Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Дін мен тін 6792 7 пікір 6 Қазан, 2017 сағат 09:28

Жиһадқа апаратын жол

(Басы мына сілтемеде)

УАХХАБИТТЕР

Уаххабиттер деп Мухаммед Ибн аль-Уаххабтың жолын қуғандарды айтады. (Мухаммед Ибн аль-Уаххаб ат-Тамими (1703-1792 ж.) – Арабияда Недж қаласында діндарлар отбасында дүниеге келген. Бастауыш діни білімді Ахмад ибн Ханбал мазһабынан алған. Алайда салафиттік тұжырымдамасын қабылдап, ғұмыр бойы ұстанған.

Оның жолын қуушылар өздерін ешқашан «Уаххабитпіз» деп атамайды, «Бірқұдайшылдар» (монотеист) немесе  жай «мұсылмандармыз» дейді. «Уаххабит» деп Абд аль-уаххабтың қарсыластары мен араб емес ұлттар атап кеткен. Мұхаммед Ибн аль-Уаххаб үндеулерін шейх Ахмед ибн Таймия, оның шәкірті ибн аль-Каййима, ертедегі суннит имамдары, салас ас-салихин заманының ғалымдары сенімдеріне негіздеп құрған. Солар сияқты Абд аль-Уаххаб көзқарастарында міндетті түрде аяттар мен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистеріне сүйенген Құран Кәрімдегі барлық аллегориялық сөз тіркестерін дәлме-дәл мағынасында түсінуді дұрыс деп үйреткен. Уаххабиттер Алланың Құран мен суннада жазылған қасиеттерін тура мағынасында қабылдайды. Алла туралы көзқарастарында олар мушабихиттерге жақын. Уаххабиттер шынында да Алла тағаланың екі қолы, екі көзі, жүзі, жіліншігі бар дейді.

Олардың көзқарасына қарағанда, Алла тағала аспанның жетінші қабатында тақтың үстінде отырады.

Мұхаммед Ибн аль-Уаххаб салафит болған. Әрине Ислам тарихында осы бағытты ұстанған шейхтер өте көп, дегенмен Мұхаммед Ибн аль-Уаххаб уағыздарының көпшілікке кең таралуымен де алға шыққан. Ол өз жақтастарымен бірге жеке мемлекет құруға және Осман халифатын құлатуға себеп болған.

Мұхаммед Ибн аль-Уаххабтың үндеулерінің негізі мұсылмандарды исламның бастапқы формасына қайтару, Алла тағаланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) уағыз жасаған,  серіктестері қабылдаған кезге қайта оралуға шақырады.

Шартты түрде Мұхаммед Ибн аль-Уаххабтың үндеулерін төртке бөліп қарауға болады. Олар:

  1. Тауһид – қандай жағдай болмасын «бірқұдайшылықты» қатаң ұстау
  2. Барлық діни жаңалықтардан бас тарту (бидғат). Яғни ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерден, ырым-ишараттан, даналық сөздерден бас тарту. Ұлтты ұлттық қасиеттерінен айыру. Ұлтты құраушы фактор – тілі, дәстүрі, ділі екенін ескерсек бұл қадам ұлтты жоюға әкеледі.
  3. Шариғатпен отырып-тұру және «жиһад» жариялау. Контексте «жиһад» – мұсылмандардың дұшпандарына қарсы жүргізген киелі соғысы, қорғану, шариғатты насихаттау мағынасына сәйкес.

Мұхаммед Ибн аль-Уаххаб мазарларға табынудан, тұмар, бойтұмар тағудан, сиқырдан, әулиелердің басына барудан, құран оқытудан, мешіт қоршаулары мен ағаштарға шүберек, орамал, т.б. байлаудан, өлген адамға қырқын, асын беруден бас тартуға шақырды. Қажылықтан келген адамды «қажы» деп атау исламға кейін енгізілген жаңалық, яғни бидғат деді.

Осы әрекеттерді Мұхаммед Ибн аль-Уаххаб көпқұдайшылдыққа жатқызды.

Мұхаммед Ибн аль-Уаххаб және оның жақтаушылары жиһадқа үлкен мән береді. «Тевһид кітабы» еңбегінде жиһад туралы: «Меніңше жиһад өмір бойы жалғасады. Яғни Даджалды өлтіргенше жалғасады. Патшаның заңдарына да мойынсұнбастан...» Олар бірыңғай намазды оқып жүріп тастағандарды: мәселен жалқаулықпен немесе уақыт тығыздығын сылтау еткендерді «күнәһарлар» деп танып, бір уақыт намазын қаза қылғандарды да өлім жазасына бұйырады.  Яғни, Уаххабиттер үшін жиһад алтыншы парызбен тең. Ол туралы Мұхаммед Ибн: «Исламда бес бағана бар: бірінші шаһада, қалған төртеуі сонымен қатар жүреді. Осыларды орындамағандарды біз өлтіреміз» –   деген.

 

ИСЛАМ ЖӘНЕ ТЕРРОР

Террор – адамзатқа қарсы қылмыс. «Дін» және «террор» – екі бөлек ұғым, себебі барлық діндер террорды өз ауласынан аластатуға тырысады. Сонымен қатар террористке 5-түрлі күнә жүктеледі. Олар: 1. Алланың алдында 2. Адамзаттың алдында 3. Жекелеген адамдардың алдында 4. Өзінің («Мені») алдында 5. Өзі өмір сүріп жатқан қоғамның алдында.

«Ислам» «сильм» яғни «бітім, келісім, бейбіт өмір, әңгіме, аңыз» және «тыныштық» деген мағыналы сөзден шыққан.  Ислам – тауһидке (бірқұдайшылдық) негізделеді. Исламда адамдарды қинап сендіру ұғымы жоқ.

Діни экстремизм мен терроризмді исламмен қатар қолданатын баспасөз орындары екі сөзді өзара тығыз ұғымдар деп, жұртшылықты шатастырып жүр. Жиһад пен террорлық екі басқа ұғым. Фетхуллах Гулен: «Мұсылман адам – террорист емес, террорист – мұсылман емес» – деген. Сонымен «ислам» және «террор» сөздеріне қатысты былайша байлам жасауға болады:

1. Ислам террорды насихаттамайды.

2. Ислам тек бейбітшілік жағында.

3. Құран Кәрімде адам өмірі жоғары бағаланады.

4. Исламда кісі өлтіру ең ауыр күнә.

5.Исламда соғысқа қатысты ережелер бар. Ол қатігездікке негізделмеген.

Исламда ваххаббизмдегідей «Жиһад» ұғымы адам өлтіру дегенді білдірмейді.

Құдіретті Алла тағала зорлық-зомбылық пен қатігездікке қатаң тиым салған, оның айтқандарын орындамағандар мұсылмандардан емес. Алла тағалаға террорлық туралы үгіт жүргізгендерді, яғни «жиһад» туралы жалған мәлімет таратқандарды, жиһад деп өз-өзін жарып жібергендерді кешірмейді. Олар мұсылман емес, Алладан қорықпағандықтан да, өздерін, өзгелерді өлімге қияды, олардың орны тозақта екені айтпаса да түсінікті. Себебі, адамға өмірді Алла береді, Алла алады.

«ЖИҺАД» ҰҒЫМЫНЫҢ ТЕРІС ТҮСІНІГІ

Кейбір террорлық бағыттағы ұйымдар өз әрекеттерін исламдағы «жиһад» ұғымымен байланыстырып жатады. Шынтуайтына келгенде Алланың мейіріміне бөлену жолында мұсылманның іштей тырысуын «жиһад» деп атайды. Бұл ақыретке дейін созылатын құлшылық. Сонымен қатар, «жиһад» мұсылманның ар-намысын қорғау, нәпсіні тию дегенді білдіреді. Қазіргі өркениет заманында медициналық қызметтің дамуы, науқастарға сау адамдардың қарайлауы, қалталы байлардың кедей-кепшікке жәрдем беруі  сияқты әрекеттер жатады. Ал, уахабшылардың істегендері: бейбіт халыққа оқ ату, әйелдерді, жас балаларды, қарттарды себепсіз өлтіру, мектеп ауданын, автобустағы бейбіт жолаушыларды автомат асынған алапезерлердің қоршап, жарылғыш заттарды қоюы, қалың топпен өздерін де қоса жаруы немесе кепілдікке адамдарды алуы өздері атағандай «жиһад» емес, нағыз қылмыстың көкесі. Адамзаттың алдындағы қылмыс, Алла тағаланың еш кешірмейтін күнәсі.

Батыс баспасөз беттерінде «мұсылмандардың көбі соғысты киелі деп таниды, «өзге діндегілерді өз дініне кіргізуді – жиһадты тікелей мақсат етіп қояды. Яғни саяси пікір бойынша «жиһад» – террор мен зорлық-зомбылық көрінісіне» айналды.

Исламда бүткіл әлемді «мұсылмандандыру» деген ұғым жоқ. Құран Кәрімде: «Барлық адамдар мұсылман болмақ емес» (12/106) деп ашық айтылады. Адамның дұрыс жолды табуы тек Алланың қалауымен болатын нәрсе, алайда талпыныс керек-ақ. Демек, зорлықпен адам жүрегіне иман ұялату әсте мүмкін емес.

«Жиһад» – «джаһд» түбірінен пайда болған. Бұл онымен түбірлес «иджтиһад» сөзімен туыстығын дәлелдейді. «Иджтиһад» – Құран мен сунна критерийлеріне сүйену, барынша талпыну. «Джахд» түбірінен тарайтын «муджаһада» – «рухани ізденіс» (ішкі эгоны жеңу, т.б.) немесе ішкі жан дүниеңе байланысты талпыныс, рухани даму, тазару. Егер «иджтиһад» ғылыми-интеллектуалды жол, құқықтық аспект (фикх) болса, «муджаһаданы» суфизм жолы деп тануға болады.

Адам екі түрлі қабаттан: әлемдік және руханидан (құдайлық тыныстан) тұрады. «Құдайлық тыныстың» тұрағы – жүрек; әлемдік қабатты қимыл-қозғалыс, құмарлық, нәпсі құрайды. Адамды жаратудағы мақсат – рухани қабатты әлемдік қабаттан жоғары қою, алға шығару, «Джахд» және «муджахад» арқылы рухани әлемді үнемі қалпына келтіріп отыру, яғни Аллаға құлшылық жасап, «Эгоны» жеңумен айналысу екен.  Бұл іштей күресті «муджаһад» яғни «жиһад» деп атайды. Өз нәпсіңмен күрес ол – ең үлкен «жиһад».

Майра АЛДАБЕРГЕНОВА

(жалғасы бар)

Abai.kz

 

 

 

7 пікір