Жұма, 26 Сәуір 2024
3267 0 пікір 4 Қазан, 2017 сағат 12:41

Өзбекстан билігі саяси тұтқын Азам Фармоновты босатты

3 қазанда Өзбекстан билігі түрмеде он жылдан астам уақыт отырған құқық қорғаушы Азам Фармоновты бостандыққа шығарды. Оған кесілген жаза бойынша, ол абақтыда әлі төрт жыл отыруы тиіс болған. Құқық қорғаушының әйелі Озода Якубовтың хабарлауынша, оның күйеуі түрмеден үйге қайтып келе жатыр.

Былтыр штаб пәтері Берлинде орналасқан «Өзбек-Герман Форумы» ұйымы Фармонов жайында фильм түсірген. Онда Озода Якубова күйеуінің түрмедегі қасіретті өмірі жайында айтқан.

Азам Фармонов он жылдан астам Қарақалпақстанның «Жаслык» колониясында отырды. Осы жылдар арасында оған бірде-бір рақымшылық жасалмады.

БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Ахмед Шахидтің Өзбекстанға барған сапарынан кейін, Азам Фармоновты босатқанын айта кету керек. Оның сапары 12 қазанға дейін жалғасады.

39 жастағы Азам Фармонов бопсалаушылықпен айналысты деп сотталған. 2006 жылы өзбек соты оны 9,5 жылға түрмеге жапты. Құқық қорғаушылар оған қатысты істің саяси астары бар екенін мәлімдеген. 2016 жылдың мамыр айында жазасын өтеу мерзімі аяқталар алдында, Азам Фармоновқа тағы да 5 жыл және 26 күн қосқан.

Abai.kz

0 пікір