Жұма, 29 Наурыз 2024
Бәсе... 17155 26 пікір 9 Қазан, 2017 сағат 18:01

Сүйінші, ықтиярхат дауы шешімін тапты!

 

Cүйінші, Қазақ елі! Сүйінші, елім деп жарғақ құлағы жастыққа тимей 251 қандастың тағдырына алаңдаған Abai.kz порталының оқырмандары!

Қытайдан Тарихи Отанына оралып, Жамбыл облысы, Тараз қалалық Көші-қон полициясынан ықтиярхат алған 250-дей этникалық қазақтың мәселесі шешілді.

Шекарадан шығарып жіберіп, Қытайдың темір торынан «дәм бұйыра ма» деп көз жасы көл болған ағайынның мәселесі толық шешілетін болды.

Бұл жөнінде Abai.kz ақпараттық порталының тілшісіне Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Бәйісов Руслан Әбдіғаппарұлы хабарлады.

Ол кісі қоғамда үлкен дүмпу туғызып, қазақ зиялыларын, депутаттарды һәм елдің белсенді азаматтарын алаңдатқан мәселе түпкілікті шешіліп, бәріне азаматтық берілетінін, ол үшін еліміздегі БАҚ белсенділік танытып, ықтиярхат алғанымен, құзіретті органға баруға жүрексініп отырған барлық азаматтарға үгіт жүргізу керектігін айтты.

Олардың әрқайсысы Жамбыл облыстық ІІД-не барып, өздерінің құжаттарын өткізуі тиіс. Ол құжаттар тікелей ҚР ішкі істер министрлігіне жіберіледі. Министрлік барлық құжатты жинап, әр қандастың қазір тұрып жатқан ауданына жөнелтеді. Қандастар енді сабылмай-ақ өздері тұратын елдімекеннен азаматтыққа құжат тапсыра алатын болды.

Тіпті, тұрақты тіркеу мәселесін де оңтайлы шешудің жолы қарастырылып жатқан көрінеді.

Енді ҚР ІІМ мына мәселелерді ескеруі керек. Құжаттан шатақ шыққаны себепті Қытайға өтіп кеткен азаматтарды шекарадан бері өткізудің жолын қарастыруы керек. Кеденнен олардың Қазақстанға қайта келуіне ескі ықтиярхатпен жүзеге асыруға біржолға мүмкіндік беру керек.

Осы орайда біздің портал "250 отбасының тағдырын ойрандағалы отырған жоқпыз ба, Сағынтаев мырза?!" деп мақала жазып, қоғамға белгілі бір дәрежеде қозғау салғанын, бұл жеңіс біздің де жеңіс екенін бөрікімізді аспанға атып тұрып айтқымыз келеді.

Біз бүгін қырыққа жуық қандасымызбен бірге Таразда жүрміз. Сүйінші хабарды естіген қандастардың қуанышын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Қазақстан арнасындаға "Мен – қазақпын" жобасына қатысушы, әнші Мұқатай Баймұхаммед: "Мен не азаматтығы, не ықтиярхаты жоқ, не Қытайға тиесілі адам емес бола тұра "Мен – қазақпын" жобасына қатысуға шешім қабылдап едім. Енді заңды түрде «Мен – қазақпын» деп айтуға құқық алдым», - деді қуанышын жасыра алмай. Бірлік Қастер болса: «Әйелім екеуміз неке куәлігін жасата алмағандықтан балам әйелімнің тегіне жазылып еді. Енді өз әкесінің атымен аталатын болды», -  деп шаттана тіл қатты.

Бұл қуанышқа жетуде ""Нұр Отан" партиясының, сондай-ақ,  қоғам қайраткері, ақын Ауыт Мұқибектің еткен еңбегі өлшеусіз сіңді. Ауыт секілді ондаған адамның күн-түн демей ерікті түрде жұмыс істеуінің арқасында қандастарымыз елде қалатын болды.

Емшектегі сәбилер ананың құшағынан айрылмайтыны үшін, отбасылардың ойраны шықпайтындығы үшін бар қазақты құттықтауға болады.

Құтты болсын қуаныш!

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

26 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610