Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3733 0 пікір 2 Желтоқсан, 2010 сағат 04:35

Нұра Матай. Прусттың сауалына қазақтардың жауабы

Өткенде Марсель Прусттың әйгілі сауалнамасы жайлы әңгіме қозғаған едік. (http://old.abai.kz/node/5930) «Прусттың сауалнамасы» атанып бүкіл еуропаны кезіп кеткен сұрақтарға кезінде «менмін» деген талай жан қызығушылықпен жауап берген. Оның үстіне бір-бірінің ой-пікірін, көзқарасын, қызығушылығын білгісі келіп тұратын қасиет адам біткеннің бойында әу бастан бар. Бізде мұндай сауалнама бұған дейін баланың ісі болып келген. Бәріміздің де шыққан тегіміз сол жақтан болғандықтан оған деген бір сағыныштың бары аян. Ал, «Прусттың сауалнамасына» біздің ортамызда да жауаптар табылса не дер едіңіз?! Иә, замандастарымызды не толғантатын, олардың Пруст қойған сұрақтарға берер жауабы қызықты әрі танымды болары сөзсіз. Ендеше, «Abai.kz» порталы «Прусттың сауалнамасын» қазақ ортасында жаңғыртпақ ниетте. Сауалнамадағы Прусттың сұрақтарына алғашқы болып саясаттанушы Айдос Сарым мен ақын Ақберен Елгезек жауап беріп отыр. Оқыңыз, ойланыңыз, оқырман.

«Абай-ақпарат»

Прусттың сұрақтары

Айдос Сарым

Сіздің ойыңызша, ең қатерлі жағдай дегеніміз не?

Өлім. Әсіресе, рухани өлім.

Қай жерде өмір сүргіңіз келеді?

Қазақстанда, Алматыда.

Сіз үшін ең үлкен бақыт не?

Ең үлкен бақыт - ойлаған жоспарың мен арман-қиялыңның орындалуы, арман-қиялдың таусылмауы.

Адамдардың қай қылықтарын ең алдымен кешіру керек?

Білместік. Егер адам бірдеңені білмей жатып, оны мойындауға дайын болса, білуге талпынса, оны кешіруге болады.

Сіздің сүйікті әдеби кейіпкеріңіз?

Нақты осыны жақсы көремін деп айта алмаймын. Әр кезде әрқалай болды.

Сіздің сүйікті тарихи кейіпкеріңіз?

Қасым хан, Абай, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Уинстон Черчилль, Маргарэт Тэтчер.

Сіздің өмірдегі сүйікті әйел кейіпкеріңіз?

Марқұм анам - Зәуреш.

Сіздің әдебиеттегі сүйікті әйел кейіпкерлеріңіз?

Әр әдебиет пен әдеби дәуірден кем дегенде бір-екі кейіпкерді айтуға болады.

Сіздің сүйікті суретшіңіз?

Брейгель, Гойя, Дюрер

Сіздің сүйікті музыкантыңыз?

Көңіл-күйіме байланысты. Кем дегенде отыз шақты сүйікті музаканттар мен топтар бар.

Адамдардың қай қасиетін ерекше бағалайсыз?

Адалдық, парасаттылық, сөзге тоқтай білу.

Әйелдердің бойындағы қай қасиетті ерекше бағалайсыз?

Адалдық, кешірімділік, парасаттылық.

Адамдар бойындағы қай қасиеттерді тартымды деп санайсыз?

Әзілдей білу, әзілді түсіну.

Сіздің ең басты ермегіңіз?

Кітап оқу, саятшылық.

Белгілі адамдардың қайсысы болғыңыз келеді?

Ешкім де болғым келмейді. Болсам - өзім болғым келеді.

Сіздің мінезіңіздің басты ерекшелігі?

Байыптылық пен жалқаулық. Осы екі қасиет таразының екі басында тұрғандай. Біресе - бреуі, біресе - екіншісі жеңіп жатады.

Достарыңызды не үшін құрметтейсіз?

Дос болғаны үшін. Әрқайсысының өзіндік мен құрметтейтін қасиеттері бар.

Сіздің басты кемшілігіңіз?

Жалқаулық шығар.

Бақыт туралы арманыңыз?

Ойлаған, жоспарлағанымды көріп кету.

Сіз үшін ең үлкен бақытсыздық не болады?

Абыройсыздық, көптің қарғысына қалу.

Өзіңізді кім болып сезінгіңіз келеді?

Сәл болса да өзімнің жаман қылықтарымды жеңген адам болғым келеді.

Сіздің сүйікті түсіңіз?

Жасыл мен көк.

Сіздің сүйікті гүліңіз?

Даланың гүлдері

Сіздің сүйікті құсыңыз?

Қыран

Сіздің сүйікті жазушыларыңыз?

Шамамен қырық шақты авторларды қайта-қайта оқи бергім келеді.

Сүйікті ақындарыңыз?

Қазақтардан - Абай, Мағжан. Шетелдіктерден Пессоа, Оден, Бродский

Өмірдегі сүйікті кейіпкерлеріңіз?

Достарым, туыстарым.

Тарихтағы сүйікті әйел кейіпкерлеріңіз?

Маргарэт Тэтчер, Роза Паркс

Сүйікті есімдеріңіз?

Айта алмаймын

Бәрінен де бетер нені жек көресіз?

Надандықты, пасықтықты, төзімсіздікті, сатқындықты.

Сіз жек көретін тарихи кейіпкерлер?

Тарихи кейіпкерлерді жек көру қиын. Ленин мен Сталин болар.

Сіз қайран қалатын әскери оқиға?

Исатай мен Махамбеттің Гекенің қолына қарсы шабуылы

Сіз жоғары бағалайтын реформа?

Ол реформалар болашақтың шаруасы. Оның іске асуы үшін қызмет етіп жатқандаймын.

Қандай қасиетті бойыңызға дарытқыңыз келеді?

Еңбекқорлықты. Шыдамдылықты.

Қалай өлгіңіз келеді?

Қиналмай кітап оқып жатып отырып кетіп қалсам...

Дәл қазіргі көңіл-күйіңіз?

Көтеріңкі.

Сіздің ұраныңыз?

Бар қазақ - бір қазақ, бір қазақ - бар қазақ! Абайшыл болайық, абай болайық!

Прусттың сұрақтары

Ақберен Елгезек

Сіздің ойыңызша, ең қатерлі жағдай дегеніміз не?

Тірі өлікке айналу. Рухани азғындау. Тән өлімін мен қатерлі жағдай деп есептемеймін. Тән өлімі - жаңа, тылсым кеңістіктерге шығуға мүмкіндік беретін акт.

Қай жерде өмір сүргіңіз келеді?

Қазақ елінде. Қаладан тек қана Алматыны таңдар едім.

Сіз үшін ең үлкен бақыт не?

Жүректің тыныштығы. Сүйгеніңмен бірге болу.

Адамдардың қай қылықтарын ең алдымен кешіру керек?

Амалсыз айтылған өтірігі үшін кешіруге болады.

Сіздің сүйікті әдеби кейіпкеріңіз?

Әр кезеңде әртүрлі кейіпкерлер

Сіздің сүйікті тарихи кейіпкеріңіз?

Ғайса және Мұхаммед пайғамбарлар, Сиддхартха Гаутама, Леонардо да Винчи, Нострадамус, Шыңғысхан, Абай мен Шәкәрім. Әрине, Мағжан!

Сіздің өмірдегі сүйікті әйел кейіпкеріңіз?

Кішкентай қызым Муза.

Сіздің әдебиеттегі сүйікті әйел кейіпкерлеріңіз?

Әр кезеңде ақындар ғашық болған әйелдердің барлығы.

Сіздің сүйікті суретшіңіз?

Леонардо да Винчи, Сальвадор Дали, Пикассо, Модельяни

Сіздің сүйікті музыкантыңыз?

Қазақ күйшілері. Әртүрлі рок топтар.

Адамдардың қай қасиетін ерекше бағалайсыз?

Тазалық, адалдық, ұлтжандылық, мейірімділік.

Әйелдердің бойындағы қай қасиетті ерекше бағалайсыз?

Инабаттылық, имандылық, сұлулық.

Адамдар бойындағы қай қасиеттерді тартымды деп санайсыз?

Кішіпейілділік, тәрбиелілік.

Сіздің ең басты ермегіңіз?

Кітап оқу, шылым шегу, шахмат ойнау.

Белгілі адамдардың қайсысы болғыңыз келеді?

Ешкім болғым келмейді. Кейде өзім де болғым келмейтіні бар.

Сіздің мінезіңіздің басты ерекшелігі?

Қиялилық. Ара-тұра пайдалы істерге де мойын бұрып тұрамын.

Достарыңызды не үшін құрметтейсіз?

Адалдығы үшін.

Сіздің басты кемшілігіңіз?

Көп армандаймын. «Қисайып», «ұйқаспай» жүріп алам.

Бақыт туралы арманыңыз?

Сүйгеніңмен бір болу.

Сіз үшін ең үлкен бақытсыздық не болады?

Ұлтым тәуелсіздігінен айырылып қалса, сол. Құдай сақтасын!

Өзіңізді кім болып сезінгіңіз келеді?

Көбелек немесе құс. Кейде өзен болғым келеді.

Сіздің сүйікті түсіңіз?

Ақ пен көк.

Сіздің сүйікті гүліңіз?

Бәйшешек. Тобылғының гүлдерін сүйемін.

Сіздің сүйікті құсыңыз?

Кәдімгі қазақи торғай

Сіздің сүйікті жазушыларыңыз?

Олар көп. Оралхан Бөкей, Тәкен Әлімқұлов, Борхес, Достоевский, Умберто Эко, Андерсен.

Сүйікті ақындарыңыз?

Абай мен Мағжан, Төлеген мен ертеректегі Жұмекен. Артюр Рембо, Андре Бретон, Поль Элюар, Шарль Бодлер, Гарсиа Лорка, Лермонтов, Отар Челадзе, Блок, Бродский, Есенин, Пастернак пен Мандельштамның кейбір өлеңдері.

Өмірдегі сүйікті кейіпкерлеріңіз?

Достарым.

Тарихтағы сүйікті әйел кейіпкерлеріңіз?

Бөрте, Зере мен Ұлжан, Сафо, Одри Хепберн.

Сүйікті есімдеріңіз?

Муза, Ақтамберді.

Бәрінен де бетер нені жек көресіз?

Сатқындық пен қатыгездікті, топастық пен ынжықтықты.

Сіз жек көретін тарихи кейіпкерлер?

Қазақтың қанын төккен опасыздардың барлығы. Гитлер мен сол секілді аурулар.

Сіз қайран қалатын әскери оқиға?

Маған соғыс қызық емес.

Сіз жоғары бағалайтын реформа?

Айта алмаймын. Мүмкін ара-тұра болып тұратын ақырзаман шығар...

Қандай қасиетті бойыңызға дарытқыңыз келеді?

Сабырлық пен қатқылдық.

Қалай өлгіңіз келеді?

Күлімсіреп...Абай ертіп кетсе...

Дәл қазіргі көңіл-күйіңіз?

Біртүрлі.

Сіздің ұраныңыз?

Ғұмырым - Алаш үшін!

0 пікір