Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 7440 2 пікір 5 Қазан, 2017 сағат 08:59

Қойыңызшы, ағай...

Сегізінші қабаттағы пәтерімнің балконында темекі шегіп тұрғанмын. Жоғары қабатқа қарай салып едім, бір бойжеткен балконнан асылып, "суйсид" жасағалы жатыр! Таң атпай! Денем түршігіп кетті! Ойбай, құлап кетті! Дереу екі қолымды тосып, талдырмаш қызды қағып алдым.

– Ой ағай, мұныңыз не? – деп өкпеледі қыз.

– Кешіріңіз, есіміңіз?

– Айша...

– Неге секіріп кеттіңіз? Жәйша?

– Жігітім алдап кетті. Басқа қызбен романды бастап кетті...

– Соған бола? Неғып эпопея бастап кетпейді?

– Қойыңызшы, ағай... – деген ол жүгіре басып, менің пәтерім арқылы кетіп қалды. Үйде ешкім жоқ болатын. Әйелім «жедел жәрдемде», түнгі кезекшіліктен қазір келіп қалуы мүмкін. Темекімді енді тұтата беріп, жоғары қарап едім. Әлгі қыз тағы секірейін деп жатыр. Оппа, секіріп те кетті! Қолымды тоса қойып, қағып алдым.

– Туу, ағай... – деді ол бұлқынып. Құшақтап тұрмын. Жібере салсам, секіріп кете ме деп... Секеңдеп қалған қандай қыз өзі? Бұл жастарға не болған өзі? Жазда қол ұстасып, секіріп кеткен қыздар туралы естіп, есеңгіреп қалып едім.

– Атыңыз кім? – деппін сасқанымнан.

– Айша.

– Секірдің бе, жәйша?

– Туу. Қойыңызшы ағай! – деген ол бұлқынған соң, жібере салдым. Әдемі қыз екен. Мүсіні қандай? Балтыры қандай... Дір-дір еткен төсі қандай... Осындай сұлулықты құрбан етпек пе? Ойым онға бөлініп, жоғары қарасам, әлгі қыз...

– Жындысың ба? – деп айқайладым.

– Ары тұрыңызшы, ағай!

– Үйіңде ешкім жоқ па?

– Квартирантпын!
Ол секіріп кетті, мен қағып алдым. Құшақтап тұрмын. Денесі дір-дір етеді. Не деген сұлу қыз еді? Көз жанарымыз түйісіп қалды. Мен оның самай шашын саусағыммен іліп алып, кері қайырдым.

– Атыңыз кім, қарындас?

– Айша.

– Секірдіңіз бе, жайша?

– Туу, қойыңызшы ағай...

– Сіздей сұлуды ренжіткен қандай топас?

– Бір дөкейдің топасы! Мені алдап...

– Ұмыт оны! Оған ғашық болғанша, өмірге ғашық бол!

– Мен оны сүйемін...

– Сүйсең тірі бол! Ынжық болмай, ірі бол!

– Туу, қойыңызшы ағай! Ағай дейім...

– Ау?

– Мені неге құшақтааап тұрсыз?

– Ой, кешіріңіз, кім еді есіміңіз?

– Дурак!

– Жеп қояйын ба, өзіңді турап-турап?

– Е?

– Сұлу екенсіз...

– Қойыңызшы ағай...

– Әй, одан да, мені турап жемейсің бе? – деген дауысқа жалт қарасам, әйелім тұр "светофор" болып. Ал, енді құтылып көр, ал енді түсіндіріп көр? Ал енді құтылып көр! Құшағымда қыз, көңілімде мұз, ал әйелімнің сөздерінде тұз...

Мұхтар Шерім

Facebook-тегі парақшасынан

 

2 пікір