Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6684 0 пікір 3 Желтоқсан, 2010 сағат 22:46

Қайнар Олжай. Сиыр төңірегіндегі шиыр. Ғасырларды саралатты, аймақтарды аралатты…

ШВЕД ФЕРМАСЫНДА

Біз кемеліне келтіре алмаған, әлде алаңғасарсып жүріп өткізіп алған социализмнің өзіндік үлгісін жасаған елдің «Хамра» деп аталатын сүт фермасына жуырда жұмыс барысымен ат басын тірегенде, алдан не қызық күтіп тұрғанын білмедік.
Бұрыннан білетініміз: бұл елде білім - тегін. Денсаулық сақтау - тегін. Оның біріне елең етпедік. Ертеректе біздің де басымызда ондай бақ құсы тұрған-ды. Есесіне салық салмақты. Бірақ Стокгольмнің сансыз сарайлы, есепсіз ескерткішті, талай ғұламаның, тіпті сонау Альфред Нобельдің ізі қалған көшесіне таңырқамай, қаладан тысқары, сүрі қары сақталған таудың бөктерінде, қалың қарағайдың шетінде тұрған сиыр қорасына кіргенде таңдай қақтық.

ШВЕД ФЕРМАСЫНДА

Біз кемеліне келтіре алмаған, әлде алаңғасарсып жүріп өткізіп алған социализмнің өзіндік үлгісін жасаған елдің «Хамра» деп аталатын сүт фермасына жуырда жұмыс барысымен ат басын тірегенде, алдан не қызық күтіп тұрғанын білмедік.
Бұрыннан білетініміз: бұл елде білім - тегін. Денсаулық сақтау - тегін. Оның біріне елең етпедік. Ертеректе біздің де басымызда ондай бақ құсы тұрған-ды. Есесіне салық салмақты. Бірақ Стокгольмнің сансыз сарайлы, есепсіз ескерткішті, талай ғұламаның, тіпті сонау Альфред Нобельдің ізі қалған көшесіне таңырқамай, қаладан тысқары, сүрі қары сақталған таудың бөктерінде, қалың қарағайдың шетінде тұрған сиыр қорасына кіргенде таңдай қақтық.

«Кіргенде» деп жазып қойып­пыз, анығында, сиыр қораға кіргізбеген! Ішінде не барын әй­некті қабырғаның сырт жағынан тама­шаладық. Бірнеше жыл бұрын Байқоңырда алыс сапарға аттанғалы жатқан ғарышкерлермен баспасөз мәслихаты өткенде, екі араны тура осындай әйнек қабырға бөліп тұрған болатын. Ол - түсінікті жағдай. Алты қат аспанға аттанатын ғарышкерлерге қара жерде қалатын журналистер «тұмау-сұмау жұқтырмасын» деген сақтықтан туған шара еді. Ал «Хамрадағы» сиырлардың ғарышқа ұшар түрлері көрінбейді. Рас, бұлардың далада жайылып жүретін, қашаға байланып, қорада қамалып тұратын басқа мүйіздестерінен ерекшелігі бар. Ғылыми прогресс, яғни «ноу-хау» тұрғысынан. Мына алпыс сиырды жалғыз робот сауады. Әр сиыр тәулігіне үш рет желінін босатып алуға арнайы қондырғыға, яғни роботқа келеді. Ешкім қамшылап қуаламай-ақ, айқайлап айдамай-ақ! Төңкерілген тайқазандай желіндері әбден сыздағандықтан, сүті тамшылап кезекке тұрады. Баяғы Кеңес заманында таң атпастан басталатын сүт алу кезегі деген болатын. Бұл да сол сияқты. Тек айырмасы - сүт беру кезегі. Сосын онда - адам, мұнда - мал. Байқағанымыз, мұнда кимелеп, кие-жарып, қызыл куәлік көрсетіп өтіп кетпейді екен.
Егер танымайтын, білмейтін, түрі мен тілі басқа біздер баса-көктеп қораға кірсек, қамсыз тірліктегі мал алаңдап, сүті қашып кетуі мүмкін. Оның соңы «Хамра» фермасының банкрот болуына соқтыруы ғажап емес. Тіпті бұл технологияны ұрлап, сосын сатып жіберсек ше? Сондықтан бұл жерде суретке түсіруге, бейнеге жазуға рұқсат етілмейді. Солай!
Сауын роботы деп жүргендері - қозғал­майтын кабина. Кірер, шығар жерлері ашық, ішіне жалғыз сиыр сыятын қондырғы. Алдымен, сиырдың желіні жуылады. Әлдеқайдан төрт шүмек пайда болып, одан сыздықтап қана су атқылағанын көрдік. Сөйтіп, шайылған төрт емшекке келесі төрт шүмек шыға келіп, жылы ауа үрлейді. Демек, емшектерді кептіреді. Ауа үрлеген шүмектер орнына қайтқан соң тағы бір тұстан сауын аппаратының төрт оймағы көтеріліп, төрт емшекке кигізіледі. Бұл да адам қолымен емес, инфрақызыл сәуле көмегімен жүзеге асады. Сосын сауын басталды. Робот әр сауын сиырын таниды. Құлақтағы чипі арқылы. Төрт емшектің әрбірінің шығатын сүт мөлшері компьютердің жадында. Сол мөлшерге жеткенде емшекті сору тоқталады. Бірнеше рет бақылап тұрдық, сиырлардың кейбір емшегі сүт мөлшерін алты литрден асырды. Ең төмені - бес литрдің маңайы. Соның өзін төрт емшекке көбейтсеңіз, жиырма литрден асады. Бір сауғанда! Ал әр сиыр тәулігіне үш рет сауылуға келеді.
Сауын аяқталғанмен, сиыр асықпайды. Робот және төрт шүмек шығарып, емшектерге май жағады. Армансыз рахаттанған сиыр роботтан шығып, жем мен шөп жеуге кетеді. Робот ішке кірген кезекті сиырды чип бойынша анықтап, манағы әрекеттің бәрін қайтадан бастайды. Тәулігіне толассыз тура 180 рет осылай. Ай бойы, айыңыз не, жыл бойы осылай.
Жер бетіндегі армансыз сиырлар өмірін біраз уақыт бақыладық. Астаудан шығатын мөлдір су, жалаған сайын жалтыраған тұз, жиі-жиі төгілетін тоғыз түрлі қоспа жем, төбеден түсетін жеті түрлі нәрлі шөптің бумасы, жайымен жылжып, сиырдың аяғын айтасыз, тіпті құйрығы тисе тоқтай қалатын тезек жинағыш - бәрі-бәрі бар. Оның бәрін айтпағанда, мына әйнек қабырғалы қораның ішінде бұрын біздің ең өнертапқыш институт ғалымдары мен ең озат шаруашылық басшыларының ойына келмеген бір зат бар. Әлгі сауын роботындай ғажайып техника емес, тым қарапайым нәрсе. Кәдімгі сүйкенгіштер. Бірі түзу. Тура сиырдың арқасына дәл келеді. Екіншісі қиғаш. Бүйірін қасу үшін. Тіреулерге орнатылған сүйкенгіштердің ұзыншақ кірпі бастары мал қасынған сайын ерсілі-қарсылы айналады. Соны көргенде үйдің, қораның не жиылған қидың бұрышына сүйкенген сиырды айқайдың астына алып, шыбықпен ұрғылап айдап тас­тайтын ағайынның тірлігі еске түсті. Ал шведтер сиыр үшін арнайы сүйкенгіштер жасапты. Соның арқасында «Хамра» фермасындағы алпыс сиырдың әрбірі тәулігіне алпыс литрден астам сүт береді. Күніге еститіні «арам қатқыр» мен «қарасан келгір» болатын біздің алты сиыр жабылып бұған жеткізсе, тәубе. Мына алпыс литр шөп пен жемнің, сұрыптау мен іріктеудің ғана емес, арқа сипағыштың да арқасы екені талассыз. «Сиыр сипағанды білмейді, жаман сыйлағанды білмейді» деген қазақтың сөзі бала кезден құлақта жүретін. Аталарымыз, сірә, жамандардың сыбағасын беруді көздеген де, сиыр қосақ арасында «күйіп кеткен» сияқты.

ҚАЗАҚ АУЫЛЫНДА

Бала кезде құлаққа құйылғаннан басқа көзбен көрген талай жайт бар. Нақ сиырға қатысты.
Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары біздің ауылдың сиыры, тұқымын айтпағанда, саяси тұрағы жағынан екіге бөлінетін. Совхоздың, яғни мемлекеттің сиыры және жекешенің сиыры. Мемлекеттің сиырын арнайы бағатын ферма болды. Әлбетте, «Хамра» сияқты ертегідей емес. Қарадүрсін, бүкіл елдегіден сәл қалыңқы жағдай. Бақташы, шөпші, бұзау күтуші, сауыншы, күзетші, сүт тасушы дегендей ондаған түрлі жұмысшылары бар еді. Есепші, санақшы, мал дәрігері мен зоо­техник дегендей мамандары тағы бар. Ферма бастығын, оны тасушы шоферді қосқанда бір қауым жұрт. Мемлекеттің, анығында, оның сиырының есебінен тұтас ауыл күн көретін.
Ал жекешенің сиырын бағу - мемлекет еңбекшісі есебінен шығып қалған шалдар мен оған әлі кіргізілмеген балалардың шаруасы. Балалардікі - жаздың үш айына ермек үшін. Сол үш айды сиыр бағуға арнадық дегенмен, оның бар қызығы - өзенге шомылу, балық аулау, кітап оқу, көрген киноны айту. Ал сиырлар бізсіз-ақ таңғы сауыннан кейін тізіліп өріске шығатын. Қалың шалғынға көміле жайылатын. Қанып суын ішетін. Қоңызға жылдық азыққа жарайтындай етіп тезегін тастайтын. Күн қыза бәрі құйрықтарын жоғары шаншып, жаппай оқыралап кететін. Оқыра - сонаның мал терісіне «тыққан құрты», яғни болашақ сона тері күнге қызғанда жыбырлайды. Ол кезде бала-шаға мен шал-шауқан не, обкомның секретары алда тұрса да сиыр тоқтамас еді. Тоғайдың әлде қораның көлеңкесіне тығылып жаны қалады. Әйтпесе, шабуылға шыққан Гудерианның танкісінен кем емес екпінмен ауылға тартады. Бара қоршауды қиратады, бақшаны таптайды, ошақты құлатады, өрені аударады. Ең бастысы, сол аласапыран кезінде бұзауы қасынан табыла қояды. Сиыр бағудың бар мәнісі сонда - оқыралағанда ауыл жаққа жібермеу. Сосын бұзауын жамыратпау. Ыстық қайта мал тағы жайбарақат жайылады. Кешкісін қарындары қампиған, желіндері сыздаған сиырлар ешкім айдамастан ауылға тартады. Өз соқпақтары болады. Аша тұяқтар көлденең тастың бәрін біртіндеп шетке ығыстырып тастаған әлгі соқпақтар сондай тегіс. Сиыр жоқта балалар үшін тегін велотрек. Ауылға қайтатын малдың жүру реті бар. Ең мықтысы алдында. Ол тоқтаса, арттағы бүкіл тізбек қаңтарылады. Бірін-бірі соқпақта басып озып, айналып алға түсе алмайды. Табын тәртібі тым қатты. Егер ортаға жаңадан сиыр келсе, әрқайсысы жасқап, жайқап көреді. Сөйтіп, оның табындағы орны анықталады. Қашан сойылып не сатылып кеткенше реті бұзылмайды.
Кеш түсе шешелеріміз сауып, қалғанын бұзаулары қақтап берген соң, сиыр біткен қора сыртын жағалай жататын. Момақан. Бейбіт. Қамсыз. Тату. Жай жатпайды, күйсеп жатады. Күні бойы тілімен орап, сілекейімен шылап, қарынға жөнелткен шөпті қайта шайнау басталады. Қазақтың теңеу сөзі осыдан туған. Мыжып сөйлеп кеткенді «күйсеген сиыр сияқты» дейді.
Сиыр - төрт түліктің бірі ретінде қазақ өміріне зор үлес қосты. Сүтін пісіріп іштік. Бетіне түсетін қаймаққа, түбінде қалатын қаспаққа таластық. Сол таласты тоқтату үшін «қаспақты көп жесең - тойыңда жауын жауады» деген сөз шыққан. Аналарымыз шикі сүтті сүзіп, тартып, кілегей алатын. Кілегейді жинап, май шайқайтын. Піскен, әлі суи қоймаған сүттен айран ұйытатын. Айран ішпеген күні өзімізді аш жүргендей сезінетінбіз.
Айранға тұз салып, дорбаға құйып, бақанға іліп қойса, бірер күнде қатық пайда болады. Оны көжеге қосып ішетін болған. Сауынға мал сұрағандардан «Көжеге қатық қылайық» деген сөз қалған. Бала кезімізде ауылдың үлкендері қара өлең айтысады. Айтыс соңына қарай айтылатын бір шумақ санада жатталып қалыпты. Жалпы, бала кезімізде жадымыз естігенді сол сәтте жазып алатын магнитофон іспетті еді. Қалай, қай кезде бұзылғанын енді өзіміз білмейміз, тек сеземіз. Әлгі өлең мынадай:
Ауылымды сұрасаң - сиырлы бай,
Тұрады сары қатық үйіріліп-ай!
Жетті енді, жеңе алмасқа көзің сенің,
Мұрыныңды көтермеші шүйіріп-ай.
Сиыр мен оның қатығы бастапқы екі тармақтың ажарын ашса, соңғы төртінші тармақтан қарсыластың бейнесін тікелей айтпаса да бұқаға теңеу аңғарылады. Қайран қазақтың қырық қыртысты сөзі, соның астарын түсінетін құлақ қалса қазір!
Хош, өз сиыр-соқпағымызға түсейік. Сәл ашыған айранға бастаудың мұздай суық суын қосса, шалап шығады. Шөпшілердің сүйікті сусыны.
Ішуден артық сүтті бөшкеге жинай берсе, іркіт болады. «Ит басына іркіт төгілді» деп бабаларымыз молшылықты бейнелеген. Бөшке толған күні аналарымыз оны үлкен қазанға қотарады. Астына сиырдың кепкен тезектерін қалап қайнатады. «Ағай үйде отырады, құрт қайнатып, май шайқап» деген әзіл өлең ойға оралды. Оспанханнан қалған мұра еді! Қайнаған құрттың көбігін жалау - бала кездің бір қызығы. «Ыстық құртқа түсіп кетесіңдер» деп шешелеріміз қуып әлек. Сосын қайнаған іркітке тұз салып, еңіс етіп төселген тақтайдағы қапқа құяды. Үстін жалпақ таспен бастырады. Қайнаған іркіттің сарсуы ағып, бірер күнде сүзбе шығады. Шешелеріміз сүзбені қабымен көтеріп, өреге әкеледі. Енді қолмен сығымдап күлше жасайды. Күлше кепкенше оған бала да, құс та әуес. Құсты қайдам, балаларды «өреден құрт ұрласаң - жауын жауады» деп тоқтатады.
Сиырдың майы қарынға жиналса, құрты қапқа салынады. Бұдан бөлек ірімшік бар. Қып-қызыл ірімшік қазір түсімізге кіреді, ал тісімізге тимейді. Шешемізбен бірге қайтпасқа кеткен қайран өнер!
Қазақтан бес жүз жыл бұрын ғана айы­рылған ноғай арасына барғанда, құрт-ірім­шіктен басқа «пыслақ» деген тамақты көрдік. Онысы - орысша айтқанда, сыр. Қазақ жасай қоймаған, ноғай бізден айырылып Кап тауы­ның бөктеріне барғанда, сондағы халықтар­дан үйренгені хақ. Айтпақшы, ноғайлар «сиыр» деп ұрғашысын ғана айтады. Бойдақ малдың аты біздегідей: бұқа немесе өгіз. Ал жал­­пы Зеңгібаба түлігі ноғайша - «қаратуар». Біздің орыстан тікелей аударып алған «мүйізді ірі қа­рамызға» қарағанда анағұрлым құлаққа жа­тық. Ескерер біреу табылса. Бұл да - жол-жө­некей ойдың бірі.
Жоғарыдағының бәрін ескере келгенде, сиыр - қазақтың асыраушысы. Әсіресе, ауылға ең ауыр болған Ұлы Отан соғысы кезінде арттағы елді аман сақтады. Бізге нанбасаңыз, сол жылдары бала болған ақын Сағи Жиенбаев­ты оқып көріңіз. Сүт туралы балладасы бар. Ұмытпасақ, былай басталатын:
Көшті талай көк аспанның бұлттары,
Кепті жұрттың көзіндегі шықтары.
Төрт жыл бойы асыраған бірақ та,
Таңдайымнан кетер емес сүт дәмі.
Баллада бала мен бұзаудың, ана мен сиырдың үшінші иіндіге іштей таласы туралы. Қызықса, оқырмандар өздері тауып оқыр.
Ата-бабамыз сиырдан сүт сауумен шектелсе, кәне. Күш-көлік ретінде пайдаланған. Әлбетте, бұқаны емес, өгізді. Біріншісінің атқа­ратын міндеті белгілі. Жоға, міндет демейік, анығы, ауыл аралап, табиғаттың, Тәңірдің өзі тарту еткен қызықты көру. Қазақтың «Бақсыны байым бар деме, бұқаны малым бар деме» дейтін мақалы дәл айтылған. Көлік ретінде көктемде соқаға, жазда арбаға, қыста шанаға жегілу - бұқаның емес, өгіздің пешенесіне жазылған. Өгіз - қазақ арасында күштің символы. Бала кезімізде анда-мұнда жер тітірегенде, әжеміз «жерді көк өгіз көтеріп тұрады, сол бір мүйізінен екіншісіне ауыстырғанда жер қозғалады» дейтін. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегенді де аталарымыз айтыпты. Сағи Жиенбаев соғыс жылдары өздерін сиырдың сүті сақтап қалғанын жырласа, сол сұрапыл уақытта бүкіл ауылдың күш-көлігі өгіз болғанын Қалихан Ысқақов тұтас романға өзек еткен. «Тұйық». Қаншама жыл бұрын, жас кезімізде оқығанбыз. Көрген киномыздан бетер әр сәті көз алдымызда сайрап тұр. Беріде «сұғанақ біреу сондай атпен кітап шығарыпты» деседі, «өгізді ұрлайтын бұл қазақ кітаптың атын ұрлайтын болыпты-ау» дедік те қойдық. Өгіздің ежелден көлік екенін дәлелдеу үшін тағы қазақтың қара өлеңіне жүгінейік. Оны жалықпай жинастырған Оразақын Асқар деген ақын ағамыз бар. Совет заманында бұқаның мойнына дейін ілінетін медаль мен көп сүт сауылған сиырға берілетін атақтың бірі бұйырмаған қаламгер - осы кісі. Берідегі біздің билік және атын әспеттей қоймаса керек. Сол кісі төгілдіртіп жазатын өз өлеңдерімен қатар, шашылып қалған Мұқағалиды мұқият жинап берді. Ол аз болғандай, қазақтың қара өлеңін түгендеп, қайта бастырды. 1997 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қара өлең» кітабының ішіндегі 3553-інші ретті (барлығы - 4408!) өлеңге құлақ түріңіз:
Ардақтаймын, мақтаймын сиырымды,
Ішсе - сусын, айраны үйірімді.
Қаймақ, майы - сары алтын, артса - көлік,
Семдірмеймін, жануар, бүйіріңді.
Қайран қара өлең сиырдың жүк артар көлік болғанын айғақтап тұр. Екінші тармақты тұйықтайтын «үйірімді» деген сөз тыңдаушыны қалай үйіріп тұр! Қазіргі ақындардай ұйқас үшін алына салмаған. Ұйқас ретінде еңбегі өз алдына, балталасаң бұзылмайды. Ал қолдану тағылымы ересен. Біз ең шешен сөйлегенде «тіл үйіреді» деп жатамыз. «Айраны үйірімді» деу - қазақ сөзін қалай пайдалану керектігін көрсетіп тұрған жоқ па, шіркін!
Тағы қай тарапқа тартып кеттік, өзі? Сонымен - сиыр. Қазақ, ең бастысы, сойып етін жеген. Сойылған малдың қимайын аударудан бастап қаншама өнердің шешелермен бірге келмеске кеткені анық-ау. Етінен басқа терісі бар. Көшпелі тұрмысқа өте керек шикізат. Одан былғары өңделеді. Киім, қару, қамшы, ер-тоқым, етік, қыл-аяғы тарамысқа дейін былғарыдан. Малдың үлкен-кішісіне қарай терісінің өз аты бар еді. Бұқар жырау бабамыз елінің айбынын асыру жолында:
Мен - өгіз терісі талыспын,
Сен - бұзау терісі шөншіксің, - демей ме! Пай-пай, айтқан-ақ!
Ендігі пайдасы - тезегі. Көшпелі халықтар­дың отыны. Тезек теру - кәдімгідей жұмыс болған. Негізінен, ауылдағы келін, қыздардың тірлігі. Ұзатылатын қыздар айтатын әннің бірі:
Есіктің алды шилі өзек,
Өрлей бір тердім қу тезек.
Ұзатқан қызға күлуші ек,
Басыма келді бір кезек, - деп сыңситын. Тезек - сиырдың күн мен желге кеуіп қалған жапасы. Қой мен ешкінің тым ұсақ, жылқы мен түйенің түйір-түйір құмалағы жинауға жарамайды. Қой-ешкіні қыста қораға қамағанда ғана қи шығады. Күн суытқандағы отынның төресі. Ал сиырдың даладағы тезегі жаздыгүні жағуға жарап тұр. Оны терудің өзіндік қызығы мен шыжығы жеткілікті.
Ақын Өтежан Нұрғалиевтің «Соғыстың соңғы жазы» атты жыр кітабы бар. Ұмытпасақ, үш кітаптан тұрады. Сонда бір өлең былай бас­талатын:
Бұлт астына ағараңдап Ай батса,
Үйдің іші күндегіден жай жатса.
Алты жасар Байсеркесін жетелеп,
Тезек теріп оралатын Балғатша.
Балғатшаның тезек теріп жүріп қандай жағдайға тап болатынын білу үшін Өтежанды да оқу керек. Ал көмір қазылмайтын, газ тартылмайтын заманда көшпелі халық қуатты, яғни жылу мен жарықты малдың кепкен тезегі мен қураған ағаштан алатын. Оның аты - шөмшек, кейбір жерде шөпшек дейді.
Қыз да барды шөмшекке,
Мен де бардым шөмшекке, - деп келетін ауыл балаларының тақпағы болатын. Ар жағын жазбайық. Бірақ немерелерге үйретіп кетпей тағы болмайды. Ол да - халықтың мұрасы. Тағы бір қиысқа тартып кеттік пе?! Сонымен мал тезегі - қоршаған ортаға ең залалсыз энергетика көзі ретінде кейінгі заманда қайтадан мамандар назарын аударып отыр.
Қоршаған ортаға залал келтірмеу туралы әңгімеге ойысыппыз. Осы орайда сиырға қатысты бір дау бар. Үлкен әрі бітпей жатқан дау. Міне, қаншама жылдар болды, Зеңгібаба түлігі ғаламдық жылыну құбылысына себеп­кердің бірі саналады. «Сиырдан шығатын метан газы Жерді тұмшалану, ғылыми терминмен «парник» әсеріне ұрындырып жатыр» деседі.

АМЕРИКА ПРЕРИЯСЫНДА

Аша тұяқты­лардың асқазаннан газ бөлуіне қатысты бұл әңгімені Америка Құрама Штаттарында естігенбіз.
Кезінде үндістер мекендеген жер. «Он тоғызыншы ғасыр ортасында осы өңірге биік етіп бизонның басын үйген» деген дерек бар. Мұражайларда фотосуреті бар. Тау болып үйілген мүйізді бастардың үстіне шығып тұрған бір мырза, етегінде құмырсқадай ғана болып қалған екінші мырза. Кезінде Ақсақ Темір қарсыластарын үркіту үшін Шу бойында адам басына мұнара соққаны туралы Мұхтар Мағауиннің әңгімесі бар. Осы жазушының «Шақан Шері» романында аңшының Іленің ескі арнасында адам басынан үйілген төбеге байқамай шығып кеткені суреттеледі. Ал мынау - бизонның басы. Қазір үстінен әуе шарлары қалқи ұшып жүрген көз жетпес жазықта бес жүз жыл бұрын миллиондап бизон өргеніне нанбайсың. «Оларды қырғаны дұрыс, әйтпесе, парник әсері қазіргіден көп болар еді» деген уәжді сол Де Мойн қаласының іргесіндегі бизонның емес, Әуе шарларының мұражайында естігенбіз.
Бизон - сиырдың жақын туысы. Еуропада зубр, Америкада бизон, Азияда сарлық, яғни қодас, Африкада буйвол - аша тұяқты, айыр мүйізді жануарлардың ірілері әр құрлықты, айтпақшы, Австралиядан басқасын, ықылым заманнан бері мекендеген. Ғалымдар «бизон Америкаға бұдан 500 мың жыл бұрын Азиядан барған» дейді. Оларды қуған аңшылар да жаңа аймаққа тап болса керек. Үндістердің арғы тамыры Азияда жатқаны ғылымға жаңалық емес. Аң мен аңшы аман өткен тар қылтаны кейін су басып қалған, жағырапияда бұл тұсты «Беринг бұғазы» дейді.
Солтүстік Америка жаңадан барған хайуан­дар үшін тым қолайлы мекен болыпты. Қыста қалың қар басатын таулардан көктем туа мыңдаған жылға ағып шығып, жүздеген өзендерге қосылады. Олар ондаған көлдерге құйылады. Сол тұнық судың бойына ну болып қалың құрақ шығады.
Бизонның қолға қараған сиырдан ар­тықшылығы бар, қыста қалың қарды тарпып аршиды. Сосын оған басын тығып айналдырады келіп. Ақыр аяғында қалғанын ыстық деммен ерітіп, тілін шөпке дейін жеткізеді. Ит-құсқа бұзауын да алғызбайды. Тек кәрісі мен ақсақ-тоқсағы түз тағысына азық болады. Ол енді табиғи реттеу.
Еуропадан алғашқы жаулаушылар барған уақытта Солтүстік Америкада 60 миллионнан астам бизон өріп жүрген. Кешегі кемелденген социализм заманында ұлы көсем Брежневтің нұсқауымен Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізбек болғанбыз. Қанша тыраштанғанмен, 30 миллион шамасында тоқтағанбыз. Соның өзі қисапсыз көп, даланы тоздырып жіберген. Бизонның орташа салмағы - 1500 келі, ал ең мықты деген қойдың салмағы - 50 келі. Біздегі қойдан отыз есе ірі, екі есе көп бизон быжынаған ұшы-қиырсыз алқапты көзге елестетіңіз. Жаулаушылар бастапқыда таңғалады. Ермекке ептеп атып, етін азық етеді. Одан егісті қорғаймыз деп өлтіреді. Мың-мыңы енді салынған теміржолдағы паровозға соғылып қасап болады. Тіпті жүріп келе жатқан пойыздың терезесінен бизон атқызатын компаниялар құрылады. Тек бизонның тілінен тағам ұсынатын ресторандар пайда болады. Бала кезде тамсанып оқыған кітабымыздың бірі Томас Майн Ридтің «Бассыз салт атты» романы еді. Біз оқығаннан тура бір ғасыр бұрын 1866 жылы жазылса керек. Сонда із кесуші шал төгілген қанды сипаттағанда «тап бір бизон бауыздағандай» дейтін. Бұл жануар туралы алғашқы дерегіміз осы болған.
Ермекке ату мен етке сойғаннан бизондар азайса да, мүлде құрып кетпейді. Олардың түбіне шаруашылық емес, саясаттың жеткені хақ! Солтүстік Америкаға табаны тиген жат жерлік басқыншылар мен жергілікті үндіс тайпалары арасында бітіспес соғыс үстінде бизонның тағдыры мәңгіге шешілген.
Үндістер үшін бизон - күнкөріс көзі. Әрине, даланың аңы қорадағы мал емес. Айланы асырып, атып алу керек. Үндістерде мылтық болмаған. Ең мықты қаруы - садақ. Ал бизондар өте сезімтал келеді. Қауіп-қатердің иісін кемі екі шақырым жерден сезеді. Суды тіпті жеті шақырымнан иіскеп біледі екен. Қауіптен үріккенде ебедейсіз денесіне қарамастан құйрығын шаншып алып, сағатына 50 ша­қырымдық жылдамдықпен қашады.
Соншалық сақ, жүрісі жылдам, маңдай сүйегі құрыштай берік, терісі жердің тоңындай қалың тағыны аулау оңай ма? Бәрібір Американың солтүстік бөлігіндегі көне тайпалар бизонның етін жеп өмір сүрген. Соның терісі жабылған күркелерді мекендеген. Өңдел­ген теріден киім тіккен. Аттарына бизон­ның сүйегінен шабылған ер-тоқым ерттеп, қолдарына сол сүйектен ұшталған қаруларды ұстаған. Әукесінің қылынан арқан ескен. Тұяғын қайнатып, жабысқақ желім жасаған. Тіпті қан тамырларын кеспей, суыртпақтап шығарып алатын. Ол тамырды көлеңкеде кептіреді. Ысады, ызады, еседі. Сөйтіп, садақтың адырнасына салған. Тура осы жерде қазақтың Махамбеті ойға оралады:
«Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен», - депті қайран ақын досы Исатай батырды жоқтағанда. Мұхит асып кеткен бауырлар ала өгіздің тамырынан адырна жасайтынын сезгендей-ау, шіркін!
Махамбетті жылы жауып, әлгі тізімді соза түссек, бизонның тезегі - отын. Ол жақтың да Балғатшалары біздегідей ертелі-кеш қап көтеріп, тезек теретін. Ақыр аяғында бизонның құйрығы ғана қалмақ. Оны үндіс шалдары шыбын қаққыш етіпті. Айтыңызшы, біздің ауылдағы көріністен қаншалықты айырмасы бар?
Ақ нәсілді жаулаушылар ақылдаса келгенде, «үндістерді бұл құрлықтан ада қылу үшін алдымен бизондарды қыру керек» деп шешеді. Шеридан деген шектен шыққан содыр генерал «бизонды атқан әрбір аңшыға аштан өліп бара жатқан үндістің бейнесі бар медаль беру керек» деп көкіген. Кейін осыған ұқсас жайт үндіске туыс қазақ даласынан көрініс таппақ. Миллиондаған малды Голощекин жинатып алып, қырып салған соң, қазақтар да жаппай аштыққа ұшыраған. Сонда шолақ белсенділер орден-медаль алған. Рас, Шериданнан бір айырмашылығы - онда аштан өліп бара жатқан қазақтың емес, күн көсемдер Ленин мен Сталиннің бастары бедерленген.
Бизонды қасақана қыру жарты ғасырға созылды. Жылына екі жарым миллионнан астам жазықсыз жануар оққа ұшты. Тарихта тағы бір қатыгездің аты тұр - Вильям Коди, лақап аты - Баффало-Билл. Ол бір жарым жылда 4280 бизон атқан. Момақан жануардың қарғысы жібермесе керек, өмірі өкінішпен аяқталыпты. Сонымен бүкіл Солтүстік Америкада қанды қасап тоқтаусыз жалғасты. Бизонның тау болып үйілген сүйектерінен тыңайтқыш шығару жолға қойылды. Кешікпей одан қара бояу жасайтын өндіріс басталды. Ақыры, жаулаушылардың дегені болып, бизон бітті. 1886 жылдан 1887 жылға қараған қыста Солтүстік Америка үн­дістерін ашаршылық жайлады. Олар оқтан емес, аштықтан мың-мыңдап қырылды. Қайтіп жаулаушыларға қарсы бас көтерместей күйге түсті.
Ал бизон ше? 1889 жылы баяғы 60 миллион тағы хайуаннан 835 бас қалыпты. Оның 200-і сол кездің өзінде «Ұлттық парк» деп жарияланған Йеллоустон шатқалында бас сауғалаған. Осыны қорғаштап жүріп, бүкіл Америка Құрама Штаттары мен Канада болып жиырма бірінші ғасырда қырық мыңға жеткізгенін мақтаныш етеді.
Енді «Солтүстік Америкада баяғы 60 миллион бизон өріп жүргенде одан шыққан метан Жерді жылытып, мұздықтарды ерітіп, мәңгі тоңдарды жібітіп, ендігі топан су басар еді» деген пікірді естіп отырмыз. Күлерміз бе, жылармыз ба?
Кезінде үндістер қарсылығын басу үшін бизонды құртқан. Енді метанды азайту үшін сиырды құртып жүрмесін деңіз.

Қайнар ОЛЖАЙ, Швеция - Ресей Федерациясы -
АҚШ - Қазақстан

«Ана тілі» газеті

 

 

0 пікір