Жұма, 29 Наурыз 2024
Дін мен тін 10329 12 пікір 5 Қазан, 2017 сағат 09:49

Секта көп, сауатты уағызшылар аз...

 

Cақалды, ұзын жейделі жігіттер мен  бет-аузын тұмшалаған жап-жас қазақ қыздары көбейіп барады. Олар қай дінді ұстанады? Ата-бабасының ғасырдан-ғасырға жалғасқан асыл ата дінін бе, әлде ұлтжандылыққа қарсы, салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан ада, бөгде діни ағымдардың жетегінде кетті  ме? Осы сауалдар мақаламызды жазуға негізгі себеп болды.

Ислам дінінің қазақ даласында қанат жайғанына ХІІ ғасырдан асқанына қарамастан, ұлт құндылықтарын таптап, «таза дін» дегенді жалау еткен радикалды ағымдар қаскөйлік әрекеттері мен уағыздары қазақтың бірлігіне іріткі салғысы келеді.  Біз ислам дініне емес, исламның атын жамылып, өздерінің жеке пайдаларын көздейтін ағымдарға қарсы пікір өрбіткенді жөн көріп отырмыз. Ежелден бері далада не тамырын жайса, сол өссін. Бейнелеп айтсақ, тамыры онсыз да терең және бойына ислам мен ұлттық құндылықты қатар сіңірген өз руханиятымыздың табиғатын өзгертудің қажеті жоқ.

Дін – адамдардың бұл өмірде де, о дүниеде де бақытты болуына  негізделген өмір сүру қағидаттары. Ол әуелден-ақ адамзат тарихымен қатар дамып келеді. Айнала қоршаған ортаның толып жатқан жұмбақтарының алғашқы шешімі де діннен табылған. Содан бері дін – ғылым, мәдениет, өнер, құқық, т.б. салаларда өзіндік үрдістерін қалыптастырды.

Дін адам баласының бойына жасырылған тылсым қасиеттердің ашылуына да себеп болатындығын жоққа шығаруға болмайды. Алайда дінді ұстанбайтындардың оған бас шұлғи қоюы неғайбыл. Дей тұрғанмен, егер діндар адамның да жеке ой-пікірі болмаса, дайын діни қағидаттарды алға тартып, өмір құндылықтарын бағаламауы кәдік. Дегенмен, дінсіз адам өз «Менін» дұрыс танып, өмірдегі орнын, рөлін, өмір сүріп жатқан ғаламын дұрыс бағдарлай алмайды. Адамды Алла тағала өзге  тіршілік иелерінен өзгеше жаратқан. Сол өзгешелік ішіндегі саналылық кепілінің бірі, әрі бастысы – белгілі бір дінді ұстануы.

Жер бетіндегі адамдарды діндарлар және дінсіздер деп екіге бөліп қарауға болады.

Дін жолындағыларға: иудейлер, христиандар, мұсылмандар, ал оған керағарларға, дұрысы – жеке пікіріне сүйенушілер мен сектанттарға: философтар, дохриттер, сабилер, жұлдызға және пұтқа табынушылар жатады. Әр діннің секталарға бөлінуі туралы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Иудейлер – жетпіс бір, христиандар – жетпіс екі, мұсылмандар – жетпіс үш ағымға бөлінеді, олардың тек біреуі ғана жұмаққа кіреді» – деген.

Құранда мұсылман және иман деген түсініктер бар. Мұсылман көбіне сыртқы бойсұнушылық деген мағынаны білдіріп, діншіл де, екіжүзді де, мұсылман есебіне қабылдана береді. Алла тағала: «Бәдәуилер сендерге: «Біз сенеміз!» деп айтса, сендер оларға: «Сенген жоқсыңдар» – деп айтыңдар да, өздерің өзгелерге: «Ал, біз берілеміз деңдер» дейді. (Құран Кәрім, 49 сүре, 14 аят).

Мұсылман «Құдайға өзін тапсыру және берілу» мағынасында діншілге де екіжүздіге де сырттай ортақ – бұл бастама ғана. Әрмен қарай, берілумен қатар Алланың бар екендігіне, періштелерге, Құранға, пайғамбарларға және ақырет күніне адалдықпен иман келтірсе, ізгілік те, жаманшылық та Алла тағаланың әмірімен ғана болатынына сенсе, ол адам – шын діншіл (мумин), жетілгендік (ихсан).

Демек, мұсылман – бастама, иман – орта, ал ихсан – жетілгендік.

Исламның ағымдары (секта) төменде көрсетілген екі жолдың біреуімен пайда болады:

1.Мысалы: сунниттер өз дәстүрлерін ұстанады делік, сөйте тұра бір немесе бірнеше сауалдарына сунниттік емес, мутазалит немесе хариджит бағытымен жауап береді.

2.Мысалы: шииттер немесе сунниттер құрамына кіретін қандай да бір топ бұрын айтылмаған не қайда айтылғаны көрсетілмеген көзқарастарға сүйенеді. Патшаларын «пайғамбарымыз» дейді немесе өздері қолдан жазған кітаптарын «Құран Кәрімді» алмастырады деп адасады.

Сондықтан да, ислам секталары бүгінде көбейіп барады. Адасып қалғандар да есесіне артып келеді.

 Ресейдің дінтанушысы Александр Дворкин: «Электр шамының айналасында да секта жасауға болады» атты сұхбатында: «Секта – авторитарлық ұйым. Көздеген мақсатына жету үшін әртүрлі перделерді тұтынады, алдау, өздеріне тарту арқылы сектаға ертіп әкетеді. Себебі сектаға өз еркімен кірмейді. Оған негізгі алданатындарға бірінші-үшінші курс студенттері мен зейнеткерлер кіреді. Студенттер жас, есейген өмірге қадам басып, өмір мәнін іздейді. Екінші алданатын топ – зейнет жасындағылар. Бос уақыты көп болғандықтан, өмірде өздерін жалғыз қалғандай сезінеді, мәңгілік туралы көп ойлана бастайды» – дейді.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Сектаға»: «Секта – бір діннің ішіндегі өзіндік ауытқушылығы бар діни топ», Үлкен заңгерлер сөздігінде «Секта (діни) —  жарылып бөлінген негізгі немесе үстемдік етуші діннен туған өзгеше көзқарастағы ағым. Қоғамның рухани өміріне зиян алып келетін, азамат өміріне қауіп-қатер төндіретін уағыздағы, құқыққа қарама-қарсы  қызметтердің панасына айналған топ»

Ислам кезінде 4 ағымға бөлінген. Олар:

1. Мутазилит (кадарит)

2. Сыфатит (суннит)

3. Хариджит

4. Шиит

Ерте кезде осы төрт ағымнан 59 секта пайда болған. Мысалы: 1. Мутазилиттерден: василит, хузайлит, наззалит, хабити және хадасит, бишрит, муаммарит, мурдарит, сумалит, хишамит, джахизит, хаййатит және каабит, джуббаит және бахшамиттер, 2. Сифатиттен: ашарит, мушаббихит, каррамиттер. 3. Хариджиттен: мухаккимит, азракит, наджит-азирит, байхасит, аджрадит, салабит, суфрит-зийадиттер пайда болса, 4. Шиит ағымынан негізгі 5-секта: І Кайсанит. Оған: мухтарит, хашимит, байанит және разимит.

ІІ Зайдит: джарудит, сулайманид, салихит және бутридтер.

ІІІ Имамиттерден: бакирит және джафрит – вакифит, навусит, афтахит, мушайтит, исмаилит-вакифит, мусавит және муфаддалит, иснаашариттер.

ІҮ «Соңғы» шииттерден: сааит, камилит, илбаит, мансурит, хаттабит, каййалит, хишамит, нуаманит, юнусит деген секталар бөлініп шыққан.

Ү Исмаилит

Бұлардың барлығы ерте кезде пайда болған секталар. Соңғы кездегі секталарға: матурудит, исмаилиттер, друздар, мусталиттер, низариттер, Ибн Араби, Хабашиттер, саляфиттер, Ибн Таймия, Ваххабиттер, Хизбут-тахрир, ахмадиттер, бахаиттер жатады. Сонымен барлық ислами секталардың саны 73 болды.

Бір өкінетін нәрсе, ислам секталары көбейіп жатқанда исламның тура бағытын түсіндіретін сауатты уағыздаушылардың аз болуы. Сондықтан жастар дін жолын таңдауда адасып, секталарға ұрынып жатыр.

Майра АЛДАБЕРГЕНОВА

(жалғасы бар)

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544