитавшимъ тамъ народамъ. Въ самомъ Копале былъ большой курганъ насыпанный из земли и сверху покрытый щебнемъ и каменными большими плитами. По преданіямъ Киргизы говорятъ что под этимъ курганом была могила  древняго владьтеля Копала. При устройствь домовъ этотъ курган скопанъ»,-дейді.  (Н.А.Абрамов «Городъ Копалъ съ его округомъ»,1862 г, Санкт-Петербург, стр290).

Яғни, Қапал маңында көне заманғы көптеген үйінді қорған молалар бар. Олар ерте заманда осы жерді мекендеген халықтарға тән. Нақ Қапалдың өзінде топырақпен үйіліп, үсті шағыл тастармен жабылған үлкен қорған болған. Жергілікті қырғыздардың (қазақтардың дегені) айтуынша, бұл қорғанның астында ертедегі билеуші Қопалдың моласы болған. Жаппай үй салына бастағанда бұл аталмыш қорған бұзылып кеткен»,- деп тайға таңба басқандай сипаттап берген.

Оның үстіне Қопал бекінісінің алғашқы салынуы туралы  С. Марковтың «Идущие к вершинам» атты кітабының «Слава Копала» деген бөлімінде: «...Абакумов стал подумовать, о том, что крепость надо перенести на новое место. Как водится пришлось затеять переписку с Омском и Петербургом и в скоре ущелье Джунгарского Алатау прибыл важный чиновник он дал согласие на перенесение будущего города несколько севернее до берега реки копалки... в скоре тяжелой обозой двинулись к месту где стояли юрты строителей крепости в горах в близи старого Копала застучали топоры сто пятидесяти лесорубов, так начали застраиват на пустом месте, где когда то, кочевал Джунгарский князь»,-деп жазылған. (С.Марков «Идущие к вершинам», стр 68). Яғни, Абрамовтың жоғарыдағы «Джунгарскіи владьлецъ Копалъ» деп отырғаны мына екінші деректегі «Джунгарский князь»,-  екені анық. Осындай парағы сарғайған дәлелді құжат тұрғанда «пәлен айтыпты» деген дәлелсіз құрғақ сөздін қажеті не?

«Бақсам бақа екен»,-дегендей сырттан бақылап отырсақ осы мәселе күннен күнге ушығып бара жатқан секілді, сырттан келіп өздеріне ыңғайлы дәлелі жоқ тарихты бізге неге тықпалай береді. Мен бұл жерде жоңғар билеушісінің не батырының атағын шығарып,  жоғын жоқтайын деп отырғаным жоқ. Тек кейбір адамдар тарихты бұрмалап, өзіне ыңғайлы соқпаққа салып, халықты шатастырмаса екен деймін.  Өткен тарихымыздың тамырына балта шаба алмаймыз. Себебі, елімізде арысы Моңғол шапқыншылығы  берісі  17-18 ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы  заманынан бері  Жоңғар атауымен аталып келе жатқан елді мекендер мен жер атаулары әліде баршылық. Мысалы; Қаскелең, Боралдай, Шамалған, Нарынқол, Мұқыры секілді.

Әрине, жоғарыдағы деректер мен дәйектерді оқи отырып, алтын бесік ауылымыздың «Қапал» деген атауы,  Жоңғардың «Қопал» деген билеушісінің атымен аталғандығын байқаймыз. Оған еш күмән жоқ. Себебі, Қопал осы жерде өмір сүріпті, осында өліпті, әрі нақ осы жерде жерленіп, үстіне қорғаны үйіліпті. Бірнеше заманнан кейін яғни, 1847 жылы осы үйілген қорғанның айналасына алдымен бекініс артынша қала салынып, ол жоңғар батыры Қопалдың атымен аталыпты. Бұны жоғарыдағы «Въ самомъ Копале былъ большой курганъ насыпанный из земли и сверху покрытый щебнемъ и каменными большими плитами. По преданіямъ Киргизы говорятъ что под этимъ курганом была могила  древняго владьтеля Копала»,- деген нақты тарихи деректер айғақтап тұр. Оның үстіне Ш.Уәлихановтың «...они просто закиданы землею и сверху уложеное щебнемъ. Вокругъ  Козу-Кюрпеча также  много такихъ могилъ». Яғни, Қозы-Көрпеш айналасында да осындай молалар көп, олар тек   топырақпен үйіліп үсті шағыл тастармен көмілген. (Немесе үстіне жалпақ тастар қойылған) деседе болады. Яғни бұл мола Абрамов сипаттаған Қапалдағы жоңғар Қопал батырдын моласына ұқсас келеді. Оған Шоқаннын мына жазбасы дәлел. «... Къ числу ихъ принадлежатъ могила Копал-батыра,  давшая названіе  речке и укръпленію».  «Олардың қатарына аты өзен мен бекініске берілген Қопал батырдың моласы да жатады»,- деген жазбасы жоғарғы деректер мен дәйектерді қуаттап тұр.

Сондай-ақ  кезіндегі Қопал қаласы орналасқан кең алқапты жазық ертеректе «Жөңке» алқабы деп аталған. Ал қазіргі кезде Күренбел жазығы деп аталып жүр. Осы аталмыш кең жазықтың солтүстік батысында қазақтар «қопалы», «үш-қопалы»,-деп, ал орыстар революцияға дейін «Поповский большой саз, малый саз»,- деп атап кеткен былқылдаған қоғалы, қамысты саз бар. Кейбір жергілікті адамдар секілді, Н. Абрамовта өз жазбасында Қопал мен Қопалыны сөз үндестігінің ұқсастығына байланысты қисындастыруы мүмкін. Сондай-ақ тарихи жазбалар мен көне құжаттарда «...севернее до берега реки копалки немесе река копалка»,-деп келеді. Тіпті, әлі күнге дейін өзен осылай аталады. Егерде қала мен өзен атауы  «Қопалы» сөзіне  байланысты аталса, онда тарихи жазба деректерде «город  Копалы немесе река Копалы»,-деп жазылса керек еді. Немесе көне тарихи құжаттарда «Копальскій уездъ» демей «Копалинскій уездъ» деп жазылса керек еді. Әйтпесе, 170 жылдың алдындағы сауатты орыстардың тілі соңғы жуан дыбысты «ы» әріпіне келмей Қопал деп атап кетіпті дегенге сену әсте қиын. Әрине, Кеңес үкіметі кезеңінде «о» әрпінің орнына «а» әрпі қолданылғандықтан Қопал сөзі қазақша «Қапал», орысша «Капал» деп жазылғаны баршамызға аян.

Олай болса,  ауылымыздың атауын Дулаттың Жанысынан шыққан Қапал батыр есімімен байланыстырып жүрген азаматтарға айтарым, әуелі тарихты тыңғылықты зерттеп-зерделеп, біздің ауылымыздың атауына байланысты ой-тұжырымдарыңызды ауызекі айтылған сөзбен емес нақты тарихи, ғылыми деректермен дәлелдесеңіздер екен деймін.

Дулаттың Жанысынан шыққан Қапал батыр ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен екеніне дауымыз жоқ. Себебі, тегін адам бір рулы елдің ұраны мен ұлысына айналмас еді. Бірақ ол Қапал - бұл Қапал емес!

Доскелді  Қожатайұлы

Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қапал ауылы

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3592